Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Жазасын өтеп жатқан 1,2 мың әйел амнистияға ілінуі мүмкін

    Жазасын өтеп жатқан 1,2 мың әйел амнистияға ілінуі мүмкін

    Елімізде сотталған 1,2 мың әйел жазасын өтеуден босатылуы мүмкін. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылды.

    Ішкі істер министрлігі сотталған әйелдерге рақымшылық жасау мүмкіндігі туралы депутаттық сауалды қарады.

    «Мұндай рақымшылық актісін қолдану туралы ұсыныс тұжырымдамалық түрде сақталады. Бүгінгі таңда 6399 әйел қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін жазасын өтеп жатыр, оның 2692-сі бас бостандығынан айыру орындарында ұсталса, 3707-сі пробациялық бақылауда. Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес ауырлығы аз және орташа қылмыстары үшін сотталған 1220 әйел жазасын өтеуден босатылуы мүмкін. Сонымен қатар зорлық-зомбылыққа байланысты емес қылмыстар жасағаны үшін 2002 әйел сотталды, олардың 1766-сы алғаш рет, ал 150-і ауырлығы шағын және орташа қылмыстар жасаған», – деді ІІМ басшысы.

    Ержан Сәденовтің сөзінше, ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған 5055 әйелге жаза мерзімі қысқартылуы мүмкін.

    «Рақымшылықты қарау кезінде жасалған қылмыстың ауырлығымен қатар сотталғандардың әлеуметтік жағдайын қосымша ескеру ұсынылады. Сотталғандардың арасында 29 мүгедек әйел (I топ – 3, II топ-3, III топ – 15), 60 жастан асқан 243 әйел (ТМ-152, ПҚ-91), 13 жүкті әйел, 58 жас балалары бар (3 жасқа дейін), сондай-ақ 226 көпбалалы ана бар. Бас бостандығынан айыруды жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру жолымен (3910) өтелмеген талап-арыздары бар әйелдер үшін жазаны жеңілдетуді көздеу қажет. Алайда, Конституцияның 14-бабының талаптарын ескеру қажет, оған сәйкес заң мен сот алдында барлығы тең. Ешкімді жынысына байланысты кемсітуге болмайды», – делінген жауапта.

    Әлеуметтік осал адамдар санатына жататын 920 ер адам сотталған (I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ҰОС қатысушылары, зейнеткерлер, толық емес отбасылар).

    Министр бірінші рет сотталғандарды және зорлық-зомбылықсыз қылмыстар жасағандарды босату мәселесі жәбірленушілердің құқықтарын қорғауды ескере отырып, одан әрі талдауды қажет етеді деген пікірде.

    Ресми мәліметке сәйкес, екі мыңнан астам сотталғанды босату бюджетті күніне 5,8 млн теңгеге дейін үнемдеуге әкелуі мүмкін (1 сотталғанға жалпы шығындар күніне – 2900 теңге, тиісінше жылына 2,1 млрд теңге).

  • Костенкодағы 46 кеншінің қазасы туралы іс сотқа берілді

    Костенкодағы 46 кеншінің қазасы туралы іс сотқа берілді

    Бас прокурор Берік Асылов жарылыс кезінде 46 кенші қаза тапқан Костенко атындағы шахтадағы трагедияны тергеу аяқталғанын хабарлады.

    Қайғылы оқиға 2023 жылдың 28 қазанына қараған түні 700 метр тереңдікте болды. Метанның алғашқы жарылуы тізбекті реакцияны тудырып,  33 шахтер жарақаттан, 13 – көміртегі тотығымен уланудан қайтыс болды. Тағы 28 адам жарақат алды.

    «10 қатысушыға қатысты іс тау – кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу туралы бап бойынша сотқа берілді (ҚК 277-бабының 3-бөлігі)», – деді Асылов

    Тергеу апаттың себебі басшылық тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі, қауіпсіздік шараларын сақтамау және шахтаның жоғарғы газдануынан екенін анықтады. Айыпталушылар арасында шахта директоры, бас инженер, желдету және конвейерлік көлік учаскелерінің бастықтары бар. Олардың тоғызы қамауға алынды, біреуі кепілдікпен босатылды.

    Барлығы 74 адам зардап шекті деп танылған, онда қаза болғандардың туыстары мен зардап шеккен кеншілер бар. Қылмыстық іс 120-дан астам томды материалдарды қамтыды.

  • Бензин бағасы қаншаға өседі?

    Бензин бағасы қаншаға өседі?

    Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасын мемлекеттік реттеу ресми түрде жойылды.

    Тиісті бұйрыққа энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қол қойып, өзгеріс 30 қаңтардан бастап күшіне енді. Қазақстандық жанармай қауымдастығының мәліметінше, 1 ақпаннан бастап мұнай өнімдерінің көтерме бағасы артты. Бұл өзгеріс ай соңына қарай жанармайдың бөлшек бағасына да әсер етуі мүмкін.

    Ресурс иелері, соның ішінде нарықтың 80%-ын бақылайтын KC Energy Group пен «ҚазМұнайГаз», 1 ақпанда көтерме бағаны өсірді. Орташа есеппен алғанда, АИ-92 бензині мен дизель отынының көтерме бағасы 1 литріне 4 теңгеге қымбаттады. Осыған байланысты ақпанның соңына дейін жанармайдың бөлшек бағасы да 4 теңгеге көтеріледі, – деп түсіндірді қауымдастық.

    Қауымдастық өкілдері баға өсімінің 80%-ы (3 теңге) мемлекеттік бюджетке акциз ретінде алынатынын атап өтті. Бұл салықтық түсімдерді арттырғанымен, қарапайым тұтынушыларға жанармай бағасының қымбаттауы әсер етеді.

  • 1 наурыздан бастап пойыз билеттері қымбаттайды

    1 наурыздан бастап пойыз билеттері қымбаттайды

    Тарифтің өсуі барлық әлеуметтік маңызы бар облысаралық бағыттарға, сондай-ақ бірқатар қала маңына қатынайтын пойыздарына әсер етеді.

    «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми түсініктеме берді. Компания өкілдері бағаның көтерілуі «Теміржол көлігі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 94-бабының 2-тармағына сәйкес жүргізіліп отырғанын мәлімдеді.

    «2025 жылдың 1 наурызынан бастап барлық әлеуметтік маңызы бар облысаралық маршруттар мен кейбір қала маңы пойыздарының тарифі 7%-ға көтеріледі. Бұл өзгеріс тасымалдаушы шығындарын ұзақ мерзімді субсидиялау шарттарына сәйкес жүзеге асырылады», – делінген компания хабарламасында.

    Ресми статистикаға сәйкес, 2024 жылдың қаңтарында бастапқы нарықтағы тұрғын үй бағасы желтоқсанмен салыстырғанда 1,7%-ға өсті.

  • Шерзат Болатты өлтірді делінген күдіктілер туған күн тойлаған ба? – Алматы полиция департаменті

    Шерзат Болатты өлтірді делінген күдіктілер туған күн тойлаған ба? – Алматы полиция департаменті

    Кеше Шерзаттың өліміне қатысы бар деген күдіктілердің түрмеде мәз-мейрам болып, туған күндерін тойлап отырған бейнежазба тараған еді. Бейнежазба Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының уақытша ұстау изоляторында 8-9 ақпанда түсірілген делінді.

    Oplus_131072

    Бұл туралы Алматы облысы полиция департаменті бастығы Мейрам Әбікеев түсініктеме берді.

    «Уақытша ұстау изоляторынан бір тұтқынның туған күнін атап өтуі бейнеленген видеоның таралу фактісі бойынша жан-жақты тексеру жүргізілуде.

    Барлық кінәлі тұлғалар, соның ішінде басшылық та, қатаң жауапкершілікке тартылады. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды.

    Осы құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылданды», – деді.

  • Президенттен сөгіс алған Абай облысының әкімі Ұранхаев қызметінен кетті

    Президенттен сөгіс алған Абай облысының әкімі Ұранхаев қызметінен кетті

    Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Телманұлы Ұранхаев Абай облысының әкімі лауазымынан босатылды. Соған қарағанда, бұған оның қызметте өзін көрсете алмауы және сенім артқан президенттің көңілі толмауы себеп болса керек. 

    Еске сала кетсек, 2023 жылы 8 маусымда Абай облысындағы «Семей орманы» табиғи резерватында алапат өрт шықты. Өрт салдарынан 15 адам қаза тауып, 60 мың гектардан астам қарағайлы орман күлге айналып, Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды. Ең бастысы, мемлекет бюджетіне орасан шығын келді.

    Бас прокуратураның мәліметінше, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, сол кездегі Төтенше жағдайлар жөніндегі министр Юрий Ильин және Экология министрі Зүлфия Сүлейменова өртке байланысты қозғалған қылмыстық іс негізінде тергеуге шақырылды. Бірақ 15 адамның өмірін қиып, табиғатқа орасан зор залал келтірген өртке басты жауаптылар оңай құтылды. Олардың арасында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев та бар.

    Сол кезде президент Қ.Тоқаев Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жариялады.

    «Қателік көп. Шұғыл әрекеттің жетіспеуі, мәселеден сырт қалуыңыз осы апатқа әкелді. Өзіңіз де оқиға орнына кеш жеткеніңізді маған баяндадыңыз. Сондықтан  жергілікті атқарушы органның жұмысына көңілім толмайды. Түсінемін, облыс енді құрылды, сіз – жаңа әкімсіз. Осы себепті ғана сізге сөгіс жариялаймын.  Негізі, мұндай қателік үшін бірден қызметтен босату керек.

    Он төрт адамнан айырылып қалдық. Бұл не сізге, ойыншық па? Олар қызметтік борышын атқара жүріп қаза тапты. Қазір сіздің міндетіңіз – Үкіметпен бірге менің азаматтарға берген барлық уәдемнің орындалуын қадағалау. Сөз бен іс қабысу керек. Иә, мен көңіл айттым. Бірақ адамдарға нақты көмек көрсетілуге тиіс», – деген президент.

    Еңбек жолын Семей қаласындағы «Казпромтехмонтаж» трестінде монтажник-слесарь болып бастаған ол одан кейін шебер, прораб болған. Үш жылдан соң «Зергер» өндірістік-қаржылық корпорациясының бас директоры қызметін атқарған. 1994 жылы ол «Спартак» клубын сатып алып, атауын «Елім-ай» деп ауыстырды. Кейін бұл команда үш мәрте ел чемпионы атанғаны бар.

    Оның әрі қарайғы мансап баспалдағына шолу жасап көрейік:

    2010-2013 жылдары – Қызылорда облысы әкімінің орынбасары.
    2013-2014 жылдары – Семей қаласы гуманитарлық инновациялық заң университеті президентінің кеңесшісі.

    2014 ж. – ҚР тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының орынбасары, Астана қаласы.

    2015-2017 жылдары – Ұлттық экономика министрлігінің «ҚазҚСҒЗИ» АҚ Бас директоры, Астана қаласы.

    2017-2018 жылдары – Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы.

    2019-2022 жылдары – Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы қызметін атқарып, 2020 жылдың маусымында Абай облысының әкімі болып тағайындалған еді.

    Алайда, жаңадан ашылған облысқа тағайындалған әкім ретінде тек сөгіс алумен шектелген Ұранхаев бәрібір міндетін тиісті деңгейде атқара алмаған сияқты. Сол кезде «Негізі мұндай нәрсе үшін бірден жұмыстан қуу керек», – деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылы қызметінен босатқанынан мән іздеудің де керегі жоқ шығар… Себебі, халық – басты төреші. 

  • Алматыда балабақша тәрбиешісі 4 жасар баланы тұншықтырған

    Алматыда балабақша тәрбиешісі 4 жасар баланы тұншықтырған

    Алматыдағы жекеменшік балабақшалардың бірінде жұмыс істейтін тәрбиеші 4 жасар баланы тұншықтарып, ұрып-соққан.

    Ата-ананың бірі 4 жасар баласының тәрбиешіден зорлық-зомбылық көргенін айтып шағымданған. Ол бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеріп, тәрбиеші баласын тұншықтырғанын көрсететін жазбаларды тапқан. Оқиға болған кезде бөлмеде тағы екі қызметкер болды. Алайда олар әріптесінің әрекетіне араласпаған. Ата-аналар Бостандық аудандық полициясына арыз жазды.

    «Бостандық аудандық полиция басқармасы бұл дерек бойынша қылмыстық тергеуді бастады», – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті.

    Полиция оқиғаның мән-жайын анықталып жатқанын жеткізді. Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылатын болады.

  • «Сергек» Астана қаласынан кетті

    «Сергек» Астана қаласынан кетті

    Астана қаласының бейнебақылау жүйесі енді Біріккен Араб әмірліктерінің жекеменшік компаниясына өтеді. Бұл туралы бүгін мәслихат отырысында цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Дидар Сүлейманов мәлім етті.

    «Сергек» компаниясымен арадағы келісімшарт бір айдан кейін, яғни, 2025 жылдың 13 наурызында тоқтайды. Әкімдік ары қарай бұл компаниямен келісімшарт орнатуға ниетсіх.

    «Өздеріңіз білетіндей, «Сергек» жобасы 2017 жылы басталды. Биыл 13 наурыз күні «Көркем Телеком» компаниясымен («Сергек» камераларының иесімен) келісімшарттың мерзімі аяқталады. Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты, сондай-ақ, жобаны одан әрі дамыту үшін біз G42 холдингінің ішіне кіретін Presight халықаралық компаниясымен бірге «Астана қаласы үшін жасанды интеллект базасында қалалық инфрақұрылымды басқаруға арналған шешімдер» атты жобаны жасадық. Бұл жобада алдыңғы жобаның кемшіліктерін жойдық», – деп мәлім етті ол.

    Оның айтуынша, арабтардың жаңа компаниясы Астанада жалпы бейнебақылау жүргізетін 22 мың камера, көшелердің қиылысында 732 аппарат-бағдарлама кешенін, жол бойында тура осындай 470  кешен орнатпақ. Бұл камералар 15 түрлі жол ережесін бұзу фактілері мен 35 түрлі видеоаналитика жүргізеді. Араб компаниясымен арадағы келісімшарт 2030 жылға дейін жалғасады деген болжам бар.

  • Хоккейден әйелдер құрамасы қоржынға тағы бір медаль салды

    Хоккейден әйелдер құрамасы қоржынға тағы бір медаль салды

    Бүгін шайбалы хоккейден еліміздің әйелдер командасы Оңтүстік Кореядан басым түсіп, Харбин қаласында өтіп жатқан IX қысқы Азия ойындарының күміс жүлдесіне қол жеткізді. Шешуші матчтың есебі: 3-0.

    Бірінші кезеңде сан басымдығын тиімді пайдаланып шабуылшымыз, капитанның бірі Малика Алдабергенова есеп ашты. Ал шешуші айналымның басында Юлия Буторина жойқын соққымен есепті еселеді. Тағы бір шайбаның авторы – Дария Молдабай.

    Жалпы Қазақстан осы бәсекеде Қытайдың Гонконг (12-0), Таиланд (9-0), Қытайдың Тайпейі (5-1), Қытай (2-1), Оңтүстік Корея (1-0) командасын ұтып, тек Жапонияға (0-4) жол берді.

    Бұл – хоккейден әйелдер құрамасының Азия ойындарындағы 7-ші жүлдесі (3 алтын, 3 қола) және соның ішіндегі алғашқы күміс медалі.

    Тағы бір қызық жайт, Қазақстан құрамасы тарихындағы ең ірі жеңіс осы Оңтүстік Кореямен байланысты. 2003 жылғы ақ Азиадада біздің хоккейшілер бүгінгі қарсыластың қақпасына жауапсыз 19 шайба салған.

  • Қазақстандықтар наурызда неше күн демалады?

    Қазақстандықтар наурызда неше күн демалады?

    8 Наурыз сенбіге сәйкес келіп тұрғандықтан, 10 наурызда (дүйсенбі) қосымша демалыс күні қарастырылған. Наурыз 21-25 наурыз аралығында атап өтіледі.

    Сонымен жалпы наурызда 17 жұмыс күні болады.