Рубрика: Қоғам

  • Журналист Қымбат Досжан «Үркер» ұлттық сыйлығын иеленді

    Журналист Қымбат Досжан «Үркер» ұлттық сыйлығын иеленді

    «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Қазақ радиосы жүргізушісі Қымбат Досжан «Радиостанциядағы үздік жоба» аталымы бойынша «Үркер-2024» жүлдесін иеленді.

    Қымбат Досжан Қазақ радиосындағы «Бармысың, бауырым?» бағдарламасын жүргізеді.

    Қазір Астанада «Үркер»- 2024 Ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтіп жатыр. Байқауға баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы талантты журналистер мен шығармашылық ұжымдар қатысуда. Лауреаттарды марапаттау рәсімі жылдағы үрдіс бойынша «Қазмедиа» орталығында өтуде.  Ұлттық бәйге 12 номинация бойынша ұйымдастырылды. Байқауға барлығы 400 өтінім келіп түсті. Үздік жұмыстарды беделді журналистер мен медиа менеджерлерден құралған қазылар алқасы анықтады.

  • Бүгін – Дүниежүзілік туризм күні

    Бүгін – Дүниежүзілік туризм күні

    Еліміздегі туризм саласына құйылған инвестиция биыл екі есеге өсіп, 390 млрд теңгені құрады. Бүгінде ҚР Туризм және спорт министрлігі арқылы жалпы құны шамамен 400 млрд теңгені құрайтын 61 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Туризм саласындағы жұмыспен қамту 497,7 мың адамға жеткен.

     

    Биыл қаңтар-маусым аралығында 3 млн 431 мың қазақстандық ел ішінде саяхаттаған.

     

    Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, елімізге келетін шетелдік туристердің географиясы жыл сайын кеңейіп келеді. Мысалы, жақын көршілерден бөлек, елімізге мұхиттың арғы бетіндегі мемлекеттерден де саяхатшылар келе бастаған. Шекаралас Ресей мен Қытайдан бөлек Үндістан (53 695 адам), Түркия (30 312), АҚШ (19 597) елдері үздік бестіктің қатарына кірген.

    The New York Times бойынша осы жылы Алматы қаласы үздік 52 туристік бағыт қатарына енді.

    Шығыс Қазақстандағы Қатонқарағай ауданы британиялық Wanderlust журналының Travel Green List атты «жасыл» туризм бағыттарының тізіміне және халықаралық ITB Berlin 2024 туристік көрмесі аясында «Тұрақты туризмнің 100 үздік бағыты» аталымы бойынша 3-орынды жеңіп алды.

    Ал қыркүйекте Астанаға 12 400-ге жуық шетелдік турист келді. Олардың жатын орынға, көлікке, тамақтануға, ойын-сауыққа жұмсаған жалпы шығыны 7,5 млрд теңгені құраған.

  • Қазақстанда санақ жүргізу ережесі бекітілді

    Қазақстанда санақ жүргізу ережесі бекітілді

    Ұлттық статистика бюросы басшысының 2024 жылғы 16 қыркүйектегі бұйрығымен адамдарды интервьюер ретінде тарту және жалпымемлекеттік статистикалық байқаулар мен ұлттық санақтар жүргізу кезінде олардың жұмысын ұйымдастыру қағидалары бекітілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

    Қағидалар бастапқы статистикалық деректерді алу мақсатында адамдарды интервьюерлер ретінде тарту және олардың жұмысын ұйымдастыру және Ұлттық статистика бюросының аумақтық бөлімшелерінің жалпымемлекеттік статистикалық байқаулар мен ұлттық санақтар жүргізуі рәсімдерінің жиынтығын айқындайды.

    Байқаулар аумақтық бөлімшелер жүргізетін кездейсоқ таңдау әдісімен іріктелген респонденттердің және (немесе) үй шаруашылықтарының ерікті қатысу қағидаттарына негізделеді.

    Респонденттерден және (немесе) үй шаруашылықтарынан алғашқы статистикалық деректерді жинау статистикалық нысандарды өз бетінше толтыру және (немесе) арнайы дайындалған интервьюерлердің сауал салуы әдісі арқылы жүзеге асырылады.

    Байқауларда алғашқы статистикалық деректерді жинауды автоматтандыру мақсатында компьютерлендірілген жеке сауал салу жүйесі, ұлттық санақтарды өткізуден басқа жағдайларда пайдаланылады.

    КЖСЖ пайдалана отырып байқау респонденттерге және (немесе) үй шаруашылықтарына сауал салу және мәліметтерді портативті есептеуіш құрылғыға электронды түрде енгізу арқылы жүзеге асырылады.

    Адамдарды интервьюерлер ретінде тарту тәртібі

    Аумақтық бөлімшелерде байқау жүргізу кезінде адамдарды интервьюерлер ретінде тарту мынадай жолдармен жүзеге асырылады:

    • аумақтық бөлімшенің интернет-ресурсына интервьюерлердің бос орындарын жариялау;
    • интервьюердің бос орнына орналасуға тілек білдірген адамдардан өтінімдер қабылдау;
    • аумақтық бөлімшелердің мүдделі құрылымдық бөлімшелерінің қатарынан байқаулар жүргізу кезінде интервьюерлер ретінде адамдарды іріктеу үшін арнайы комиссия құру. Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ болуы және үш адамнан кем болмауы керек;
    • комиссияның адамдардың өтінімдерін білімін есепке алумен (жоғары немесе техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім немесе жалпы орта білім) жұмыс өтілі бойынша талаптарды ұсынусыз қарауы;
    • комиссияның интервьюердің бос орнына орналасуға тілек білдірген үміткерлермен әңгімелесу өткізуі;
    • интервьюер ретінде көпшілік даусымен комиссияның оң шешімін алған адамдармен өтеулі қызмет көрсету шартын жасау. Облыс орталығынан шалғай елді мекеннен интервьюердің бос орнына орналасуға тілек білдірген адамдардан өтінімдер түскен жағдайда комиссия аумақтық статистиканың тиісті қалалық немесе аудандық бөлімшесінде қашықтықтан режимінде әңгімелесу өткізеді (бейнеконференция байланысы арқылы, ол болмаған жағдайда телефон арқылы тілдесу жолымен).
  • Ақтөбе тұрғыны ағзасын 9 млн теңгеге сатпақ болған

    Ақтөбе тұрғыны ағзасын 9 млн теңгеге сатпақ болған

    Ақтөбе облысының прокуратурасы әлеуметтік желі арқылы ішкі ағзасын 9 млн теңгеге сатқысы келген азаматты анықтап, оны қолға түсірді.

    Дереккөзге сүйенсек, «Е» есімді азамат әлеуметтік желіге хабарландыру беріп, ағзасының бірін 9 млн теңгеге бағалаған.

    «25 қыркүйек күні прокурорлар Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен бірге ол адамды қолға түсірді. Қылмыстық кодекстің 116 бабы бойынша тергеу басталды», – деп хабарлайды прокуратура.

  • Солтүстік Қазақстанда тағы 141 ауыл таратылады

    Солтүстік Қазақстанда тағы 141 ауыл таратылады

    Биыл 59 ауылда 77 жобаны іске асыруға 14 млрд теңгеге жуық, оның ішінде шекарадағы 15 ауылға 27 жобаны іске асыру үшін 7 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді. Жобаны іске асыру 160 мыңнан аса ауыл тұрғынын және 1,1 мыңнан аса жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. 2027 жылға дейін жыл сайын кемінде 50 ауылды модернизациялау жоспарланып отыр, – деді әкімнің орынбасары Қанат Дүзелбаев.

    Бұл ретте ол кейбір әкімшілік бірліктер ауыл санатына сәйкес келмейтінін айтты.

    Әкімшілік-аумақтық құрылымды реттейтін заңнамаға сәйкес, ауыл санатына халқының саны 50 адамнан кем емес елді мекендер кіреді. Ал облыста 50 адамнан аз тұрғыны бар 141 ауыл бар. Оның ішінде 45 ауылдың халқы – 10 адамнан аз, 7 ауылдың халқы жоқ.

    Олар сәйкесінше таратылуға жатады. Бүгінде ол ауылдарды тарату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл басқару сапасын жақсартуға және бюджет қаражатын болашағы бар елді мекендерге шоғырландыруға септігін тигізеді, – деп түсіндірді Қанат Дүзелбаев.

  • Ербаян Мұхтарды емдеу үшін Түркияға апарады

    Ербаян Мұхтарды емдеу үшін Түркияға апарады

    Бұл туралы әлеуметтік желіде сарбаздың нағашы ағасы жариялады. Оның айтуынша, Ербаянды Түркияға жеткізу үшін мемлекет арнайы борт шығарған. Түркияға арнайы борт Әзербайжан мен Армения арқылы ұшады. Әзербайжан тарапы рұқсат берген. Қазір Армениядан жауап күтіліп отыр.

    Ербаян Мұхтардың ем-домы Ыстамбұлда жалғасады.

    Жақында Ербаян Мұхтардың әкесі мен шешесі, адвокаты Инга Иманбай Астанадағы Ұлттық баспасөз клубында баспасөз мәслихатын өткізген еді. Сол кезде заңгер Инга Иманбай Ербаянның ісі қазір мүлде жүрмей жатқанын жеткізген.

  • Лифтке тарифті заңсыз көтерген 6 компания жазаланды

    Лифтке тарифті заңсыз көтерген 6 компания жазаланды

    Павлодарда лифтлерге   техникалық қызмет көрсетуге жауапты компаниялар жазаланды.  Олар өзара ымыраласып  тарифті көтерген. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыстық департаменті қолдан қасақана қымбатшылық тудырған алты кәсіпорынды анықтап, олардың әрқайсысына 142 мың теңгеден айыппұл төлеттірді. Ал, тариф бұрынғы қалпында қалды.

     «Картельдік келісім болғанын анықтадықЛифттерді жөндейтін осы алты компания бір мезетте қызмет көрсету ақысын көтеріп жіберген. Біз тексердік. Баға көтеруге еш негіз жоқ екендігін дәлелдедік. Әкімшілік іс қозғалып, жауапкершілік тартылды. Ешқайсысы бұл әрекетімізді теріс деген жоқ», — деді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Бейбіт Молдабеков.

     

     

  • Жоғарғы сот мектепте орамал тағу заңды дегенді жоққа шығарды

    Жоғарғы сот мектепте орамал тағу заңды дегенді жоққа шығарды

    БАҚ-та және және әлеуметтік желілерде Жоғарғы сот мектептерде орамал тағуды заңды деп тапты деген жалған ақпарат тарап жатыр.

    Істі қарау аясында Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы білім беру мекемесінде орамал тағудың заңдылығы жөніндегі мәселені талқылауға араласпаған. Кассациялық саты мектептің оқушыны сабаққа жібермеуін заңсыз деп таныды. Өйткені білім алу құқығы Қазақстан азаматтарының негізгі конституциялық құқығының бірі саналады.

    Сонымен қатар бейінді министрлікте орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту жөніндегі өкілеттіктер бар. Министрдің тиісті бұйрығы заңсыз деп танылмаған және күші жойылмаған, — деп жазылған Жоғарғы сот таратқан хабарламада.

    Сондай-ақ ата-аналар мектеп жарғысы мен мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтау міндетіне жауапты. Бұл ретте ата-аналардың балаларды тәрбиелеу мен білім беру, олардың құқығы мен мүддесін қорғау жөніндегі өздеріне алған және заңда белгіленген, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көзделген міндеттерді орындамауы жауаптылыққа әкеп соғады.

    Бұған дейін Жоғарғы сот хиджабтағы қыздардың құқығын қорғағаны хабарланған еді.

  • «БАҚ дұрыс жеткізбеген»: Жедел жәрдемге қатысты министрлік мәлімдеме жасады

    «БАҚ дұрыс жеткізбеген»: Жедел жәрдемге қатысты министрлік мәлімдеме жасады

    Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Өзгерістер үйде қызмет көрсетуді тоқтатуды білдірмейді, мұны кейбір БАҚ дұрыс жеткізбеді. Керісінше, ол медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға бағытталған, – деді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Айгерім Оразалиева.

    Бұл ретте ол түзетуге жедел жәрдемнің кешігіп келетіні туралы өтініштің көптеп түсуі себеп болғанын қайта түсіндірді. Ведомство талдау жүргізіп, жағдайды жақсарту үшін шешімдер ұсынған. Талдау нәтижелері шақыртулардың 50%-дан астамы шұғылдықтың төртінші санатына жататынын көрсеткен. Бұл емханаларды қоса алғанда, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының (МСАК) бақылауындағы созылмалы аурулары бар пациенттерге қызмет көрсетуді білдіреді.

    Осыған байланысты министрлік Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету стандартына және Жедел медициналық көмек көрсету қағидаларына өзгерістер жобасын әзірлеген.

    Дәрігерді үйге шақыртуларды тіркеуге және үйдегі стационарларды ұйымдастыруға қатысты тармақтар құжаттың құрылымын жақсарту үшін жобаның басқа бөліміне ауыстырылды. Бірақ олар күшінде қалады, – деді ресми өкіл.

    Қысқасы, МСАК-тың медицина қызметкерлері алдыңғы стандарттың шеңберінде үйде көмек көрсетуді бұрынғыша жалғастыра береді.

  • Туған әкесі екі баласын айуандықпен өлтірген

    Туған әкесі екі баласын айуандықпен өлтірген

    Әкесі ұлдарын жалға алынған пәтерге апарып, екеуін де аяусыз өлтіріп, кейін өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенді. Бұл туралы Дина Таңсәрі мәлімдеді. Қанды оқиға Алматы қаласында болған.

    Күдікті әйелімен 17 жыл некеде тұрған. Алайда ер адам соңғы жылдары әйеліне қызғаныштың салдарынан жиі тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен. Қанды оқиғадан кейін ол зайыбына «Енді осымен өмір сүр! Сен оларды өлтірдің!» деп хат жазып қалдырмақ болған.

    «Марқұм балалардың анасының туыстарының айтуынша, қатыгез ер адам тіпті қарт әжелеріне де күш қолданған. Еш жерде жұмыс істемей, әйелін аңдумен болған. Тіпті үйге камералар орнатқан екен. Осылайша, отбасы мүшелерінің өмірін бақылауда ұстауға тырысыпты», — делінген жазбада.

    Қазіргі таңда, қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Мұндай баппен айыпталған адам 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алайда, егер ол психикалық ауруға шалдыққан деп танылса, онда ол жазадан босатылып, мәжбүрлеп емдеуге жіберілуі мүмкін.

    «Ең қорқыныштысы – әкесі бұл әрекетке дайындалған. Ол пәтерді алдын-ала жалға алып, балаларды сол жерге әкеліп, қанды қылмыс жасайды. Оқиғаны видеоға түсіріп, кейін сол видеоны балалардың анасына жіберген. Бұған қоса, өзінің осы әрекетке барғысы келгенін және оның себебі анасы екенін хабарлаған. Бұған дейін оның психикалық ауытқулары немесе өзге де тәуелділіктері туралы мәліметтер болмаған», – деп жазады автор.

    Марқұм балалардың анасы соттың әділ шешімін күтіп отыр. Әділдік орнап, қылмыскер жазасын алады деп үміттенеді. Алайда, егер бұл адам «психикалық ауруға шалдыққан» деп танылса, ол балаларының өліміне жауапкершілік арқаламай, жазадан құтылып кетуі мүмкін.

    Қазіргі таңда бұл іс бойынша психиатриялық сараптама жүргізілуде. Балалардың анасы мен жақындары құқық қорғау органдарына бұл сараптаманы қатаң бақылауға алып, қажет болған жағдайда қосымша сараптамалар тағайындауды талап етуде.

    «Бұл жағдай тек бір отбасының трагедиясы ғана емес, бүкіл қоғамның жан жарасы. Әкесінің өз балаларына осындай айуандыққа баруы адамзаттың қасіреті. Егер ол психикалық ауру ретінде танылып, жазадан құтылса, әділдік пен заң үстемдігіне деген сенімімізге нұқсан келеді. Әрбір жанұяның қауіпсіздігі мен бақытты болашағы үшін мұндай қылмыскерлер жазадан қашпауы тиіс», – деп жазды автор.