Рубрика: Қоғам

  • Алматыда ірі құрылыс нысанына айыппұл салынды

    Алматыда ірі құрылыс нысанына айыппұл салынды

    Алматы қаласында табиғатты қорғау полициясы Бостандық ауданы әкімдігінің қоршаған орта және экология бөлімімен бірлесіп, экологиялық талаптарды бұзған және абаттандыру ережелерін сақтамаған құрылыс нысанын анықтады.

    Polisia.kz мәліметінше, құрылыс алаңында қоқыс қалдықтарының шамадан тыс жиналуы және лас қоқысты рұқсатсыз тасымалдау фактілері тіркелген. Осыған байланысты учаске басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, болашақта осындай заң бұзушылықтардың алдын алу үшін түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қалдықтарды өңдеудегі экологиялық талаптардың бұзылуы туралы материал қалалық экология департаментіне жолданды.

    Алматы қаласы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізовтің айтуынша, «Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық бағдарламасы мен «Алматы – ортақ үйіміз» қалалық кампаниясы аясында шаһарды абаттандыру және экологиялық талаптарды сақтау шаралары күшейтілді.

    «Жарқын күз» шарасы аясында 16 қыркүйектен бастап қалада абаттандыру ережелері мен санитарлық нормаларды бұзған 2 757 дерек тіркелсе, қоғамдық орындарды ластағаны үшін 2 232 хаттама толтырылды. Ірі көлемдегі қалдықтарды, сынған жиһаздарды, тұрмыстық техника мен құрылыс қалдықтарын көшеге жинақтаған 569 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – делінген ақпаратта.

  • Мүфтият энергетикалық сусындарға қатысты пәтуа шығарды

    Мүфтият энергетикалық сусындарға қатысты пәтуа шығарды

    Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарды ішу-ішпеуге қатысты пәтуа шығарды.  Мүфтият энергетикалық сусындар алкогольсіз және алкогольді болып екіге бөлінетінін атап өткен.

    «Энергетикалық сусындардың құрамында алкоголь аз мөлшерде болса да оны ішуге тыйым салынады», — деп хабарлады мүфтият.

    Ал, алкогольсіз энергетикалық сусындарға тоқталған ҚМБД «кез келген сусынның құрамында алкоголь, зиянды заттар, харам, нәжіс нәрселер болмаса оны қолдануға рұқсат» дейді.

    «Ал құрамында адам баласының денсаулығына зиян беретін заттар болса (алкоголь, қауіпті заттар, харам, нәжіс т.б.) қолдануға тыйым салынады. Энергетикалық сусындарды жиі қолдану ағзаға (жүрекке, жүйке жүйесіне, қан қысымының жоғарылауына, қант диабетіне, семіздікке, аяқ-қолдың діріліне, т.с.с.) қауіпті екені медицина тұрғысынан нақтыланған. Сондықтан мұсылман адамға мұндай сусындардан аулақ болғаны дұрыс», — деп атап өткен зерттеулерге сүйенген ҚМБД-ның баспасөз қызметі.

  • Қарағанды облысында есірткі жарнамалаған 250 сайт бұғатталды

    Қарағанды облысында есірткі жарнамалаған 250 сайт бұғатталды

    Қарағанды облыстық прокуратурасы әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында өңірде есірткі және психотроптық заттарды насихаттау, жарнамалау және сату мақсатында құрылған телеграм-каналдарды, Instagram-парақшаларын және интернет-сайттарды анықтады.

    Атап айтқанда, «Telegram» және «Instagram» интернет-платформаларында жасырын бетбелгілермен айналысатын курьерлер арқылы ақша табу жолдары туралы көптеген ұсыныстар табылды. Бұл жарнамалар көбіне заңды табыс ретінде жасырылады, мысалы, онда жоғары жалақыға «қалыптаушылар» немесе «жеткізушілер» қажет деп көрсетіледі.

    «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесінің көмегімен, есірткіні жарнамалайтын және заңсыз табыс табу туралы ұсыныстар бар 250 интернет-сайт бұғатталды, – делінген прокуратура хабарламасында.

    Ведомство өкілдері «есірткі курьерлері» немесе «есірткіні жарнамалаушылар» түріндегі күмәнды табыс үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

    Қылмыстық кодекстің 297-бабына сәйкес есiрткi және психотроптық заттарды заңсыз өндiру, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау үшiн 5 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, – делінген хабарламада.

  • Қызылорда облысында алимент төлемеген төрт адам сотталды

    Қызылорда облысында алимент төлемеген төрт адам сотталды

    Қызылорда облысы Арал ауданында алимент төлеуден жалтарған төрт адам бас бостандығынан айырылды.

    Оларға Қылмыстық кодекстің 139-бабымен (балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару) қылмыстық жауапқа тартылды.

    Алимент төлеуден жалтарғандардың жалпы қарызы 8,1 млн теңгені құрайды. Олар осы әрекеті үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

    Сонымен қатар жыл басынан 16 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 8 млн теңге алимент өндірілген.

    «Сотталушылар кінәсін толығымен мойындап, Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен 1 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған. Үкім заңды күшіне енген», — делінген прокуратура хабарламасында.

  • Мектептерде тамақтандыру сапасы төмен облыстар аталды

    Мектептерде тамақтандыру сапасы төмен облыстар аталды

    Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елдегі мектеп асханаларының санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігіне жүргізілген мониторинг қорытындысы туралы айтты.

    Министрдің айтуынша, республикалық мониторинг қорытындысы бойынша атқарушы органдар тарапынан әлі де болса бақылау жеткіліксіз болып отыр. Сондай-ақ ол мұны заңнама талаптарының бұзылу фактілерінен де анық аңғаруға болатынын атап өтті. Мониторинг тобы заң талаптарын бұзу бойынша 771 фактіні анықтаған.

    Ведомство басшысы мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша кешенді бағалау жүргізілгенін атап өтті.

    Бағалау кезінде тамақтандыру сапасына жүргізілген мониторинг нәтижелері, асханалардың қажетті материалдық-техникалық жабдықталуы, 1 оқушыға шаққандағы өңірлердегі тамақтану құны, ата-аналар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері ескерілді. Оның нәтижесінде Жамбыл, Маңғыстау, Алматы, Атырау облыстарының және Шымкент қаласы әкімдіктерінің тарапынан мектептерде сапалы тамақтануды ұйымдастыруға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей отырғандығы анықталды. Қазір министрлік мектепте тамақтандыру қызметтерін сатып алу кезінде өнім берушілерді іріктеу талаптарын бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесін пысықтап жатыр, – деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында.

    Айта кетсек, бұған дейін министрлік талаптарды күшейтіп, білім беру ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастыруға қатысты 7 нормативті-құқықтық актіні қайта қараған болатын.

  • Уақыт белдеуі өзгермейтін болды

    Уақыт белдеуі өзгермейтін болды

    Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев өз баяндамасында қолданыстағы уақыт белдеуіне қатысты жан-жақты дәлелдерді келтіріп, нақты жауап берді. Үкімет бұл шешімді қолдайды. Біз бірыңғай уақыт белдеуіне бекерден бекер ауысқан жоқпыз. Ел аумағының көп бөлігі UTC+5 уақыт белдеуінде орналасқан. Сондықтан бұл – ғылым тұрғыдан дұрыс шешім. Сауда және ақпарат министрліктеріне жан-жақты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тасырамын, – деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

    Айта кетейік, географиялық жағынан Қазақстан UTC+3, UTC+4, UTC+5, UTC+6 белдеуінде орналасқан. Бұған дейін елімізде UTC+5, UTC+6 белдеуі қолданылады. Еліміздің батыс өңірі басқа аймақтарға қарағанда бір сағат артта жүрді. 2024 жылдың 1 наурызынан бастап ел бойынша UTC+5 белдеуі енгізілді.

     

  • Үкіметте декларация тапсырудан босатылатын санат аталды

    Үкіметте декларация тапсырудан босатылатын санат аталды

    «Қазақстанда жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау жүйесін енгізу 2021 жылдан бастап кезең-кезеңімен іске асырылуда. Ыңғайлы болу үшін салық төлеушінің кабинеті, «Электрондық үкімет» веб-порталы, «e-Salyq Azamat», «eGov mobile», «Halyk», «Банк Центр кредит» және «Kaspi» мобильді қосымшалары арқылы, декларацияларды тапсыру бойынша электрондық сервистер іске қосылды. Бүгінгі таңда алғашқы үш кезеңнің нәтижесінде, жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне 4,8 млн адам, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, коммерциялық ұйымдардың, квазимемлекеттік сектордың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары кірді. 2025 жылдан бастап декларацияларды ұсыну бойынша міндеттемелер азаматтардың қалған санатында туындайды. Бұл шамамен 8 миллион адам», — деді министр Мәди Такиев.

    Оның атап өтуінше, жалпыға бірдей декларациялау тұжырымдамасы қабылданғаннан бері 14 жыл өтті. Осы уақыт ішінде:

    — мемлекеттік органдар мен уәкілетті ұйымдардың дерекқорлары цифрландырылды;

    — қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 86 пайызға жетті;

    — қаржылық және валюталық бақылау күшейтілді;

    — халықаралық келісімдер (Страсбург конвенциясы, Fatsa, ТМД – 100-ден астам ел) аясында қаржы шоттары бойынша деректер алмасу жолға қойылды;

    — цифрлық қызметтер кең таралды.

    «Осыған байланысты, автоматтандырылған салықтық бақылау мүмкіндіктерін ескере отырып, және Мемлекет басшысының жалпыға бірдей декларациялау тәсілдерін қайта қарау туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында, осы санаттағы 4 кезеңге кіретін азаматтардың активтері мен міндеттемелері туралы декларацияларды тапсырудан босату ұсынылады. Олар: жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқалары. Босату рәсімі осы санаттағы жеке тұлғалардың 90 пайыздан астамын қамтиды», — деді ол.

    Бұл ретте Мәди Такиевтің атап өтуінше, декларациялауды келесі тұлағаларға қалдыру ұсынылады:

    — мемлекеттік қызметшілер;

    — коммерциялық ұйымдардың, квазимемлекеттік сектордың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары;

    — Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде активтері барларға және 1 жыл ішінде сатып алғандарға;

    — бір жыл ішінде құны 20 000 айлық есептік көрсеткіштен (74 млн. теңге) астам сатып алулар жасағандарға;

    — өз бетінше салық салынатын табыс тапқандарға.

    «Бұдан басқа, азаматтарға ерікті түрде декларациялау құқығы берілетін болады. Салықтық бақылауға келетін болсақ, жеке тұлғалардың қолда бар активтерін тіркеу үшін барлық цифрлық дерекқорлардан, оның ішінде екінші деңгейдегі банктерден мәліметтер алу тетігі қамтамасыз етілетін болады. Тиісті заңнамалық түзетулер дайындалды», — деді министр.

  • Енді мектеп оқушылары «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім ала алады

    Енді мектеп оқушылары «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім ала алады

    Мәжіліс отырысында депутаттар «Болашақ» бағдарламасын кеңейту туралы норманы қабылдады.

    Бағдарлама бойынша мектепте халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарында жеңіске жеткен талапкерлерге шетелде бакалавриатта білім алуға мүмкіндік беру ұсынылады. Бүгінгі таңда «Болашақ» бағдарламасы тек магистратура мен докторантураға арналған.

    «Жетекші шетелдік университеттер халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына бірден бакалавриатқа грант ұсынады, соның нәтижесінде олар шетелге кетіп қалады. Осы кезеңде біз тиісті қолдау ұсына алмадық, сондықтан біз жиі мұндай дарынды жастардан айырылып қалдық. Олар тек шетелде білім алып қоймай, кейін сол жақта қалып қоятын еді», – деп түсіндірді Аймағамбетов.

    Аймағамбетов алдағы уақытта жағдай өзгеретінін және елімізде жас таланттарды ұстап қалуға көбірек мүмкіндік пайда болатынын айтты.

  • Мүфтият қалың мал мен мәһірді біріктірді

    Мүфтият қалың мал мен мәһірді біріктірді

    Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы тұрмысқа шыққан қызға берілетін қалың мал мен мәһірді біріктірді.

    Дегенмен, оның айтуынша, «әке еңбегі», «ана сүті» сияқты қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік мәһірге саналмайды.

    «Қалыңмал – қазақ халқының дәстүрлі ғұрыптық салтындағы қалыңдық үшін берілетін мал. Фиқһ кітаптарында ұзатылып жатқан қызға жиһаз әперу үшін күйеу жігіт тарапынан берілетін мал-мүлікті «дустиман» деп атайды», – деген ол қалың малды шариғатындағы мәһір деп есептеуге қатысты ғалымдардың бірнеше көзқарасы бар екенін жазған.

    Ғұламалардың көзқарастарын тізген Ағабек Қонарбайұлы осы мәселеге қатысты мүфтияттың шешімін жария етті.

    «Шешім: күйеуі тарапынан берілетін қалың малды қыздың разылығымен мәһірге жатқызуға және артынан алып баратын жасауына пайдалануға болады. «Әке еңбегі», «ана сүті» секілді қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік (кәдесый, т.б.) мәһірге жатпайды», – деп жазды ол.

  • Жаркенттегі офицер қазасына қатысты төрт күдікті ұсталды

    Жаркенттегі офицер қазасына қатысты төрт күдікті ұсталды

    Кеше марқұм капитан Дархан Дәулетті ақтық сапарға шығарып салды. Офицер Жетісу өңіріндегі Жаркент гарнизонының 74261 әскери бөлімінде қаза тапты.

    14 қарашада Қазақстан Республикасы Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі «жоспардан тыс оқу-жаттығу кезінде қауіпсіздік шараларын бұзу салдарынан қаза тапты» деп хабарлады.

    Алайда туыстары офицердің кісі қолынан қаза тапқанына сенімді.

    Марқұмды жуған ағасы оның қатты соққыға жығылғанын, қолы мен аяқтарында арқан іздері, бас сүйегінде сызат барын айтты.

    «Біз ағамның ісіне қатысы бар адамдардан заң алдында жауап беруін сұраймыз және талап етеміз. Бүгін жерлеуге жоғары шенді генералдар мен депутаттар қатысты. Олар кешірім сұрады. Генерал бұл істі әділ тексеріп, кінәлілерді жазалауға уәде берді. Бірақ қандай бап бойынша іс қозғалып жатқанын білмейміз», – деп бөлісті марқұмның ағасы.

    Жерлеуге қатысқан Қорғаныс министрлігінің өкілдері офицер қайтыс болған күні әскери бөлімде жоспардан тыс оқу-жаттығу өткенін растады, бірақ олар оқиғаның егжей-тегжейін айтудан бас тартты.

    «Оқиғаға байланысты әскери бөлімге комиссия жіберілді. Іс қозғалды. Ішкі істер министрлігі тергеу жүргізіп жатыр. Оқиға әскери бөлімнің ішінде болған. Төрт күдікті ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды. Сол күні жеке жоспар бойынша оқу-жаттығулар өткенін растаймын», – деді Құрлық әскерлері қолбасшысының орынбасары, полковник Арынғали Ақышев.

    Марқұм Дәулет Дархан 26 жаста еді. Құрлық әскерлерінің Әскери институтын үздік бітіре салысымен Отар әскери гарнизонына қызметке кірісті. Араға бес жыл салып, Жаркент қаласындағы 74261 әскери бөлімінің инженерлік қызметінің бастығы лауазымына дейін көтерілген болатын.