Қазақстанда жедел жәрдем шақырған азаматтар бригаданың қай жерде келе жатқанын картадан нақты уақытта бақылай алады. Жаңа тәртіп 13 қазаннан бастап күшіне енеді.
Өзгерістер Денсаулық сақтау министрінің 29 қыркүйектегі №125 бұйрығымен енгізілді. Құжат Әділет министрлігінде 30 қыркүйекте тіркелген.
Жаңа тәртіп бойынша диспетчер шақыртуға медициналық бригаданы бекіткеннен кейін пациентке автоматты түрде хабарлама жіберіледі.
Азамат жедел жәрдем көлігінің қозғалысын геосервис арқылы нақты уақытта бақылай алады. Ол үшін жедел медициналық көмектің автоматтандырылған жүйесі тиісті сервиске бригада туралы қажетті ақпаратты береді.
Осылайша, жедел жәрдем шақырған адамға бригаданың қашан келетінін білу үшін диспетчерге қайта хабарласудың қажеті болмайды.
Жаңартылған ережелер жедел жәрдемді шақыру тәсілдерін де нақтылайды. Азаматтар бұрынғыдай 103 нөміріне қоңырау шала алады. Сонымен қатар мобильді қосымшалар, мессенджерлер мен чат-боттар арқылы геолокацияны көрсете отырып шақырту жасауға мүмкіндік қарастырылған.
Кейбір шақыртулар алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының мобильді бригадаларына беріледі.
Жаңа талаптар 2026 жылғы 13 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.




