Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Соңғы бес жыл ішінде 359 жаңа мешіт ашылған

    Соңғы бес жыл ішінде 359 жаңа мешіт ашылған

    Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми ақпаратына сүйенсек, елімізде 2020-2024 жылдар аралығында барлығы 359 жаңа мешіт бой көтерген.

    Қазір еліміздің ауыл-аймақтарында 2 888 мешіт жұмыс істейді. Олардың бәрі «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің филиалы саналады. 2 888 мешіттің 359-ы соңғы бес жыл ішінде салынған.

    «2 888 мешіттің 1-уі – республикалық, 3-і – мегаполистік, 17-сі – облыстық, 434-і – қалалық, 162-сі – аудандық, 2275-сі – ауылдық мешіт. Еліміз бойынша соңғы бес жылда жаңадан ашылған мешіттердің саны: 2020 жылы – 44 мешіт, 2021 жылы – 68 мешіт, 2022 жылы – 77 мешіт, 2023 жылы – 88 мешіт, 2024 жылы 82 жаңа мешіт іске қосылды», – деп мәлімдеді ҚМДБ. 

  • Жамбыл облысында ер адам өзін өртеп, суицид жасамақ болды

    Жамбыл облысында ер адам өзін өртеп, суицид жасамақ болды

    Жамбыл облысында ер адам өзін өртеп, суицид жасамақ болды. Оны құтқарушылар аман алып қалды. ТЖМ мәліметінше, бүін Жамбыл облысы ТЖД «112» қызметіне Тараз қаласындағы орта мектептің жанында ер адамның өз-өзіне қол жұмсамақ болғаны туралы хабарлама түскен.

    «Оқиға орнына жедел жеткен Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары әрекеттің алдын алды. Жәбірленуші жеңіл күйік алып, ауруханаға жеткізілді», – делінген хабарламада.

  • Ақтаудағы ұшақ апаты: тергеу қорытындысы қашан жарияланады?

    Ақтаудағы ұшақ апаты: тергеу қорытындысы қашан жарияланады?

    Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев баспасөз мәслихатында айтты. Ол қара жәшіктердегі жазбаның көшірмелері Ресей мен Әзербайжанда екенін алға тартты.

    «Қара жәшік бойынша нақтылап өтсем деймін. Ешқандай залал келмеген, ештеңе жоғалған жоқ. Жазбалар оқылды. Барлық мәліметтің көшірмелері Ресей мен Әзербайжанға берілді. Біз жасыратын ештеңе жоқ», – деді вице-премьер Бозымбаев.

    Естеріңізге сала кетейік, Әзербайжанның Azerbaijan Airlines (AZAL) компаниясына тиесілі Embraer жолаушы ұшағы 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау қаласынан 30 шақырым апатқа ұшыраған еді.

  • Ауа райы: -38 градусқа дейін аяз болады

    Ауа райы: -38 градусқа дейін аяз болады

    «Қазгидромет» синоптиктері 24 қаңтарда Қазақстанның барлық аймағында ауа райына байланысты ескерту жариялады. 

    Ақмола облысының солтүстігінде оңтүстік-батыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с. Көкшетауда оңтүстік-батыстан жел соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с.

    Абай облысының солтүстігінде аздаған қар, жаяу бұрқасын күтіледі. Жел батыстан, солтүстік-батыстан соғады, түнде облыстың солтүстігінде, шығысында 15-20 м/с.

    Алматы облысының солтүстігінде, таулы аудандарында 31 градус аяз болады. Облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде, таулы аудандарында кей уақытта тұман болады.

    Алматыда кей уақытта тұман түседі. Қонаевта 24 қаңтарда кей уақытта тұман түседі.

    Ұлытау облысының солтүстігінде, шығысында кей уақыттарда тұман түседі. Шығыстан, оңтүстік-шығыстан жел соғады, күндіз облыстың солтүстігінде екпіні 15-20 м/с.

    Қарағанды облысының солтүстігінде, шығысында кей уақыттарда тұман түсуі мүмкін. Түнде облыстың басым бөлігінде 35-38 градус қатты аяз.

    Жетісу облысының солтүстігінде, таулы аудандарында қатты аяз, ауа температурасы 30-33 градусқа дейін төмендейді. Өңірдің шығысында, таулы аудандарында аздаған қар күтіледі. Облыстың шығысында, таулы аудандарында жаяу бұрқасын, тұман. Солтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың солтүстігінде, шығысында екпіні 15-20, кей уақыттарда 25 м/с. Түнде қатты аяз 25-29 градус. Талдықорғанда түнде қатты аяз 27-29 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

    Батыс Қазақстан облысының батысында аздаған қар, жаяу бұрқасын күтіледі. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде, шығысында тұман күтіледі. Жел шығыстан, оңтүстік-шығыстан соғады, күндіз облыстың батысында, оңтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с. Оралда түнде және таңертең тұман күтіледі.

    Атырау облысында оңтүстік-шығыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с. Атырауда оңтүстік-шығыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с.

    Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында қар, бұрқасын күтіледі. Жел батыстан, солтүстік-батыстан соғады, түнде облыстың солтүстігінде, шығысында 15-20 м/с.

    Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігінде аздаған қар, жаяу бұрқасын күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, түнде облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде екпіні 15-20 м/с, күндіз күші 15-20, облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде екпіні 25 м/с. Петропавлда күндіз аздаған қар, жаяу бұрқасын күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады күші 15-20, күндіз екпіні 23 м/с.

    Ақтөбе облысында оңтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың батысында, орталығында екпіні 15-20 м/с.

    Қызылорда облысында жел шығыстан соғады, таңертең және күндіз облыстың орталығында екпіні 15-20 м с.

    Маңғыстау облысында оңтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың батысында, солтүстігінде, орталығында екпіні 15-20, түнде кей уақыттарда 23 м/с күтіледі. Ақтауда оңтүстік-шығыстан жел соғады, түнде және таңертең екпіні 15-20 м/с.

    Түркістан облысының солтүстігінде, таулы аудандарында жаяу бұрқасын, оңтүстігінде тұман түседі. Шығыстан жел соғады, облыстың солтүстігінде, таулы аудандарында күші 15-20 м/с.

    Жамбыл облысының таулы аудандарында аздаған қар, жаяу бұрқасын күтіледі. Облыстың оңтүстігінде, таулы аудандарында тұман күтіледі. Солтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, таулы аудандарында 15-20 м/с. Таразда кей уақыттарда тұман күтіледі.

    Қостанай облысының оңтүстігінде, шығысында тұман күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, күндіз облыстың солтүстігінде 15-20 м/с.

  • Астанада бір адамға 5 келіден артық картоп сатылмайтын болды

    Астанада бір адамға 5 келіден артық картоп сатылмайтын болды

    Астанада кейбір дүкендерде бір адамға 5 келіден артық картоп сатылмайтын болды. Қаланың инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы «Small» және «Spar» желілеріне осындай шектеу енгізді.

    Басқарманың мәліметіне сүйенсек, қалада картоптың бағасын тұрақтандыру үшін қажетті шаралар қабылданып жатыр. Картоп тапшылығы жоқ деп сендірген басқарманың баспасөз қызметі.

    «Ал, картопты көтерме бағада алып, оны үйдің жанындағы дүкендерде қайта сататын алып-сатарлардың жолын кесу үшін «Small» және «Spar» сауда желілерінде бір адамға 5 келіден артық картоп сатпау туралы уақытша шектеу енді», – деп хабарлайды басқарманың баспасөз қызметі.

  • Алматыда 16 мопед ресми түрде тіркелді

    Алматыда 16 мопед ресми түрде тіркелді

    Еске салайық, жақында Алматыда мопедті алғашқы тіркеу рәсімі жүргізген еді. Жас алматылық көлік құралының техникалық төлқұжатын және мемлекеттік тіркеу нөмірін алды. 2025 жылдың 5 сәуірінен бастап мопедтерді механикалық көліктерге теңестіретін заңнамалық түзетулер күшіне енеді.

    Көрсетілген күннен бастап мопедтерді полицияда тіркеуден өткеннен кейін, А1, А және В санатындағы жүргізуші куәлігі бар, техникалық байқаудан және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандырудан өткеннен кейін ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Осыған орай Алматы қаласындағы Мамандандырылған қызмет көрсету орталықтарында мопедтерді тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

    23 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік қызмет көрсету кезінде 16 мопед тіркелді. 2024 жылы «Жол қозғалысы туралы» заңға түзетулер енгізілді. Негізгі мақсат – мопедтерді пайдалануды реттеу. Енді мопед жүргізушілері жол қозғалысының толыққанды қатысушылары болып саналады және оларға барлық заң талаптары қолданылады.

  • Еліміздің бірнеше өңірінде екінші ауысымдағы сыныптар онлайн оқиды

    Еліміздің бірнеше өңірінде екінші ауысымдағы сыныптар онлайн оқиды

    Астанада қатты аяз бен боран салдарынан барлық сынып оқушысының ғана емес, 9-сынып базасындағы колледждердің 1-2 курсының студенттерінің де сабақтары тоқтатылды. Олардың барлығы қашықтан оқыту форматына көшірілді.

    Қостанай облысының оқушылары да онлайн форматқа ауысты. Алайда, Астанамен салыстырғанда екінші ауысымда үйден тек бастауыш сынып оқушылары ғана оқиды. Қостанай қаласының білім бөлімінен хабарлағандай, екінші ауысымдағы 0-4 сынып оқушылары қашықтан оқытуға көшіріледі. Сондай-ақ облыста Ұзынкөл ауданының 6 мектебі екінші ауысымға көшеді.

    Қарағанды облысында аязға байланысты 0-11 сынып оқушылары үшін сабақтар тоқтатылды. Өңірдің барлық оқушысы қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.

    Павлодарда да ауа райының қолайсыздығы байқалады. Нәтижесінде қалада мектепке дейінгі мекемеге баратын балалар, екінші ауысымдағы 1-4 сынып оқушылары үйлерінде қалады. Қалған оқушылар штаттық режимде оқиды.

    Екібастұзда білім бөлімінің шешімімен 0-9 сынып оқушылары қашықтықтан оқыту форматына көшірілді. Екінші ауысымда оқитын жоғары сынып оқушылары мектепке барады.

    Көкшетауда екінші ауысымда оқитын 0-9 сынып оқушылары үйлерінде қалады, ал 10 және 11 сынып оқушылары үшін сабақ штаттық режимде, мектепте өтеді.

  • Депутат ЛГБТ насихатына тыйым салуды ұсынды

    Депутат ЛГБТ насихатына тыйым салуды ұсынды

    Депутат Еділ Жаңбыршин мәжіліс жиналысында ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы сөз қозғады. Оның пікірінше, барлық ЛГБТ насихатшылары АҚШ-тың жаңа президенті қабылдаған заңға таңғалған.

    «Бұл – ЛГБТ-ға, яғни табиғи жаратылысқа қарсы жын-ойнақ топтарға біз түгілі, енді АҚШ-та заңмен тыйым салынады деген сөз. Бұл жаңалық батысты өздеріне қорғаушы санап жүрген қызтекелерге төбелерінен жай түскендей болғаны анық», – деді депутат.

    Сондай-ақ, депутат ЛГБТ насихатына қарсы заң нормаларын да әзірлеген, бірақ кейбір шенеуніктер: «батыс елінің демократиясын шектеп жатырсыңдар, адам құқығын таптап жатырсыңдар» сын айтып, наразылық білдіргенін  және әлеуметтік желі мен БАҚ-та ақпараттық шабуылдар болғанын айтты.

    «Бірақ бұл күресте жалғыз қалған жоқпыз. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар, қоғам бізді қолдап петицияға 50 000 қол жинаған болатын», – деді Жаңбыршин.

    Оның ойынша, бұндай насихатқа халық қарсы. Бірінші кезекте халықтың мүддесін ескеріп, оны нақты заңнамамен іске асыру қажет.

  • Жамбыл облысында 18 ауылда жарық сөніп, мыңнан аса көлік жолда қалды

    Жамбыл облысында 18 ауылда жарық сөніп, мыңнан аса көлік жолда қалды

    Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев ауа райының қолайсыз болуына байланысты тұрғындарға үндеу жасады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

    «Жабық аумақтарда 627 жүк және 573 жеңіл автомобиль, сондай-ақ, 15 жолаушылар автобусы (200 адам, оның ішінде 10 бала) жиналған.  Жолда қалған жүргізушілер мен жолаушыларға барлық қажетті көмек көрсетілуде. Олар ыстық тамақ пен сусынмен қамтамасыз етілуде. Бұл шараларға барлығы 71 қызметкер мен 45 бірлік техника жұмылдырылды. Шақпақ ата, Б.Момышұлы, Нұрлыкент, Айша бибі ауылдарында 6 жылыту пункті ашылды. Оларға орналасуға ешқандай өтініш түспеді. Сағат 12: 00-де Жамбыл ауданы Айша бибі ауылынан 10 автобуспен жолаушыларды Тараз қаласының темір жол вокзалына жеткізу ұйымдастырылды. Қиын жағдайға тап болған 377 жолаушы жедел түрде темір жол қатынасымен тиісті бағыттарға жөнелтілді», – деп жазды әкім.

    Жуалы ауданында бүгін қатты желдің салдарынан 18 елді мекенде электр желісінде апат болып, жарық сөндірілген. Қалпына келтіру жұмыстарына «ЖЭС» ЖШС  тарапынан тиісті мамандар жұмылдырылуда.

  • Алматыда көше қары тоқтаусыз күреледі

    Алматыда көше қары тоқтаусыз күреледі

    Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шахановтың айтуынша, қаланың коммуналдық қызметі көшелерді, жолдар мен тротуарларды жедел қардан арылтуға кірісті. Қар күреу жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі.

    «Бүгін сағат 9:00-де қалада және таулы аудандарда қар жауа бастады. Екі күн бойы қар жауып, 20 мм қар түседі деп болжанып отыр. Бұл едәуір мөлшер, сондықтан бұл ауқымды жұмыс. Таңертеңнен бастап коммуналдық қызмет көшелеге көктайғаққа қарсы арнайы қоспалар сеуіп, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Негізгі жұмыс қар күрелген соң басталады. Біз магистралды және орталық көшелерде қар үйінді жасалған соң қарды шығаруға кірісеміз, – деді Алматы әкімінің орынбасары.

    Қазгидрометтің мәліметінше, 23-24 қаңтарда Алматыда ауа температурасы -15…-20 градусқа дейін төмендейді. Қазіргі уақытта жолдар көктайғаққа қарсы материалдар себіліп жатыр. 152 құмсепкіш техника жұмылдырылған. 950 тонна көктайғаққа қарсы материалдар және 60 м³ сұйық реагенттер пайдаланылған. Қауіпті жол учаскелерінде жолдың жағдайын бақылап отыратын 46 жедел топ жұмыс істеуде.

    Магистралды көшелерді қардан толық тазалау 3 күнге, аудандық маңызы бар көшелерді тазалау 7 күнге созылады.

    «Қазіргі уақытта жолдарда 600-ден астам арнайы техника жұмыс істеп жатыр, күндізгі уақытта шамамен 1,5 мың адам жұмылдырылды. Жұмыс түнде де жалғасады, қар толық шығарылғанға дейін тоқтатылмайды. Тазалықты бақылау үшін аудан әкімдіктерінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды», – деді Бейбіт Шаханов.

    «Қардың жаууы қала тұрғындарына уақытша қолайсыздық тудыратынын түсінеміз. Коммуналдық қызметтің жұмысына түсіністікпен қарап, көмектесуді сұраймыз: арнайы техниканың жұмысын қиындатпау үшін көліктерді жол жиектеріне қоймауларыңызды өтінеміз», – деді әкімнің орынбасары.

    Мәселелерді жедел шешу үшін тұрғындар Telegram-боттарға келесі сілтемелер арқылы аудан әкімдіктеріне жүгіне алады:
    1. Әуезов ауданы — https://t.me/akimatAuezov1
    2. Алатау ауданы — https://t.me/akimat_alatau
    3. Алмалы ауданы — https://t.me/almalyaudany/1
    4. Бостандық ауданы — https://t.me/bostandykaudanyy/1717
    5. Жетісу ауданы — https://t.me/obzhetysu
    6. Медеу ауданы — https://t.me/medeu_audany
    7. Наурызбай ауданы — https://t.me/+jD3nmPVIVrw1YWQ6
    8. Түрксіб ауданы — https://t.me/turksib_audany

    23 қаңтарға арналған болжам: кейде қар жауады, түнде температура -13…-15°C, күндіз -7…-9°C.
    24 қаңтарға арналған болжам: көшпелі бұлт шығады, жауын-шашынсыз. Түнде -18…-20°C, күндіз -10…-12°C.