Метка: АҚШ

  • АҚШ 369 қазақстандықты депортациялайды

    АҚШ 369 қазақстандықты депортациялайды

    АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі елден 1,44 миллион адамды депортациялауды жоспарлап отыр. Бұл туралы елдің көші-қон және кеден қызметі  (ICE) жариялаған мәліметтерден белгілі болды.

    Тізімде Гондурас (261 651), Гватемала (253 413), Мексика (252 044) және Сальвадор (203 822) елдерінің азаматтары көп.

    Депортацияға 369 қазақстандық та ілінген. Сонымен қатар өз елдеріне 319 қырғызстандық, 975 өзбекстандық, 149 тәжікстандық және 40 түркменстандық депортацияланбақ.

    «Егер азаматтар визасының мерзімі аяқталғаннан кейін елде қалса, ол заңсыз иммигрант болып есептелінеді және депортацияға ұшырайды», –деп хабарлады Ақ үй.

    Айта кету керек, АҚШ-та ресми 25 мың қазақстандық бар.

     

  • АҚШ-та жүрген қазақстандықтарға ескерту жасалды

    АҚШ-та жүрген қазақстандықтарға ескерту жасалды

    АҚШ-тағы миграциялық саясаттың қатаңдатылуына байланысты Қазақстан елшілігі шетелде құжатсыз, визасыз жүрген қазақстандықтарға ескерту жасады.

    Қазақстан елшілігі АҚШ-тың шекара қауіпсіздігін нығайту және заңсыз миграцияны азайту мақсатында миграциялық саясатын барынша қатаңдатқанына назарларыңызды аударады.

    Шекара қауіпсіздігін нығайтуға және заңсыз миграцияны азайтуға бағытталған шаралар елге заңсыз келген шетелдіктерге (визасыз келген және тұрақты тұруға рұқсаты жоқ азаматтар) және АҚШ-та заңсыз жүрген мигранттарға қатысты болып отыр.

    Қамауға алу және елден шығару сынды мәжбүрлеу шараларымен қатар, АҚШ-қа қайта кіруге шектеулер енгізіліп, сондай-ақ әлеуметтік көмек, жұмыс істеуге рұқсат беретін құжаттар мен басқа да әлеуметтік жеңілдіктерді жою қарастырылуда.

    – АҚШ билігі заңсыз негізде жүрген шетелдіктерге (құжаты жоқ, жарамсыз виза мен тұрақты тұруға рұқсаты (Грин Карта) және басқа құжаттар болмауы) елден өз еркімен кетуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл шара Қазақстан азаматтарының депортацияға ұшырау қаупін азайтуға және оның салдарынан болашақта АҚШ визасына өтініш бергенде ел аумағына кіруге тыйым салынуынан сақтануға көмектеседі, – делінген хабарламада.

    Осы мәселеге қатысты тағы бірқатар өзгерістерді атап өтуге болады:

    • «Мексикада қалыңыз» саясаты қайта енгізілді, яғни мигранттар және саяси баспана сұрайтындар миграциялық сотқа шақырғанға дейін Мексикада қалуға міндеттеледі;
    • «Ұста да жібер» (catch and release) шарасы тоқтатылды. Бұл АҚШ шекарасынан заңсыз өткен мигранттар ісі қаралмайынша қамауда болатындығын білдіреді. Оларды арнайы орталықтарға қамап немесе бірден келген елдеріне қайтаратын болады. Сонымен қатар, азаматтар үшінші елдерге де жіберілуі мүмкін (мысалы, «Мексикада болу» бағдарламасы бойынша);
    • Шартты түрде уақытынан ерте босататын немесе АҚШ-қа кіруге алдын ала жеңілдіктер қарастырылған «CBP One» мобильдік қосымшасы жұмысын тоқтатты.

    АҚШ көші-қон заңнамасындағы өзгерістер туралы ресми ақпаратты келесі ресурстардан бақылап отыруды ұсынамыз:

    • АҚШ азаматтығы және иммиграция қызметі (USCIS);
    • АҚШ Мемлекеттік департаменті –  Консулдық мәселелер бюросы.

    Төтенше жағдайлар немесе консулдық-құқықтық көмек қажеттілігі туындаған жағдайда, төмендегі байланыс нөмірлеріне хабарласуды сұраймыз:

    • Қазақстан Республикасының Елшілігі: +1 202 232 5488 ішкі 127, 109, 121;
    • ҚР Нью-Йорк қаласындағы Бас консулдығы: +1 332 207 9632;
    • ҚР Сан-Франциско қаласындағы Бас консулдығы: +1 650 741-8894.
  • АҚШ TikTok-ты Oracle компаниясына беруі мүмкін

    АҚШ TikTok-ты Oracle компаниясына беруі мүмкін

    Бұл туралы NPR сайтыхабарлаған. Ықтимал инвесторлар арасында Microsoft да бар. Егер бұл жүзеге асса, TikTok акцияларының бақылау пакеті америкалық екі компанияға өтеді.

    Басылымның дереккөздері дегенмен TikTok-қа иелік ететін қытайлық ByteDance компаниясы миноритарлық үлесін сақтап қалатынын айтты. Бұл ретте қосымшаның алгоритмдері, дерек жинау және бағдарламалық жаңартулары Oracle бақылауына өтпек.

    2024 жылдың көктемінде АҚШ-тың өкілдер палатасы TikTok ByteDance иелігінде қалатын болса, оған тыйым салуға мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдаған. Конгресс аталған қосымшаны ұлттық қауіпсіздікке қатер деп қарастырады, өйткені Қытай үкіметі ByteDance-ті америкалық пайдаланушылардың деректерін беруге мәжбүрлеуі мүмкін деп санайды.

    АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден заңға былтыр сәуірде қол қойды, ал биыл қаңтарда Дональд Трамптың инаугурациясына бірнеше күн қалғанда АҚШ Жоғарғы соты заңды бекітті. Құжат 19 қаңтарда күшіне енді.

    20 қаңтарда, инаугурация күні Трамп бас прокурорға заңның орындалуын 75 күнге кейінге қалдыру туралы бұйрық шығарды. Осы уақыт ішінде президент әкімшілігі TikTok-ты бұғаттамай, ұлттық қауіпсіздікті қорғайтын жаңа тәсілді әзірлеп үлгеруі керек.

    Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Қытай билігі TikTok бақылауын америкалық миллиардер Илон Маскқа беруді қарастырған, бірақ қосымша өкілдері бұдан үзілді-кесілді бас тартқан.

  • АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығады

    АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығады

    АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығу туралы жарлыққа қол қойды.

    Ақ үй жариялаған құжатта бұл Д.Трамптың ДДҰ-дан шығу үшін жасаған екінші қадамы екені айтылған. Алғашында 2020 жылы шықпақшы болған, бірақ президенттік сайлауда демократ Джозеф Байден жеңіске жетіп, бастама аяқсыз қалған еді.

    Д.Трамптың бұл шешіміне ДДҰ ұйымын реформалау жүргізілмегені және АҚШ-тан өзге елдермен салыстырғанда көп қаржы талап етілетіні себеп болып отыр.

  • Дональд Трампты ұлықтау рәсімі өтіп жатыр

    Дональд Трампты ұлықтау рәсімі өтіп жатыр

    Дональд Трамп Капитолийге АҚШ-тың Президенті ретінде ант беруге келді.

    Салтанатты іс-шара бүгін Астана уақыты бойынша кешкі 22:00-де басталды.

    АҚШ-тың 47-президентінің ант беруі жабық ғимаратта — Капитолий Ротондасында өтуде. Бұған аяз себеп. Күн райы болжамы бойынша бүгін Вашингтонда минус 7 градус суық. Ұлықтау рәсімі жабық ғимаратта тарихта екінші рет өткелі отыр. 40 жыл бұрын президент Рональд Рейган жабық жерде ант қабылдаған болатын. Трамп жақтастары «Кәпитал Уан Арена» кешеніндегі экрандардан тамашалай алады деген. Оған 20 мың адам сыяды. Ал ұлықтау рәсімін тамашалауға 200 мың адам жиналды.

    Іс-шара экс-президенттер мен Капитолий ротондасының жоғары лауазымды тұлғаларының салтанатты сәлемдесуінен басталды.

    Америкалық тенор аталып кеткен опера әншісі Кристофер Маччио «О, Америка!» ән шырқады.

     

  • TikTok АҚШ аумағында қызметін тоқтатты

    TikTok АҚШ аумағында қызметін тоқтатты

    Белгілі болғандай, 19 қаңтар күні TikTok АҚШ-тық қолданушыларға: «Кешіріңіз, TikTok-ты қазір пайдалану мүмкін емес. Америка Құрама Штаттары TikTok-ты пайдалануға тыйым салатын заң қабылдады. Өкінішке қарай, бұл қазірше TikTok-ты қолдана алмайтыныңызды білдіреді. Бірақ жақсы жаңалық та бар: Президент қызметіне кірісуге дайын отырған Дональд Трамп TikTok-ты қайта қолданысқа енгізудің жолын табу үшін бізбен бірге жұмыс істейтінін мәлімдеді. Жаңалықтарды бақылап отырыңыз!», – деген хабарлама жіберген.

    Қытайлық БАҚ-тардың жазуынша, TikTok -тың иесі – ByteDance компаниясына тиесілі CapCut, Lemon8, Gauth және Hypic қосымшаларының да АҚШ-тық қолданушыларға қызмет көрсетуді уақытша тоқтатқаны туралы хабарлама жіберілген.

    17 қаңтар күні АҚШ-тың Жоғарғы соты «TikTok-қа тыйым салу» туралы заңды қолдауға шешім шығарды. Бұл аталған заңның 19-шы қаңтарда күшке енуіне рұқсат берілгенін білдіреді. Жоғарғы сот шешім қабылдағаннан кейін Байден үкіметі мәлімдеме жасап, «TikTok АҚШ-тықтар үшін қолжетімді болуға тиіс», бірақ оның меншік құқығы АҚШ-қа немесе АҚШ-тың көңілі толатын басқа бір тарапқа тиесілі болуы керек деп атап көрсетті.

    – Уақыттың тығыздығына байланысты, заңды іске асыру міндеті келесі үкіметтің мойнына жүктеледі, – делінген тиісті хабарламада.

    Дональд Трамп 18 қаңтар күні журналистермен жүздескенде президенттік қызметке кіріскеннен кейін TikTok-қа қатысты тыйымның орындалуын 90 күнге кейінге шегеруі мүмкін екенін айтты.

    2024 жылғы сәуірде АҚШ Президенті Джо Байден Конгрестің екі палатасы бірдей мақұлдаған заң жобасына қол қойды. Осы заңға сәйкес, ByteDance компаниясы 270 күн ішінде TikTok-ты қытайлық емес компанияға сатуға міндетті. Олай болмағанда, TikTok қосымшасы 2025 жылдың 19 қаңтарынан кейін АҚШ-та шектеледі.

     

  • АҚШ-та жойқын жер сілкінісі тіркелді

    АҚШ-та жойқын жер сілкінісі тіркелді

    Бұл туралы АҚШ-тың геологиялық қызметі мәлімдеді. Зілзала ошағы Атлант мұхитында Петролиа қаласынан батысқа қарай 63 шақырымда орналасқан. 7,3 балдық жер сілкінісі нәтижесінде Калифорнияның жағалау бөлігінде цунами болу қаупі жоғары.

    Геологиялық қызметтің мәліметінше, дүмпулер жергілікті уақытпен 10:44-те Орегон шекарасынан алыс емес жағалаудағы Гумбольдт деген шағын қалада тіркелді. Оны Сан-Францисконың тұрғындары да сезді. Кеше, 5 желтоқсан күні Өскеменде 4,2 балдық жер сілкінісі болғанын хабарлаған едік.

  • Нью-Йоркте 17 жастағы хоккейші матч кезінде қайтыс болды

    Нью-Йоркте 17 жастағы хоккейші матч кезінде қайтыс болды

    17 жасар хоккейші Коннор Касин АҚШ-та қайырымдылық матчында қайтыс болды. Спортшы матч кезінде есін жоғалтып, мұзға құлаған, деп хабарлайды Report агенттігі The New York Post басылымына сілтеме жасап.

    Басылымның мәліметінше, «Лонг-Айленд Шаркс» жастар құрамасының ойыншысы матч арасындағы үзіліс кезінде есін жоғалтқан. Матч оның өткен жылы жол апатынан қайтыс болған сыныптасы Сабрина Навареттиді еске алуға арналған болатын.

    Көрермендер мұзға жүгіріп шығып, дәрігерлер келгенше спортшыға көмектесуге тырысқан. Хоккейші ауруханаға жеткізілген, дәрігерлер оның жаны үзілгенін анықтаған.

    Әзірге өлімнің себебі анықталған жоқ.

  • АҚШ Ресейдегі 50 банк пен басшысына санкция салды

    АҚШ Ресейдегі 50 банк пен басшысына санкция салды

    Украинадағы соғысқа байланысты 50-ден астам ресейлік банкке, 40 бағалы қағаздарды тіркеуші мен қаржы саласындағы 15 шенеунікке АҚШ-тың жаңа санкцияларына ұшырады.

    21 қарашада шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) АҚШ қаржы министрлігінің сайтында Ресейге жаңа санкциялар салынғанын хабарлады.

    Ұлыбритания, Канада, Австралия және Жаңа Зеландияның осыған ұқсас тізімдерінде пайда болған Газпромбанк санкцияларға ұшыраған. Сонымен қатар, БКС-банкке, «ЦентрКредит», «ДОМ.РФ», «Синара» және басқа да көптеген банктерге шектеулер енгізілген.

    OFAC басылымында санкциялар тізіміне енгендердің ішінде Ресей орталық банкінің оннан астам қызметкері, оның ішінде банк төрағасының бірінші орынбасары Владимир Чистюхин мен Дмитрий Тулин, сондай-ақ Ресей банкі төрағасының орынбасары Ольга Полякова бар.

    Газпромбанкке қарсы санкциялар Еуропаға газ жеткізуге әсер етуі мүмкін.

  • Дональд Трамп Илон Маскқа үкіметтен қызмет ұсынды

    Дональд Трамп Илон Маскқа үкіметтен қызмет ұсынды

    Дональд Трамп кәсіпкерлер Илон Маск пен Вивек Рамасвамиге үкіметте жаңа тиімділік департаментін бірлесіп басқаруды ұсынды.

    – Бұл екі керемет америкалық азамат бірге менің әкімшілігіме үкіметтік бюрократияны жоюға, артық реттеуді азайтуға, ысырапшылдықты азайтып, федералды агенттіктерді қайта құрылымдауға жол ашады. Бұл Американы құтқару қозғалысының маңызды шарты», – деді Трамп мәлімдемесінде.

    BBC мәліметтері бойынша, жаңа Департаменттің аббревиатурасы – DOGE-Маск насихаттайтын Dogecoin криптовалюта атауына сілтеме жасайды. Жаңа құрылым қандай формада болатыны әлі белгісіз. Трамптың мәлімдемесінде ол кең ауқымды құрылымдық реформалар жүргізу үшін Ақ үймен және бюджет басқармасымен ынтымақтасатыны айтылады. Маск пен Рамасвами бұл жұмысты 2026 жылдың шілдесіне дейін істейтіні белгілі.

    Еске сала кетейік, Илон Маск Дональд Трампты сайлау науқанында белсенді қолдады. Трамп оған сайланған жағдайда ресми лауазым беруге уәде берген.