Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Астанада әскери шеру өткізуге 2,5 млрд теңге бөлінді

    Астанада әскери шеру өткізуге 2,5 млрд теңге бөлінді

    Қорғаныс министрлігі Жеңістің 80 жылдығына орай әскери шеру өткізетінін мәлімдеді. Әскери шеруге 2,5 млрд теңге бөлінеді.

    Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті басшысының орынбасары Виталий Адамович 7 мамыр күні Астанада әскери шеру өтетінін мәлімдеді. Шеру Тәуелсіздік алаңында, «Қазақ Елі» монументінің алдында өтеді және үш кезеңнен тұрады.

    «Бірінші кезең – тарихи және заманауи бөлімдерден тұратын жаяу әскер саптарының шеруі. Екінші кезең – механикаландырылған колонналардың жүруі, ол да тарихи және заманауи бөлімдерден тұрады. Үшінші кезең – авиацияның әуеде шеруі», – деді Адамович.

    Биылғы шерудің ерекшелігі – Ұлы Отан соғысы кезіндегі әскери формада сап түзеу.

    Қазақ жерінде құрылған әскери бөлімдердің жауынгерлік тулары алғаш рет алаңнан алып өтіледі.

    Музейде сақталған Жеңіс туының көшірмесі Т-34 танкінде көрсетіледі. Қазақстан Қорғаныс министрлігінің арнайы парадтық бөлімі Мәскеуде өтетін парадқа қатысады, ал Минскіге бес адамнан тұратын ту тобы жіберіледі.

    «Әскери парад өткізуге шамамен 2,5 млрд теңге жұмсалады. Бұл шығындар жанармайға, қосалқы бөлшектерге, іссапарларға, әскерді тасымалдауға, әскери киім тігумен байланысты», – деп толықтырды Адамович.

  • Былтыр елімізде 40 647 ажырасу дерегі тіркелген

    Былтыр елімізде 40 647 ажырасу дерегі тіркелген

    Ұлттық статистика бюросы 2024 жылғы қаңтар-желтоқсандағы демографиялық жағдай туралы статистикалық мәліметтер жариялады.

    2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша халық саны 20 286 084 адамды құрады, оның ішінде қала тұрғындары – 12 774 743, ауыл тұрғындары – 7 511 341 адам. Халықтың саны бір жылда 252 242 адамға өсті, оның ішінде табиғи өсім есебінен 235 078 адамға, көші-қон есебінен – 17 164 адамға.

    12 ай ішінде 368 670 сәби дүниеге келді, оның ішінде ұлдар – 190 213, қыздар – 178 457. Туудың ең жоғары деңгейі Түркістан (1000 тұрғынға 25,05 адам), Маңғыстау (24,47) облыстарында және Шымкент қаласында (23,68) байқалды.

    Аталған уақыт ішінде 133 592 адам қайтыс болды. Өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан (1000 тұрғынға шаққанда 11,57), Шығыс Қазақстан (11,29) және Қостанай (10,18) облыстарында байқалды, бұл осы аймақтардағы халықтың жас құрылымына байланысты.

    Сондай-ақ, былтырғы жылдың ішінде алдын ала мәлімет бойынша 123 651 неке және 40 647 ажырасу тіркелген.

    2024 жылғы қаңтар-желтоқсанда елге келгендер (ықтиярхат алған) саны 29 948 адамды құраса, елден 12 784 адам кеткен. Көші-қонның оң сальдосы 17 164 адамды құрады. 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда Қазақстанға келгендер саны 17,9% көбейсе, елден кеткендер саны 20,4% азайған. Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен болған. Сол елдерден келгендердің үлесі 81,1% болса, сонда кеткендердің үлесі 74,9%.

    2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ел ішінде көшіп-қонушылар саны 47,6% артты. Өңіраралық көші-қон бойынша халық көші-қонының оң сальдосы еліміздің 4 өңірінде қалыптасты: Астана (7 3238 адам), Алматы (36 061 адам), Шымкент қалаларында (9 361 адам) және Алматы облысы (2 639 адам).

  • Балалар хирургиясының «атасы» Камал Ормантаев дүние салды

    Балалар хирургиясының «атасы» Камал Ормантаев дүние салды

    Қазақстанда балалар хирургиясының негізін қалаған ғалым, медицина ғылымдарының докторы Камал Ормантаев дүние салды.

    Суыт хабарды ғалымның ұлы Жарас Ормантаев жазған.

    «Бүгін түнде ардақты әкем, Қазақстанда балалар хирургиясының негізін қалаған академик Камал Ормантаев өмірден озды», — деп жазды ол.

    Камал Ормантаев 1936 жылы 11 қыркүйекте туған. Қазақстандағы балалар хирургиясы мен педиатрия саласына өлмейтін, өлшемі зор мұрасын қалдырған адам. Бүкіл ғұмырын осы салаға арнаған ол балалардың бассүйегі мен миы зақымданғанда қолданылатын емдеу әдістерін жетілдіріп, оның патогенезін анықтауда кешенді зерттеулер жүргізді. Баланың бассүйегі мен миына жасалатын операцияның бес жаңа әдісін тәжірибеге енгізген. Өңеші күйген балаларды емдеудің алты жаңа әдісін ойлап тапқан. Балаларда іріңді перитонит пен жедел гематогенді остеомиелит болған жағдайда іріңді іш қуысынан түтік арқылы шығарудың бірнеше тәсілін ұсынған ғалым. Ол Қазақстанда педиаторлардың, балалар хирургтарының, анестезиолог-реаниматологтарының, ортопед-травматологтарының ғылыми мектебінің негізін қалаған адам.

  • Төтенше жағдайлар министрлігі қазақстандықтарға үндеу жасады

    Төтенше жағдайлар министрлігі қазақстандықтарға үндеу жасады

    Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан және Жетісу облыстарының аумақтарындағы Қазақстан Алтай, Іле, Жетісу, Талас Алатауы мен Қаратау жоталарының беткейлері аса қауіпті аудандар болып есептеледі.

    Көшкін белсенділігі күшейген кезде ең қауіпті кезеңдер қыстың басы мен көктемнің басы болып саналады.

    Бүгінгі таңда оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлердегі қар көшкіні ортаңғы таулы аймақтарда орташа қар көшкіні қаупімен сипатталады, ал биік тауларда жағдай қар көшкіні қаупі болып қала береді. Ең қауіпті аймақтарда тұрғындар мен туристер үшін тәуекелдерді азайту мақсатында алдын алу шаралары, соның ішінде қар көшкінінің алдын алу шаралары жүргізілді.

    Мамандардың болжауынша 2025 жылы бұл өңірлерде көшкін белсенділігі ақпан-сәуір айлары аралығында артуы мүмкін, бұл кезде көшкіннің өздігінен түсуі жиі кездеседі. Бұл әсіресе температураның күрт ауытқуы, қалың қар жаууы және қарлы боран болуы мүмкін биік таулы аймақтарға қатысты, бұл көшкін қаупінің артуына ықпал етуі мүмкін.

    Қар көшкіні қаупі бар кезеңнің басынан бастап жабық, жетуі қиын жерлерде өздігінен түскен 24 қар көшкіні тіркелді. Халықтың, туристер мен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қар көшкінінің 58 профилактикалық түсуі жүргізілді, түскен қардың жалпы көлемі шамамен 42 мың текше метрді құрады.

    Қауіпті кезеңдерде көшкін қаупі бар аймаққа халықтың және автокөліктің кіруін шектеу жөніндегі блок-бекеттер қойылады. Тауларда қар ұстайтын қалқандар орнатылған. Көшкін қаупі бар аймақтардағы тұрғындар мен кәсіпорындарға көшкін қаупі жағдайында мінез-құлық жөніндегі нұсқаулықтары бар ұсыныстар беріліп, брошюралар таратылды.

    Тау шаңғышылары, туристер, альпинистер үшін аса қауіпті. Сондықтан адам шығынын болдырмау, қар көшкінінің астында қалмау үшін тауға баратын әрбір адам таудағы және қар көшкіні кезіндегі негізгі жүріс-тұрыс ережелерін үйренуге міндетті.

    Егер қар көшкіні туралы ескерту жарияланса, тауларға барудан бас тартқан жөн. Егер ескерту болмаса, онда жолға шықпас бұрын метеорологиялық болжамдарды білу, қозғалыс маршруттарын жасау, дайындықсыз учаскелерде серуендеуден және сырғанаудан аулақ болу, таңбаланған соқпақтармен жүру, сондай-ақ қар көшкіні қаупі бар жерлер туралы мүмкіндігінше көбірек білу, қауіпті беткейлерден мүмкіндігінше аулақ болу керек.

    Егер тауға шығар алдында қалың қар түссе, жорықты екі-үш күнге кейінге қалдырған дұрыс, ал қар көшкіні болмаған жағдайда оның шөгуін күткен дұрыс.

    ТЖМ тау беткейлеріндегі қардың тұрақсыздығына байланысты қар көшкінін тудырмау үшін таудың қарлы беткейлеріне және тауға бармауға,  сондай-ақ жақын күндері тауға барудан бас тартуға кеңес береді.

     

  • Автосақтандыру бағасы өседі

    Автосақтандыру бағасы өседі

    Елімізде көлік жүргізушілері үшін автосақтандыру құны бірнеше есе өскелі отыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәлімдеуінше, есептеу ережелері өзгермек.

    Бұдан былай жүргізушілер үшін жаңа санаттар енгізіліп, А және М2 класстары пайда болады. Жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілер осы ең төменгі санатқа түсіріліп, полис құны 13-классқа қарағанда 7 есе қымбат шығады. Мәселен, көлікті мас күйінде басқарған не рөлді мас адамға ұсынған, салдарынан қайғылы оқиға болған, апат үлкен материалдық шығынға әкелген жағдайда жүргізушінің санаты осы М2 класына дейін төмендетіледі. Алғаш рет сақтандыру полисін алғалы отырған жүргізушілерге А санаты берілмек.

    Санаттың төмендеуіне әкеп соғатын заң бұзушылықтар тізімі айтарлықтай ауқымды. Мысалы жылдамдықты асыру, қарсы жолаққа шығу, бағдаршамның қызыл түсіне өту, патрульдік полицияны елемеу, жолда апатты жағдайлар тудыру да сақтандыру құнының еселеп өсуіне сеп болады.

    “Сонымен қатар әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар да ескеріледі. Апат саны ғана емес, ауырлығы да ескерілді, егер апаттан келтірілген залал 200 АЕК-тен аз болса, жүргізуші сыныбының төмендеуі 1 сыныпқа кем болады”, – деді сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті басқармасы бастығының орынбасары Әзиз Әбілқасым.

    Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өкілдерінің айтуынша, кемі 5 жыл 13-санатта болған жүргізушілерге қосымша жеңілдіктер ұсынылуы ықтимал. Сақтандыру компаниялары полистің құнын төмендетуі мүмкін. Бірақ белгілі бір шектен түсіруге болмайды.

  • Айдарбек Қожаназаров: «Банктер Үкіметтен 40 млрд доллар көмек алған»

    Айдарбек Қожаназаров: «Банктер Үкіметтен 40 млрд доллар көмек алған»

    Respublica партиясының төрағасы, ҚР Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Jibek Joly телеарнасындағы «Уәде» жобасына сұхбат берді.

    Сұхбат барысында Айдарбек Қожаназаров Қазақстандағы банк жүйесінің мемлекеттік қолдауға қарамастан, халықтың мүддесіне қызмет етпей отырғанын сынға алды.

    «(Банктер) Ерке бала демесек, оларды кім дейміз? 2009 жылдан бері банктерге 6,6 трлн теңге қаржылай көмек берілді. Қай сала осындай көлемде көмек алды? 2009 жылы доллардың бағамы 150-180 теңге аралығында болды. Бұл шамамен 40 млрд доллар деген сөз. 40 млрд долларды үкімет банктерге бөлді. Ерке бала болмай, кім олар?», – деп атап өтті Қожаназаров.

    Сонымен қатар партия төрағасы, жыл сайын банктер 2 трлн теңгеге дейін салықтық жеңілдіктер алып отырғанын мәлімдеді. «Қазіргі уақытта Салық кодексіне өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Құдай қаласа, бұл жеңілдіктерге тосқауыл қоймақпыз», – деді депутат.

    Банктердің 1,9 трлн теңге көлемінде дивиденд таратқанын атап өткен Қожаназаров, бұл көрсеткіштің үкіметтен алған жеңілдіктермен тең екеніне назар аударды. «Егер осы жеңілдіктерді алып тастасақ, банктердің тиімсіз жұмыс істеп жатқанын түсіну үшін математик немесе қаржы маманы болудың қажеті жоқ», – деді ол.

    Сондай-ақ, Қожаназаров банктердің қазіргі пайыздық мөлшерлемелерін де сынап, олардың табысы мен тиімділігін қайта қарау қажеттігін айтты. «Егер банктер 1,9 трлн теңге көлемінде дивиденд алмаса, 100-200 млрд теңге ғана табыс тапса, онда олар несие пайыздарын төмендете алмайтынына сенуге болар еді. Бірақ шын мәнінде, олар қыруар табыс тауып отыр. Алайда экономикамызға ешқандай көмек көрсетіп жатқан жоқ», – деп қорытындылады депутат.

  • Депутаттар жаңа Салық кодексін қашан қарайды?

    Депутаттар жаңа Салық кодексін қашан қарайды?

    Талқылау қорытындысы бойынша Салық кодексінің жобасына түзетулер 20 ақпанға дейін Мәжілістің қарауына енгізіледі. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында салық реформасы мәселесі қаралды.

    «Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде салық реформасын кәсіпкерлермен, депутаттармен және сарапшылармен бірге егжей-тегжейлі талқылауды тапсырды», – деді Олжас Бектенов.

    Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады. Мәселен, биылғы 10 ақпанда «Атамекен» палатасымен және кәсіпкерлермен сараланған мөлшерлемелер, арнайы салық режимдері, ҚҚС бойынша есепке қою шегі мәселелері талқыланды.

    «Жалпы ұсыныстарды қолдаймыз. Осы аптада өңірлерге барып, халықтың барлық санаттарымен егжей-тегжейлі талқылау керек. Мен де Астанада және өңірлерге барып, талқылаулар өткіземін.

    Осы жұмыстың нәтижесі бойынша Салық кодексінің жобасы мен ілеспе заң жобасына түзетулерді 20 ақпанға дейін Мәжіліске енгізу керек. Ары қарай Мәжілісте талқылауды жалғастырамыз», – деді Олжас Бектенов.

    Бүгіннен бастап Үкімет бастамаларын өңірлердегі бизнес-қауымдастықтардың қатысуымен талқылайтын алты жұмыс тобы өз жұмысын бастайды.

  • ​ҰҚК Алматы облысында есірткі зертханасын әшкереледі

    ​ҰҚК Алматы облысында есірткі зертханасын әшкереледі

    «Ағымдағы жылғы 28 қаңтарда ҰҚК Алматы облысы бойынша департаменті прокуратура органдарының үйлестіруімен есірткі зертханасын жойды. Психотроптық заттарды дайындау барысында Қазақстан азаматы ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды. Тінту барысында 15 килограммнан аса «альфа-PVP» есірткі құралы мен кристалдану сатысындағы осы заттың 70 литрі, сондай-ақ 200 литр прекурсорлар мен зертханалық жабдықтар тәркіленген», – делінген хабарламада.

    Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

     

  • Дастан Сәтпаев «Челси» клубының ойыншысы атанды

    Дастан Сәтпаев «Челси» клубының ойыншысы атанды

    Алматылық «Қайрат» пен лондондық «Челси» клубы 16 жастағы шабуылшының трансфері бойынша келісімге келді. Бұл туралы алматылық клубтың баспасөз қызметі хабарлады.

    2026 жылдың жазында кәмелеттік жасқа толған соң ресми түрде ағылшын командасына қосылады. Ол уақытқа дейін Дастан Сәтпаев «Қайрат» сапында өнер көрсетеді.

    Дастан Алматыда дүниеге келген. 8 жасында «Қайрат» Академиясына түсіп, дайындықтың барлық сатысынан өтті.

    Айта кетейік, 2024 жылдың мамыр айында Сәтбаев «Қайрат» командасында дебют жасаған ең жас ойыншы ретінде тарихқа енді. Өткен QJ лигасында жас футболшы 28 ойында 26 гол соғып, 10 нәтижелі пас берді. Сондай-ақ Сәтбаев маусымның үздік ойыншысы атағын алды. Ал УЕФА жасөспірімдер лигасында (U19) 16 жасар футболшы төрт матчта бір гол соғып, бір нәтижелі пас берді.

  • «Ол қалыпты жағдайда тамақ ішіп жатыр». Мұхамедиұлының аштық жариялағаны өтірік болып шықты

    «Ол қалыпты жағдайда тамақ ішіп жатыр». Мұхамедиұлының аштық жариялағаны өтірік болып шықты

    Қазақстанның бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Фейсбуктегі парақшасында түрмеде отырып аштық жариялайтынын мәлім еткен еді.

    – Мен аштық жариялаймын. Өйткені өзімді әу бастан-ақ кінәсіз деп санадым! – делінген экс-министрдің атынан жазылған мәлімдемеде.

    Алайда Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Мұхамедиұлының аштық жариялағаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

    – Ол қалыпты жағдайда тамақ ішіп жатыр, бұл бейнебақылау камералары арқылы расталған. Одан ешқандай арыз да, шағым да болған жоқ. Сондай-ақ, белгіленген тәртіппен сотталғанның қолында ұялы телефоны жоқ», – дейді комитет.

    Ал оның атына әлеуметтік желіде жарияланған жарияланым бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

    Айта кету керек, Арыстанбек Мұхамедиұлы былтыр да ақпан айында аштық жариялайтынын айтқан болатын. Ол сол кезде: «Егер менің құқыма шек келтірсе, ресми түрде аштық жариялаймын. Олар не қаласа, оны қаласын!» – деген болатын.

    Еске салсақ, Арыстанбек Мұхамедиұлы «Дипломат» қонақүйін рейдерлік жолмен тартып алу және «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» көрмесін ұйымдастыру кезінде қаржы жымқыру ісі бойынша кінәлі деп танылған. Алайда ол сот процесінде заң бұзушылықтар болғанын айтып, өзінің ісін қайта қарауды талап етіп, президент әкімшілігіне хат жолдаған.