Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Талғар ауданында теннис клубы отқа оранды

    Талғар ауданында теннис клубы отқа оранды

    Талғар ауданының Бесағаш ауылында әкімшілік ғимарат пен жеке теннис клубының құрылыстары отқа оранды.

    Алматы облысының Бесағаш ауылында әкімшілік ғимарат пен жеке теннис клубының құрылыстары отқа оранды. Өрт 1000 шаршы метрден астам аумақты қамтып, көрші үйге қауіп төндірді.

    «Талғар ауданының Бесағаш ауылында жеке теннис клубының аумағында әкімшілік ғимарат, тенттен жасалған каркасты құрылыс, теннис кортының жабыны мен үрлемелі күмбез жанды», – деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі

    Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.

  • Ақтөбеде оқиғаға байланысты облыс әкімі мәлімдеме жасады

    Ақтөбеде оқиғаға байланысты облыс әкімі мәлімдеме жасады

    Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров тұрғындардың кепілге алынуына қатысты мәлімдеме жасады.

    Бұл туралы әкім әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

    – Облыс орталығындағы қылмыскердің түндегі әрекеті қоғамда жан-жақты талқылануда. Бұл жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын айтқым келеді. Құқықтық бағасын құзырлы органдар беретін болады. Қазіргі уақытта зардап шеккен жәбірленушіге жан-жақты медициналық және психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр.  Ал марқұм болған азаматтардың жерлеу рәсіміне қажетті көмектер ұйымдастырылады. Осы ретте күдіктіні ұстауда кірпік ілмей, кәсібилік танытқан полиция қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Қауіпсіздік шаралары – бақылауымда, дейді әкім.

    14 қаңтарға қараған түні Ақтбеде белгісіз біреу бір отбасының үйіне басып кіріп, үш адамды кепілді ұстаған болатын.

  • Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасына қарсы сотқа шағым түсірілді

    Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасына қарсы сотқа шағым түсірілді

    Алматы қаласы Түрксіб ауданының мемлекеттік кірістер басқармасы экс-президенттің қарындасы Әнипа Назарбаеваға қатысты сотқа талап арыз түсірді. 

    Бұл ақпарат Алматы экономикалық сотының анықтамасында көрсетілген. Мемлекеттік орган «CDM Group» компаниясының сатып алу-сату шартын заңсыз деп тануды сұрауда.

    Жауапкерлер қатарында Әнипа Назарбаевамен бірге «CDM Group» компаниясы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы және қазақстандық азамат Жанат Мамриева аталған.

    Сотқа жүгінген компания бастапқыда «ТДА Транзит Алматы» деген атаумен тіркелген. Оны 2015 жылдың наурызында Әнипа Назарбаева мен Әли Қылышпаев құрған. 2017 жылдың наурызында компания Жанат Мамриеваға қайта тіркеліп, атауын «CDM Group» деп өзгерткен. Алайда, не себепті Сотта «CDM Group» компаниясын сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талаптың себебі құжаттарда көрсетілмеген.

    Алғашқы сот отырысы 2025 жылдың 6 қаңтарына көрсетілгенмен сот процесі бойынша жаңа мәліметтер  жоқ.

  • Талғар аудандық полиция бөліміне жаңа басшы тағайындалды

    Талғар аудандық полиция бөліміне жаңа басшы тағайындалды

    Алматы облысы Талғар ауданының полиция бөліміне жаңа басшы тағайындалды, деп хабарлады аудандық полиция бөлімінің баспасөз қызметі.

    – Сіздерге Талғар ауданы Полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асхат Барлыбаевич Бекенов тағайындалғаны туралы хабарлаймыз, – делінген аудандық полиция бөлімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

    2024 жылдың желтоқсан айының басынан бері Талғар аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін полиция подполковнигі Айдар Омаров атқарып келді.

    16 жастағы Шерзат Болаттың өлімінен кейін Алматы облысының полициясында кадрлық өзгерістер болған еді.

  • Fly Arystan рейсінде ер адам бортсерік пен тағы бір жолаушыға қол көтерді

    Fly Arystan рейсінде ер адам бортсерік пен тағы бір жолаушыға қол көтерді

    Fly Arystan рейсінде жолаушы жан-жал шығарып бортсерікті ішінен ұрып тастаған, тағы бір жолаушыға қол көтерген. 

    Оқиға «Астана – Өскемен» бағытындағы рейсте болды. Бұл туралы Facebook парақшасында журналист Азамат Ерғалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, 47 жастағы ер адам бортта өзін өте дөрекі ұстап, басқа жолаушыларға қарсы жанжал шығарып, тіпті Ерғалиевтің өзіне де қол көтерген. Сонымен қатар, жолаушының бұл әрекетіне байланысты рейс 3,5 сағатқа кешіктірілді. Барлық жолаушылардың қауіпсіздігі үшін олар әуежай ғимаратына шығарылған.

    «Жолаушы мас күйде бортсеріктің ішінен ұрып, ұшақтан шығатын кезінде «бомба» деп айғайлап, жолаушылар мен экипаж арасында дүрбелең туғызған», – деп хабарлады көлік полиция департаменті өкілдері.

    Сондай-ақ, полиция бұзақылық және терроризм актісі туралы жалған хабарлама беру фактілері бойынша қылмыстық іс қозғап, ер адам изоляторға қамалды.

  • Жапонияда жойқын жер сілкінісі болды

    Жапонияда жойқын жер сілкінісі болды

    Жапонияның оңтүстік-батыс бөлігінде магнитудасы 6,9 балдық жойқын жер сілкінісі болды. Зілзаладан соң өңірде цунами қаупі туралы ескерту жарияланды, – деп хабарлады NHK

    Жапония метеорологиялық агенттігінің мәліметінше, жер сілкінісі жергілікті уақытпен сағат 21:19-дан (Астана уақыты бойынша сағат 17:19) кейін болған. Осыған байланысты Кюсю аралындағы Миядзаки префектурасында, сондай-ақ Жапонияның оңтүстігіндегі Коти префектурасында ескерту жарияланды.

    Жер сілкінісінен соң шамамен 30 минут ішінде биіктігі бір метр болатын алғашқы цунами толқыны жағалауға жетті.

    Жергілікті билік цунами қаупі туралы ескертуді дүйсенбі күні кешкісін алып тастады, бірақ тұрғындарды теңізден және жағалаудан аулақ болуға шақырып жатыр. Себебі екінші және үшінші толқындар алғашқы толқыннан биік болуы мүмкін деп болжанып отыр.

    Синоптиктердің айтуынша, осы ауданда дәл осындай күшті жер сілкіністері болса, жартастардың құлауы және тастардың домалауы тұрғындарға қауіп төндіруі мүмкін.

    Жапонияның көп бөлігі Тынық мұхитының отты сақинасында орналасқан. Сондықтан бұл аймақ қарқынды сейсмикалық және вулкандық белсенділігімен танымал.

  • Қыз баланы әуежайда қалдырып кету оқиғасы: Air Astana сотта жеңілді

    Қыз баланы әуежайда қалдырып кету оқиғасы: Air Astana сотта жеңілді

    Бүгін Air Astana-ның Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының шешіміне түсірген аппеляциялық шағымын қарау аяқталды. Тасымалдаушы моральдық шығынды 5 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге төмендетуді сұраған еді.

    Алматы қалалық сотының сот алқасы шағымды қанағаттандырудан бас тартып, шешімді өз күшінде қалдырды. Бұл баланың анасы алғашқы сот үкім еткендей 5 млн теңге моральдық шығын алады деген сөз, — делінген аввокаттың Telegram арнасындағы хабарламасында.

    Қорғаушы осы бір даулы істің нүктесі қойылып, онда жеңіп шыққандарына қуанышты екенін жеткізген.

    – Сот қаулысы заңды күшіне енді. Бұл кейс алдағы уақытта жақсы үлгі болатыны сөзсіз, – деп түйген сөзін Данильхан Шағатаев.

    Еске сала кетейік, былтыр шілде айында FlyArystan әуе компаниясы ата-анасы сеніп тапсырған тұлғамен бірге Нью-Йорк қаласынан ұшып келіп, артынша Оралға ұшуы тиіс қыз баланы Астана әуежайында қалдырып кеткен болатын

  • «Келешек»: 5 жасқа толған балалардың шотына қанша теңге түсетіні белгілі болды

    «Келешек»: 5 жасқа толған балалардың шотына қанша теңге түсетіні белгілі болды

    Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі әзірленді.

    Мемлекеттік қолдаудың бұл шарасы Қазақстандағы балаларға 5 жастан бастап 18 жасқа толғанға дейін елде және шетелде білім беру қызметтеріне, соның ішінде жоғары, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін тұрақты түрде қаржы жинақтау мақсатына арналған.

    «Келешек» жүйесіне қатысу үшін ата-аналар мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің қатысушылары болатын екінші деңгейдегі банктерде және сақтандыру компанияларында шот ашуы қажет, оған 5 жасқа толған балаларға 60 АЕК (2025 жылы 235 920 теңгені құрайды) және жетім балалар үшін 120 АЕК (471 840 теңге) мөлшерінде бастапқы білім беру капиталы, 5-7% мөлшерінде мемлекеттік сыйлықақының жыл сайынғы төлемі және инвестициялық табыс есептеледі.

    «Келешек» жүйесінің шарты – ата-аналар кемінде 12 АЕК мөлшерінде жыл сайынғы міндетті ең төменгі жарнаны төлеуі тиіс.

    Шоттарды Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры, ал сақтандыру төлемдерінің сомасын Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры сақтандырады.

    Мемлекеттік білім беру грантын алған жағдайда қаражатты жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға пайдалануға болады.

    Сонымен қатар, жинақталған қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағыттауға және қажет болған жағдайда үшінші тұлғаларға беруге болады.

  • Алматы облысында қайтарылған активтер есебінен спорт кешені салынады

    Алматы облысында қайтарылған активтер есебінен спорт кешені салынады

    Жоба «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң шеңберінде іске асырылуда. Президенттің тапсырмасы бойынша Арнаулы мемлекеттік қордағы қаражат өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына бағытталады.

    Спорт кешені жалпы дене шынықтыру дайындығы бойынша оқу-жаттығу сабақтарына және жарыстар өткізуге арналған. Жобада бокс, күрес және басқа да спорт түрімен айналысуға арналған бірнеше зал қарастырылған.

    2024 жылы Қазақстанда барлығы 90 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды, олардың басым бөлігі ауылдық жерлерде. Бұдан басқа, Үкімет 2025 жылдың соңына дейін спорттық инфрақұрылымға ауқымды түгендеу бағдарламасын іске асыруда: 113 жаңа нысан салу және жұмыс істеп тұрған 26 спорт мекемесін реконструкциялау жоспарлануда.

    Бүгінгі таңда Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға шамамен 50,6 млрд теңге бөлді. Олардың қатарында 4 мектеп, оның ішінде біреуі музыкалық мектеп, спорт кешені, көпсалалы аурухана кешені, жатақхана, 2 балабақша бар.

    «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң субъектілерінің қаражаты есебінен Арқалық, Астана, Алматы қалаларында бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүргізілуде.

  • Қаңтар айында өтетін ҰБТ басталды

    Қаңтар айында өтетін ҰБТ басталды

    Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 167 мыңға жуық адам ҰБТ-ға қатысуға өтініш берді. Олардың 76,7%-ы қазақ тілінде, 23,2%-ы орыс тілінде, 142 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді.

    Қаңтар ҰБТ-сын өткізудің бірінші күні ғылым және жоғары білім  министрі Саясат Нұрбек Астана қаласындағы тестілеу орталықтарының бірінде болды. Ол ҰБТ-ның өту барысымен танысып, болашақ студенттерге сәттілік тіледі.

    Талапкерлер өтініш беру барысында тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады. Тестілеудің бірінші күні еліміз бойынша 2277 адам, оның ішінде елордада 155 талапкер ҰБТ тапсырады. Ең көп таңдалатын бейіндік пәндер комбинациясы бірнеше жыл қатарынан өзгеріссіз қалып отыр. Талапкерлердің 17,5%-ы «Математика-Физика» комбинациясын таңдаған. Яғни, бұл болашақ инженерлер, механиктер, мұғалімдер, техниктер мен технологтар, энергетиктер, құрылысшылар. Ал 17,3%-ы «Биология-Химия», 10,3%-ы «Математика-Информатика» пәндерін таңдады, сәйкесінше болашақ медицина қызметкерлері мен IT мамандары, – деді министр Саясат Нұрбек.

    ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша пәндер. ҰБТ тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл – 140.

    Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.

    Естеріңізге сала кетсек, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, шығармашылық ББТ-дан басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.

    ҰБТ 10 ақпанға дейін жалғасады.