Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Қазақстанда қасқырларды атуға рұқсат берілді

    Қазақстанда қасқырларды атуға рұқсат берілді

    Ал рұқсат алу процесі толығымен автоматтандырылған. 2025 жылдың 15 қаңтары сағат 10:00-ден бастап қасқыр мен шибөрінің санын реттеу мақсатында арнайы рұқсат алуға болады. Бұл жануарларды аулауға рұқсат 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін жарамды болмақ.

    Жануарларды аулау тек үй жануарларына шабуыл жасалғаны расталған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Қасқыр мен шибөріні аулауға рұқсат алу Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №347 бұйрығымен бекітілген тәртіп бойынша жүзеге асырылады.

    – Биологиялық негіздемеге сәйкес, Қызылорда облысы аумағында 2025 жылғы 15 қаңтарда сағат 10:00 бастап қасқыр мен шибөрі жануарларының санын реттеуге рұқсат алу мүмкіндігі қолжетімді болады.

    Әзірленген биологиялық негіздеменің негізінде Қызылорда облысының аумағында қасқыр және шибөрі аңдарының санын реттеуге бөлінген лимитке сәйкес, мемлекеттік көрсетілетін қызмет электрондық (толық автоматтандырылған) нысанда көрсетіледі, – деді Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Р.Бурабаев. 

  • Қазақстанда туу көрсеткіші төмендеді

    Қазақстанда туу көрсеткіші төмендеді

    2024 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстанда 278 мың 698 бала дүниеге келген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 4,2%-ға (290 мың 894) аз.

    Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, туу коэффициенті 1 мың адамға шаққанда 18,47-ні құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 19,54 болған. Керісінше өлім коэфиценті 2024 жылдың 9 айында жоғарырақ – 6,59. 2023 жылдың 9 айында коэфицент 6,46-ны құраған.

    Туу көрсеткіші жоғары өңірлер:

    • Түркістан облысы – 40,3 мың бала (жылына минус 2,9%);
    • Алматы қаласы – 26,1 мың бала (жылына минус 1,1%);
    • Алматы облысы – 24,2 мың бала (жылына минус 3,5%).

    Туу көрсеткіші төмен өңірлерге Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары жатады.

    Пандемиямен байланысты болған бэби-бумнан кейінгі туу көрсеткішінің төмендеуі елдің барлық 20 өңірінде байқалады. Төмендеу көрсеткіші Алматыда 1,1%-дан Солтүстік Қазақстан облысында 7,9%-ға дейін ауытқиды.

    Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстандағы халық саны 20 млн 265 мың 320 адам болған. 2024 жылғы 1 қаңтар – 1 желтоқсан аралығында халықтың жалпы өсімі 231 478 адамға жеткен. Оның 217 133-і табиғи өсім, 14 345-і көші-қон есебінен артқан. Өсім орташа есеппен 1,16 %. Қала халқының саны – 12 млн 629 мың 615 адам, ауыл халқы – 7 млн 519 мың 966 адам.

  • Елімізде жемқорлардың жария тізімі пайда болады

    Елімізде жемқорлардың жария тізімі пайда болады

    Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарады.

    Тиісті заң жобасымен 3 кодекс пен 5 заңға түзетулер енгізіліп отыр. Түзетулердің басым бөлігі жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған.

    «Сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін енгізу. Бұл – профилактикалық құрал. Оның басты мақсаты – қоғамдық мін тағумен, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру. Тізілімде ауыр немесе аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін сотталғандар туралы мәліметтер қамтылатын болады. Соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі тізілімге енгізуге негіз болмақ. Тізілімінен ақтау үкімінің заңды күшіне енуі және соттылықтың өтелуі негізінде шығару мүмкін болады. Тізілім Агенттіктің сайтында орналастырылатын болады. Тізілімді жүргізуді Агенттікке бекіту көзделіп отыр», — деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылы агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов.

    Бұл заң қабылданған жағдайда тізілімді қалыптастыру және жүргізу тәртібі бекітілетін болады. Тізімде жемқорлардың аты-жөні, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалған уақыттағы жұмыс орны мен лауазымы, жемқорлық қылмыс құрамы, айыптау үкімінің деректемелері және тағайындалған жаза түрі көрсетілуі мүмкін.

  • Шерзат Болаттың әпкесі Бақыт Реймова елде қалатын болды

    Шерзат Болаттың әпкесі Бақыт Реймова елде қалатын болды

    Алматы облысы Талғар ауданында кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың әпкесі Бақыт Реймова елде қалатын болды. Бұл хабарды оның адвокаты Мейірман Шекеев жеткізді.

    «Біздің берген өтініш хаттарымызға қатысты облыс прокуратурасы іс құжаттарын зерделей келіп, Бас прокуратураға Бақыт Реймова қатысты әкімшілік жолмен шығарып жіберумен байланысты емес жауапқа тарту туралы ұсыныс жолдағанын хабарлады», – деді ол.

    Яғни, Алматы облысының прокуратурасы Бас прокуратураның келісімімен Жоғарғы сотқа Бақыт Реймованы елден шығармау туралы ұсыныс жолдаған. Оның жазасын басқа жолмен өтеу туралы өтініш берген. Енді Реймованың елде қалу мәселесін Жоғарғы соттың кассациясы шешеді.

    Адвокаттың жазуынша, облыстық прокуратураның бұл шешіміне Бала құқығы жөніндегі уәкіл мен Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро арқылы түскен өтініштер себеп болған.

    Бақыт Реймова інісі Нұрғанат Ғайыпбаевтың жерлеу рәсімінен кейін ұсталып, 15 күнге қамауға алынып, өзге елдің азаматы болғандықтан, сот шешімімен Қазақстаннан шығарылуы керек болған. Осыдан кейін кәмелеттік жасқа толмаған жалғыз ұлы Мейірбек Реймов асыраушысыз қалуы мүмкін екенін айтып, үндеу  жолдаған еді.

     

     

  • Алматы-Өскемен тасжолында 18 көлік соқтығысып, ірі жол апаты болды

    Алматы-Өскемен тасжолында 18 көлік соқтығысып, ірі жол апаты болды

    – 2025 жылғы 15 қаңтар сағат 07:30 шамасында «Алматы-Өскемен» автожолының 28 шақырым учаскесінде («Алматы-Қонаев» бағытында) 18 автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Апат қалың тұман кезінде болды.

    Алдын ала мәліметке сәйкес, оқыс оқиға жүргізушілер шектеулі көрініс кезінде жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты сақтамауы салдарынан болған, – делінген хабарламада.

    Оқиға болған жол учаскесі ІА техникалық санатқа жатады, 6 жолақты. Жолдың жүру бөлігі құрғақ, ақаусыз және бөгде заттар болмаған.

    Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Қосымша мәліметтер анықталуда.

     

  • Доллар құны тағы да өсті

    Доллар құны тағы да өсті

    Астана мен Алматыдағы валюта айырбастау пункттерінде 1 доллар 529-534 теңгеден саудаланып жатыр.

    Kurs.kz мәліметінше, бүгін Астана қаласы бойынша долларды сату бағамы – 530 теңге, сатып алу құны – 534 теңге. Еуро 541 теңгеден сатылып, 546 теңгеден сатып алынуда.

    Ал Алматыдағы валюта айырбастау пункттерінде доллар 529,05 теңгеден сатылып жатыр, сатып алу құны – 532 теңге. Мұнда еуроның бағасы 539-545 теңге аралығында құбылып тұр.

    Дәл қазіргі уақытта ақша айырбастау орындарында Ресей валютасы 5,07-5,17 теңгеден саудаланып жатыр.

  • Қазақстанның бірнеше өңірінде діни радикалдар ұсталды

    Қазақстанның бірнеше өңірінде діни радикалдар ұсталды

    2025 жылғы қаңтарда ҰҚК полициямен бірлесе және прокуратура органдарының үйлестіруімен Алматы қаласында, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында діни радикалдар әрекетінің жолын кесті.

    Терроризмді, оның ішінде телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы насихаттады деген күдікпен 3 адам қамауға алынды.

    Екі фигурант бұрын денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені, қарақшылық жасағаны, есірткі заттарын заңсыз алғаны және сақтағаны үшін сотталған. Тағы біреуі бұрын шетелдік содырлар лагерлерінде дайындықтан өтіп, Қазақстанға тапсырмамен оралған, сонда ұсталып, сотталған. Ұзақ мерзімді жазасын өтеп бостандыққа шыққаннан кейін де радикалды идеологиядан бас тартпаған.

    Тергеу әрекеттері барысында олардың тұрғылықты мекенжайлары бойынша діни әдебиет және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді.

    Қылмыстық кодекстің 256-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

  • Қырғызстанда виза беру тәртібі өзгеріске ұшырады

    Қырғызстанда виза беру тәртібі өзгеріске ұшырады

    Қырғызстан еліне іскерлік, туристік немесе басқа да жеке мақсаттармен баруды жоспарлап отырған шетел азаматтарына 22 қаңтардан бастап бір реттік немесе көп мәртелікпен 90 күнге дейінгі мерзімге «Сапар визасы» («J» түрі) енгізіледі. Осы орайда, бұған дейін қолданыста болған «іскерлік», «туристік», «тау туризмі» секілді визалық санаттар жойылады.

    Жаңалықтар 2025 жылдың 22 қаңтарынан бастап «Электрондық виза» порталында қолжетімді болады. 2024 жылдың 5 қыркүйегінен бастап Қырғызстанда шетелдіктерді визасыз тіркеудің жаңа тәртібі күшіне енгені хабарлаған-ды. Яғни, бұл – енді елдегі шетелдік студенттерге деген университеттің жеке жауапкершілігі арта түсті деген сөз.

  • Астанада электронды темекі сатқан адам сотталып кетті

    Астанада электронды темекі сатқан адам сотталып кетті

    Сот үкімімен қала тұрғыны Қылмыстық кодекстің 214-бабының 1-бөлігімен заңсыз кәсіпкерлік үшін 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тарту арқылы, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды.

    «Кінәлі тұлға құрамында никотині бар сұйықтықты өндіру бойынша цех ұйымдастырып, заңсыз өндірілген өнімдерді вейп сатумен айналысатын әртүрлі дүкендерге жалпы сомасы 64,4 млн теңгеге өткізген. Елорда прокуратурасы кінәлі тұлғадан мемлекет кірісіне заңсыз жолмен алынған кірістің барлық сомасын өндіру туралы азаматтық арыз келтіруге бастамашылық етті.

     

    Сот шешімімен қала прокурорының талап арызы қанағаттандырылып, сотталушыдан заңсыз жолмен алынған табыс сомасы толығымен өндірілді», – делінген прокуратура хабарламасында.

  • Тоқаев қайтыс болған полиция қызметкерін марапаттады

    Тоқаев қайтыс болған полиция қызметкерін марапаттады

    Алматы облыстық патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы, аға лейтенант Шалқар Байжомартовты президент ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады.

    Қаза тапқан қызметкердің марапатын ішкі істер министрінің орынбасары Айдын Сейтбеков әкесіне табыстады. Ол оған көңіл айтып, аға лейтенант Байжомартовтың батырлығын және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесін тілге тиек етті.

    «Ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмысқа қарсы күрес пен тәртіпті қамтамасыз етуде әрқашан да алда жүреді. Шалқар өз өмірі үшін өз қызметіне адал екенін дәлелдеді», – деді Айдын Сейтбеков.