Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Қарағанды облысынан Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ормансыз аумағына өткен өрт 6 мың гектар жерді шарпығанын мәлім етті.
«Өрт ошақтарын жою орнында өңірлік жедел штабтың отырысын өткіздім. Тілсіз жаумен күресуге барлық қажетті күштер тартылды: өртті 310 адам, 51 арнайы техника, 2 тікұшақ, 3 ұшқышсыз ұшу аппараты сөндіріп жатыр. Қазір өрт оқшауланды, әлі сөнген жоқ. Өңірде құрбандар мен зардап шеккендер жоқ», – деп жазды әкім телеграмм парақшасына.
Әкімнің айтуынша, өрттің себебі – шөп шабатын техникалардың ақауы болуы мүмкін.
«Мұндай өрттердің негізгі себептерінің бірі – шөп шабу кезінде қолданылатын техникалардағы ұшқын сөндіргіш құрылғылардың істемеуі. Сондықтан, барлық шаруа қожалықтарынан міндетті түрде ұшқын сөндіргіш құрылғылар болуы тиіс қолданыстағы техникаларды тексеруді, сондай-ақ, өз шаруашылықтары мен үйлерінің, әсіресе, шөп қоры сақталатын орындардың айналасын уақытында жыртуды сұраймын», — деп жазған Байханов.