Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жиналған қауым LED-экраннан Астанада өткен әскери парадты тамашалады.
Іс-шара барысында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев құттықтау сөз сөйледі. Ол Президенттің тапсырмасымен еліміздің Қарулы Күштерінде жүйелі жаңғырту жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жаңғыру үстінде. Олар ұлттық қауіпсіздіктің кепіліне, қоғамның тірегіне айналуда. Біздің Отан қорғаушыларымыз тек шекараны күзетіп қана қоймай, азаматтық келісімді нығайтуға және жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге зор үлес қосып келеді», – деді өңір басшысы.
Мерекелік шара аясында марапаттау рәсімі өтті. Алматы облысы әкімінің атынан Қонаев гарнизонының және Ұлттық ұланның жиырма шақты әскери қызметшісіне алғыс хаттар табысталды. Марапатталғандар арасында полковник Жеңісжан Байжан, подполковник Данияр Маменов пен Берік Елікбаев, гвардия майоры Дархан Жәнсікбаев, майор Нұрлан Ожаров, лейтенант Лаура Бекболатова және сержант Елдос Қарбозов пен өзге де қызметкерлер бар.
Мерекелік көңіл-күйді шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өткен концерттік бағдарлама жалғастырды. Сонымен қатар №20030 әскери бөлім аумағында заманауи әскери техника көрмесі ұйымдастырылды. Облыс әкімі бөлімнің материалдық-техникалық базасымен танысып, жабдықталу деңгейіне жоғары баға берді.