Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Шетелдік туристердің көзімен: Қазақстанның ТОП-10 өңірі белгілі болды

    Шетелдік туристердің көзімен: Қазақстанның ТОП-10 өңірі белгілі болды

    Шетелдік туристер арасында танымал қазақстандық өңірлердің рейтингі жарияланды. Туризм индустриясы комитетінің Instagram-дағы ресми парақшасы хабарлады.

    Kazakh tourism ұлттық компаниясының мәліметінше, 2024 жылғы үздік үштік 2023 жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалды. Туристер саны Алматы облысында айтарлықтай артса, Шымкент қаласы мен Ақтөбе облысында бұл көрсеткіш төмендеген.

    Рейтингтің бірінші сатысында Алматы қаласы. Мегаполис шетелдік туристер үшін ең танымал қазақстандық қала мәртебесін сақтады. 2024 жылы оңтүстік астананың орналастыру орындары 534 340 шетелдік қонақты қабылдаған.

    Екінші орында ел астанасы жайғасты. 2024 жылы eQonaq жүйесіне тіркелген Астананың орналастыру орындарына 269 320 шетелдік мейман тоқтаған. 2023 жылмен салыстырғанда Алматы облысында шетелдік туристер саны 59 пайызға артып, 134 763 адамға жетті. Бұл көрсеткіштің елеулі өсімі облысқа үздік үштіктегі орнын нығайтуға мүмкіндік берді.

    Рейтингтегі төртінші және бесінші орындар сәйкесінше Атырау облысы мен Маңғыстауға тиесілі. Атырау облысына былтыр 106 974 шетелдік турист келген, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 27 пайызға артық. Маңғыстау облысының орналастыру орындары 71 462 шетелдік қонақты қабылдады (2023 жылы – 67 633 адам). Алтыншы орында Қарағанды облысы. Өңірдің шетелдік туристер үшін тартымдылығы артып, рейтингте бірден үш сатыға көтерілген. 2024 жылы облысқа 50 474 шетелдік турист келді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 35 пайызға артық. Ал Ақтөбе облысы 2023 жылмен салыстырғанда бір саты төмендеп, жетінші орынға тұрақтады. Онда шетелдік қонақтар саны шамамен 1500 адамға азайып, 45 063 турист болды. Сегізінші және тоғызыншы сатыда Ақмола және Жамбыл облыстары, Бұл өңірлерде 2024 жылы шетелдік туристер санының өсуі байқалды. Ақмола облысының орналастыру орындары 44 976 шетелдік қонақты қабылдаса, Жамбыл облысында бұл көрсеткіш 44 226 адамды құрады. Оныншы орынды үш саты төмендеген Шымкент қаласы иеленді. eQonaq жүйесінің деректері бойынша 2024 жылы мегаполистің орналасу орындарына 39 887 шетелдік турист тоқтаған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 900 адамға аз.

  • Ауа райына байланысты екі облыста жол жабылды

    Ауа райына байланысты екі облыста жол жабылды

    2025 жылғы 16 қаңтар сағат 12:50-де ауа райының бұзылуына байланысты Ақтөбе-Орал-РФ шекарасы автожолының 526-702 шақырым аралығындағы учаскесінде (БҚО шекарасы-Маржанбұлақ ауылы) жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылады, — делінген хабарламада.

    Жолды 16 қаңтар сағат 20:00-де ашу жоспарланған. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысында көлік қозғалысы шектелді.

    16 қаңтар сағат 12:50-де ауа райының бұзылуына байланысты Ақтөбе-Орал-РФ шекарасы автожолының 393-526 шақырым аралығындағы учаскесінде (Жымпиты ауылы — Ақтөбе облысының шекарасы) жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылады7

    Жолды 2025 жылғы 16 қаңтар сағат 20:00-де ашу жоспарланған.

  • Шекара маңында жұмыс істейтіндер айлығына 50 пайыз үстемақы қосылуы мүмкін

    Шекара маңында жұмыс істейтіндер айлығына 50 пайыз үстемақы қосылуы мүмкін

    Шекарадан 50 шақырым қашықтықта жатқан елді мекендерде жұмыс істейтін азаматтардың айлығына 50 пайыз үстемақы қосылып, еңбек өтілі өзгеше есептелуі мүмкін. Ұлттық экономика министрлігі осылай деді.

    Халықтың көші-қон ағынын азайту және еңбегі артық өңірлерден еңбек мигранттарын тарту мақсатында еңбек тапшылығы бар облыстардың шекаралас елді мекендерінде және экстремалды табиғи-климаттық жағдайлары бар (жылыту маусымы 9 айға созылатын) еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінің және батыс өңірінің жекелеген аудандарында (Мемлекеттік шекарадан 50 км дейінгі қашықтықта орналасқан) шалғай шекара маңындағы ауылдық округтердің тұрғындары үшін уәкілетті мемлекеттік органдар жалақысына 50% дейін үстемеақы қосу және еңбек өтілін есептеудің ерекше нормаларын жүргізу және т.б. мәселелер пысықталып жатыр, – деп жазылған ресми мәліметте.

    Ведомствоның дерегі бойынша шекарадан 50 шақырым қашықтықта орналасқан 1 300-ге жуық елді мекен бар

  • Алматыда Ермек Серкебаевтың ескерткіші ашылды

    Алматыда Ермек Серкебаевтың ескерткіші ашылды

    Бүгін Алматы қаласында көрнекті опера әншісі, актер, педагог Ермек Серкебаевқа арналған ескерткіш ашылды.

    Ескерткіштің ашылу салтанатына мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, әншінің ағасы Мұрат Серкебаев пен ұлы Байғали Серкебаев, сондай-ақ шығармашылық зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

    Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметіне сүйенсек, ескерткіш Абылай хан даңғылының бойында, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі ғимаратының алдында тұр.

     «Ермек Серкебаев – сирек кездесетін талант иесі, кәсіби шеберлігі жоғары музыкант. Ол миллиондаған өнерсүйер көрерменнің шынайы махаббатына бөленді. Бүгінгі қазақ операсын Ермек Серкебаевсыз елестету қиын. Оның ғибратты ғұмыры – мәдениетіміздің тарихындағы тұтас бір тарау. Көпшілік білмеуі мүмкін, бірақ ол қоғамдық-саяси өмірде де белсенділік танытып, Тәуелсіздігіміздің қалыптасуы мен нығаюына зор үлес қосты. Сонымен қатар, Ермек Бекмұхамедұлы дарынды музыканттар әулетінің негізін қалады. Балалары мен немерелері оның ісін лайықты жалғастырып, қазақ өнерін әлемнің әр түкпірінде дәріптеуде», – деді ашылу салтанатына сөз алған Аида Балаева.

    Айта кетейік, мүсін авторлары – Айдос Бүркітбаев, Тимур Ермұхаметов, Ақылбек Орманбеков пен Қуаныш Асылбай.

  • AZAL ұшағы апаты: РФ Тергеу комитеті сараптама тағайындады

    AZAL ұшағы апаты: РФ Тергеу комитеті сараптама тағайындады

    Диспетчерлік қызмет, әуе қозғалысын ұйымдастыру жүйесі және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі лауазымды тұлғаларының әрекетін бағалау үшін кешенді ұйымдастыру-техникалық сот-медициналық сараптама комиссиясы тағайындалды. Бұл туралы РФ Тергеу комитеті мәлім етті.

    – Ресейдің Тергеу комитеті 2024 жылғы 25 желтоқсанда Қазақстан Республикасының аумағында 39 адамның қаза болуына және 28 адамның денсаулығына зиян келтірілуіне (РФ ҚК 263-бабы) әкелген «Әзербайжан әуе желілері» әуе компаниясының Embraer-E190 ұшағының апатқа ұшырауы бойынша қылмыстық істі тергеу амалдарын жалғастырып отыр, – делінген РФ ТК ресми өкілі С. Петренконың мәлімдемесінде.

    Атап көрсетілгендей, тергеу Әзербайжан Республикасы мен Қазақстан Республикасының құзырлы органдарымен әрекеттестік орнатқан. Мемлекетаралық авиация комитетінің мамандарымен бірлесе отырып Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығында (SENIPA) ұшақтың өздігінен жазғыш құралындағы деректер зерттелу үстінде.

    Грозный, Махачкала және Минеральные воды диспетчерлері мен әуе кемесінің командирі арасындағы әңгімелер талданып жатыр. Кешенді авиациялық-техникалық сараптама тағайындалды. Әуе кемесінің барлық жүйелерінің жағдайы, сондай-ақ заттай айғақтар зерттеліп жатыр.

    Тергеу қайғылы оқиғаның себептеріне қатысты барлық ықтимал нұсқаларды қарастырады.

    Айта кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау қаласына жақын жерде AZAL-ға тиесілі және Баку-Грозный рейсін орындаған жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ бортындағы 67 адамның 38-і қаза тауып, 29-ы аман қалды.

  • Израиль тұтқындарды босату бойынша ХАМАС-пен келісімге келді

    Израиль тұтқындарды босату бойынша ХАМАС-пен келісімге келді

    Израиль мен ХАМАС радикал тобы (ЕО мен АҚШ-та террористік ұйым танылған) атысты уақытша тоқтату және 2023 жылы 7 қазан күнгі шабуыл кезінде тұтқындалған израильдіктердің бір бөлігін босату бойынша келісім жасады. Бұл жөнінде Катардағы баспасөз жиыны кезінде премьер-министр Мұхаммед бин Абдулрахман әл-Тани мәлімдеді.

    Келісім жасалғанын Израиль билігі мен ХАМАС өкілдері де растады. Ол 19 қаңтардан бастап күшіне енеді.

    Израиль ақпарат құралдарының жазуынша, келісімге сәйкес, ХАМАС 33 израильдік тұтқынды босатады. Ал Израиль түрмеден ХАМАС-қа қатысы бар және израильдіктерге шабуыл жасады деп сотталған тұтқындарды қамаудан шығарады. Әрбір израильдік үшін ХАМАС – 30 тұтқын, әрбір әскери қызметкер үшін 50 сотталушы алады.

    Қанша тұтқынның тірі екені, қаншасы мерт болғаны әзірге айтылмайды.

    Израильдік 12-арнаның хабарлауынша, әуелі тірі қалған израильдіктер босатылады. Алғашқы үш тұтқын 19 қаңтарда босатылуы мүмкін. Жеті күннен кейін яғни, 26 қаңтарда тағы төрт тұтқын жіберілмек.

    Осыдан кейін ХАМАС әр апта сайын (14-күн, 21, 28, 35-күн) үш-үштен тұтқындарды босатып отырады. Соңғы аптасында қалған 14 тұтқын бостандыққа шығады.

    Келісім бойынша, атысты тоқтату мерзімі алты аптаға созылады. Осы уақыт аралығында Газа секторына 600 жүк көлігімен гуманитарлық көмек беріліп, Израиль әскері біртіндеп сектордан шығарыла бастайды.

    АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден келісімді жылы қабылдап, оған қол жеткізуде Америка дипломатиясы маңызды рөл атқарғанын атап өтті.

    ХАМАС жетекшісі Халел әл-Хейя палестиналықтарға қолдау көрсеткен елдерге алғыс айтып, Ресейді де атады. Ол Газа сектор тұрғындарын атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізуімен құттықтап, бірақ Израильмен текетірес жалғаса беретінін айтты.

    Келісім жасалғаны жөнінде ақпарат тарағаннан кейін Газа секторының бірқатар қаласында жүздеген адам көшеге шығып, келісімді тойлаған. Израиль көшелерінде де жұрт тұтқындардың жуық арада оралатындығына қуанып, тойлай бастаған. Алайда израильдіктердің бір бөлігінің келісімге көңілдері толмайды, себебі тұтқындардың бір бөлігі ғана үйге оралмақ.

  • Республика бойынша жел күшейіп, тұман түседі – Қазгидромет

    Республика бойынша жел күшейіп, тұман түседі – Қазгидромет

    Кәсіпорынның деректеріне қарағанда, бүгін атлантикалық циклон және сонымен байланысты атмосфералық фронталды бөліктер Қазақстанның басым бөлігіне жауын-шашын алып келеді.

    Еліміздің батысына, оңтүстігіне қар және жаңбыр жауады, қалған аумақтарында қар жауады. Тек еліміздің шығысында және оңтүстік-шығысында күн жауын-шашынсыз болады. Республика бойынша жел күшейіп, тұман түседі, солтүстікте бұрқасын, батысында, оңтүстігінде – көктайғақ болады.

  • Ақтау маңында құлаған ұшақтың «қара жәшігі» Бразилиядан Қазақстанға жеткізілді

    Ақтау маңында құлаған ұшақтың «қара жәшігі» Бразилиядан Қазақстанға жеткізілді

    Қазақстанға келген борттағы өздігінен жазғыштың шифрланған деректерін мамандар зерттеп жатыр, – деп хабарлады ведомстводан.

    Сондай-ақ, Көлік министрлігінен әуе апатын тергеу жөніндегі комиссиясы ИКАО-ның 13-қосымшасының стандарттары мен ұсынылған практикасына сәйкес барлық факті мен материалды егжей-тегжейлі зерделегеннен кейін алдын ала есеп жариялайтынын жеткізді. Онда тергеу барысы туралы анықталған нақты ақпарат ұсынылады.

    Еске сала кетейік, Қазақстан борттағы өздігінен жазғыш құралдарды Бразилияға жіберген еді.

  • ҚМДБ Ғұламалар кеңесі квадроберлерге қатысты үкім шығарды

    ҚМДБ Ғұламалар кеңесі квадроберлерге қатысты үкім шығарды

    Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігінің Ғұламалар кеңесі соңғы уақытта танымал болып тұрған квадробикаға қатысты шариғат үкімін жария етті.

    Түсіндіре кетейік, квадроберлер – жануардың сыртқы түрін (бейнесін) көрсететін бетперделерді, құйрығы мен құлақтарын тағып алып, жануардың іс-қимылдары мен әдеттеріне еліктеп, солар сияқты өмір кешетіндер.

    Құранда: «Біз Адам балаларын ардақты етіп, құрлықта да, теңізде де (емін-еркін) жүргіздік. Һәм таза (адал) азықтарды ризық етіп бердік. Сондай-ақ оларды жаратқан нәрселеріміздің көбінен әлдеқайда үстем еттік», – деген. Келесі аятта: «Шын мәнінде, біз адам баласын ең көркем бейнеде жараттық», – делінген. Демек, бұл аяттардан адам баласының жануарға еліктеп, сол дәрежеге түсуі, төрт аяқтап жүруі, өзін ардақтау емес, қорлау болып саналатынын түсіндіреміз, – делінген ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мәлімдемесінде. 

    Ғұламалар адам баласының жануарға еліктеуі түгілі әйел кісінің ер адамға, ер кісінің әйелге еліктеуіне де шариғатта тыйым салынғанын да еске салды.

    Сондықтан жануарларға тән сипаттарға (ит сияқты үру, есек сияқты ақыру т.с.с.) әдейі еліктеу, төрт аяқтап жүріп, олардың тамағын жеу, іс-қимылдарын істеу Алла Тағаланың жаратқан жаратылысын өзгерту болып табылады. Ал батырды арыстанға, айлакерді түлкіге, сабырлыны түйеге теңеу, сол секілді театрлық қойылымдар, балаларға арналған ойындар және тағы басқа «квадробердің», яғни адамның жануарға еліктеуіне жатпайды, – делінген ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мәлімдемесінде. 

    ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің шешімі: Квадроберге, яғни жануарлардың деңгейіне түсіп, оларға еліктеп дауыс шығаруға, іс-қимылдарын жасауға шариғат бойынша қатаң тыйым салынады.

     

  • Елдегі екі мобильді оператор катарлық компанияға сатылды

    Елдегі екі мобильді оператор катарлық компанияға сатылды

    Сол уақытта-ақ мәміле құны 1 миллиард доллар болуы мүмкін екені айтылды. Осылайша, «Қазателеком» Tele2 және Altel ұялы байланыс операторларына иелік ететін «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясын катарлық Power International Holdig (PIH) компаниясына сату бойынша мәмілені аяқтады.

    Бұл туралы байланыс операторы Қазақстан қор биржасына (KASE) ресми хабарлама жіберген соң белгілі болды.

    – Осымен «Қазақтелеком» АҚ 2025.14.01 PIH Communication LLC пайдасына «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС жарғылық капиталындағы 100% қатысу үлесін сату бойынша мәміле аяқталғанын хабарлайды, – деп жазылған «Қазақтелекомның» хабармаласында. 

    Жалпы, «Мобайл Телеком-Сервис» операторы Tele2 және Altel атты брендтері арқылы танымал. Қазақстандық ұялы байланыс операторларын сатып алған катарлық компания «бұл сатып алу аймақтағы телекоммуникациялық инфрақұрылымды әлдеқайда жақсартып, Қазақстанмен серіктестікті нығайтады» деп хабарлаған.

    Айта кетейік, 2024 жылдың күзінде «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин сату бойынша мәміле биылғы жылдың бірінші тоқсанында аяқталатынын жеткізген. Тиісінше, Цифрлық даму, инновация және аэроғарыштық өнеркәсіп министрі Жаслан Мәдиев мәміле құны 1 млрд доллар болуы мүмкін екенін айтқан-ды.