Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Қазақстанның Бас мүфтиі сайланды

    Қазақстанның Бас мүфтиі сайланды

    Бүгін Астана қаласында өткен Қазақстан мұсылмандарының Х Құрылтайында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти лауазымына Наурызбай қажы Тағанұлының кандидатурасы ұсынылды.

    Құрылтайға жиналған 300-ге жуық делегат осы кандидатураға бірауыздан дауыс беріп, қолдау көрсетіп, Наурызбай қажы Тағанұлын Бас мүфти лауазымына қайта сайлады.

    ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы журналистерге берген сұхбатында: «Құрылтайға еліміздің әр облысынан келген 300-ге жуық делегат менің кандидатурама дауыс беріп, сенім білдіріп, Бас мүфти лауазымына қайта сайлады. Бұл сенімді абыроймен ақтауға бар күш-жігерімді жұмсаймын. Жоспарлап отырған бірқатар жұмыстарымыз бар. Мәселен, алдағы 2025 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дербес мүфтият болып құрылғанына 35 жыл толады. Мерейтой аясында жоспардағы көптеген игі істерді жұрт болып жұмылып, халық болып бірігіп атқаруға баршаңызды шақырамын», – деді. 

  • ЕGov-та жаңа қызмет пайда болды

    ЕGov-та жаңа қызмет пайда болды

    eGov.kz порталында қорғаншылық және қамқоршылық туралы анықтамаларды сұратуға мүмкіндік беретін жаңа цифрлық сервис іске қосылды. Бұл қызмет жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қамқоршылары туралы ақпаратты алу процесін жеңілдетеді.

    «Қызмет пайдаланушыларға мемлекеттік органдар мен уәкілетті тұлғалар үшін қамқоршы мәртебесін онлайн растауға мүмкіндік береді. Анықтаманы алу үшін сұрау жіберу жеткілікті және оны міндетті түрде қамқоршы растауы керек. Барлық деректер автоматты түрде мемлекеттік дерекқорлардан жүктеледі, бұл процестің жылдамдығы мен ашықтығын қамтамасыз етеді», – делінген хабарламада.

    Қызметті пайдалану үшін:

    • eGov.kz порталында авторизациядан өтіп «Азаматтарға» – «Көлік және коммуникациялар» – «Коммуникациялар» бөліміне өту қажет;
    • «Үшінші тұлғалардың анықтамаларды алу сервисі» бөлімін таңдап, «Онлайн сұрау» батырмасын басу керек;
    • ЖСН-ді енгізіп, «Қамқоршылық және қорғаншылық туралы анықтама беру» қызметін таңдау қажет;
    • қажетті өрістерді толтырып, аймақты таңдап, «Сұрау салу» батырмасын басу керек.

    «Осыдан кейін қамқоршыға сұранысты растау үшін 1414 нөмірінен SMS хабарлама келеді. Сонымен қатар, сұраныс туралы хабарлама пайдаланушының eGov.kz порталындағы жеке кабинетінде көрсетіледі. Қауіпсіздік пен дербес деректердің қорғалуын қамтамасыз ету үшін процесс хабарлама алынған сәттен бастап, екі сағат өткен соң аяқталады.

    Қамқоршы сұранысты растаса, анықтама өтініш берушінің жеке кабинетінде «Қызметтер алу тарихы» бөлімінде қолжетімді болады. Егер қамқоршы сұраныстан бас тартатын болса, мәртебе бетінде оның себебі көрсетіліп, жеке кабинеттің «Кіріс» бөлімінде тиісті хабарлама пайда болады».

    Жаңа сервис ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен жұмысының арқасында іске асырылған.

  • Ресей ұшақ апатынан аман қалған 9 азаматын алып кетті

    Ресей ұшақ апатынан аман қалған 9 азаматын алып кетті

    Бүгін Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау түбіндегі ұшақ апатынан аман қалған тоғыз азаматын арнайы бортпен еліне алып кетті.

    Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімдігі де, Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігі де ақпарат таратты.

    Маңғыстау облысының әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, тоғыз адам әртүрлі жарақат алған. Олардың бәрін әуежайға жедел жәрдем көлігі жеткізген. Жаралы адамдарды шығарып салуға Ақтау қаласының әкімі, қала ақсақалдары мен жастары келген көрінеді.

    Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігі берген мәліметке сүйенсек, тоғыз адамның біреуі – бала. Оларды Ил-76 ұшағы алып барады.

  • Ақтаудағы ұшақ апаты: дронмен видео түсірген блогер қамалды

    Ақтаудағы ұшақ апаты: дронмен видео түсірген блогер қамалды

    Блогер Азамат Сарсенбаев Ақтаудағы әуе апаты маңайын дронмен түсіргені үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. 

    Сәрсенбаевтың адвокаты Айбек Сүйіндіковтың мәліметінше, Маңғыстау облысының Түпқараған аудандық сотының қаулысына сәйкес, Сарсенбаев құқық қорғау органдары қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оған 10 тәулікке әкімшілік қамау түрінде жаза тағайындады.

    Сонымен қатар, адвокаттың айтуынша, жаза қылмыстық кодекстің 667-бабының 1-бөлігі «Билік өкілінің заңды талабына бағынбау» бойынша тағайындалған, ол 15 тәулікке дейін қамауға алу шарасын көздейді. Сот істің мән-жайын ескеріп, ең төменгі жазамен шектелген.

    Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Сондай-ақ, Азамат Сарсенбаевтың қорғаушысы шешімге шағым түсірмек ниетте екенін айтып, қорғауындағы адамның әрекеттерінде жаман пиғыл болмағанын және оның қоғамды ақпараттандыруға бағытталғанын атап өтті.

  • Үкімет апаттан көз жұмғандардың отбасына қандай көмек көрсетеді?

    Үкімет апаттан көз жұмғандардың отбасына қандай көмек көрсетеді?

    Ақтаудағы ұшақ апатынан көз жұмғандар арасында 6 Қазақстан азаматы бар. Мемлекет марқұмдардың отбасына қаржылай көмектеседі. 

    Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов айтты.

    «Жазатайым оқиға салдарынан асыраушысынан айырылған адамдарды әлеуметтік қорғау мақсатында қазақстандық 4 азаматқа қатысты әлеуметтік мәртебе белгіленеді. Марқұмдардың отбасындағы еңбекке жарамсыз мүшелеріне қатысты әлеуметтік көмектің қажетті көлемі айқындалады», – деді вице-министр.

    Бұған дейін мерт болған 6 қазақстандық туралы ақпарат айтылды. Көз жұмған Қазақстан азаматтарының төртеуі Маңғыстау облысының тұрғындары, бірі Қостанайдікі, бірі Астанадан екені белгілі болды.

    «Біз қайтыс болған барлық азаматтардың отбасына қажетті көмек көрсетеміз. Оның ішінде мәйіттерді жеткізу, жерлеу ісімен жүз пайыз өзіміз айналысамыз. Сонымен қатар заң бойынша барлық тиісті төлемдер дереу төленетін болады. Ертең таңертеңнен бастап бұл жұмыстың барлығы орындалады. Бұл менің жеке бақылауымда», – деді премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.

  • Қаржаубай Нұрымов бостандыққа шықты

    Қаржаубай Нұрымов бостандыққа шықты

    25 желтоқсан күні түнде марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов Алматы облыстық полиция департаментіне қарасты Қонаев полиция басқармасынан бостандыққа шықты. 

    Әкімшілік тәртіп бұзғандығы үшін 15 күнге қамалған Қаржаубай Нұрымов қазақ еліне үндеу жариялап, алғысын айтты.

    «Аллаға шүкір үйдемін! Бәрі жақсы. Қолдауларыңызға рахмет!», – деді Қаржаубай Нұрымов.

    Айта кетейік, Азат ауылында Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың жаназасы шыққан соң Қаржаубай Нұрымовты айналасындағы адамдарға қауіп төндірді деп 15 күнге қамауға алған болатын. Қаржаубай Нұрымовты журналистерге айтылған уақытынан бұрын әрі артқы есіктен жасырын шығарды.

  • Апатқа ұшыраған Embraer 190 ұшағына оқ атылған ба?

    Апатқа ұшыраған Embraer 190 ұшағына оқ атылған ба?

    Әлеуметтік желіге Ақтау маңында құлаған Embraer 190 ұшағының артқы бөлігінің шұрық-тесік екені көрсетілген видео тарады. 

    Бұл видеоға қатысты Қанат Бозымбаев:

    – Қазір ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Менімен бірге криминалист-сарапшылар және авиация әкімшілігінен осындай әуе оқиғаларын зерттейтін мамандар да келді. Олар қылмыстық іс аясында барлық дәлелдерді жинап, қажетті сараптамаларды жүргізеді және апаттың себебін анықтайды. Қара жәшікті шифрлау және басқа да жұмыстар жүргізіледі. Әрине, барлығын жариялаймыз, – деді.

  • Жетісу облысында көлік қозғалысына шектеу қойылды

    Жетісу облысында көлік қозғалысына шектеу қойылды

    2024 жылғы 25 желтоқсан сағат 08:00-де Жетісу облысында ауа райының бұзылуына байланысты “Үшарал-Достық” автожолының 84-164 шақырым аралығында (Көктума стансасынан Достық ауылына дейін) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды.

    Жол 2024 жылғы 31 желтоқсан сағат 10:00-де жолды ашу жоспарланған. 1403 байланыс орталығына хабарласып, тәулік бойы қосымша ақпарат алуға болады.

  • Үкімет комиссиясы Ақтаудағы ұшақ апаты орнында жұмысын бастады

    Үкімет комиссиясы Ақтаудағы ұшақ апаты орнында жұмысын бастады

    Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия төтенше жағдай орнына жетті. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.

    Одан кейін Қанат Бозымбаев ауруханаға зардап шеккендерге барады. Шетелдік әріптестерімен кездеседі, сондай-ақ штаб отырысын өткізеді. Барлық қызмет – ТЖ, криминалист-сарапшылар, прокуратура органдары шұғыл режимде жұмыс істейді.

    Еске сала кетсек, Баку-Грозный J2-8243 нөмірлі рейсін орындаған Embraer 190 ұшағы Ақтау қаласынан 3 шақырым жерде апатты жағдайда қонды.

    Оқиға орнына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі жеке құрамының 52 адамы мен 11 бірлік техникасы барды. Апатқа ұшыраған ұшақ бортында Қазақстанның 6 азаматы болды.

    ҚР Көлік министрлігі мәлім еткендей, Әзербайжан тарапының алдын ала ақпараты бойынша, бортта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.

  • Әзербайжанда аза тұту күні жарияланды

    Әзербайжанда аза тұту күні жарияланды

    25 желтоқсанда Баку-Грозный рейсін орындаған Embraer 190 жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты 26 желтоқсанда Әзірбайжанда аза тұту күні жарияланды, деп хабарлайды Аzertag агенттігі.

    Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев тиісті жарлыққа қол қойды.

    Еске салайық, бүгін Бакуден Грозныйға бет алған «Әзербайжан әуе бағыттары» компаниясына тиесілі ұшақ Ақтау маңында құлап түсті. Бортта 37 Әзірбайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 Ресей азаматы болған. Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, апат орнынан 4 адамның мәйіті табылды, 7 адам ауыр халде жан сақтау бөлімінде жатыр. Әзірге 28 адам аман қалғаны айтылды.