Рубрика: Зерттеу

  • Алматыда нарколаборатория ұйымдастырған ер адамға үкім шықты

    Алматыда нарколаборатория ұйымдастырған ер адамға үкім шықты

    Алматыда жасырын нарколаборатория ашқан 35 жастағы ер адам сегіз жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Айыпталушы өткен жылдың қазан айында ұсталған. Ол Медеу ауданындағы жеке секторда есірткі өндіретін жасырын зертхана ұйымдастырған.

    Арнайы операция барысында полиция қызметкерлері 21 келіден астам дайын мефедрон, химиялық реагенттер және өндіріс пен қаптауға арналған жабдықтарды тәркіледі.

    Қалалық Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаевтың айтуынша, сот шешімі заңды әрі әділ.
    — Бұл қылмыс қоғамға елеулі қауіп төндіреді. Полиция осындай фактілерге қарсы жүйелі жұмыс жүргізуде, — деді ол.

    Сондай-ақ полиция өкілдері есірткі жасау және тарату қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салды.

    Айта кетейік, бұған дейін екі шетелдік азамат Қазақстанға 770 келі героин алып өтпек болғаны үшін сотталған еді.

  • Қазақстанда 11 әуежайға қатысты тергеу басталды

    Қазақстанда 11 әуежайға қатысты тергеу басталды

    Қазақстанда 11 әуежайға қатысты тергеу жұмыстары басталды. Бұған авиаотынның қымбаттығы себеп болды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz.-ке сілтеме жасап.

    Ведомство жүргізген талдау халықаралық жолаушылар және жүк тасымалдаушы әуе компанияларына отынның негізсіз қымбат сатылғанын көрсетті.

    «Әуежайлар арқылы отын сату оның құнын 60 пайызға дейін арттырады. Соңғы бес жылда бұл жүк тасымалының 36 пайызға, халықаралық рейстердің 58 пайызға қысқаруына алып келді», – делінген агенттік мәлімдемесінде.

    Сонымен қатар тексерістер екінші деңгейлі көтерме нарықтағы авиаотын жеткізушілерін де қамтиды.

    Бұған дейін Өскемен әуежайында миллиондаған қаржыны жымқыру схемасы анықталғаны хабарланған болатын. Тергеу дерегінше, бес жыл бойы әуежайдың бұрынғы президенті мен лауазымды тұлғалары жалақыны негізсіз өсіріп, жалған сыйақылар тағайындап және жасанды келісімшарттар арқылы қаражатты иемденіп отырған. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 157 миллион теңгені құрады.

  • Хасан Қасымбаев ісі: сот залында жедел жәрдем шақырылды

    Хасан Қасымбаев ісі: сот залында жедел жәрдем шақырылды

    Талғар аудандық сотында «Хуторские» ОПГ жетекшісі ретінде аталып жүрген Хасан Қасымбаевқа қатысты қылмыстық іс қаралуда. Отырыс кезінде айыпталушылардың бірі сырқаттанып, сот залына жедел жәрдем шақырылды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Оқиға түстен кейін Руслан Алиевтің жауап беруі алдында болды. Оның қатты тіс ауруы ұстап, сотта 15 минуттық үзіліс жарияланды. Алайда уақыт созылып, жағдайы нашарлаған соң дәрігерлерді шақыруға тура келді.

    Медициналық бригада Алиевті тексеріп, алғашқы көмек көрсетті. Кейін ол жедел жәрдем көлігіне жеткізілді.

  • Хасан Қасымбаевтың адвокаты судьяға қарсылық білдірді

    Хасан Қасымбаевтың адвокаты судьяға қарсылық білдірді

    Хасан Қасымбаев ісі бойынша өткен сот отырысында оның қорғаушысы Ерлан Мендешев төрағалық етуші судья Айнагүл Тұкубаеваға қарсылық білдірді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке.

    Қорғау тарапының айтуынша, сот істі қарау барысында мінездемелік материалдарды, соның ішінде бейнежазбаларды қоса беруге бірнеше рет рұқсат етпеген.

    «Қорғау тарабы Қасымбаев Ержанның ұялы телефон пайдаланбағанын растайтын материалдарды қосу туралы бірнеше рет өтініш жасағанымен, сот оны қабылдамады. Бейнежазбаны қоса беру туралы өтініш те қанағаттандырылған жоқ. Бұл істің бейтарап қаралмағанын көрсетеді. Сондықтан мен сізге қарсылық білдіремін», — деді адвокат.

    ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 87-бабына сәйкес, егер судьяның бейтараптығына күмән туындаса немесе істің нәтижесіне мүдделілік байқалса, оған қарсылық білдіруге болады. Дегенмен сот тараптардың өтініштерін қабылдамауы немесе сұрақтарды шектеуі қарсылық білдіруге негіз болып саналмайды.

    Бұған дейін сот жәбірленушінің және өзге қатысушылардың айғақтарын БАҚ-та жариялауға тыйым салған болатын.

  • Хасан Қасымбаев ісі: сот БАҚ-қа процестің кейбір материалдарын жариялауға тыйым салды

    Хасан Қасымбаев ісі: сот БАҚ-қа процестің кейбір материалдарын жариялауға тыйым салды

    Талғар аудандық сотында «Хуторлықтар» ұйымдасқан қылмыстық тобының басшысы ретінде аталып жүрген Хасан Қасымбаевқа қатысты қылмыстық іс қаралуда, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Сот отырысының басында судья Айнагүл Тұқубаева жәбірленуші мен басқа да қатысушылардың жауаптарын жариялауға сот тергеуі аяқталғанға дейін шектеу қойды. Оның айтуынша, бұл шешім әлеуметтік желілерде алдыңғы мәліметтердің жариялануы куәлардың болашақтағы жауаптарына әсер етпеуі үшін қабылданған.

    Журналистер сот залынан шығарылып, оларға баспасөз орталығынан онлайн-трансляция ұсынылды. БАҚ өкілдері қатысушылардың тізімі қолжетімсіз екенін айтып наразылық білдірген. Кейін соттың баспасөз қызметі толық тізімді ұсынып, Қасымбаевтың бес қорғаушысы бар екені анықталды.

    Қылмыстық іс аясында адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және қорқытып алу фактілері қаралуда. Жәбірленушілер ретінде ММА спортшысы әрі бапкер Арман Алимов және Арипжан Тәжіев танылды. Прокурор Алимов алған жарақаттарға қатысты сараптама қорытындысын оқып берді. Ал Қасымбаев өз кінәсін мойындаған жоқ.

    Айта кетейік, Қасымбаев 2024 жылғы 5 қарашада қамауға алынған. Оның есімі Талғарда болған Шерзат Болаттың өліміне қатысты істе де аталған еді.

  • БҚО-да 6 жастағы қызды ұрлап, зорлаған күдікті ұсталды

    БҚО-да 6 жастағы қызды ұрлап, зорлаған күдікті ұсталды

    22 тамыз күні Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауылында ауыр оқиға болды, деп хабарлайды Sona.kz БҚО Полиция департаментіне сілтеме жасап.

    Тергеу дерегінше, анасы қызымен үйге қайтып келе жатқанда жолда таныс ер адамды кездестірген. Ол баласына балмұздақ әперуді ұсынған. Алайда бірнеше сағат өткен соң қыз оралмаған. Осыдан кейін ата-анасы полицияға жүгінген.

    23 тамызда полицейлер 32 жастағы күдіктіні қолға түсірді. «Ол қыздың қай жерде екенін көрсетті. Балаға медициналық және психологиялық көмек көрсетілді», – деді ПД баспасөз қызметі.

    Белгілі болғандай, күдікті екі жыл бұрын ұрлық жасағаны үшін түрмеден шыққан. Қазір ол кәмелетке толмағанға қатысты зорлау дерегі бойынша қылмыстық жауапқа тартылуда.

  • Қуандық Бишімбаевтың ағасы амнистияға ілікті

    Қуандық Бишімбаевтың ағасы амнистияға ілікті

    Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сотталған Қуандық Бишімбаевтың ағасы Бақытжан Байжановқа амнистия қолданылды, деп хабарлайды Sona.kz Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Ресми дерекке сәйкес, Бақытжан Байжановқа тағайындалған жаза мерзімі қысқартылып, ол енді колонияда 1 жыл 4 ай 17 күн өтейді. Соттың шешімі заңды күшіне енді.

    Еске салсақ, Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал оның ағасы істі жасырып қалғаны үшін бастапқыда 4 жылға сотталған болатын.

  • «Қазақ Робин Гуды» ісі: алғашқы жәбірленуші сотта куәлік берді

    «Қазақ Робин Гуды» ісі: алғашқы жәбірленуші сотта куәлік берді

    Алматыда Ілияс Сариевке қатысты сот процесінде алғашқы жәбірленуші куәлік берді. Ол өзін «Қазақ Робин Гуды» деп атаған Сариевке қарсы істе жәбірленуші ретінде танылды, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Гүлбахор Туреева отбасында бес мүгедекті бағып отырғанын айтып, Сариев алғашында оларға пәтер алып беруге уәде еткенін жеткізді. Кейіннен ол әйелден құжат рәсімдеуге және басқа да шығындарға ақша сұрай бастаған. Барлығы шамамен 800 мың теңге берілген.

    Айыптау тарабы Сариев пен оның сыбайласы Актоты Дүйсееваның әрекеттерінен 26 эпизод анықталғанын, жәбірленушілердің жалпы саны – 26 адам екенін мәлімдеді. Зиян көлемі шамамен 25 млн теңгені құрайды.

    Сот процесі 4 қыркүйекке шегерілді. Сариев айыбын тек алты эпизод бойынша ғана мойындады, ал Дүйсеева да кейбір істер бойынша кінәсін жартылай мойындаған.

  • Алматыда блогер Ілияс Сәриевке 26 алаяқтық эпизод бойынша айып тағылды

    Алматыда блогер Ілияс Сәриевке 26 алаяқтық эпизод бойынша айып тағылды

    Алматыда «Елге көмек» қорының жетекшісі әрі өзін «Қазақ Робин Гуды» деп таныстырған блогер Ілияс Сәриев пен оның сыбайласы Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот процесі жүріп жатыр, деп хабарлайды Sona.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

    Тергеу дерегінше, айыпталушылар әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратып, қайырымдылық көмектің атын жамылып, азаматтардың қаржысын иемденген. Қылмыстық істе барлығы 26 эпизод бар.

    Бір жағдайда шетелде ем қабылдау үшін 35 млн теңге іздеген әйел блогерден көмек сұраған. Сәриев қаражат жинау үшін 1,5 млн теңге талап етіп, оның бір бөлігін алған.

    Сонымен қатар, айыпталушылар қажылық сапарына элиталық жағдайдағы бөлмелермен небәрі 500–600 мың теңгеге жолдама ұсынған. Нәтижесінде бір әйел 1 млн теңгеден астам қаржысынан айырылды.

  • ММА спортшысы Хасан Қасымбаевқа қарсы сотта куәлік берді

    ММА спортшысы Хасан Қасымбаевқа қарсы сотта куәлік берді

    Талғар аудандық сотында қылмыстық топ жетекшісі деп танылған Хасан Қасымбаевқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Сотта жәбірленуші, ММА спортшысы әрі жаттықтырушы Арман Әлиев куәлік берді. Ол 2021 жылы өзіне жасалған шабуылдың қалай өрбігенін егжей-тегжейлі баяндап берді.

    Әлиевтің айтуынша, дүкен жанында оған бес адам бірден шабуыл жасаған. Дайын тұрған көлікке күштеп отырғызып, Талғардан тысқары жерге апарып, бейсбол таяқтарымен ұрып-соққан.

    «Оянғанда көліктің артқы орындығында болдым. Аяғымды Руслан ұстап тұрды, денемді Мадияр, басымды Актанов қысып тұрды. Олар мені далаға шығарып, сұрақ қоя бастады. Султанбеков пен Аскаров бейсбол таяқтарымен ұрды», – деді спортшы.

    Жәбірленушінің сөзінше, оқиға кезінде бір күдікті — Мадияр Қалимжанов — киімін шешіп, атыстан алған жарақатын көрсеткен. Ол Әлиевті 2020 жылы Еңбекшіқазақ ауданындағы атысқа қатысы бар деп айыптап, түсініктеме талап еткен.

    Сонымен қатар Әлиев сотта Қасымбаевтың оқиға орнына келгенін айтты:
    «Актанов оған қоңырау шалып, не істеу керегін сұрады. Біраздан соң Қасымбаев көлікпен келді. Машинадан түспей, терезені түсіріп: “Жетер, кеттік, әшкере болдық, құқық қорғаушылар келе жатыр” деді. Содан бәрі тез көлікке отырып, кетіп қалды», – деді ол.

    Жәбірленуші кейін таныс таксистке хабарласып, сол арқылы үйіне жеткен.