Өңірлерде спорт нысандары мен инклюзивті орталықтар салынады. Президент 2028 жылғы Олимпиадаға дайындықты қазірден бастауды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев XX жазғы Азия ойындары мен V Азия пара ойындарында жоғары нәтиже көрсеткен бірқатар қазақстандық спортшыға мемлекеттік награда табыстады. 9 қарашадағы салтанатты жиында Президент елдің шалғай елді мекендерінде тұратын балаларға да спортпен айналысуға жағдай жасау қажет екенін айтты, деп хабарлайды SONA.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Өңірлерде қандай нысандар салынады?
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында өңірлерде жаңа спорт нысандары мен инклюзивті орталықтар салу көзделген. «Құрылыс және тағы да құрылыс!» деген Президент бұл жұмыс қалалар мен аудандарды қамтитынын айтты. Бағдарлама аясында мектептер, ауруханалар және ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтары да салынады.
Президенттің айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстанда спортты дамытуға 616 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған. Тоқаев танымал спортшылардың қоғам алдындағы жауапкершілігіне де тоқталып, олардың жастарға тәртіп, адалдық пен жауапкершілік тұрғысынан үлгі көрсетуі маңызды екенін айтты.
Президент кімдердің жетістігін атап өтті?
Жапониядағы жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 84 медаль жеңіп алды. Оның 12-сі алтын, 24-і күміс, 48-і қола. Азия пара ойындарында қазақстандықтар 50 жүлде иеленді: 12 алтын, 16 күміс және 22 қола.
Тоқаев 100 метрге жүгіруде Азия рекордын жаңартқан Айсұлу Сүлейменова мен пара пауэрлифтингтен құрлық рекордын орнатқан Давид Дегтярёвтің жетістігін ерекше атап өтті. Тамирлан Тілеулес таэквондодан Қазақстанға Азия ойындарындағы алғашқы алтынды әкелді. Боксшылар Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай чемпион атанды. Каратэші Софья Берульцева Азия ойындарында екінші рет топ жарса, велошабандоз Алексей Луценко Жапонияда екі алтын алып, Азия ойындарының алты дүркін чемпионы атанды.
Қазақстан қандай жарыстарды қабылдайды?
2027 жылы Қазақстанда бокс, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі және киберспорттан әлем чемпионаттары өтеді деп жоспарланған. Сондай-ақ шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі өтеді. Көктемде Астана УЕФА-ның 51-конгресін қабылдайды.
Президент Үкіметті, салалық министрлікті, спорт федерациялары мен Ұлттық олимпиада комитетін халықаралық жарыстарды жоғары деңгейде өткізу үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ Лос-Анджелесте өтетін 2028 жылғы Олимпиадаға ұлттық құраманың дайындығын қазірден бастау қажет екенін айтты.




