Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Жигули Дайрабаев орнынан босатылды

    Жигули Дайрабаев орнынан босатылды

    «Ауыл» партиясы Саяси кеңесі төралқасы отырысында Жигули Дайрабаевты партия төрағасының орынбасары қызметінен босатылды.

    Баспасөз қызметі бұл шешімді партияның Саяси кеңесінің мүшелері бірауыздан қабылдағанын хабарлады.

    Жигули Дайрабаев 2023 жылдан бастап «Ауыл» партиясынан VIII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты қызметін атқарып келді.

    2021 жылы жер реформасы жөніндегі республикалық комиссияда төрағаның орынбасары болды, ал 2022 жылы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болды.

  • 24 млн жиналды: Семейде соққыға жығылған оқушының отбасына баспана сатып алынбақ

    24 млн жиналды: Семейде соққыға жығылған оқушының отбасына баспана сатып алынбақ

    Абай облысының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Эльзира Солтабаева отбасыға көрсетіліп жатқан қолдау шаралары жөнінде ақпарат берді.

    Оның айтуынша көпшіліктің қолдауымен жиналған қаражат баспана сатып алуға жұмсалады.

    – Толық медициналық тексеруден өткен балаға қажет психологиялық көмек көрсетіліп, отбасыға құқықтық қолдау ұйымдастырылды. Қазіргі таңда отбасының жақын туысының есепшотына 24 миллион теңге жиналды. Бұл қаражат баспана сатып алуға бағытталады, – деді ол. 

    Уәкілдің мәліметінше, қаржының әділ әрі ашық жұмсалуын бақылау үшін облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, адвокаттар мен қоғамдық ұйым өкілдері кіретін арнайы комиссия құрылып жатыр.

    – Көмек көрсету процесі ашықтық пен әділдік қағидаларына негізделеді. Қоғамның үлкен қолдауын ескере отырып, тұрғын үйді таңдау және сатып алу барысы ашық өтеді, – деп атап өтті Эльзира Солтабаева.

    Сонымен қатар, ол отбасының ел тұрғындарына білдірген шынайы ризашылығын жеткізді.

  • Әйелдерге 8 наурызға орай 9800 теңгеден беріледі

    Әйелдерге 8 наурызға орай 9800 теңгеден беріледі

    Астана қаласы мәслихатының 2023 жылғы 3 қазандағы № 84/10-VIII қаулысымен бекітілген елорда бойынша әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлемелерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларына сәйкес, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай көпбалалы отбасыларға, көпбалалы аналарға – 36 мыңға жуық азаматқа 2,5 АЕК (9830 теңге) мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек берілетін болады.

    Төлем көпбалалы отбасыларға, көпбалалы аналарға, оның ішінде Астана қаласында тіркелген және тұрақты тұратын әлеуметтік аз қамтылған аналарға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Әлеуметтік төлемдер орталығының тізімдері негізінде жүзеге асырылады.

    Айта кетейік, былтыр астаналық көпбалалы әйелдерге 9230 теңгеден берілді.

  • Алматыда 2027 жылдан бастап көлік қозғалысы шектелуі мүмкін

    Алматыда 2027 жылдан бастап көлік қозғалысы шектелуі мүмкін

    Кездесу барысында Ерболат Досаевтан алдағы уақытта қаладағы көлік қозғалысы қаншалықты шектелуі мүмкін екені сұралды.

    «Біз транспорттық байланыс пен қоғамдық көліктің сапасына қатысты сұрақтарды шешкеннен кейін бұл мәселені қарастырамыз. Нью-Йоркте көлікке шектеулер енгізілгеннен кейін Манхэттенде көлік трафигі азайғанын жиі айтылды. Бірақ Нью-Йорк оған көп жыл дайындалды. Біздің болжам бойынша, 2026 жылдың соңына қарай көлік жүйесінің қаңқасы құрылса, 2027 жылы біз алғашқы шектеулерді енгіземіз. Бірақ шектеулер төлем арқылы болады. Мысалы, Алматыда тіркелген көлік заманауи талаптарға сай келмесе, кей аймақтарға кіру ол үшін ақылы болады. Электрлі көліктер не заманауи талаптарға сай көліктер үшін бұл тегін болады. Бұл жүйені алдымен әзірлеу керек және бұл бағытта біз жұмыс істеп жатырмыз», – деді қала әкімі.

     

  • 225 млн теңге жымқырған күдікті Қазақстанға жеткізілді

    225 млн теңге жымқырған күдікті Қазақстанға жеткізілді

    Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесе отырып, іздеуде болған Садвақасов Т.Х.-ны Қазақстан Республикасының аумағына жеткізді, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.

    Ол аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны және лауазымды тұлғаларға пара беруге итермелегені үшін күдікке ілінген.

    2023 жылғы шілде айында Садвақасов Т.Х. мен адвокат Құрманбаев С.Н. өздерінің қызметтік байланыстарын пайдаланып, Долгалев В.И.-дің іскерлік серіктестеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу бастау мәселесін шешуді ұсынған.

    Аталған мәселені шешу үшін Садвақасов Т.Х. мен Құрманбаев С.Н.-ға заңсыз сыйақы ретінде 225 млн теңге беру жөнінде келісім жасалған.

    Алайда, күдіктілер параның алғашқы бөлігі – 90 млн теңгені алғаннан кейін бұл қаражатты өз пайдасына жаратқан және өз міндеттемелерін орындамаған.

    Кейін Садвақасов Т.Х. қылмыстық жауапкершілікке тартылудан қауіптеніп, соттан жасырынған.

  • Қазақстанда балаларға арналған SIM-карта енгізу ұсынылды

    Қазақстанда балаларға арналған SIM-карта енгізу ұсынылды

    Министрлік мәліметінше, бұл шара ата-аналардың балаларын бақылауын қамтамасыз етеді.

    Сонымен қатар балалардың суицид, зорлық-зомбылық және буллингке қатысты қауіпті контенттерге қол жеткізуін шектеуге мүмкіндік береді.

    Балаларға арналған SIM-картаны жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) мен туу туралы куәлік арқылы тіркеу жоспарланған. Мұндай SIM-карталар кәмелетке толмағандармен байланысты алаяқтық тәуекелдерін азайтып, төтенше жағдайларда оқушыларды тез табуға көмектеседі.

    Жаңа ереже оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды зорлық – зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарына” өзгертістер мен толықтырулар енгізу аясында ұсынылған.

  • Екі рет кісі өлтірген қазақстандық Бішкекте ұсталды

    Екі рет кісі өлтірген қазақстандық Бішкекте ұсталды

    Балқашта екі рет кісі өлтіру ісі бойынша іздеуде жүрген 33 жастағы Қазақстан азаматы Бішкекте ұсталды.

    ІІМ-нің мәліметінше, ер адам 6 жылдан астам уақыт бойы іздеуде болған екен.

    «Қазақстан ІІМ Қырғыз Республикасының құқық қорғау органдарымен өзара іс — қимылы нәтижесінде Бішкек қаласында 2018 жылдан бері іздеуде жүрген 33 жастағы азаматты ұстады», – деп хабарлады ІІМ.

    Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ер адамды Қазақстанға экстрадициялау туралы мәселе қаралып жатыр.

  • Cот-медициналық сараптама үшін мәйіт «сойылмайтын» болды

    Cот-медициналық сараптама үшін мәйіт «сойылмайтын» болды

    Cот-медициналық сараптама шараларын дәстүр мен дінге сай ету үшін «виртуалды аутопсия» енгізілмек, бұл мәйітті компьютерлік томография көмегімен зерттеуге мүмкіндік береді.

    Бұл туралы әділет министрі Ерлан Сәрсембаев үкімет отырысында айтты.

    «Сот-медициналық сараптама жұмысында қиындықтар туындап тұрады. Атап айтқанда діни көзқарасына байланысты көбі мәйітті сойып, оның ішкі ағзаларын зерттеуге қарсылық білдіреді. Мұндай жағдайда олар арыз жазып, оның өліміне не себеп болуы мүмкін екенін дәлелдеп, марқұмның денесін алып кетуге құқылы», – деді Сәрсенбаев.

    Министр сондай-ақ жақын арада Қазақстанда бірнеше сараптама түрлері автоматтандырылатынын айтып, бұл адам факторымен байланысты қателіктерді болдырмауға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.

    «Бұл сарапшының зерттеу барысында жасаған әрекеттерін қадағалауға, сондай-ақ зерттеу, әрекеттер мен әрекетсіздіктен туындаған ауытқуларды алдын ала ескертуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, зерттеулерді жүйе ішінде жүргізу және адам факторы «қателіктерін» болдырмау үшін арнайы функция қарастырылады», – деп түсіндірді ол.

  • Наурыз мерекелеріне қарсы қосымша пойыздар жолға шығады

    Наурыз мерекелеріне қарсы қосымша пойыздар жолға шығады

    Көктемгі мерекелер қарсаңында жолаушылар ағынының артуына байланысты Ұлттық тасымалдаушы қосымша пойыздарды іске қосып, орын санын арттырады.

    Жалпы, Халықаралық әйелдер күні мен Наурыз мейрамы кезінде жолаушыларға 58 мыңнан астам қосымша орын ұсынылады, деп хабарлайды Rail-news.kz.

    Халықаралық әйелдер күніне орай сұранысы жоғары бағыттарға 265 қосымша тіркеме вагоны қосылып, қала маңы пойыздарының жүру жиілігі артады:

    №6811/6812 «Астана-1- Бурабай курорты» – 7, 8, 9, 10 наурыз аралығында қатынайды (жөнелту және кері бағытта).
    №6868/6869 «Теміртау-Ақадыр» – 7, 8, 9, 10 наурыз аралығында қатынайды (жөнелту және кері бағытта).

    Жалпы пойыздарда 8 наурыз мерекесіне 18 мыңнан астам қосымша орын бөлінеді.

    Наурыз мейрамы кезінде жолаушылар тасымалын қамтамасыз ету мақсатында 3 пойыз қосымша  жолға шығады:

    №201/202 «Астана (НЖ)-Алматы-1» – 20, 21, 23, 24 наурыз аралығында қатынайды (жөнелту және кері бағытта).
    №203/204 «Астана-1-Шымкент» – 21, 22, 24, 25 наурыз аралығында қатынайды (жөнелту және кері бағытта).
    №257/258 «Ақтөбе-Астана (НЖ)» – 16, 18, 20, 22, 23, 25 наурыз аралығында қатынайды (жөнелту және кері бағытта).

    Сонымен қатар, қала маңы бағыттарында қосымша электр пойыздары іске қосылады:

    №6811/6812 «Астана-1-Бурабай курорты» – 21, 22, 23, 25 наурыз аралығында қатынайды (жөнелту және кері бағытта).
    №7553/7556 «Қарағанды-Астана-1» – 21, 22, 23, 25 наурыз аралығында қатынайды (жөнелту және кері бағытта).

    Наурыз мейрамы кезінде сұранысы жоғары бағыттарға 432 қосымша тіркеме вагоны қосылып, 20 мыңнан астам орын ұсынылады.

    Билеттерді ҚТЖ сайтынан және теміржол вокзалдарының кассаларынан сатып алуға болады. Қосымша ақпаратты 1433 нөмірі арқылы алуға болады.

  • Астанадағы ірі сауда орталығынан өрт шықты

    Астанадағы ірі сауда орталығынан өрт шықты

    Оқиғаға қатысты қалалық төтенше жағдайлар департаменті пікір білдірді.

    «Осы сәтте Астана қаласы өрт сөндірушілері Нұра ауданы Тұран даңғылы бойында орналасқан Сауда-ойын сауық орталығындағы өртті сөндіруде. Құтқарушылар жоғары дәрежемен жұмыс жасауда», – делінген ТЖМ хабарламасында.

    Тілсіз жаудан зардап шеккендер туралы ақпарат әзірге жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігінің соңғы мәліметтеріне сәйкес, сауда орталығындағы өрт оқшауланған.

    «Өрт СОО негізгі ғимаратына және ғимараттың қаптамасына 2 қабатты қосымша ғимаратта орын алуда. Құрылыс материалдарын талдау мен су төгу жұмысы жүргізілуде», – деп қосты министрлік.