Қыздың айтуынша, олар оны “Саяхатқа дейін апарып тастауды” ұсынған. Ал полицейлер мұны жоққа шығарды.
Алматы облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, полицейлер көшеде жасөспірімдермен профилактикалық жұмыс жүргізген. Алайда олар қызметтік этика талаптарын бұзған. Осыған байланысты бір полицей ішкі істер органдарынан шығарылды, екіншісі қызметінен босатылды. Ал олардың басшылары тәртіптік жазаға тартылды.
Алты адам жалған полицей ретінде өзін таныстырып, тұрғындардың ақшасы мен көлігін тартып алған. Күдіктілерден жалған қызметтік куәліктер, құжат бланкілері, форма элементтері, қару-жарақ пен түрлі елдердің нөмір белгілері тәркіленді. Келтірілген шығын көлемі 12 миллион теңгеден асты.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция құқық қорғау органдарының атрибуттарын заңсыз қолдану деректеріне қатаң шара қолданатынын мәлімдеді.
Темірлан Еңсебектің адвокаты апелляциялық шағым түсірді. Бұл іс енді апелляциялық іс жүргізу аясында Алматы қалалық сотында қаралуы тиіс.
11 сәуір күні Наурызбай аудандық соты Темірлан Енсебекті ҚР ҚК 174-бабы («Ұлтаралық араздықты қоздыру») бойынша кінәлі деп таныды. Темірлан Еңсебек Qaznews24 парақшасында Тина Канделаки туралы жарияланған жазбаға қосып қойған «Йоу, орыстар» әніне байланысты «экстремист» болып танылды.
Үкімге қарасақ, Темірланға журналистикамен, құқық қорғаумен және саяси қызметпен айналысуға, митингілерге, тренингтерге, конференцияларға және кез келген жұрт өткізетін шараларға қатысуға тыйым салынған.
Сонымен қатар, оған жылына 100 сағаттық мәжбүрлі еңбек жазасы белгіленді. Дәлел ретінде алынған ноутбук пен телефон мемлекет меншігіне өткізілді. Енді сатирикке сұхбат беруге, әлеуметтік желілерді жүргізуге, гранттар алуға, эфирлерге қатысуға, онлайн және офлайн кездесулер өткізуге, сондай-ақ ойын-сауық өтетін жерлерге баруға тыйым салынған.
Адвокат Жанар Балғабаева Наурызбай аудандық соты арқылы шағым түсіргенін айтты. Бұл шағым бір ай ішінде қаралып, апелляциялық сот отырысы Алматы қалалық сотында өтуі тиіс:
«Мен қысқаша шағым түсірдім. Ал апелляциялық шағымды толықтырып жатырмыз. Дәлелдер өте көп. Қазір сот кабинеттерінде үлкен өзгерістер болып жатыр, жүйе дұрыс жұмыс істемейді, сондықтан мен e-Otinish арқылы жолдадым. Мерзімнен кешікпедік», – деді Балғабаева.
Адвокаттың айтуынша, Еңсебекке қатысты соттың шектеу шаралары апелляциялық шағым қаралғаннан кейін ғана күшіне енеді. Алайда сотпен бекітілген міндеттемелерді орындау керек.
«Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, бірақ онда мінез-құлыққа қатысты міндеттемелер жайлы ескерту болды. Мысалы, егер ол қазір белсенді түрде жазуды бастаса, оны құқық бұзушылық ретінде бағалауы мүмкін. Сондықтан бұл жерде абай болу керек. Дәл осы мақсатпен бәрі жасалды. Жалпы алғанда, үкім заңды күшіне енбейінше, ол пікір білдіруге құқылы, бұл шектеулер оған қолданылмайды», – деді Балғабаева.
Қарағандыда патронаттық отбасыға қатысты ауыр қылмыстық іс қаралуда. Алты баланы қамқорлығына алған ерлі-зайыпты мен олардың қызы балаларды жүйелі түрде ұрып-соғып, аш қалдырып, тіпті жануарлардың нәжісін тамаққа қосқан. Тергеу мәліметінше, балалар түнде иттің үйшігінде ұйықтауға мәжбүр болған, бір бала есінен танып, ми жарақатын алған.
Мемлекеттен балаларды күтуге бөлінген 6 млн теңгеден астам қаржы лотерея мен бәс тігуге жұмсалған. Сот процесі ашық түрде өтуде. Жәбірленушілер мен олардың заңды өкілдері қатысып жатыр. Іс бойынша үкім әлі шыққан жоқ.
Ақтөбе қалалық сотында жалған емші Сұлушаш Қазыбаеваға қатысты алаяқтық бойынша қылмыстық іс қаралып жатыр. Оған 2018 жылдан 2024 жылға дейін 90 адамды алдап, 406 млн теңгеден астам шығын келтірді деген айып тағылған.
Айыптау мәліметінше, Қазыбаева өзін шығыс медицинасының магистрі деп таныстырып, үйінде арнайы бөлмеде қабылдау жүргізген. Ол клиенттерін сендіріп, оларды түрлі банктерден несие алуға көндірген. Ақшаны мешіт салуға және қызының шетелде емделуіне жұмсайтынын айтып, екі ай ішінде қайтаруға уәде берген.
Зардап шеккендердің бірі Гүлбану Науанова:
— Қызымыздың емі үшін жүгіндік. Мен 2,5 млн, күйеуім 2 млн теңге несие рәсімдеді. Жарты жыл емделдік, нәтиже болмады. Қазір күйеуім қарызды жауып жатыр, – дейді.
Батыс Қазақстан облысының арнайы экологиялық прокуратурасы компанияның шамадан тыс зиянды заттар шығарып, 264 тонна көлемінде ластаушы заттар тастағанын анықтады.
Осыған байланысты мекемеге Әкімшілік кодекстің 328-бабы бойынша 739,5 млн теңге айыппұл салынды. Қаражат толық өндіріп алынды.
Айта кетейік, Қарашығанақ – әлемдегі ең ірі газ-конденсат кен орындарының бірі. Жобаны Eni, Shell, Chevron, «ЛУКОЙЛ» және «ҚазМұнайГаз» компаниялары бірлесіп жүзеге асырып отыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Гүлмира Сатыбалдыға қатысты жаңа қылмыстық істі тергеп жатыр. Бұл жолы ол «VOSTOCHKA» деп аталатын тұрғын үй кешенінің құрылысына байланысты тергеліп отыр.
Антикордың ресми мәліметінше, аталған кешенді салу кезінде заң бұзушылықтар болған. Қазір тергеу жүріп жатыр, сол себепті басқа ақпарат әзірге жарияланбайды.
Еске салайық, Гүлмира Сатыбалды — Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі. Өткен жылы сот оны бопсалау, заңсыз бостандықтан айыру және өз бетінше әрекет ету баптары бойынша кінәлі деп танып, 12 жылға соттаған болатын.
АФМ департаменті Warner Bros, Roborock және NFT+TRX атауларымен жұмыс істеген қаржы пирамидаларының қызметін тоқтатты. Ұйымдастырушылар азаматтарды трейлерлерді көру арқылы жоғары пайда табуға сендіріп, орташа 225 мың теңге көлемінде инвестиция салуға үгіттеген. Барлық төлемдер USDT криптовалютасы арқылы жүргізілген.
9 деңгейден тұратын жүйе жаңа қатысушыларды тарту арқылы табыс әкеледі деген желеумен құрылған. Тергеу барысында 3,8 млн USDT сомасындағы криптоактивтерге сот санкциясымен бұғат қойылды.
Астанада қозғалтқыш жөндейтін орталық ретінде жасырып, криптовалюта өндірген жасырын майнинг-ферма ұйымдастырған үш азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
2022 жылдан бастап 2024 жылдың мамырына дейін олар заңсыз майнингпен айналысып, тұтас бір тұрғын ауданның бір айлық электр энергиясына тең көлемде қуат тұтынған. Нәтижесінде 143 миллион теңгеден астам сомада цифрлық актив алған.
Тінту кезінде 1 257 ASIC-майнер, өндірістік желдеткіштер мен трансформаторлық қосалқы станция тәркіленді.
Сот оларды Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі бойынша («Заңсыз кәсіпкерлік») кінәлі деп танып, айыппұл салды. Сонымен қатар мемлекет пайдасына жалпы құны 900 миллион теңгеден асатын екі автокөлік (Toyota Camry, Nissan Juke) пен барлық майнинг жабдығы тәркіленді.
Мемлекет кірісіне 143,2 миллион теңге заңсыз табыс өндірілді. Үкім заңды күшіне енді.
Алматы облысында Іле ауданының бұрынғы әкімі Бағдат Карасаев пен оның үш сыбайласына қатысты қылмыстық іс сотқа өтті. Тергеу олардың тұрмыстық қалдықтар полигонын жеке компанияға заңсыз сенімгерлік басқаруға беріп, кірісті қалтаға басқанын анықтаған.
Прокуратура мәліметінше, Карасаевқа бір емес, Қылмыстық кодекстің жеті бабы бойынша айып тағылған. Атап айтқанда:
– бөтен мүлікті иемдену,
– алаяқтық,
– экологиялық талаптарды бұзу,
– өкілеттіктерді теріс және асыра пайдалану,
– заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және
– қызметтік жалғандық жасау.
Оның үстіне, экс-әкім аудандық қаржы және ТКШ бөлімдерінің басшыларын да қылмыстық схемаға тартқан. Полигонды басқарған компания өз міндеттемелерін орындамаған. Ал табыс – Карасаевтың жеке пайдасына жұмыс істеген.
Қазіргі уақытта ол ІІМ ҚАЖК №72 мекемесінде қамауда отыр.