Рубрика: Қоғам

  • Алматыда жылу ертерек беріледі

    Алматыда жылу ертерек беріледі

    Алматы әкімдігінен мәлім еткендей, 7-11 қазан аралығында нысандарды орталық жылу жүйесіне қосу жоспарда. Бірінші кезекте, жылу әлеуметтік мекемелерлерге, оның ішінде балабақшаларға, мектептерге және медициналық-әлеуметтік нысандарға берілетін болады.

    «АлТС» ЖШС қазірдің өзінде айналым режимін іске қосуға дайын, бұл қажет болған жағдайда жылу беруді жедел бастауға мүмкіндік береді. Коммуналдық кәсіпорын материалдық – техникалық базадан бастап бригадаларға арналған арнайы техника мен киімге дейін барлық қажетті заттармен толық жабдықталған, олар ықтимал авариялар мен технологиялық іркілістерді жоюмен айналысатын болады», — деп хабарлады әкімдіктен.

    Биыл жылыту маусымына дайындық аясында қаланың алты ауданында 20 км жылу желісі қайта жаңартылды. Мамандар желілерді сынау мен жөндеуді аяқтап, сорғы жабдықтарын жаңартты. Барлығы 69 сорғы станциясы және 24 резервуар-аккумулятор дайындалды, бұл ыстық су желісіндегі ең жоғары жүктемелерді теңестіруге мүмкіндік береді.

  • Тынышбай Досымбеков: Тағы төрт жолбарыс әкелу жоспарда бар

    Тынышбай Досымбеков: Тағы төрт жолбарыс әкелу жоспарда бар

     Өткен аптаның басты жаңалығы – Нидерландыдан екі амур жолбарысының келуі болды. 2017 жылы еліміз бен WWF International (Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры) арасындағы меморандум нәтижесінде арнайы бағдарлама түзілді. Мұның аясында алаңы 415 мың гектар жерді қамтитын «Іле-Балқаш» резерватын құру, оңтүстік Балқаш маңы экожүйесін қалпына келтіру қолға алынды. Sona.kz тілшісі Іле-Балқаш табиғи резерватында аумақтық сарапшы Тынышбай Досымбековті аз-кем әңгімеге тартты.

    –  Тынышбай мырза, «Іле-Балқаш» резерватын құру жұмысының басы-қасында жүргеніңізді білеміз. Бұл идея қашан туындады? 

    – Өзім Балқаш ауданының тумасымын. Осы ауданның алғашқы әкімімін. Біз Балқаш ауданынан ерекше қорғалатын аймақ ашу мәселесін 2008 жылдан бері көтеруге атсалыстық. Неге десеңіз, бұл жаққа демалыс күндері Алматы қаласынан келімді-кетімді қонақ көп. Сенсеңіз, шамамен 500-дей джип көліктері ағылады. Жанашырлық танытқан ауыл азаматтары «Ештеңе қалмайтын болды. Балықты да сүзіп әкетіп жатыр. Аң-құсты да атады. От жағады, өртейді. Тіпті, Іленің бойында бос орын болмайды» деп айтып жүрді. Содан кейін аудан әкімдігі экологиялық пост қойды. Бірақ оған бағынып жатқан адам жоқ. Әрбірден кейін лауазымды азаматтардың өзі тоқтамай өте шығады екен. Содан ерекше қорғалатын аймақ жасайық деген ұйғарымға келдік.

    2014 жылы Алматы облысы әкімінің орынбасары болып тұрғанда 417 мың га жерді қоршап қойдық. Оған дейін арнайы мекеме қорықты қай жерден ашуға болатынын зерттеуге кірісті. Сөйтіп, Балқаш көлінің батыс жағынан 86 мың га, шығыс жағынан 365 мың га, жалпы аумағы 417 мың га жерді белгіледік. Енді резерватты ашуға әреккеттенгенде «жолбарыс әкеледі екен» дегенді естіген аудан халқы қарсы болып, Президент әкімшілігіне дейін хат жазған еді. Оның үстіне зоологтар да «Көшуге дайындалыңдар!» депті жұртты дүрліктірген.

    Экология және табиғи ресурстар министрлігі

    Қазіргі кезде Балқаш ауданында 29 мың халық тұрады. 3 млн 700 мың га жері бар. Алматы облысы жерінің 35 пайызы Балқаш ауданына тиесілі. Содан кейін 2015 жылы қорықтан зейнетке шығып, осында келіп Бақанас, Қараойға барып түсіндіру жұмысын жүргіздік. «Темір қазып, көмір өндіріп жатқан жоқсыңдар. Бұл жердің табиғи байлығы жетеді. 400-ден астам табиғи биоәртүрліліктің түрі бар. Бұл жерден теміржол өтпейді. Нағыз қолайлы жер. Ертең шаруашылық қайта қалпына келіп, ел жұмысқа тұрады. Туристер келіп, тіршілік пайда болады» дедім. Олар да «Бізге сіз сияқты ешкім түсіндірмеді. Жолбарыс әкеледі, ертең жеп қояды. Көшіңдер!» деді. Біз неге кетеміз? Керісінше, ерекше қорғалатын аймақты ашқандарыңызға ризамыз» деді. Содан не керек, 2018 жылы резерват ашылды. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) бөлімшесі жұмыс істейді. Ал табиғи резерват мемлекеттік меншікке бағынышты мекеме ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайды. Директорын сайладық. Қараойдан бір бөлімшесін аштық. Өтетін жолдарға бекініс қойылды.

    – Ал амур жолбарысын елге әкелу жоспары қалай жүзеге асты?

    – 2010 жылы жабайы жануарлардың дүниежүзілік қорының Санкт-Петербург қаласындағы бөлімшесі жиналыс өткізіп, Ресейден Қазақстанға амур жолбарысын беру туралы келісімшартқа қол қойған. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен (WWF) тығыз ынтымақтастықтың арқа­сын­да екі Амур жолбарысы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи ре­зер­ватына Нидерландтағы «Свя­того льва» жабайы жануарларды сақтау орталығынан жеткізілді. Бұл – тұран жолбарысын қалпына келтірудің алғышарты. Бір әңгімеде тұран жолбарысы 1939 жылы атылған дейді, енді бірі 1946 жылы Балқаш көлінің маңынан ізі көрінгенін айтады. Оның анық-қанығын ешкім білмейді. Бірақ тұран жолбарысының соңғы тұяғы 1978 жылы немістің зообағында өліп, содан жойылған деген дерек те бар. Сонымен не керек, «Екі жолбарысты қайда апарамыз?» дегенде, Балқаш ауданының Іле жағасы таңдалды. Өйткені, басқа жерде халық көп, өндіріс орындары жұмыс істейді.

     

    – Білуімізше, бұл екі жолбарыстың жерсініп кетуіне бір жылдай уақыт кетеді екен. Оның тамағы, күтімі де мамандардың қадағалауын қажет ететін шығар.

    – Резерватқа жеткізілген Богдана мен Кума атты Амур жолбарыстары арнайы зообақта, қолға үйренген. Оны Дүниежүзілік жабайы табиғат қорындағы зообағы бар меценат сыйға берген. Еркегі – 13 жаста, ұрғашысы – 9 жаста. Жолбарыс тұратын жер жасау үшін 10 га жер қоршалып, бес бөлікке бөлінді. Мамандар арнайы монитор арқылы қадағалап, көзден таса қылмайды.

    Күніне жейтін 4 келі етті Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры әкеп береді. Алдағы уақытта тағы 4 жолбарыс әкелу жоспарда бар. Өзіміз алдыңғы жылы 60 құлан апардық. Биыл қазан айының соңына дейін 35 құлан жеткізіледі. Одан бөлек тоғай бұғысы 260-қа жетті. Жабайы шошқа қой сияқты жайылып жүр.

    Демек, Тұран жолбарысының Амур жолбарысынан соншалықты айырмашылығы жоқ. Сондықтан амур жолбарысы мекен еткен табиғаты, климат белдеуі бізге сәйкес келеді. Басты мақсат – Орталық Азияда жойылып бара жатқан жыртқыш-тұран жолбарысын қалпына келтіру. Кейін олардың шөнжігін табиғатқа жі­беріп, көбейте аламыз.

    «Іле-Балқаш» резерваты аймақтың экотуризмін дамытуға таптырмас мүмкіндік пе?

    – Жалпы, биоэкономикалық негіздеме деген болады. Соны жасағанда резерватқа 2 млрд 242 млн қаржы құйылып, Қараойдан әкімшілік ғимарат, бизнес орталық, демалыс орны ашылуы тиіс. Одан бөлек ауыр техника мен көліктік базасы қалыптасады. Сондай-ақ, 169 адам жұмыспен қамтылады деген есеп болған. Қазір мұнда 64 адам жұмыс істейді. Жаз маусымында 100-ге жуықтайды.

    Өзім БҰҰ-ның Даму бағдарламасы (БҰҰДБ)  аясында жұмыс істеймін. Қазір БҰҰДБ қамқорлық жасап резерватқа қажетті техниканы, дүрбі, квадрацикл көлігін алып берді. Бұл үкіметтен тыс беріліп жатқан көмек. Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) экотуризмді дамыту үшін ауыл адамдарына шағын несие берді. Қазір БҰҰДБ тарапынан 130 метр тереңдіктегі су ұңғымасын қазылды. Бітеліп қалған Қара Бақанас өзегін тазалау бойынша құжат экспертизада жатыр. Сметасы дайын. Егер жасалса, Іленің Қара Бақанас  тармағы ашылып, үлкен оазис пайда болады.

    Екінші, Балқаш ауданында туризмді дамыту. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, алдағы уақытта кэмпинг, тікұшақ, ұшақ қонатын жолақ салынады, су шығатын ұңғыма қазылады. Қараойда әкімшілік ғимарат салынса, Бақанаспен ортадағы жол жөнделеді. Оған 1 млрд 150 млн теңге бөлінеді делінді. Одан бөлек мамандарды даярлап, интернетпен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінде болады.

    – Әңгімеңізге рақмет! 

  • Қазақстаннан Дубайға қатынайтын ұшақтардың бағыты өзгереді

    Қазақстаннан Дубайға қатынайтын ұшақтардың бағыты өзгереді

    Ұшақтар Иранның әуе кеңістігін айналып өтеді. Көлік министрлігі барлық әуе компанияларына осындай кеңес берді. Астана мен Алматы қалаларынан Дубайға қатынайтын рейстердің бағыттары өзгеріп, ұшу уақыты ұзарады.

    Ал Жиддаға рейстер өзгермейді, бірақ өңірдегі әскери әрекеттер күшейген жағдайда қайта қаралуы мүмкін.

    Естеріңізге сала кетейік, Тау Шығыстағы күрделі саяси жағдайға байланысты Иран, Израиль және Ливанда жедел желілер іске қосылды. Ондағы Қазақстандық азаматтар қандай да бір көмек қажет болса, елшілікке жүгіне алады.

  • Қазақстанның 900 азаматы жазасын шетелде өтеп жатыр

    Қазақстанның 900 азаматы жазасын шетелде өтеп жатыр

    Ал, 1 мыңнан астам шетелдік Қазақстанда жазасын өтеп жатыр. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев айтты.

    «Қазір еліміздің 900 азаматы жазасын шетелде өтеп жатыр. Кейінгі 5 жылда 160 адамды Қазақстанға қайтардық. Биылғы 9 айда 24 адам қайтарылды. Сонымен қатар үшеуіне қатысты қайтарудан бас тарттық», — деді Ғ. Қойгелдиев Мәжілістің жалпы отырысында.

    Сонымен қатар ол Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілерге шетелде жазасын өтеп жүрген 900 адамның басым бөлігі Ресейде қамауда отырғанын айтты.

    «1 мыңнан астам шетелдік Қазақстанда жазасын өтеп жатыр, олардың көбісі Өзбекстан азаматы», — деді Бас прокурордың орынбасары.

    Оның сөзіне қарағанда, еліміздің жастары оңай ақша табамыз деп шетелге барып, келеңсіз жағдайларға ұрынып жатыр.

    «Осындай оқиғалар өте көп. Әсіресе, есірткі тасымалдау әрекетімен істі болып отыр. Бұл жаза бойынша сотталғандарға өте ауыр түседі», — деді Ғалымжан Қойгелдиев.

  • Нартай Аралбайұлы: Орманшылардың жалақысы барлық өңірде өспеді

    Нартай Аралбайұлы: Орманшылардың жалақысы барлық өңірде өспеді

    ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбайұлы бірнеше өңірде  орманшылардың жалақысы өспегенін жеткізді. Осы мәселені шешу мақсатында ол депутаттық сауалын ҚР Премьер — Министрінің Бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады.

    «Семей орманында өрт болып ондаған отандасымыз опат болған кезде Үкімет өкілдері «2023 жылдың 1 шілдесінен бастап орманшылардың жалақысы өседі» деп кесіп айтқан еді. Бірақ айтылған сөз айтылған жерде қалды. Жалақы орман шаруашылығындағы басшылық құрам мен санаулы мамандық иесіне қосылғаны болмаса орман үшін от кешкен мыңдаған маман түкке жетпейтін жалақымен сол күйі қала берді», — деді  Нартай Аралбайұлы.

    Депутат орманшылардың жалақысын өсіру бойынша қол қойылған құжаттың барлық өңірде жүзеге аспағанын сынады. 

    «2024 жылдың 1 шілдесінде  Премьер-Министр Олжас Бектенов еліміздегі орман шаруашылығы және табиғатты қорғау мекемелері қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына үстемақы қосу туралы  қаулыға қол қойды. Орман және табиғатты қорғау ұйымдары қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін, шарттары мен мөлшерлерін жетілдіру мақсатында «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ұйымдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына өзгерістер енгізілді. Бөркімізді аспанға атып, алақайладық.

    Құжатқа сәйкес, орман өртін сөндіру бекеттерінің, орман шаруашылығы мекемелерінің, қоршаған ортаны қорғау және орман орналастыру ұйымдарының қызметкерлері лауазымдық жалақыларына 100 пайызға дейін өсімақы алуы керек еді. Олардың қатарында орман өртін сөндірушілер, өрт сөндіру көлігінің жүргізушілері, тракторшылар, радио операторлар, өрт сөндіру машиналарын, жабдықтар мен аппараттарды жөндеу жөніндегі шеберлер, өрт бақылау мұнарасының бақылаушылары бар еді. Шіліңгір шілдеден бастап жалақымыз еселеп артады деп елдің еңсесі тіктеліп қалды. Бірақ, 2023 жылы үмітінің күлі көкке ұшқан орманшылар 2024 жылы да дәл сол жағдайды бастан кешуде», — деді халық қалаулысы.

    Себебі аталған қаулы Қызылорда облысында,  Арал ауданында, Павлодар облысында, Маңғыстау облысында, Қостанай облысында, Жетісу облысында орындалмады деген дерек келді. Депутат  орманшылардың жазған арызы қолында екенін жеткізді. 

    «Орманшылардың жалақысын көтерудің жүгі жергілікті бюджетке артылыпты, ол қамбада қаржы жоқ екен. Қаулысы бар да қаржысы жоқ. «AMANAT» партиясы бұл жағдайды бірнеше рет көтергенін қаперлеріңізге сала кетейін.Салдары ауыр, жалақының төмендігінен жастар орманшы болып қызметке барғысы келмейді. Орман бар, орын бос, жалақы жетпейді.Жоғарыда айтылған мәселелерді зерделеп, 2024 жылдың 1 шілдесінде қол қойылған  қаулының толыққанда орындалуын қадағалап, Қазақстандағы орман шаруашылығындағы мамандардың лауазымдық жалақыларына 100 пайыздық өсімақының қосылуын қамтамассыз етуіңізді сұраймын», -деп Нартай Аралбайұлы депутаттық сауалын қорытындылады.

     

     

  • Жолбарыстардың бейімделуіне бір жылдай уақыт кетеді

    Жолбарыстардың бейімделуіне бір жылдай уақыт кетеді

    Қазақстанға Нидерландыдан әкелінген жолбарыстардың бейімделуіне бір жылдай уақыт кетеді. Бұл туралы биоценология және аңшылықтану зертханасының меңгерушісі Константин Плахов айтты. Қазір Мысықтұқымдас жануарлар Алматы облысындағы 415 мың гектар жерді қамтитын «Іле-Балқаш» резерватында жүр. Зоологтың айтуынша, «Тұран» жолбарысы популяциясын қайтаруға мүмкіндік мол. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Жануарды көбейтуге халықаралық жолбарыстарды қорғау қауымдастығы да баса назар аударып отыр. Маманның дерегінше, Бақанас тұрғындары жолбарыстың іздерін соңғы рет 1951 жылы көрген. Ал, жануардың жойылуына жергілікті тұрғындар мен броканерлер себеп болды, дейді. Бірінші дерек — жолбарыстардың азығын тартып алса, екінші факт — жануарларды сатып жіберу.

    «Қауіпсіздік мәселесі үнемі көтеріліп жүрген тақырып. Әрине, бұл жерге жақын жерде ешқандай ауыл жоқ. Тұрғындар резерваттан тыс жерде қоныстанған. Қазір жолбарыстар жүрген аумаққа ешкім бара алмайды. Мамандар қауіпсіздікті қатаң бақылап отыр. Ал, жануарларды көбейту мәселесіне келер болсақ, нақты болжам айту қиын. Әуелі жолбарыстар тоғайға бейімделіп, жерсінуі керек. Әлі оларды табиғатқа босатқан жоқ. Бейімделуге шамамен бір жыл кетуі мүмкін. Оған жолбарыстардың қай елден әкелінгені, жасы да әсер етеді», — деді ҚР ҒЖБМ «Зоология институты» биоценология және аңшылықтану зертханасының меңгерушісі КОНСТАНТИН ПЛАХОВ.

  • Есірткіні шприцке тыққан ер адам ұсталды

    Есірткіні шприцке тыққан ер адам ұсталды

    Басқа біреудің мүлкін ұрлаған деген күдікпен қамауға алынған тергеудегі азаматтың ағасы есірткі затты тығып өткізуге тырысты. Алайда, тергеу изоляторы қызметкерлерінің қырағылығының арқасында есірткі заттар сусабын бөтелкесінен табылды.

    Ер адам алдын-ала 200 мл шприцке есірткіге ұқсас жасыл заттарды салып, оларды сусабынның ішіне жасырып өткізбек болды. Тыйым салынған заттар тәркіленіп, химиялық сот сараптамасына жіберілді.

    «Тыйым салынған заттарды беру фактісі бейнетіркеуішке тіркелді. ҚАЖ мекемелеріне есірткі заттарын өткізу оларды сату ретінде сараланады, яғни бас бостандығынан айыруға жазаланатын қылмыстық-жазаланатын әрекеттердің бірі болып табылады»,- деп атап өтті өңірлік ҚАЖД бастығының міндетін атқарушы Бақытжан Шәріпбеков.

    Айта кетейік, оқиға Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаментінің №71 мекемесінде болған.

  • Референдум күні: бас санитар дәрігер сақтық шаралары туралы айтты

    Референдум күні: бас санитар дәрігер сақтық шаралары туралы айтты

    Бас мемлекеттік санитар дәрігер Сархат Бейсенова Орталық референдум комиссиясының отырысында 6 қазанда қандай эпидемиологиялық шаралар қолдану керегін айтты.

    Ол референдум кезінде коронавирус, жіті респираторлық инфекция мен тұмаудың алдын алу үшін сайлау учаскелерін желдетіп, тазалап тұру керек дейді.

    «Елімізде коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. 2024 жылдың басынан бастап коронавирус жұқтырған 1676 адам тіркелді. Өлім жағдайы жоқ. Былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда коронавирус жұқтырғандардың саны 7 есеге азайған. Биыл қыркүйекте 252 адам тіркелді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есе аз», – дейді Бейсенова.

    Оның айтуынша, қыркүйек айында  544 мың адамнан жіті респираторлық инфекция табылған.

    «Тұмау жағдайы тіркелмеген. Науқастарға көмек көрсету бойынша вакцина сатып алынды. Бүгінгі таңда халық егіліп жатыр. Референдум кезінде учаскелердегі адамның көбеймеуін қамтамасыз етіп, ауаны тазалап тұру керек. Учаскелерде ылғалды тазалық жүргізген абзал», – деді Бейсенова.

  • Астанада көшеден 20 жастағы қыздың мәйіті табылды

    Астанада көшеден 20 жастағы қыздың мәйіті табылды

    Астанадағы Бейімбет Майлин көшесінің бойында 20 жастағы қыздың мәйіті табылды. Марқұмның денесін көшедегі адамдар көрген.

    Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция 20 жастағы бойжеткеннің кім екенін анықтады, – деп хабарлады Астана қалалық Полиция департаменті.

     

  • Антикор қызметкеріне пара берген имам қызметінен босатылды

    Антикор қызметкеріне пара берген имам қызметінен босатылды

    Оған қатысты іс ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі, 367-бабының 2-бөлігімен (пара беру) қозғалды.

    «Жергілікті мешіттің бірінде қызмет атқарған Н.-ға туысы С. хабарласады. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Ұйымдастыру-бақылау басқармасының аса маңызды істер жөніндегі офицері-жедел кезекшісі қызметін атқарған ол Н.-ға қатысты қызметтік хаттың бар екенін алға тартады. Сол мақсатта жалған жасалған қызметтік хатты көрсетеді. Онда сотталушы Н. діни теріс ағым өкілдерімен қарым-қатынаста және олардан ақша алып тұрады деген күдік бар екені мәліметтер бар. Оның екі әйелімен бірге тұратыны жазылып, бала-шағасын асырау үшін ақшаны қайдан алатыны және табыс көзі күмән тудыратыны жөнінде көрсетілген. Осындай мәтінмен жазылған хатта ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы орынбасарының атынан қол қойылып, мөр басылғандығы көрсетілген», – деп атап өтті Қызылорда қаласының №2 сотынан.

    Ведомство мәліметінше, өз кезегінде туысы сотталушыға хатта көрсетілген тексеру амалдарын жүргізбеу үшін пара ретінде 2 млн теңге талап еткен. Сотталушы Н. өзінің ешқандай теріс ағым өкілдеріне қатысы жоқ екенін айтып, өз қызметі бойынша құқық қорғау органдары тарапынан тексеруді болдырмау үшін пара ретінде 1 000 000 теңге қолма-қол берген.

    «Алайда, ол өзінің және туысының әрекеті жөнсіз екенін ұғынып, өз еркімен осы қылмыс туралы арыз жазған. Туысы өзінің автокөлігі ішінде алған ақшасын кері қайтарып берген. Бұл жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижесімен құжатталды. Сотталушы Н. ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі, 367-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылды. Ал 367 баптың ескертуінде көрсетілген талапқа сәйкес және ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігі 12)-тармағына сәйкес қылмыстық жауаптылықтан босатылды», – деп толықтырды соттан.

    Бұл жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төмендегіше түсініктеме берді.

    «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкеріне пара бергені үшін кінәлі деп танылған имам биылғы жылғы 12 қыркүйектен бастап жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан шығарылған. ҚМДБ өз қызметкерлерінің жеке өміріне араласпайды. Сондықтан имамның әйелінің саны туралы мәліметтер жоқ. Бұған байланысты ҚМДБ отбасын құру мәселелері бойынша ең алдымен ҚР Конституциясы мен қолданыстағы заңнаманы, сондай-ақ шариғат заңдарын басшылыққа алады. Бұрынғы имамның деструктивті діни ағымдардың өкілдерімен байланысы және олардан ақшасын алу туралы ақпарат жоқ», – деп көрсетілген хабарламада.