Рубрика: Зерттеу

  • «Қазтелекомға» қатысты тергеу басталды

    «Қазтелекомға» қатысты тергеу басталды

    Қазақстанның Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Қазтелекомға» қатысты тергеу жүргізуді бастады, деп хабарлайды Sona.kz ZTB арнасына сілтеме жасап.

    Ведомство дерегінше, 2024 жылы компания интернет-пакеттердің тарифін 20%-ға дейін қымбаттатқан. Атап айтқанда, жылдамдығы 100, 200 және 500 Мбит/с топтамалардың бағасы көтерілген. Агенттік бұл әрекет монополиялық жоғары бағаның белгісі болуы мүмкін деп отыр.

    Сонымен бірге, басқа операторлардың нарыққа шығуына кедергі келтірген бірқатар тосқауылдар анықталды. Мысалы, тұрғын үйлерге интернет тарту қиынға соққан, ал кабельдік канализацияға қол жеткізу үшін заңда қарастырылмаған төлем алынған.

    АЗРК араласқаннан кейін «Байланыс туралы» заңға түзетулер енгізіліп, виртуалды операторлардың қызметін жеңілдетуге және радиожиіліктерді бөлу бойынша сауда-саттыққа қатысуына мүмкіндік берілді.

    «Сондай-ақ, ұялы байланыс қызметтерінің бағасына талдау жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде монополиялық жоғары баға қою белгілері анықталды. Қазіргі таңда ұялы байланыс операторы бойынша да тергеу тағайындау мәселесі қарастырылып жатыр», – делінген агенттік хабарламасында.

  • Алматыда белгілі тележүргізушінің анасынан дәрігер ақша талап етті

    Алматыда белгілі тележүргізушінің анасынан дәрігер ақша талап етті

    Алматыдағы Ұлттық хирургия орталығында жанжал шықты. Белгілі тележүргізуші Айнұр Ильясова анестезиологты пара талап етті және науқасқа қысым көрсетті деп айыптады, Sona.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап хабарлайды.

    Ильясованың айтуынша, 18 тамызда клиникаға түскен анасы 20 тамызда ота жасатқан. Бірақ отадан кейін анестезиолог туыстарынан ақша талап етіп, кейін палатаға келіп, психологиялық қысым көрсеткен.

    «Анестезиолог менің нөмірімді тек төтенше жағдай үшін пайдалану керек еді. Бірақ ол ақша талап етіп жазды. Мен директорға шағымданған соң, сол дәрігер қайтадан анама келіп, мені тыныштандыруды сұрады», – деді тележүргізуші.

    Оқиға әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырды. Желі қолданушылары мемлекеттік клиникаларда дәрігерлердің ақша талап ететіні жиі кездесетінін жазып жатыр.

    Қазір науқастың туыстары тергеу жүргізіп, кінәлі дәрігерді жауапқа тартуды талап етуде.

  • Ақтаудағы әке балаларын өгей әкесінің қорлығынан қорғады

    Ақтаудағы әке балаларын өгей әкесінің қорлығынан қорғады

    Ақтау тұрғыны Тұрал Латифов әлеуметтік желіде бейнежазба жариялап, кәмелетке толмаған балаларына бұрынғы жұбайының отбасында көрсетілген зорлық-зомбылық жайлы айтты, Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

    Оның сөзінше, ажырасқаннан кейін 6 және 9 жастағы екі баласы анасымен бірге тұрып келген. Латифовтың айтуынша, өгей әкесі қызына қорлық көрсетіп, оқи алмайтыны үшін басын суға толы шелекке батырған.

    Әкесі балалардың жүйелі түрде ұрып-соғуға және психологиялық қысымға ұшырағанын жеткізді. Бұрынғы әйелінің алғашқы некесінен туған ұлы да үйден қашып шығып, болған жағдайды айтқан. Латифов құқық қорғау органдарына және қамқоршылық қызметіне жүгінгенін, балалардың өмірі мен денсаулығына алаңдайтынын атап өтті.

    Қазіргі таңда екі бала әкенің жанында, бұл шешімді қамқоршылық органдары қабылдаған. Маңғыстау облысы полиция департаменті кәмелетке толмағанды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Тергеу облыстық полиция басшылығының бақылауында.

  • Жиембай айыптауды өзгертуге талап қойды

    Жиембай айыптауды өзгертуге талап қойды

    Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасады деп сотталған Ернар Жиембай үкімге келіспейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

    Оның айтуынша, ол тоғыз жылға бас бостандығынан айыру жазасын өтеуге дайын, бірақ айыптауды қайта саралауды талап етеді. Жиембайдың сөзінше, әрекеті кісі өлтіруге оқталу емес, ҚК-нің 106-бабы бойынша «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» ретінде қаралуы тиіс.

    «Тоғыз жыл болса да, әділ баппен болсын – кісі өлтіру ниетінсіз. Өйткені бұл іс аяқталған қылмыс: ауыр зиян келді, бірақ биологиялық өлім болған жоқ», — деді ол.

    Сондай-ақ Жиембайдың айтуынша, жанжал Берденовпен болған жеке кикілжіңнен туындаған. Оның сөзінше, шенеунік өзін балағаттап, жағасынан алып, түрмеге отырғызатынын айтқан.

    Апелляциялық шағым түсіру жоспары туралы сұраққа Жиембай әзірге жауап бере алмайтынын айтты. Ал жәбірленуші Руслан Берденовтің адвокаты пікір білдіруден бас тартты.

  • Күніне 2000 қоңырау: алаяқтардың айласы әшкереленді

    Күніне 2000 қоңырау: алаяқтардың айласы әшкереленді

    Алматыда құқық қорғау органдары шетелдік интернет-алаяқтарға жәрдем берді деген күдікпен екі азаматты ұстады, деп хабарлайды Sona.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

    Тергеу мәліметінше, ұсталғандар шетелдік сыбайластарымен сөз байласып, интернет-алаяқтық схемасын жүзеге асыруға құқықтық көмек көрсеткен. Осы тәсіл арқылы қазақстандықтарға күніне 2000-ға дейін қоңырау шалынып, олардың қаржысын иемдену мақсаты көзделген.

    Күдіктілер 19 тамыз күні полиция мен ҰҚК қалалық департаменті қызметкерлерінің қатысуымен арнайы операция барысында қолға түсті. Операцияға «Қазақтелеком» компаниясы қолдау көрсетті.

    Прокуратура азаматтарға бейтаныс адамдардың қоңырауларына сенбеуді және жеке деректер мен банк реквизиттерін хабарламауды ескертті

  • «Күтпеген жүк»: Алматы әуежайында шетелдік қолға түсті

    «Күтпеген жүк»: Алматы әуежайында шетелдік қолға түсті

    Алматы халықаралық әуежайында Пхукеттен ұшып келген 42 жастағы шетелдік ұсталды. Оның сөмкесінен есірткі табылды, деп хабарлайды Sona.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

    ІІМ дерегінше, жолаушының жүгінен жалпы салмағы 3 келіден асатын кептірілген марихуана салынған алты пакет анықталған. Тергеу мәліметіне сай, ол Бангкокта бейтаныс адамдардан сыйақы үшін жүк алып, оның құрамын тексермей Қазақстанға жеткізген.

    Полиция азаматтарды бөтеннің затын тасымалдаудан бас тартуға шақырды. Мұндай әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке, соның ішінде ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ әуежайларда күмәнді жағдайға тап болған жолаушыларға бірден полицияға жүгіну ұсынылады.

  • Ернар Жиембай 9 жылға сотталды

    Ернар Жиембай 9 жылға сотталды

    Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша үкім шығарды, Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлайды.

    Сот шешімімен Ернар Жиембай 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ және апелляция тәртібімен шағымдануға болады.

    ? Еске сала кетейік, Руслан Берденовке қастандық 2023 жылдың тамызында жасалған болатын. Қала әкімінің орынбасары аман қалып, сотта куәлік берген еді.

  • Шерзат ісі: апелляциялық сот куәгерге қатысты қаулыны өзгеріссіз қалдырды

    Шерзат ісі: апелляциялық сот куәгерге қатысты қаулыны өзгеріссіз қалдырды

    Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасы Шерзат ісі бойынша куәгер Дана Жақсылгелдіге қатысты шығарылған жеке қаулыны өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Отырыс барысында сегіз сотталушыға қатысты материалдар қаралды. Сонымен қатар қылмыс орнында болған куәгерлер — Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсылгелдіге қатысты қаулы талқыланды.

    Апелляция Юлдаш Рузбакиев пен Арлан Қазекеновке де қатысты болды. Сот олардың қылмысқа қатыстылығын тексеру тергеу органдарының құзыретінде екенін атап өтті.

  • Астанада Назарбаев Университетінің жатақханасында тағы бір қыз қайтыс болды

    Астанада Назарбаев Университетінің жатақханасында тағы бір қыз қайтыс болды

    Астанадағы Назарбаев Университетінің жатақханасында қайғылы оқиға орын алды, деп хабарлайды Sona.kz t.me/kriminal_kazakhstan-ға сілтеме жасап.

    15 тамыз күні 22 жастағы қала тұрғыны 12-қабаттан құлап кеткен. Полиция мәліметінше, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
    “Қазіргі таңда барлық мән-жай анықталып жатыр. Алдын ала дерекке сәйкес, қыз жатақхананың 12-қабатынан құлап кеткен”, – делінген полиция хабарламасында.

    Еске сала кетейік, маусым айында дәл осы жатақханадан тағы бір студент қыздың мәйіті табылған еді. Ол кезде іс «Өзiн-өзi өлiмге итермелеу» бабымен тергелген болатын.

  • Берденов ісіндегі судьяның әрекетіне тексеріс тағайындалды

    Берденов ісіндегі судьяның әрекетіне тексеріс тағайындалды

    Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісін қарап жатқан төрағалық етуші судья Абинур Карабаевтың әрекетіне қатысты тексеріс басталды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Сот процесі барысында судья Карабаевтың журналистке тілін көрсеткен сәті бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желілерде тарап кеткен.

    Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі редакция сауалына берген жауабында бұл әрекет мұқият тексерілетінін атап өтті.
    “Абинур Карабаевтың сот отырысы кезіндегі әрекеттері Судьялық әдеп кодексін бұзу-бұзбау тұрғысынан қаралады”, – делінген ресми жауапта.

    Қызметтік тексерістің нәтижелері Судьялық әдеп жөніндегі комиссияға жолданады. Егер судьяның әдепке қайшы әрекеті дәлелденсе, материалдар Жоғары сот кеңесі жанындағы Судьялық жюриге берілмек.

    Айта кетейік, Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша сот процесі өтіп жатыр. 18 тамызда аман қалған шенеунік сотта куәлік берген еді.