Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығы рэпер Navai-дің ұсталуына байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық нота жолдады. Ресей дипломаттары бұл оқиға туралы ресми хабарлама алмағанын мәлімдеді.
Бұл туралы Sona.kz ZTB NEWS- ке сілтеме жасап хабарлады.
Консулдық өкілдерінің айтуынша, олар әншінің ұсталғанын бұқаралық ақпарат құралдарынан білген.
Енді Ресей тарапы орындаушының нақты қайда екенін, қандай жағдайда қамауда отырғанын анықтап, онымен консулдық қызметкерлердің кездесу мүмкіндігін қарастырмақ.
Navai не үшін ұсталды?
Шын есімі Наваи Бакиров болатын рэпер 13 қазанда Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында ұсталған.
Жарияланған ақпаратқа сәйкес, оның автокөлігін тексеру кезінде есірткі заттары табылған.
Орындаушы есірткі контрабандасы және есірткіні заңсыз сақтау қылмыстарына күдікті деп танылған.
15 қазанда сот оны қамауда ұстауға санкция берді. Рэпердің адвокаттары сот шешіміне шағым түсіруге дайындалып жатыр.
Астанадағы концерті өтпей қалды
Navai 14 қазанда Астанада концерт беруі тиіс болған.
Алайда жоспарланған өнер көрсету өтпей қалды. Ұйымдастырушылар концерттің болмайтынын басталуына шамамен төрт сағат қалғанда хабарлаған.
Олар бұған техникалық себептерді негіз етіп көрсеткен.
Дегенмен концерттің тоқтатылуы мен рэпердің ұсталуына қатысты ресми түсініктеме берілген жоқ.
Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Әншінің кінәсі сотта дәлелденген жоқ.




