Павлодардың «Ертіс» футбол клубы үш компаниямен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бас демеуші атанған «Павлодарский речной порт» АҚ команда шығынының жартысын өтейді. Қалған шығынды «RR-CAPITAL» ЖШС мен «Объединённая плодоовощная компания» ЖШС тең бөліп көтереді.
Клуб шығынын кім өтейді?
Павлодар өзен порты шығынның 50%-ын, қалған екі компания 25%-дан өтейді. Келісімнің мерзімі мен әр демеушінің теңгемен қанша қаржы бөлетіні айтылмады. Клубты бюджеттен қаржыландыру тоқтайтыны туралы да мәлімет жоқ.
Жарияланған ақпаратқа қарағанда, Павлодар өзен порты команданы басқаруға араласпайды. Клубтағы шешімдерді бұрынғыдай футбол менеджерлері қабылдайды.
«Ертіс» Премьер-лигаға қалай оралды?
«Ертіс» Қазақстан чемпионатында бес рет топ жарған. Қарызы көбейген клуб жарыстарға қатысуын тоқтатқан еді. Кейін команда қайта құрылып, Премьер-лигаға оралды.
Өткен маусымда «Ертіс» турнир кестесінің төменгі жағында ұзақ жүрді. Соған қарамастан, чемпионат қорытындысында жоғары дивизиондағы орнын сақтап қалды.




