Абзал Шынасылдан жауап алынған сот отырысынан кейін тікелей эфирде күмәнді диалог жазылып қалды. Сотқа қатысушылар залдан шығып жатқан сәтте эфирден:
– Көзіме жас келе жаздады, дұрыс сөйледім бе?
– Саған көп сұрақ қоймайды, уайымдама, сөйлесіп қойғанмын,
– деген әңгіме естілді. Бұл жайт әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.
Рубрика: Зерттеу
-

Шерзат соты: Соттан кейінгі күмәнді диалог жұртты шулатты
-

Абзал Шынасыл: «Пышақты төс қалтадан алып, үш рет тықтым»
Шерзат Болаттың өліміне қатысты сотта күдікті Абзал Шынасылдың оқиға орнында түсірілген видеосы көрсетілді. Видео жасөспірім қаза тапқаннан кейін, 4 қазан кешінде жазылған.
Шынасыл тергеушілермен бірге «Қамажай» дүкені жанында болған жайттарды баяндады. Ол алғашқыда мылтықпен атқан Нұрғанатты ұрып, кейін біреудің мылтықты тартып алғанын, сол сәтте бір жасөспірім құлап, біреуі «жедел жәрдем» деп айғайлағанын айтты.
«Сол жерде қара сақалды баланы тептім, ұрдым. Кейін төбелес басталып кетті», – деді күдікті.
Бастапқыда ол тек Нұрғанатты пышақтағанын айтқанымен, видеода Шерзатқа қатысты ештеңе демейді. Алайда кейінгі кадрда:
«Құлаған кезде төс қалтадан пышақты алып, ұшынан ұстап, жамбасына үш рет тықтым. Сосын “кеттік” дегенде машинаға отырдық», – деп мойындайды.Шынасыл оқиға кезінде өзгелердің қолында пышақ болмағанын да айтқан.
Кейін ол Шерзат Болатты өлтіргенін ресми түрде мойындады.
-

Шынасыл: «Шерзатты өлтірмедім, кінәні өзара бөлісуді келісіп алдық»
Ол кінәні ішінара мойындап, пышақ жарақатын ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевқа жасағанын, ал Шерзатты өлтірмегенін мәлімдеді.
«Ол құлаған кезде ұрып, тептім. Бірақ Шерзатты кім пышақтағанын білмеймін. Полицияда айтуға мәжбүр етті. Кейін этаппен Қонаевқа апара жатқанда Равиль, Шыңғыс, Азаматпен өзара келісіп алдық: мен – Шерзатты, Шыңғыс – Нұрғанатты мойнына алады. Жазам жеңілдейді деп ойладым», – деді Шынасыл.
Оқиға күні ол достарымен кафеде болып, кейін Нұрбол Тоқтаубаевтың қоңырауынан соң дүкен жанына барған. Айтуынша, Нұрғанат Ғайыпбаев оған оқ атқан.
Пышақты жанармай бекетінде шабуылдан кейін өзімен алып жүргенін жеткізді.
Абзал Шынасыл бұған дейін берген айғақтарынан толықтай бас тартты.
-

Шерзат ісі: Адвокатқа жедел жәрдем шақырылды
Шерзат Полаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сотта жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеевтің жағдайы күрт нашарлады. Қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем шақырылған.
Адвокаттың жағдайы тұрақталып, сот отырысына қайта қатысып отыр. Процесс жалғасып жатыр.
-

«Шатастырып Шерзатты ұрып жібердім»: Белғожаев кінәсін мойындады
Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта Шыңғыс Белғожаев жауап берді. Ол бастапқыда мылтық атқан Нұрғанатты ұру үшін барғанын, бірақ шатасып Шерзатты ұрып жібергенін айтты.
«Мен Нұрбол пышақпен жүрген адамдар барын айтты деп бәкімді алдым. Шерзатты емес, Ғайыпбаевты ұрам деп бардым. Бірақ бейнежазбадан Шерзатты ұрып жібергенімді білдім», — деді Белғожаев.
Сотта бейнежазба көрсетілген соң, ол отырған Шерзатты тепкенін растады. Прокурор шатасу мүмкін емес екенін айтқанда, Белғожаев: «Қараңғы болды, анасын байқамадым», — деп жауап берді.
Бұған дейін ол Шерзатты бәкінің сабымен ұрғанын айтқан. Бұл жолы бәкімен ұрмағанын айтты. Алайда сот оның бұрынғы мойындаған бейнежазбасын көрсетті.
Сондай-ақ ол «Чика» деген лақап аты барын жоққа шығарды. Прокурор Нұрболат Тоқтаубаевтың оны «Чина» деп атағанын еске салды.
-

«Мылтықпен ұрған – мен»: Нұрқияс Ілиясов кінәсін мойындады
Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта Нұрқияс Ілиясов Ғайыпбаевты мылтықтың сабымен ұрғанын мойындады. Ол атыс кезінде мылтықты тартып алып, соққы жасағанын ашық айтты.
«Ғайыпбаев мылтықты оқтап жатты. Бірінші оқты ауаға атты, екіншісі бізге қарай кетті, үшіншісін көз алдымда салды. Сол кезде қолындағы мылтықты тартып алдым да, сабымен ұрдым», — деді Ілиясов.
Ал оның әлеуметтік желідегі «Калашников» мылтығымен түскен суреті мен «Хутор» жазбасына қатысты сұраққа ол жауап беруден бас тартты.
-

Шерзат ісі: Азамат Тоқтаубаев төрт рет істі болған
Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта Азамат Тоқтаубаевтың бұрын төрт рет істі болғаны белгілі болды. Прокурор оның неге пробациялық шешімді бұзғанын сұрағанда, Тоқтаубаев өзін үйқамақта болғанын және дәріханаға бару үшін сыртқа шығуға мәжбүр болғанын айтты. Ол заң бұзғанын мойындады.
Айтуынша, ол уақытша ұстау изоляторында отырғанда, бұрынғы ісі бойынша 7 жылға сотталған. Бұған дейін 106-баппен — «адам денсаулығына қасақана зиян келтіру» бойынша бірнеше рет жауапқа тартылған. Ол 2017–2018, 2022 және 2024 жылдары істі болған.
-

Шерзатқа пышақ ұрған – қызыл кепка киген жігіт
Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта куәгер Наргиза Низамединова басты сәтті көзімен көргенін айтты. Оның сөзінше, сол түні балконнан қызыл кепка киген, арық жігіттің Шерзатқа бірнеше рет пышақпен соққы жасағанын көрген.
«Анасының «балам!» деген жан дауысынан оянып, балконға шықтым. Шерзатқа қарай бірнеше жігіт жүгіріп барып жабылды. Сол сәтте пышақ ұрған адамды анық көрдім», — деді ол.
-

«Қару ұстадым, бірақ ешкімге қол көтермедім»: Азамат Тоқтаубаев сотта мәлімдеме жасады
Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта екінші айыпталушы Азамат Тоқтаубаев жауап берді. Ол төбелеске дайындалмағанын, ешкімді ұрмағанын және қаруды тек Нұрқияс Ілиясов берген соң алып кеткенін айтты.
Айтуынша, оқиға күні түнде ағасы Нұрболдың жараланғаны туралы хабар алып, мән-жайды анықтамақ болған. Қарулы жанжалдың куәсі болғанын, мылтықпен алғаш рет Ғайыпбаев оқ атқанын айтты.
«Мені де, ағамды да ешкім ұрмады. Қаруды тек жолай қолыма берді, ешкімге қарсы қолданған жоқпын. Қаруды көлікке салып, сол жерден кетіп қалдық», — деді ол.
Сотта ол ешқандай пышақ ұстамағанын, дүкенге алғаш рет барғанын және жанжал кезінде бейтарап әрекет еткенін айтты.
-

Шерзат соты: Судья айыпталушыны сөзінен ұстады
Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша басты айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаев сотта жауап бере бастады. Ол бұрынғы түсініктемелерінен бас тартып, тергеушілер қысым көрсеткенін айтты. Алайда жауаптары сәйкессіз шықты.
Судья оны Ғайыпбаевты ұрғаны үшін сұраққа тартқанда, Тоқтаубаев “дұрыс деп санаймын, ол бізге мылтық атты” деді. Судья:
— Сонда полиция сізді ұрса — дұрыс емес, ал сіз біреуді тепсеңіз — дұрыс па?
— Олар аяусыз ұрды, — деді ол.
Судья:
— Сонда сіз аяушылықпен тептіңіз бе?
Тоқтаубаев жауап бере алмады.Бұған дейін ол «хуторлық емеспін, пышақ ұстамадым» деген. Судьяның сұрақтары оның жауаптарындағы қарама-қайшылықты ашып берді.