Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Депутат Әбенов банктердің қандай қылмыс жасап жүргенін айтты

    Депутат Әбенов банктердің қандай қылмыс жасап жүргенін айтты

    Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов банктер мен цифрландыру министрлігін электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) бақылаусыз беру мен пайдалануға байланысты сынға алды. Оның айтуынша, қазіргі таңда банктер клиенттерінің келісімінсіз, бетін көрмей, биометриялық сәйкестендірусіз ЭЦҚ рәсімдеуде.

    – Кез келген келісімшарт, банк операциясы азаматтың өзі тарапынан мақұлданып, қол қойылуы керек – қағаз түрінде немесе ЭЦҚ арқылы. Алайда бүгінде банктер куәландырушы орталықтар құқығын пайдаланып, азаматтардың жеке қатысуынсыз, келісімінсіз және биометриясыз ЭЦҚ беріп отыр, деді Әбенов.

    Депутаттың сөзінше, бұл – заң талаптарының өрескел бұзылуы: ЭЦҚ шығарылғаны туралы хабарламалар келмейді, оның жасалғаны жүйеде көрсетілмейді.

    – Біз бір күнде бір азаматтың атына әртүрлі банктерден ондаған мың несие рәсімделгенін көріп отырмыз. Бұл банктердің өзі ЭЦҚ жасап, келісімшарттарға қол қойып жатыр деген сөз. Бұл – банктердің ішіндегі қылмыстық әрекет, – деп мәлімдеді ол.

    Оның айтуынша, банктер өз кінәсін мойындамай, жауапкершілікті клиенттерге артып отыр. Осыған байланысты депутат қаржы ұйымдарына ЭЦҚ-ны заңсыз қолданғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді ұсынды.

    – Біз заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынамыз. ЭЦҚ арқылы жасалған алаяқтықтың әрбір дерегін цифрландыру министрлігі мен ІІМ тексеруі тиіс. Егер ЭЦҚ заң бұзушылықпен берілсе – несие сот шешімінсіз-ақ есептен шығарылуы керек. Азаматтар цифрлық жүйенің ақауы мен жауапсыздығы үшін жауап беруге міндетті емес, – деді депутат.

    Сондай-ақ Әбенов Цифрландыру министрлігі ЭЦҚ рәсімдеу мен банктердің аккредитациясын қатаң бақылауға алуы тиіс екенін атап өтті.

  • Қазақстан халқының саны 20 316 155 адамға жетті

    Қазақстан халқының саны 20 316 155 адамға жетті

    2025 жылғы мәліметтер бойынша, Қазақстанның тұрғындары жалпы 20 316 155 адамды құрайды. Олардың ішінде:

    • қала тұрғындарының саны 12 813 769,
    • ал ауыл тұрғындары 7 502 386 адамды құрайды.

    Өткен жыл басынан бері халық саны 282 313 адамға артқан. Халық санының ең жоғары өсуі Астана, Алматы және Шымкент қалаларында байқалды.

    Республикалық маңызы бар қалалардан басқа, бір миллионнан астам тұрғыны бар облыстар қатарына Түркістан (2,1 млн), Алматы (1,5 млн), Жамбыл (1,2 млн) және Қарағанды (1,1 млн) облыстары кіреді.

  • Алматыдағы алғашқы крематорий ашылмай тұр

    Алматыдағы алғашқы крематорий ашылмай тұр

    Құрылыс толық аяқталып, объект ресми тіркеуден өткен.  Бірақ әкімдік Әділет және Денсаулық сақтау министрліктерімен ғимараттың түпкілікті баланс ұстаушысын анықтау мәселесін талқылап жатыр.

    Министрлік кремацияға қатысты санитарлық нормаларға өзгерістер енгізуді мақұлдау кезеңінен өткізуде. Ал крематорийдің нақты ашылу мерзімі белгісіз.

    Нысан бастапқыда 2021 жылы іске қосылуы керек еді, алайда мерзім бірнеше рет шегерілді. Бұған дейін әкімдік крематорийге инженерлік желілерді уақытында жүргізбеген мердігер компанияны сотқа беріп, оны мемлекеттік сатып алудан шеттеткен.

  • Ақтөбеде 350 студент оқудан шығарылды

    Ақтөбеде 350 студент оқудан шығарылды

    Ата-аналар оқу ақысын төлеп келгендерін айтып, бұл шешімге наразы.

    Университеттің мәліметінше, 91 студент оқу ақысын төлемеген, ал 259 студент сабаққа мүлде қатыспаған.

    “Барлығы ректордың бұйрығымен шығарылды. Ақпан айында тексеріс жүргізіліп, осы жағдай анықталды” – дейді университет өкілі Ақнұр Қадырбек.

    Әкімдік ата-аналар мен студенттерге сотқа жүгінуге кеңес берді. Университет басшылығы оқу орнының жабылатыны туралы қауесетті жоққа шығарды.

  • Дикий Арман ісін қараған судья жаңа қызметке тағайындалды

    Дикий Арман ісін қараған судья жаңа қызметке тағайындалды

    Аширбеков бұған дейін атышулы Дикий Арман ісін қараған болатын. 2025 жылдың 27 қаңтарында Арман Жұмагелдиев ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны, бандитизм, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғаны, адам ұрлап, заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

    Асхат Аширбеков туралы не белгілі?
    • 1981 жылы Қарағанды қаласында туған.
    • Қарағандыдағы Бейсенов атындағы ІІМ академиясын тәмамдаған, заң ғылымдарының кандидаты.
    • 2002-2007 жж. Қарағанды облысының құқық қорғау органдарында офицерлік қызмет атқарған.
    • 2007-2010 жж. Жезқазған қалалық сотының судьясы болған.
    • 2010-2018 жж. Астанадағы мамандандырылған соттың судьясы ретінде атышулы Ерасыл Аубакировтың өліміне қатысты істі қараған.
    • 2018-2020 жж. Алматы қалалық сотының судьясы.
    • 2020-2025 жж. Алматыдағы мамандандырылған соттың төрағасы.

    Асхат Аширбековтің судьялық қызметтегі жалпы тәжірибесі 17 жылдан асады.

  • Көлік салығы уақытылы төленбесе, темір тұлпарыңызды алып қоюы мүмкін

    Көлік салығы уақытылы төленбесе, темір тұлпарыңызды алып қоюы мүмкін

    Мұндай шаралардың қашан және қалай қолданылатыны туралы ақпаратты білу, сондай-ақ төлемді уақытында өтеу арқылы ауыр зардаптардан құтылуға болады.

    Көлік салығы – Қазақстандағы барлық көлік құралдарының иелері үшін міндетті жыл сайынғы төлем. Тек кейбір санаттағы азаматтар салықтан босатылады, ал қалғандары үшін көлік салығын төлемеу түрлі құқықтық шараларға әкелуі мүмкін. Берешек сомасы 1 АЕК-тен асқан жағдайда, салық төлеушілерге салық бұйрықтары жіберіледі, ал оларды уақытында төлемеген жағдайда, жеке сот орындаушылары арқылы мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолға алынады.

    Бұл шаралардың ішінде мүлікті тәркілеу, шоттарға тыйым салу және 40 АЕК-тен жоғары берешегі бар тұлғаларға шекарадан шығуға тыйым салу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, полиция мен сот орындаушылары бірігіп рейдтер жүргізіп, көлік салығын төлемегендерді ұстайтын болады.

    Егер салық бойынша берешек бар болса, оны өтеу үшін мемлекеттік кіріс органдары әртүрлі тәсілдер мен электрондық қызметтерді ұсынып отыр. Төлемдердің бар-жоғы туралы мәліметтерді тексеру үшін e-Salyq Azamat мобильді қосымшасын немесе салықтық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек сервисі арқылы ақпарат алуға болады.

    Ескерту: Көлік салығы көлік құралының қозғалтқышының көлеміне байланысты есептеледі. Салық мөлшерін көліктің техникалық параметрлері бойынша өзіңіз есептей аласыз.

  • Қазақстанда 2 жоғары оқу орнының атауы өзгерді

    Қазақстанда 2 жоғары оқу орнының атауы өзгерді

    Ғылым және жоғары білім министрінің 2025 жылғы 17 наурыздағы бұйрығымен Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты «Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті» болып өзгертілді.

    Сонымен қатар, Шәкәрім атындағы Семей университетінің атауы «Шәкәрім университеті» болып ауысқан.

    Еске салайық, Арқалық педагогикалық институты 1972 жылы 12 сәуірде құрылды, 1977 жылы қазанда жоғары оқу орнына Ы.Алтынсаринның есімі берілді.

    Ал Шәкәрім атындағы университет 1934 жылы Семей педагогикалық институты ретінде жұмысын бастаса, 1936 жылы оқу орнына Сәкен Сейфуллиннің есімі берілді. 1993 жылы институтқа Шәкәрім Құдайбердіұлының есімі қайтарылды.

  • Ескі пойыздарға интернет орнатылмайды

    Ескі пойыздарға интернет орнатылмайды

    Цифрлық даму министрлігі телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков пойыздардағы интернетке қатысты пікір білдірді.

    Елімізде пойыздарды интернетпен қамту жобасы қаңтар айында іске қосылды. Дамир Сейсембековтің сөзінше, республикада Тальго пойыздары 16 бағытқа жүреді.

    «Техникалық тұрғыдан осы пойыздар ғана интернетті вагондардың ішінде тарата алады. Ескі, кеңестік замандағы пойыздарда бұл жүйені енгізу мүмкін емес. Қазір интернет «Астана – Алматы» бағытындағы пойызда ғана бар», – деді комитет төрағасы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

    Бүгінде пилоттық жобаны енгізу бойынша жұмыстар белсенді жүріп жатыр.

    «Бірінші жартыжылдықтың аяғына дейін техникалық пилоттық жобаның қорытындысы белгілі болады. Интернет бірінші кезекте жолаушылар көп жүретін бағыттарға енгізілетін болады. Екіншіден, ешқандай байланыс жоқ жерлерде жүретін пойыздарға енгізіледі. Биыл бұл жұмыс жалғасады», – деді министрлік өкілі.

     

  • Таиландта қазақстандық туристер мінген катер жарылды

    Таиландта қазақстандық туристер мінген катер жарылды

    Пхукет маңында қазақстандық және ресейлік туристер мінген катердің қозғалтқышы істен шығып, өрттен кейін жарылыс болды. Оқиға таңғы 09:00 шамасында Майтон аралының жанында болған.

    Бортта тек үш экипаж мүшесі – капитан, инженер және бір қызметкер болған. Олар түрлі жарақат пен күйік алды. Сондай-ақ үш турист пен гид зардап шекті. Барлығы жергілікті ауруханаға жеткізілді.

  • Бірінші сыныпқа құжат тапсыруға асыққан ата-аналар eGov.kz порталын істен шығарған

    Бірінші сыныпқа құжат тапсыруға асыққан ата-аналар eGov.kz порталын істен шығарған

    Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин eGov.kz электронды үкімет порталының неге жұмыс істемей қалғанын түсіндірді.

    Вице-министрдің айтуынша, электронды үкіметтің уақытша істен шығуы ата-аналардың белсенділігімен байланысты.

    «Шынымен де бүгін электронды үкімет платформасында қысқа мерзімді ақау байқалды. Бұл мектепке құжат қабылдау қызметін қолданушылардың көптігімен байланысты болды. Платформа тез арада қайта қалпына келгенін атап өткім келеді», – деді Коняшкин Үкіметте өткен брифингте.

    Оның айтуынша, бірінші сыныпқа құжат қабылдау қызметі бүгін сағат 15:00-те басталуға тиіс болған.

    «Тиісінше сағат үште бұл қызмет жұмыс істеп тұрады және қолжетімді болады», – деп сендірді Коняшкин.