Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Алматыда элиталық үйдің күзетшісін өлтірген азамат 24 жылға сотталуы мүмкін

    Алматыда элиталық үйдің күзетшісін өлтірген азамат 24 жылға сотталуы мүмкін

    Алматыдағы элиталық тұрғын үй кешенінде күзетшіні өлтірген 45 жастағы тұрғын 24 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды КТК арнасы.

    Күдіктіге ерекше қатыгездікпен кісі өлтіру және жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу баптары бойынша айып тағылған. Ол бұрынғы серіктесінің интимдік бейнелерін таратқандықтан, сот жабық есік жағдайында өтуде.

    Қорғау тарапы күдіктінің психикалық ауытқулары бар екенін алға тартып, оны қылмыстық жауапкершіліктен босатуға тырысты. Алайда сараптама нәтижесі оның ақыл-есі дұрыс екенін және қылмыс жасаған сәтте өз іс-әрекетін толық түсінгенін көрсетті.

    «Жауапкершіліктен құтылу үшін ол өзін психикалық ауру ретінде көрсетті. Бірақ сарапшылар оның қылмыс жасаған кезде аффект күйінде болмағанын анықтады», – деді адвокат Ерлан Адаев.

    Айыптаушы тарап оны 24 жылға бас бостандығынан айыруды сұраса, сотталушының қорғаушылары істі жеңілірек «Адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабына өзгертуді талап етуде.

    Қаза тапқан күзетші Нұрбол Қайыпбаев үш баланың әкесі болған. Үлкен қызы – 15 жаста, кенже ұлы – 6-да. Марқұмның жесірі Әсем Молдахунова айыпталушының ата-анасы кешірім сұрағанын, алайда ешқашан кешірмейтінін айтты.

    «Балаларымыз әкесін іздейді. Біз бәріміз сені сағындық. Бірақ оны ешкім қайтара алмайды. Сондықтан оның қалған өмірін темір тордың ар жағында өткізгенін қалаймыз», – деді ол.
    Жесір әйел соттан қылмыскерді өмір бойына бас бостандығынан айыруды және материалдық шығынды өтеуді талап етуде.

  • Түркістан облысында 10-сынып оқушысы суицид жасаған

    Түркістан облысында 10-сынып оқушысы суицид жасаған

    Түркістан облысының Бәйдібек би ауданында 10-сынып оқушысы суицид жасаған.

    Оқушы не үшін өзіне қол жұмсағаны әзірге белгісіз. Otyrar.kz мәліметінше, қазіргі уақытта соталды тергеу жүріп жатыр.

    — Қылмыстық іс бойынша процессуалдық прокурор тағайындалды. Тиісті нұсқаулар берілді. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл қылмыстық іс облыстық прокуратураның бақылауында. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етуге жатпайды, деп түсіндірді Түркістан облысының прокуратурасы.

  • 6 наурыз күні 9 өңірде дабыл жүйесі қосылады

    6 наурыз күні 9 өңірде дабыл жүйесі қосылады

    «6-7 наурызда еліміздің солтүстік, шығыс және орталық өңірлерінде «Су тасқыны кезеңі жағдайларындағы төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау» тақырыбы бойынша «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығудың 2-ші кезеңі өтеді», – делінген хабарламада.

    Оқу үйлестіру және жетекшілік ету жөніндегі республикалық штаб Қостанайда орналасады. Оқу-жаттығу шеңберінде екі күн бойы Астана қаласында, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарында профилактикалық іс-шаралар кешені өткізіледі.

    «Сонымен қатар «Баршаның назарына!» дабылы бойынша аумақтық деңгейдегі құлақтандыру жүйесінің дайындығын тексеру мақсатында еліміздің 9 өңірінде 2025 жылғы 6 наурызда сағат 11.00-де барлық дыбыстық электр дабылдары қосылатын болады. Осыған орай тыныштық сақтап, үрейге бой алдырмауларыңызды сұраймыз», – делінген ТЖМ хабарламасында.

  • Түркістан облысында полиция қызметкері қаза тапты

    Түркістан облысында полиция қызметкері қаза тапты

    Түркістан облысында құқық бұзушыны қуу кезінде жол-патрульдік полиция инспекторы көз жұмды.    

    Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді.

    Қызметтік міндетін атқару барысында құқық бұзушыны қуу кезінде қаза тапқан Түркістан облысы полиция департаментінің жол-патрульдік полиция инспекторы, полицияның аға лейтенанты Қанат Ғабитовтың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын, – деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

  • «Болашақ сәулетшілері» қорының негізін қалаушы Марат Әбиев 9 жылға сотталды

    «Болашақ сәулетшілері» қорының негізін қалаушы Марат Әбиев 9 жылға сотталды

    2025 жылдың 14 ақпанында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық соты «Болашақ сәулетшілері» қорының негізін қалаушы Марат Әбиев пен оның сыбайластарына үкім шығарды.

    Марат Әбиевке ҚР Қылмыстық кодексінің 262-бабы (ұйымдасқан топ құру және басқару), 197-бабы (мұнай мен мұнай өнімдерін заңсыз сатып алу, сату, сақтау, тасымалдау және өңдеу) және 234-бабы (экономикалық контрабанда) бойынша 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеу және қоғамдық бірлестіктерді құру мен басқару құқығынан 5 жыл мерзімге айырылды.

    Оның сыбайластары 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот шешімімен айыпталушылардың мүлкі тәркіленіп, контрабандалық жолмен алынған 6 млрд теңгеден астам қылмыстық табысы тәркіленді.

    Бұған дейін агенттік Марат Әбиев пен оның сыбайластары  Антон Новицкий, Жанібек Дарибаев, Евгений Гребнев, Аманай Махметовке қатысты алдын ала тергеу аяқталғанын хабарлаған болатын.

    2018-2022 жылдар аралығында олар Ақтөбе облысындағы мұнай өңдеу зауытында ұйымдасқан топ құрып, ЕАЭО аумағында 50,6 мың тонна сатуға тыйым салынған «К-2» экологиялық класты дизель отынын өндірген. Бұл дизель отыны басқа мұнай өнімі ретінде 11,3 млрд теңгеге сатылып, соның ішінде 22,6 мың тоннасы 6,7 миллиард теңгеге шетелге контрабандалық жолмен шығарылған.

    Сонымен қатар, мұнай өнімдерінің заңсыз айналымынан түскен қылмыстық табыс «Genesis» (немесе «Болашақ сәулетшілері») атты заңсыз қоғамдық бірлестіктің қызметін қаржыландыруға жұмсалған. Марат Әбиев 2023 жылдың 21 тамызында осы әрекеті үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

    Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

  • Астана, Алматы және Шымкентте бірыңғай дизайн-код енгізіледі

    Астана, Алматы және Шымкентте бірыңғай дизайн-код енгізіледі

    Мәжілістің жалпы отырысында елорда мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлданды.

    Заң жобасын Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген. Ол жер қатынастары, сәулет және құрылыс, көші-қон, жарнама, экология және басқа да салалардағы мәселелерді шешуге бағытталған.

    «Қазіргі уақытта қалалардың сәулеттік келбеті тек сыртқы (көрнекі) жарнама арқылы ғана емес маңдайшалардың да ретсіз орналасуына байланысты нашарлауда. Сыртқы (көрнекі) жарнаманы жолдар мен көшелерді бояу арқылы орналастыру да қалалардың эстетикалық келбетіне теріс әсер етеді.  Сонымен қатар, қаланың сыртқы келбетінің нашарлауына қоғамдық орындарда аудио жарнаманың кең таралуы себеп болуда. Бүгінгі таңда аталған әрекеттер заң бұзушылыққа жатпайды және заңнамада ешқандай әкімшілік шаралар көзделмеген», – деді Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин.

    Қалалардың сыртқы келбеті бойынша мәселелерін шешу мақсатында бірқатар заңнамалық өзгерістер ұсынылды:

    республикалық маңызы бар қалалардың, астананың стилистикалық бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыратын дизайн-кодты, сондай-ақ стационарлық емес объектілерді орнату мен жұмыс істеуі бойынша қағидаларды бекіту;

    елордада бірыңғай дизайн-кодты енгізу және оның жалпы ережелерін айқындау;

    ғимараттардың меншік иелеріне талаптарға сәйкес емес орнатылған жарнама объектісіне демонтаж жасау жөніндегі шарттарды қолдану;

    ашық кеңістікте аудио жарнаманы таратуға тыйым салу;

    тротуарларда, веложолдарда, автожолдарда және көшелерде сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыруға тыйым салу.

    Аталған нормаларды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізу мәселесі де пысықталып жатыр.

    Республикалық маңызы бар қалалар мен елорданың мәслихаттарының құзыретін кеңейтіп, дизайн-кодты бекіту нормасын енгізу ұсынылады. Ал әкімдіктердің құзыретіне тұрақты емес нысандарды орнату және олардың жұмыс істеу қағидаларын әзірлеу мен бекіту енгізілмек.

  • Астанада ақылы автотұрақтардың саны көбеюі мүмкін

    Астанада ақылы автотұрақтардың саны көбеюі мүмкін

    Астанадағы ақылы автотұрақтар 100 пайыз мемлекеттік мекемеге өтуге дайын. Бұл туралы Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев мәлім етті.

    «Қазір ақылы автотұрақтар кеңістігін әкімдіктің балансына өткізу туралы мәселе қаралып жатыр. Арадағы келісімшартты бұзатын құжатқа қол қойылды. Енді автотұрақтардың мәселесімен 100 пайыз мемлекеттік мекеме айналысады», – деді бүгін Мәжілістің кулуарында ол.

    «Коммуналдық балансқа өткеннен кейін астаналықтар үшін не өзгереді?» деген тілшісінің сұрағына жауап берген ол алдағы жоспар қоғамдық кеңес және мәслихат депутаттарымен талқыланатынын айтты.

    «Сондай-ақ, қаланың өсуіне байланысты тұрақ сандары көбеюі мүмкін», – деді ол.

    «Тұрғындар да, депутаттар да тұрғын үйлер мен саябақтардың жанындағы тұрақтарды алып тастау керек екенін жиі айтады. Сол мәселені қарастырасыздар ма?» деген сұраққа жауап бере келе Өтебаев мәселе талқыланатынын айтты. Бірақ, оның пікірінше, жеке тұрғын үйлердің алдына ақылы автотұрақ орнату дұрыс мәселе.

    «Оларды алып тастай ма, тастамай ма әзірге нақты айта алмаймын. Бірақ, меніңше дұрыс деп есептеймін. Бірақ, қазіргі таңда ол үйдің иелеріне тұрақ тегін. Егер ол мүлкін түұрғынның атында болса, өз атына тіркелген көліктерге тегін болады. Бірақ, ол үйге келген басқа адамдар үшін ақылы болады», – деді Өтебаев.

  • Ақтаудағы ұшақ апаты: Ресей Әзербайжанға өтемақы төледі

    Ақтаудағы ұшақ апаты: Ресей Әзербайжанға өтемақы төледі

    Өткен жылдың желтоқсан айында болған Ақтаудағы ұшақ апатына байланысты ресейлік сақтандыру компаниясы Azal әуекомпаниясының Embraer 190 ұшағы үшін өтемақыны толығымен төледі, деп хабарлайды Malim.kz. 

    Сондай-ақ ресейлік компания мерт болған және аман қалған жолаушыларға төлем төлеуді бастады. Бұл туралы компания бас директорының авиациялық және ғарыштық сақтандыру жөніндегі орынбасары Илья Кабачник мәлімдеді. 

    Ұшақ үшін төлем ақпан айында толық көлемде жасалды, – деді ол.

    Алайда өтемақы мөлшері қанша болғаны айтылмады. Сарапшылардың пікірінше, бұл шамамен 25-30 миллион доллар болуы мүмкін

  • Елімізде тағы 53 теміржол вокзалы жөнделеді

    Елімізде тағы 53 теміржол вокзалы жөнделеді

    Осы жылы тағы 53 теміржол вокзалында жөндеу жұмыстары басталады. Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

    Министрдің айтуынша, осы күнге дейін 5 вокзал реконструкциялау жұмыстарынан өткен.

    «Осы жылы туристік бағыттарды қоса алғанда, тағы 53 вокзалға жөндеу жұмыстары басталады. Вокзал маңындағы алаңдарды жөндеу жұмыстары жергілікті атқарушы органдар тарапынан қамтамасыз етілуі қажет», — деді Қарабаев Үкімет отырысында.

    Сонымен қатар, Көлік министрлігі «Қызылжар – Мойынты» жаңа теміржол желісін салу; екіжолақты «вставка» мен қабылдау-жөнелту жолдарын салу арқылы «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» учаскелерін модернизациялау; «Қызылжар – Сексеуіл», «Шалқар – Бейнеу», «Қандыағаш – Тобыл», «Әлімбет – Никельтау» және «Ақсу – Дегелең – Жаңа-Семей» учаскелерінде заманауи реттеу жүйелерін енгізуді жоспарлап отыр.

    «Қазіргі уақытта бұл жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында халықаралық қаржы институттарымен келіссөз жүргізіліп жатыр. Жалпы, теміржол саласындағы жобаларды жүзеге асыру 20 жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық бағытта 11 трлн теңге көлемінде мультипликативті әсерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 2025-2029 жылдар аралығында жалпы ішкі өнімнің өсіміне шамамен 0,4-тен 1% деңгейінде үлес қосуға ықпал етеді. Барлық жоба бойынша биыл сәуір айында құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарланған», – деді министр.

     

  • Қазақстанда құжат ауыстыру онлайн жүргізілуі мүмкін

    Қазақстанда құжат ауыстыру онлайн жүргізілуі мүмкін

    Қазақстанда мерзімі өткен жеке куәліктер мен төлқұжаттарды ауыстыру онлайн форматта жүргізілуі мүмкін. Тиісті пилоттық жобаны Ішкі істер министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп әзірледі.

    Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

    «Жобаның мақсаты «Қазақстан Республикасының азаматтарына паспорттар, жеке куәліктер беру» мемлекеттік қызмет көрсетуді, атап айтқанда, қолданыстағы тәртіпке балама нұсқа ретінде онлайн форматта қолданылу мерзімінің өтуіне байланысты жеке куәлік беру», – делінген түсіндірме жазбада.

    Қазақстандықтар мерзімі өтіп кеткен құжаттарды электронды үкімет порталы мен мобильді қосымшалар арқылы онлайн режимінде ала алады.

    Қызмет жеке куәліктің мерзімінің аяқталуына 30 немесе одан аз күнтізбелік күн қалғанда немесе оның мерзімі өтіп кеткен, бірақ 10 күнтізбелік күннен аспайтын жағдайда ғана қолжетімді болады.

    Құжат 19 наурызға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылды.