Рубрика: Қоғам

  • 9 айда 21 судья жауапқа тартылған

    9 айда 21 судья жауапқа тартылған

    Қазақстанда 9 ай ішінде 21 судья жауапқа тартылды. Бұл туралы Жоғарғы сот кеңесінің мүшесі Нұрия Сисенова мәлімдеді.

    2024 жылдың тоғыз айында сот істерін қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін 21 судья жауапқа тартылды, – деді Сисенова Сенат отырысында.

    Оның айтуынша, 2023 жылдың осы кезеңінде тоғыз судья жауапқа тартылған.

  • Қонаевта 2 шағынаудандағы үйлерге жылу беріле бастады

    Қонаевта 2 шағынаудандағы үйлерге жылу беріле бастады

    Қазіргі таңда жылу желісіндегі басты жабдық ауыстырылды. 2 ш/а №4,5,6,6а,6б,37,38,35,36,34,33,32,31,29-тұрғын үйлерге жылу берілді. Ал жарылған құбырлар жөнделген соң, кешкі сағат 16.00-17.00 аралығында 2 шағынаудандағы 2,3,7 үйлерге жылу беріледі.

    Аталған мәселе қала әкімінің бақылауында. Жылу орталығындағы 2 бу, 1 су жылытқыш қазандық штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

  • ІІМ Хасан Қасымбековке қатысты пікір білдірді

    ІІМ Хасан Қасымбековке қатысты пікір білдірді

    Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепёха құқық қорғау органдарында ұйымдасқан қылмыстық топтардың тізімі бар екенін растап, Хасан Қасымбаевқа қатысты пікір білдірді.

    Еске сала кетейік, күні кеше Хасан Қасымбаевтың екі айға қамауға алынғаны белгілі болды. Осы орайда журналистер Игорь Лепёхадан қазақстандықтардың аузында жүрген «Хуторлықтар» тобы туралы сұрады. Бұған дейін ІІМ мұндай қылмыстық топтың бар екенін жоққа шығарған еді.

    «Бір қылмыстық топ жойылса, жаңалары пайда болады, біз оларды есепке аламыз. Бұл тұрақты жұмыс қой. Алайда, қазір 90-жылдардағыдай қылмыстың өршуі мен ұйымдасқан топтар бар деп айтуға болмайды», – деді Лепёха.

    Ол Хасан Қасымбаевқа қатысты істің егжей-тегжейіне әлі толық үңілмегенін, себебі бұл тергеу ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының құзыретінде екенін айтты.

    «Барлық мәселелер қылмыстық іс аясында анықталады. Әзірге біздің қызметкерлердің қатысы бар деген күдік жоқ. Барлық әрекеттер прокуратураның бақылауында. Жаңадан ашылған мәліметтерге сәйкес ол жауапкершілікке тартылады», – деп қорытындылады Лепёха.
    Оның айтуынша, қызметкерлердің барлық іс жүргізу әрекеттері прокуратураның бақылауында және әр кезең қадағалауда.

  • Мектеп директоры 8 млн теңге жымқырған

    Мектеп директоры 8 млн теңге жымқырған

    Астанадағы мектептердің бірінде бюджет қаражаты жымқырылғаны анықталды. Қалалық прокуратура мәліметінше, жыл бойы жұмыс істемейтін қызметкерлерге жалпы сомасы 8 млн теңгеден астам жалақы мен сыйақы аударылып отырған.

    «Сот үкімімен мектеп директоры сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп жымқырғаны және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырыла отырып, оған 52,3 млн теңге көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалды», – делінген хабарламада.

    Кінәлі тұлға залалды толық көлемде өтеді. Үкім заңды күшіне енді.

  • Алмасбек Садырбаев: «Ресей мен Украина соғысынан кейін Қазақстанда ашаршылық болады»

    Алмасбек Садырбаев: «Ресей мен Украина соғысынан кейін Қазақстанда ашаршылық болады»

    1,2 миллиард теңге ақша жымқырды деп ұсталған Алмасбек Садырбаев осыдан екі апта бұрын Арман Абдоллаға берген сұхбатында Қазақстанда ашаршылық болатыны туралы тілге тиек еткен еді.

    Садырбаев өз сұхбатында елдегі нан бағасының қымбат екенін және оның шын бағасы 50 теңге болу керегін айтты. Сондай-ақ, Қазақстанда қашан ашаршылық болатынын жеткізген.

    ”Ресей мен Украина арасындағы соғыс аяқталған кезде Қазақстанда ашаршылық болады. Себебі, Ресей бүкіл әлемді азықтандырушы ел ғой. Ол Беларусьпен бірге бар құшағын ашып, саудасын доллармен өткізеді. Ал біз соңғы қалған фермерлерден де айырылып жатырмыз. Агроөнім өндіретін мамандар жоқ бізде. Осы себептен де Қазақстан соғыстан кейін ашаршылыққа ұшырайды”, – деді ол.

    Еске салайық, бүгін қаржылық мониторинг агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті облыстық прокуратурамен бірлесіп, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбаевтың аса ірі мөлшерде алаяқтық әрекетін әшкереледі.

  • Жанқош Тұраровқа қатысты іс қайта тергеледі

    Жанқош Тұраровқа қатысты іс қайта тергеледі

    Ол бұл туралы Фейсбуктегі парақшасында жазды. «Жанқош Тұраровқа қатысты қылмыстық іс қайта жаңғыртылыпты. Келесі апта тергеу қайта басталады деп хабарлады. Бірақ алдыңғы заңсыз шығарылған қаулыны (қысқартылғаны туралы) әлі алған жоқпыз. Жарты айдан астам уақыт өтті.

    Бас Прокуратураға жазылған шағымның, әлеу.желідегі, БАҚ-ғы жариялылықтың нәтижесі шығар. Соңғы кезде әріптестерімнен, халықтан Бас Прокуратура қызметкерлерінің жақсы жұмыс істеп, көптеген қылмыс пен заңбұзушылықтарды ашуға септігін тигізіп жатқандарын естимін. Бұл да болса, көңілге жағатын, үзілген үмітті жалғайтын, әділетті Қазақстанға сенім оятататын жағымды нәрсе ғой. Тек жаман жағын айта бермей, жақсы жағын да айтайық.

    Сонда да қайтадан “крышаларын”, депутат ағаларын қосып, қылмысын жабуға тағы күш ала ма деген күдік жоқ емес. Біздің елдің органдарын, заңының қалай жұмыс істейтінін білгесін, “жаман айтпай, жақсы жоқ” дегендей, ондай күдіктің болуы да заңдылық. Не жағдай болса да, барлығы ашылып, жасырмай, айтылды», – деді адваокат Ләззат Ахатова.

  • Қазақстанда 17 мыңнан аса адам банкрот деп танылды

    Қазақстанда 17 мыңнан аса адам банкрот деп танылды

    Қазақстанда 17, 9 мың адам банкрот деп танылды. Соттан тыс банкроттық рәсіміне 131 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Сонымен қатар 6,6 мың өтініш мемлекеттік кірістер органдарында қаралып жатыр.

    Банкорот деп танылған 17,9 мың азаматтың жалпы қарыз сомасы 40,9 млрд теңгені құрады. Қаржы министрлігі өкілінің айтуынша, банкроттық рәсімінің кейбір критерийлеріне сәйкес келмеген өтініштерге теріс жауап қайтарылған. Атап айтқанда, 12 айлық төлем қабілетсіздігі  болмауына байланысты; соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізімінде кредиторлардың болмауы; мүліктің болуы; кредитормен реттеу рәсімін  растайтын құжаттың болмауы; 1 600 АЕК көлеміндегі қарыз шегінен асып кетуі.

    «Азаматтар негізгі критерийлерді біле тұра, әлі де өтініш беріп, нәтижесінде бас тарту саны артып жатыр. Соттың банкроттық рәсімін және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәртібін қолдануға 3,5 мыңнан астам азамат жүгінген. 131 борышкерге қатысты банкрот рәсімі жүргізілуде. Сот банкроттығы барысында 45 адам банкрот деп танылып, олар бойынша 13,6 млрд теңге қарыз кешірілді. 1 азамат 10 млн теңге сомасымен төлем қабілеттілігі қалпына келтірілуде. Екі банкроттық рәсім аясында барлығы 54 млрд теңге сомасына 17,8 мыңнан астам азамат банкрот деп танылды», – деді ҚР ҚМ МКК төрағаның орынбасары Сеилжан Ахметов.

  • Биыл тағы 78 ауыл жабылды

    Биыл тағы 78 ауыл жабылды

    Бір жыл ішінде еліміздегі 78 елді мекен қаңырап бос қалды. Оның сыртында қазір адам саны 50-ге де жетпейтін ауылдар көп, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

    Бізде тұрғыны көп өлкеден теріскейге адам шоғырландыру жобасы бар. Бірақ оның да пайдасын көріп жатқанымыз шамалы. Депутаттар бағдарламаның жемқорларға желініп біткенін алға тартып отыр.

    Былтыр елде 6 286 ауыл болған. Биыл ол 6 208-ге қысқарды. Демек тағы 78 елді мекен жойылды деген сөз. Жалпы, соңғы 10 жылда ауыл саны айтарлықтай азайған. 500 елді мекеннің орнын сипап қалдық.

    Тұрғындар мұны жұмыстың жоқтығы, ақшаның аздығымен байланыстырады.

    Қазір елде адам саны 50-ге де жетпейтін 546 ауыл бар. Әрқайсысында шамамен тек 26 тұрғын өмір сүріп жатыр. Ал заң бойынша тұрғын саны 50 азаматтан аз болса, ол елді мекен жабылуға тиіс.

    Бірақ депутаттар мұнымен келіспейді. «Жай жаба берсек, алтын бесігімізден айырыламыз» дейді. Сол үшін Үкімет тиісті шаралар қабылдауы керек.

    Қазір халықтың 38%-ы ауылда тұрады. Бұл – 7,5 млн адам. Ал даму әлеуеті бар жерлердің саны – 3,5 мың. Соның ішінде 1,2 мыңы – тірек ауыл, 2,3 мыңы – серік-спутник саналады. Оларда ауыл халқының 90%-ы қоныстанған.

    «ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңының 2-бабы 3-тармағына сәйкес, халқының саны 50 адамнан азайған шаруа қоныстары мен өзге елді мекендер ең жақын елді мекеннің құрамына енгiзiледi. Мұндай ауылдық елді мекендердің тұрғындары орталық ауылдарда көрсетілетін қызметтерді пайдалана алады және осы жерде тұру құқығын сақтайды. Мемлекет оқушыларды тасымалдауды ұйымдастыруды, сондай-ақ пошта, медициналық қызметтер көрсетуді және басқасын қоса алғанда, базалық инфрақұрылымды қолдауды жалғастырып жатыр, – дейді премьер-министр Олжас Бектенов.

  • Алматыда қауіпті үйлердің тізімі жаңарды

    Алматыда қауіпті үйлердің тізімі жаңарды

    Тізімге рұқсат құжаттары жоқ үйлер, жобадан ауытқып немесе басқа да бұзушылықтармен салынған тұрғын үй кешендері енгізілді.

    «Тізімге рұқсат құжаттары жоқ, құрылысы әлі басталмаған нысандардың кіргенін атап өткен жөн. Басқарманың ақпараты бойынша мұндай ТК туралы мәліметтер интернет-ресурстарды мониторинг нәтижесінде анықталады», – делінген әкімдіктің баспасөз хабарламасында.

  • Талғар ауданындағы қоқыс үйіндісінен мемлекеттік рәміздер табылды

    Талғар ауданындағы қоқыс үйіндісінен мемлекеттік рәміздер табылды

    Алматы облысы Талғар ауданында Мемлекеттік рәміздер қоқысқа тасталды. Аталған дерек бойынша аймақ полициясы қылмыстық іс қозғады.

    Жергілікті блогерлердің бірі Instagram-да Еркін ауылында өрескел жағдай орын алғанын айтып, бейнені жариялады. Қоқыс алаңында түсірілген бейнеден үш Мемлекеттік Елтаңба мен жалаушаға ұқсайтын көк материал көрсетілген. Бұған ашуланған қазақстандықтар пікірлерде кінәлілерді тауып, жазалауды талап етті.

    Облыстық полиция департаменті «мемлекеттік рәміздерді қорлау фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады» деп мәлімдеді.

    «Талғар аудандық полициясының қызметкерлері болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау бойынша қажетті жедел іс-шараларға бастамашылық жасады. Кінәлі адамдарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады»,  – деді Алматы облысы полиция департаменті.

    Сондай-ақ, басылымға аудан әкімдігі де жауап берді. «Бұл қоқыс Талғар ауданы Қайнар ауылдық округінің Еркін ауылының жеке аумағында орналасқан. Қазіргі уақытта ЖАО қызметкерлері қоқыс төгетін жерді тексерді. Көрнекі тексеру кезінде аталған мемлекеттік рәміздердің жанында білім беру мекемесі – колледждің құжаттары бар екені анықталды, мән-жайлар анықталуда. Қазіргі уақытта полигон орнынан Мемлекеттік рәміздер алынып тасталды», – деді аудан әкімдігі жауабында.

    Ведомствода Мемлекеттік рәміздер ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 1 қазандағы №862 қаулысымен бекітілген Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою қағидаларына сәйкес жойылатынына сендірді. Ал кінәлі адамдарға қатысты тиісті шаралар қабылданатын болады.

    «Аталған мемлекеттік рәміздер Талғар ауданының мемлекеттік мекемелеріне тиесілі емес деп ресми мәлімдейміз, осыған байланысты қазіргі уақытта бұл мәселені Талғар ауданының ПБ қызметкерлері қарайды», – деді Талғар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі