Рубрика: Зерттеу

  • Таразда балабақша қызметкері бүлдіршінді ұрған сәт видеоға түсіп қалды

    Таразда балабақша қызметкері бүлдіршінді ұрған сәт видеоға түсіп қалды

    Әлеуметтік желілерде Тараздағы балабақшалардың бірінде болған оқиғаға қатысты бейнежазба тарады. Кадрларда балабақша қызметкері балаға көк түсті пакетпен басынан қатты соққы жасағаны көрінеді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Соққыдан кейін бүлдіршін басын ұстап шегініп кетеді. Кейінгі сәттерде баланың бас терісі жарылғаны байқалады.

    Жамбыл облысы полиция департаменті хабарлағандай, жасөспірімді ұрып-соғу дерегіне байланысты ҚР ҚК-нің 140-бабы («Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

    «Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде: сараптамалар тағайындалды, куәгерлерден жауап алынуда, болған жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр. Тергеудің барысы департамент басшылығының бақылауында», – делінген полиция хабарламасында.

    Айта кетейік, бұған дейін Алматыда баланы қылқындырып, соққы жасаған 20 жастағы тәрбиеші төрт жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сондай-ақ Павлодар мен Астанада да балаларға дөрекілік көрсеткен балабақша қызметкерлеріне қатысты істер сотта қаралған еді.

  • Ақтөбеде бейресми делдал алаяқтық жасағаны үшін жазаланды

    Ақтөбеде бейресми делдал алаяқтық жасағаны үшін жазаланды

    Ақтөбеде көлік тіркеуге көмектесемін деп, бірнеше азаматты алдап кеткен ер адам сотталды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Тергеу деректеріне сүйенсек, ол 2023 жылдың мамыр айында мамандандырылған ХҚКО-да жәбірленушілердің біріне жолыққан. Құжат рәсімдеуге көмектесемін деп уәде беріп, 665 мың теңге талап еткен. Оның 450 мыңын қолма-қол, қалған 215 мыңын банк қосымшасы арқылы алған. Алайда алған қаражатын жеке мақсатқа жұмсап, уәдесін орындамаған.

    Осы әдіспен ол тағы төрт азаматты алдап, жалпы шығын көлемі 3 миллион 360 мың теңгеге жеткен.

    Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтты. Оның кінәсі жәбірленушілердің айғақтары мен ақша аударымдары арқылы дәлелденді. Сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

  • Алматыда “Sim-box” жабдығын пайдаланған 18 жастағы ресейлік ұсталды

    Алматыда “Sim-box” жабдығын пайдаланған 18 жастағы ресейлік ұсталды

    Алматыда алаяқтар қолданатын “Sim-box” жабдығы тәркіленді. Құқық қорғаушылар 18 жастағы Ресей азаматына қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Sona.kz Nur.kz сілтеме жасап.

    Ведомство мәліметінше, жабдық Бәйтереков көшесіндегі пәтерден табылған. Тінту кезінде “Sim-box”, қазақстандық байланыс операторларының 300-ден астам SIM-картасы және өзге де техникалық құралдар алынды.

    “Sim-box” құрылғылары телефон нөмірлерін ауыстыру, жаппай қоңырау шалу және хабарлама тарату үшін қылмыстық мақсатта қолданылады.

    Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 213-бабы (“Абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын өзгертуге мүмкіндік беретін бағдарламаларды заңсыз пайдалану”) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл бап 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

    Бас прокуратураның дерегінше, биыл Алматыда осындай жеті іс сотқа жолданып, төртеуінде үкім шыққан.

    Құқық қорғаушылар азаматтарды банк картасы деректері мен кіру кодтарын бөгде адамдарға бермеуге шақырады.

  • Шымкентте әкім орынбасарына жасалған қастандық ісі бойынша сот отырысы жалғасуда

    Шымкентте әкім орынбасарына жасалған қастандық ісі бойынша сот отырысы жалғасуда

    Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Қорғаушы тарап бірқатар өтінішхат білдірді. Атап айтқанда, олар оқиға орнын қарау хаттамасын және екі куәгердің айғақтарын дәлелдер қатарынан алып тастауды сұрады. Айтуларынша, криминалист белгілерді ресми қарау басталмай тұрып қойған. Сот өтінішті қарауға қабылдады, алайда құқықтық баға үкім шығару кезінде берілетінін айтты.

    Сондай-ақ, қорғаушылар екі сарапшының қорытындысын алып тастауды талап етті, себебі олардың пікірінше, сараптамаға жіберілген гильзалар қорытындыдағы деректермен сәйкес келмейді. Айыпталушының әкесі тергеуші сараптамаға тек көйлек пен аяқ киім тапсырғанын, ал оқ-дәрілер берілмегенін жеткізді. Ол сонымен қатар, екі папка медициналық тарихты сұрату жөнінде өтініш жасады.

    Прокурор Бауыржан Қараманов өтініштерді қанағаттандырмауды сұрап, оқиға орнын қарау қылмыстық іс қозғалғанға дейін жүргізілуі мүмкін екенін атап өтті.

    Сотта қылмыс жасалғаннан кейін шамамен 21:10-да белгілердің қойылған сәті бейнетаспа арқылы көрсетілді. Бұдан бөлек, Берденовке жасалған қастандық сәті түсірілген бейне және тәркіленген айғақтар ұсынылды.

    Еске салайық, оқиға 21 сәуірде қалалық әкімдік ғимараты маңында болған. Жәбірленушінің мүддесін Жеңіс Тыныбек қорғап отыр. Оның айтуынша, денсаулығы түзелген соң Руслан Берденов сотта жеке өзі куәлік бермек.

    Отырыста жаңа куәгерлер — құрылыс басқармасының бас маманы, әкім орынбасарының көмекшісі, бұрынғы сәулет және қала құрылысы басқармасының инспекторы және айыпталушының досы тыңдалды. Куәгерлердің бірі айыпталушы мылтықты қайда және қалай тексергенін айтып берді.

    Айыпталушы, оның әкесі және куәгерлердің ешқайсысы сот залында фото және бейнетүсірілімге келісім бермеді.

    Қазір іс бойынша Қаратау аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Рауан Жеңісбек жауап беруде. Келесі отырыстарда қалған куәгерлердің сөзі тыңдалып, жазбаша айғақтар зерттелуі күтілуде.

  • Түркістан облысында блогер 6,9 мың доллар бопсалау кезінде ұсталды

    Түркістан облысында блогер 6,9 мың доллар бопсалау кезінде ұсталды

    Түркістан облысында полиция Шымкент қаласының тұрғыны, блогер Рустем Ашетаевты жергілікті кәсіпкерден ақша бопсалады деген күдікпен ұстады, деп хабарлайды Sona.kz t.me/prokadrykz-ке сілтеме жасап.

    Тергеу дерегінше, күдікті жәбірленуші жайлы беделіне нұқсан келтіретін ақпаратты әлеуметтік желіде жариялайтынын айтып қорқытқан. Алдымен ол кәсіпкерден 2 мың АҚШ долларын алған. Кейін тағы 4 млн теңге талап еткен.

    УБОП қызметкерлері блогерді қаладағы дәмханалардың бірінде 6 900 АҚШ долларын алу сәтінде қолға түсірген. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда.

  • Жетісуда ер адамдардан жалған таныстық арқылы ақша бопсалағандар ұсталды

    Жетісуда ер адамдардан жалған таныстық арқылы ақша бопсалағандар ұсталды

    Жетісу облысында полицейлер әлеуметтік желі арқылы ер адамдармен танысып, оларды бопсалаған қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Sona.kz ҚР ІІМ-ге сілтеме жасап.

    Тергеу дерегінше, 2024 жылдың мамырында бірнеше қыз Талдықорған тұрғындарынан ақша алудың заңсыз жолын таңдаған. Алдымен олар мессенджерлерде сөйлесуді интим тақырыпқа жеткізген. Кейін сыбайласы хабарласып, жәбірленушіні кездесуге шақырған. Сол жерде ер адамға зорлау, «жүктілік» немесе кәмелетке толмағанмен байланыс туралы арыз жазатынын айтып қорқытқан.

    Салдарынан қылмыскерлер 350 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін ақша алған. Бір жағдайда олар өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, күш қолдана отырып 500 мың теңгені иемденген.

    Барлығы 11 жәбірленуші мен 9 күдікті анықталды. Олардың барлығы қамауға алынды.

  • Шымкенттің бас сәулетшісін ҰҚК ұстады

    Шымкенттің бас сәулетшісін ҰҚК ұстады

    Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешовті бөтеннің мүлкін иемденді деген күдікпен ұстады. Істі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеп жатыр, Sona.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

    Әбдешов биыл ақпанда басқарма басшысы қызметіне тағайындалған. Бұл кезде қала әкімінің орынбасары болып Руслан Берденов қызметке келген еді. Ұстау оқиғасы қала әкімдігінің «Тұрғын үй Шымкент» компаниясы директоры Ернар Жиембайға қатысты әкім орынбасарына қастандық жасау ісі бойынша сот процесімен тұспа-тұс келді. Қазір аталған компанияда аудит жүргізілуде.

    Бұған дейін сотта құрылыс басқармасының қызметкері Берденов бірнеше рет жиын өткізіп, Антикор мен Экономикалық тергеу департаменті тарапынан тексеру болатынын ескерткенін айтқан. Бұл оқиғалардың өзара байланысы әзірге белгісіз.

  • Алматыда сейфті чемоданға салып ұрлаған ер адам ұсталды

    Алматыда сейфті чемоданға салып ұрлаған ер адам ұсталды

    Алматыда полицейлер жеке үйден қомақты қаржы салынған сейфті ұрлады деген күдікпен 33 жастағы ер адамды ұстады. Күдікті сейфті алып шығу үшін чемоданды пайдаланған, деп хабарлайды Sona.kz Алматы қалалық ПД-не сілтеме жасап.

    Полиция мәліметінше, бейнебақылау камераларынан ер адамның сейфті чемоданға салып алып бара жатқаны анық көрінеді. Тергеу барысында оның тағы бір осындай қылмысқа қатысы болуы мүмкін екені белгілі болды.

    «Анықталғандай, ол ұрлықты тек түнде жасаған және қаладағы басқа аудандарда да әрекет еткен болуы ықтимал. Қазір барлық деректер тексерілуде. Бұған дейін күдікті ұрлық үшін сотталған. Қазіргі таңда ол қамауда отыр», — деді Алатау ауданы ПБ полиция бөлімінің орынбасары Асет Көпешбаев.

  • Костенко шахтасындағы жарылыс: айыпталушыларға ең жоғарғы жаза сұралды

    Костенко шахтасындағы жарылыс: айыпталушыларға ең жоғарғы жаза сұралды

    Қарағандыда 2023 жылдың күзінде 46 кенші қаза тапқан Костенко атындағы шахтадағы жарылыс ісі бойынша жарыссөз басталды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Айыпталушылар орындығында — шахтаның басшылары мен инженерлік-техникалық қызметкерлері бар 10 адам. Тоғыз айыпталушы қамауда, біреуі — қолхатпен босатылған. Оларға ҚК 277-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылған — кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу, адам өліміне әкелу.

    Мемлекеттік айыптаушылар Әділ Садыков пен Бекзат Аширбеков ең жоғарғы мерзім сұрады: 8 жыл — шахтаның үш басшысына, 7 жыл — бес маманға, 6 жыл — желдету және қауіпсіздік учаскесінің бастығына. Прокурорлар қамауда өткен 1 жыл 8 айды жаза мерзіміне қосуды ұсынды, бұл шамамен 3,5 жылға тең.

    Тергеу дерегінше, шахтада метан концентрациясы жиі асып кеткен, өрттер болған, жабдық жөндеусіз қолданылған, ал жарылыстың алдын алатын жүйелер іске қосылмаған. Прокуратураның айтуынша, айыпталушылардың кінәсін 250-ден астам куәгердің жауабы, сараптамалар және комиссия актілері дәлелдейді.

  • «Өлемін не болмаса өлтіремін»: Шымкентте айыпталушының сөзі жарияланды

    «Өлемін не болмаса өлтіремін»: Шымкентте айыпталушының сөзі жарияланды

    Шымкентте куәгер әкім орынбасарына қоқан-лоққы жасалған қоңырау жайлы айтты

    Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша сотта жәбірленушінің көмекшісі Талап Рахымбердиевтен жауап алынды, деп хабарлайды Sona.kz Informburo.kz сайтына сілтеме жасап.

    Оның айтуынша, айыпталушы Ернар Жиембай әкімдіктегі кездесуден кейін қоңырау шалып, Берденовпен сөйлесуді талап еткен. Кейін ол оның үйіне бармақ ниетін білдірген. Ал құрылыс нысандарын бақылау бөлімінің инспекторы Асанбай Ақментаевқа: «Өлемін не болмаса өлтіремін» деген.

    Жиембай сотта сөзінің агрессивті болғанын мойындап, бірақ тек қорқытқысы келгенін айтты. Айыпталушының айтуынша, жанжал Берденовтың оның жұбайына қатысты әрекеттерінен шыққан.

    Тергеу мәліметінше, Жиембайды бұрын жұмыстан босатпақ болған. Сот отырысы жалғасуда.