Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Алматыда жаңа автобус бағыттары іске қосылады

    Алматыда жаңа автобус бағыттары іске қосылады

    Алматыда мегаполистің агломерациямен көліктік байланысын арттыру аясында қалалық мобилділік басқармасы 25 желтоқсаннан бастап тағы 2 қала маңындағы қоғамдық көлік бағытын іске қосады. Үлкен сыйымдылығы бар автобустар Алматыдан облыстың Қарасай және Талғар аудандарына жіберіледі.

    Мәселен, №256 маршрут «Мәдениет және демалыс саябағы – Ақтас кенті» қатынасымен және №249 маршрут «Төле би/Ясауи» автостанциясы» – Шамалған кенті» қатынасымен «FOTON» маркалы сыйымдылығы жоғары автобустармен қызмет көрсетілетін болады. Тасымалдаушы «ECOBUS SERVICE» ЖШС, жоспарлы шығу-жылжымалы құрамның 7 бірлігі.

    Жол жүру құны қалалық маршруттардағыдай – 120 теңге. Барлық автобустар Onay электронды билет жүйесімен жабдықталған.

    Айта кету керек, автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау ережелеріне сәйкес бұл маршруттар тасымалдаушыларға қызмет көрсету конкурстары өткізілгенге дейін берілген және тестілік режимде жұмыс істейтін болады. Қорытындысы бойынша қозғалыс сызбаларына жолаушылар ағыны мен халықтың қажеттілігін ескере отырып өзгерістер енгізілетін болады.

  • Медицина қызметкерлерін соққыға жыққандар 3 жылға дейін сотталуы мүмкін

    Медицина қызметкерлерін соққыға жыққандар 3 жылға дейін сотталуы мүмкін

    Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерін ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізуді көздеп отыр.

    Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Алмагүл Қайышева дәрігерлерге кезекшілік кезінде шабуыл жасағаны үшін жазаны қатайтатын жаңа түзетулер әзірленгенін мәлімдеді.

    «Қылмыстық жаза болады. Қазір қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жаза 10-нан 15 АЕК-ке дейінгі айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу болса, енді жазаның нақты мерзімдері үш жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 3000 АЕК көлемінде болады», – деді Қайышева.

    Сонымен қатар медицина қызметкеріне шабуыл жасаған адам кем дегенде 800 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерін ұрып-соғу фактілерінің көбеюіне байланысты жазаны қатайту қажет деп санайды.

    2019-2023 жылдар аралығында фельдшерлер, дәрігерлер мен медбикелерге 158 рет шабуыл жасалған. Бұл – тек ресми статистика. Ал 2024 жылы тоғыз жағдай тіркелген. Олардың соңғысы Қостанайда болды.

    Өткен аптада шақырту кезінде жедел жәрдем фельдшерін екі әйел соққыға жыққан. 24 жастағы Анель Баймурзина науқастың өмірін сақтап қалмақ болғанымен, жүрегі тоқтап қалған. Артынша оның қыздары медицина қызметкеріне шабуыл жасаған. Жергілікті полиция департаменті «шабуыл жасау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

    Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, медициналық қауымдастық дәрігерлерді қорғау үшін заңнамаға жеке нормаларды енгізу қажет деп санайды. Жаңа заң жобасы қазір келісу рәсімінен өтіп жатыр және жақын арада парламентке жіберіледі. Шенеуніктердің ұсынысын депутаттар қолдап отыр.

  • Су саласының 105 маманы Қытайда біліктілігін арттырады

    Су саласының 105 маманы Қытайда біліктілігін арттырады

    Келесі жылы «Қазсушар» мекемесінің 105 маманы ҚХР-да біліктілік арттыру курстарынан өтеді.

    Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов қытайлық Power China компаниясының Қазақстандағы өкілдерімен кездесу барысында тиісті келісімге қол жеткізген.

    Ақпаратқа сәйкес, арнайы курстар тоқсан сайын өтеді. Сәуірде Қытайға 30 маман барады. Содан кейін 25 адамнан жасақталатын топтар әр 3 ай сайын біліктілік арттыру бағдарламасына қатысады. Жақын арада тараптар оқу бағдарламаларының тақырыбы мен бағыт-бағдарын айқындайды.

    Шетелдік компаниялармен және өзге мемлекеттермен келіссөздер барысында міндетті тақырыптың бірі – бірлесіп кадр даярлау және мамандардың біліктілігін арттыру. Біздің мамандар Қытайда мол тәжірибе жинайтынына сенімдімін. Биыл министрлік су шаруашылығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмысын белсенді жүргізді. Мысалы, жыл басынан бері 500-ден астам адам мамандандырылған орталықтарда курстан өтті. Бұл бастапқы жоспардан 12%-ға артық, – деді Нұржан Нұржігітов.

    Сондай-ақ, министр қытайлық кәсіпкерлермен Power China компаниясының елімізде су қоймаларын салу және реконструкциялау жұмыстарына қатысу мәселесін талқылады. Шетелдік делегаттар Қазақстанда жаңа су шаруашылығы инфрақұрылымына инвестиция салуға дайын екендіктерін білдірді.

  • Қорғаныс министрі самбо федерациясын басқарады

    Қорғаныс министрі самбо федерациясын басқарады

    Руслан Жақсылықов Қазақстанның спорттық және жауынгерлік самбо федерациясын басқаратын болды.   

    Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, сайлау Астанадағы федерацияның кезектен тыс отырысында өтті, онда Жақсылықовтың кандидатурасы бірауыздан қолдау тапты.

    «Қоғамдық бірлестіктің жаңа басшысы Руслан Жақсылықов – дзюдодан КСРО спорт шебері, бірнеше дүркін чемпион, самбо мен дзюдодан республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегері» деп қорғаныс ведомствосы министрдің жаңа лауазымын түсіндірді.

    Генерал-полковник алдағы жылдарға арналған жоспарларын жариялады. Жақсылықовтың айтуынша, ол самбоны әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерін даярлауға енгізгісі келеді.

    «Алда көп жұмыс бар. 2025 жылы самбо ТМД әскери-спорттық ойындары мен ҚР Қарулы Күштерінің спартакиадалары бағдарламасына енгізіледі. Сондай-ақ Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы әскери-спорт колледжінде бөлімше ашу жоспарлануда, онда көп балалы отбасылардан, әскери қызметшілерден және ауылдық жерлерден келген балалар басымдыққа ие болады. Жаппай даму мақсатында әскер қатарына маман-нұсқаушыларды шақырамыз», – деп министрлік басшысы мәлімдеді.

  • Қазақстанда ЖИ бойынша білім беру бағдарламалары әзірленеді

    Қазақстанда ЖИ бойынша білім беру бағдарламалары әзірленеді

    Үкімет отырысында премьер-министр Жасанды интеллектіні дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы мен Жасанды интеллект туралы жаңа заң аясында цифрлық трансформациялау және тиісті шешімдерді енгізу жұмыстарын күшейту үшін бірқатар тапсырма берді.

    Халықтың жасанды интеллект саласындағы жаңалықтардан хабардарлығының төмендігін ескере отырып, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қолданыстағы цифрлық шешімдерді одан әрі жетілдіру және оларды пайдалану туралы жұртшылықты ақпараттандыру міндеті қойылды.

    Сонымен қатар премьер-министр Цифрлық даму министрлігіне өңір әкімдерімен бірге келесі жылы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін жасанды интеллект құралдарына оқыту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Ғылым және жоғары білім министрлігі жасанды интеллект бойынша білім беру бағдарламалары мен курстарын дайындауы керек.

  • Кибералаяқтыққа қатысы бар 2,1 мың sim-карта тәркіленді

    Кибералаяқтыққа қатысы бар 2,1 мың sim-карта тәркіленді

    ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті мен Қарағанды облысы ПБ жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жақын шетелдердің бірінің 22 жастағы азаматын ұстады. Оған ұялы байланыс абоненттік құрылғыларының идентификациялық кодтарын заңсыз өзгертіп, азаматтарды алдау мақсатында пайдаланған деген айып тағылып отыыр.

    Тінту барысында дыбыс күшейткіш ретінде жасырылған арнайы құрал-жабдық тәркіленді. Бұл құрал Қазақстан Республикасы азаматтарына банктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері атынан қоңырау шалып, алдау және алаяқтық әрекеттер жасау үшін пайдаланылған, – делінген полиция хабарламасында.

    Күдіктінің жалдамалы пәтерінен 2100-ден астам sim-карта, екі ноутбук, екі мобильді телефон, планшет табылды. Тәркіленген құрал-жабдыққа қатысты 48 абоненттік нөмірден азаматтарға қоңыраулар жасалғаны анықталды.

    Қазір күдіктінің басқа алаяқтық эпизодтарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды, – делінген хабарламада.

    Күдікті прокуратураның келісімімен қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.

  • 271 азаматқа «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды

    271 азаматқа «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды

    Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.

    Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Жиын барысында 271 азаматқа «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылданды. Стипендия иегерлерінің 136-сы – магистратура, 8-і докторантурада оқиды. Сондай-ақ 127 азамат әлемнің ең үздік университеттері мен орталықтарында тағылымдамадан өтеді.

    Комиссия мүшелері басымдық беріліп отырған мамандықтарға ерекше назар аударды. Яғни стипендия иегерлерінің 65 пайызы – жаратылыстану-техникалық, ал 35 пайызы әлеуметтік-гуманитарлық бағыттар бойынша білімін жетілдіреді.

    Сонымен қатар 170 азамат шетелдің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуге стипендия алды.

    Ерлан Қарин биыл былтырға қарағанда тағылымдамадан өтуге екі есе, инженерлік-техникалық мамандықтар бағытына алты есе көп өтініш түскенін атап өтті. Бұл Мемлекет басшысының инженерлік-техникалық білім беруді дамытуға және қолдауға бағытталған бастамасының өзекті әрі заман талабына сай екенін көрсетеді.

  • Көкшетауда әйел адам пойыз астына түсіп, мерт болды

    Көкшетауда әйел адам пойыз астына түсіп, мерт болды

    Ақмола облысында жан түршігерлік оқиға болды. Макинск қаласында туған күніне бірнеше апта қалғанда әйел адамды пойыз қағып кетті. Бұл туралы Nayzakokshe басылымы хабарлайды.

    Қайғылы оқиға 23 желтоқсанда кешкі сағат 19.00 шамасында болған. Бұланды аудандық полиция бөліміне №327 «Қарағанды-Қостанай» жолаушылар пойызының машинисті шұғыл тежеу ​​туралы шешім қабылдағаны туралы теміржол вокзалының кезекшісінен телефон хабарламасы келіп түсті.

    Анықталғандай, белгісіз әйел пойыз астына секіріп кетіп, мерт болды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Оқиға орнына жедел жәрдем жеткенмен, әйел адам алған жарақатынан тіл тартпай кетті.

    «Куәгерлердің айтуынша, 36 жастағы әйел пойыз астына өзі секірген. Ол бірнеше аптадан кейін болатын туған күніне жете алған жоқ», – делінген хабарламада.

  • Алматыда қарауыл көлігінен қашып кеткен сотталушы ұсталды

    Алматыда қарауыл көлігінен қашып кеткен сотталушы ұсталды

    Алматыда қарауыл жасағының қызметтік көлігінен қашып кеткен сотталушы ұсталды. Бұл туралы Алматы қалалық ПД баспасөз қызметінен мәлім етті.

    ПД мәліметінше, ол ұрлық жасағаны үшін ұсталған.

    «Алматының криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында Алматы облысы аумағында іздеуде жүрген, қарауыл көлігінен қашып кеткен К.Е.Аубакри есімді азаматты ұстады. Қазір қашып кету дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – делінген ПД хабарламасында.

    Айта кетейік, 4 желтоқсан күні бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін ұсталған сотталушы қарауыл жасағы қызметтік көлігінен қашып кеткен.

  • Қатонқарағайға Алматы мен Астанадан тікелей рейстер қатынайды

    Қатонқарағайға Алматы мен Астанадан тікелей рейстер қатынайды

    Көлік министрлігінің дерегінше, Қатон-Қарағай мен Зайсан бойынша ұшу-қоны орындары айқындалды. Туристік аймақтарла әуежайлардың құрылысы 2025 жылы басталады.

    – Қатон-Қарағайда Солдатов деген жерде, ал Зайсанда Сәтбай деген жерде болады. Оған Өнеркәсіпті қолдау қоры арқылы ATR деген арнайы ұшақтар сатып алынбақ. Өйткені бізде оған ұшатын Bombardier деген 5 қана ұшақ бар, – деді министр Марат Қарабаев.

    ҚР Көлік министрінің айтуынша, ұшып-қону алаңы мәселесіне көп ойланған.

    – Біз тек қана ол жаққа Өскеменнен ұшатын өңірлік ұшу-қону алаңы бола ма кішігірім немесе үлкен жасаймыз ба деп көп ойландық. Толыққанды шешіміміз былай болды. 1000-1500 шақырымға ұша алатын Bombardier Q400 деген Qazaq Air-дің ұшақтары бар. Солардың ұшақтары ұша алатын үлкен ұшу-қону алаңын жасаймыз. Оның ұзындығы 2200 шақырым болады. Сонда Астанадан, Алматыдан тікелей Қатон-Қарағайға, Зайсанға ұшу мүмкіндігі болады. Өнеркәсіпті қолдау қоры бар, сол арқылы тағы да ATR-72 ұшақтарын сатып аламыз. Келесі жылы толығымен екі әуежайдың құрылысын аяқтаймыз, – дейді ол.