Метка: Басты оқиғалар

  • Түркістан облысында діни экстремистер қамауға алынды

    Түркістан облысында діни экстремистер қамауға алынды

    Күдіктілер әлеуметтік желіде тыйым салынған материалдар жариялаған, олардан есірткі мен қару табылды. 

    Түркістан облысында полицейлер Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, діни араздық қоздырды және экстремистік материалдар таратады деген күдікпен діни радикалдар тобын ұстады.

    Күдіктілер радикалды діни көзқарас негізінде біріккен Мақтаарал ауданының тұрғындары. Тергеушілердің айтуынша, олар әлеуметтік желілерде өзге дін өкілдерін масқаралайтын материалдар жариялап, бұған дейін сот тыйым салған экстремистік бейнелер мен аудиожазбаларды белсенді таратқан.

    Тінту кезінде күдіктілерден экстремистік мазмұндағы 20-дан астам кітап пен брошюралар, есірткі заттары, заңсыз қарулар мен оқ-дәрілер тәркіленді.

    Топ жетекшілері деген күдікпен сот шешімімен қамауға алынған адамдарға Ішкі істер министрлігі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

    Сотталушы орындығында сегіз адам отырғаны туралы бұрын жазғанбыз. Олар экстремистік ұйым құрып, терроризмді насихаттаумен айналысқан. Сонымен қатар, айыпталушылар радикалды діни идеология таратып, зайырлы мемлекеттік жүйені құлатуды жоспарлаған.

  • Украина АҚШ-пен жаңа келіссөздерге дайындалып жатыр

    Украина АҚШ-пен жаңа келіссөздерге дайындалып жатыр

    Украина президенті Владимир Зеленский 10 наурызда Сауд Арабиясында тақ мұрагер ханзада Мұхаммед бен Салманмен кездесті. Келесі күні Украина мен АҚШ арасында Ресей-Украина қақтығысын реттеу бойынша жаңа келіссөздер өтуі керек.

    Reuters атап өткендей, соңғы уақытта Сауд Арабиясының келіссөздер үдерісіндегі рөлі артып келеді. Корольдік Украина мен Ресей Федерациясы арасында тұтқындарды алмасу туралы келісімге келді, сондай-ақ өткен айда ресейлік және америкалық делегацияларды қабылдады. Қазір АҚШ Ресеймен Киевтің қатысуынсыз келіссөздер жүргізіп жатқандықтан, Зеленский үшін Сауд Арабиясының қолдауын алу маңызды.

    11 наурызда АҚШ пен Украина өкілдері Владимир Зеленский мен Дональд Трамптың Вашингтондағы атышулы кездесуінен кейін алғаш рет кездеседі. Олар сирек кездесетін табиғи қазбалар келісімі шарттарын және Ресей-Украина соғысын тоқтатудың ықтимал нұсқаларын талқылайды деп күтілуде.

    «Зеленский сейсенбі күні америкалықтармен келіссөздерге қатыспайтынын айтты. Украина делегациясының құрамында оның штаб бастығы, қорғаныс және сыртқы істер министрлері, сондай-ақ жоғары лауазымды әскери шенеунік болады» деп хабарлайды Reuters.
    Америкалық тарап қақтығысты дипломатиялық жолмен тоқтату үшін Киевтен жеңілдік күтетінін ашық айтты. Reuters ақпарат көзінің бірінің айтуынша, Америка Құрама Штаттары Украинаның «жай сөз жүзінде ғана емес, шынайы бейбітшілікке» орнайтынына көз жеткізгісі келеді.

    Бұған дейін АҚШ пен Украина делегацияларының Эр-Риядта кездесетіні белгілі болған еді. Осыған орай Дональд Трамп жаңа шулы мәлімдемелер жасады: ол Ресей мен Украинаны тезірек келіссөз үстеліне отыруға шақырды және Владимир Путиннің сөзіне сенетінін айтты.

    Зеленский, ең алдымен, Ақ үйде болған оқиғаға өкініш білдіріп, Трамптың оны ренжітті, құрмет көрсетпеді деген айыптауларына жауап беріп, соғыс дипломатиялық жолмен шешілуі тиіс деген болатын.

    Оқиғаның ауқымды резонанс алуы АҚШ Конгресінің делегациясы Мюнхен қауіпсіздік конференциясы барысында Украинаның минералдық ресурстарының 50 пайызына құқықты АҚШ-қа беру туралы келісімге қол қоюды ұсынған кезде Владимир Зеленскидің «сыпайы түрде бас тартқанынан» басталған еді.

    Дегенмен кездесу болмай тұрып-ақ Владимир Зеленский: «Мен тарихта Путинге елімді басып алуға көмектескен адам ретінде қалғым келмейді» деп ескерткен болатын.

  • ШҚО-дан бөлек, өзге өңірлерде де жұмыс кестесі өзгеруі мүмкін – Уақыт белдеуі

    ШҚО-дан бөлек, өзге өңірлерде де жұмыс кестесі өзгеруі мүмкін – Уақыт белдеуі

    Елімізде бірыңғай уақыт белдеуі енгізілген соң шығыс өңірдегі халық бұл бастамаға наразы екенін білдірген болатын. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысының 7 ауданында жұмыс кестесі өзгертілді.

    Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты.

    «Мәжілістің «Аманат» фракциясы аясында бірыңғай уақыт мәселесін талқылау қорытындысы бойынша медицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика, физиология салаларындағы ғылыми зерттеу институттары салалық сарапшыларының, мәслихат депутаттары және мүдделі тұлғалардың қатысуымен бірыңғай уақыт белдеуінің халық денсаулығына, энергия тұтыну және еңбек өнімділігі әсеріне мониторинг жүргізілді. Жұмыс барысында уақыт белдеуі өзгеруіне дейінгі және одан кейінгі көрсеткіштерді салыстыратын кешенді тәсіл қолданылды… Нақты деректерге негізделген нәтижелер уақыт белдеуінің өзгеруі халық өмірінің негізгі көрсеткіштеріне теріс әсері болмағанын айқындады», – деді ол Үкімет отырысында.

    Сонымен қатар спикер өңірлерде талқылау барысында мәслихат депутаттары жұмыс кестесін ауыстыру арқылы жұмыс уақытын оңтайландыру жөніндегі бастаманы қолдағанын атап өтті.

    – Бүгінгі таңда, Шығыс Қазақстан облысының бірқатар ауданында (Катонқарағай, Марқакөл, Үлкен Нарын, Зайсан, Тарбағатай, Самара, Күршім) тұрғындар тарапынан қолдау тауып, жұмыс кестесі 8:00–ден 17:30 (кешкі бес жарымға) дейін өзгертілді. Бұл шаралар, азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ кәсіби және жеке өмір арасындағы теңдікті жақсартуға бағытталған. Қажет болған жағдайда, осындай тәжірибені жергілікті атқарушы органдар басқа өңірлерде де қолдануға мүмкіндігі бар», – деді министр.

  • Олжас Бектенов су тасқынына қарсы дайындықты пысықтады

    Олжас Бектенов су тасқынына қарсы дайындықты пысықтады

    Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында мемлекеттік органдарға тасқынға дайындықты күшейтуді тапсырды.

    «Су тасқыны кезеңінің басталуына да көп уақыт қалған жоқ. Әкімдер бұл мәселені ерекше бақылауға алуы қажет. Төтенше жағдай туралы халықты хабардар ететін барлық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіңіздер», – деді ол.

    Үкімет басшыы әлеуметтік желілер мен БАҚ-та түсіндіру жұмыстарын күшейту маңызды екеніне де тоқталды.

    «Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқынына толығымен дайын болуға тиіс. Сондай-ақ, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын ұйымдастырсын», – деді Олжас Бектенов.

    Осыған дейін су тасқынының салдарын жою үшін 10 000-ға жуық әскери қызметші жұмылдырылуы мүмкін екені айтылды.

  • «Asar Baspana» қаржы пирамидасы 86 мыңнан астам азаматтан 12,4 млрд теңге тартқан

    «Asar Baspana» қаржы пирамидасы 86 мыңнан астам азаматтан 12,4 млрд теңге тартқан

    Қаржы мониторингі агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен «Asar Baspana» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.

    Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, ұйым тұтынушылық кооператив ретінде жасырынып жұмыс істеген.

    Тергеу барысында Туғанбаев Н.М. бастаған пирамида ұйымдастырушылары, 86 мыңнан астам азаматтан 12,4 млрд теңге тартқан, есесіне ай сайын 30%-ға дейін табыс уәде еткен.

    Шын мәнінде, нақты бизнес болмаған, төлемдер жаңа қатысушылардың салымдары есебінен жүзеге асырылған.

    Нәтижесінде Туғанбаев пен оның серіктестері 3,8 млрд теңге қаражатты заңсыз иеленген.

    Күдіктілер салымшыларды адастырып, Алматы қаласында құрылыс материалдарын өндіру, тігін цехы мен тұрмыстық және медициналық техника зауыты жұмыс істеп жатқандығын мәлімдеген. Шындығында, өнімдер үшінші тарап жеткізушілерінен сатып алынып«Asar Baspana» логотипімен таңбаланған.

    2024 жылы желтоқсан айынан бастап, пирамидаға деген сенім азая бастаған кезде, ұйымдастырушылар автосалон ашып, ресми дилерлермен әріптестік орнаттық деген жалған ақпарат таратқан. Шын мәнінде, автокөліктер салымшылардың ақшасына сатып алынып Туғанбаевтың туыстарына рәсімделген.

    Пирамиданы әшкере қылатын жағдайлар туындаған тұста, Туғанбаев Н.М. 8 ақпан күні «Asar Baspana» сайтын техникалық режимге ауыстырған. Бұл қылмыстық әрекетті жасыру мақсатында жасалды.

    Алайда, тергеу барысында серверлік деректер қалпына келтірілді. Сайт деректеріне сәйкес, «Gold» деңгейіне жеткен 15,5 мың салымшының тек біреуіне ғана пәтер берілген.

    «Platina» бағдарламасы бойынша 15 мың үміткердің арасынан тек бір салымшыға ғана көлік берілген.

    Еске салайық, 2025 жылғы 9 ақпанда 49 кеңседе және 81 күдіктінің тұрғылықты жерінде тінту жүргізілді.

    Оның нәтижесінде 1,1 млрд теңге, Toyota Land Cruiser 300 және Lexus 570 сияқты 10 премиум-класстағы автокөліктер тәркіленді, олар Туғанбаев пен оның жақындарына рәсімделген.

    Сонымен қатар, Ақтау қаласында Туғанбаев Н.М.-ның бауырының үйінен кооперативтің есепшоттарында болуы тиіс 945 млн теңге қолма-қол ақша табылды.

    1,2 млрд теңгеден астам сомаға шоттар бұғатталып, тыйым салынған.

    2025 жылғы 11 ақпанда Туғанбаев Н.М. мен Байтасов Н-ға қатысты 2 айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

  • Жаркент тұрғындары жел сілкінісін сезді

    Жаркент тұрғындары жел сілкінісін сезді

    ҚР ТЖМ Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы 2025 жылдың 11-ші наурызы күні сағат 01:26-да жер сілкінісін тіркеді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

    Зілзаланың ошағы Қазақстан мен Қытай шекарасында жатыр. Сезілуі туралы мәліметтер: Жетісу облысы Жаркент қаласында 2 балл.

    Қираған ғимараттар мен зардап шеккендер туралы хабар түскен жоқ.

     

  • Астанада рейстер кейінге шегерілді

    Астанада рейстер кейінге шегерілді

    Ауа райының қолайсыздығына байланысты Астана халықаралық әуежайында бірнеше рейс кешігіп жатыр.

    Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі күні жоспарланған 84 рейстің 6-уы ұша алмай қалған. Бұған қолайсыз ауа райы жағдайына байланысты әуе кемелерінің кеш келуі себеп болған.

    Сондай-ақ, келетін 86 рейстің 8-і кешігіп жатыр. Әуежай қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде ұшып-қону жолағы мен перрон тазаланып жатыр. Әуежайдың үздіксіз жұмыс істеуі үшін 23 бірлік арнайы техника жұмылдырылған, – делінген ресми хабарламада.

    Жолаушылар рейстердің мәртебесі мен мүмкін өзгерістерді авиакомпаниялардан немесе әуежайдың ресми сайтынан нақтылай алады.

  • Алматы облысының тауларында қар көшкіні жүрді

    Алматы облысының тауларында қар көшкіні жүрді

    Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен атап өткендей, 10 наурыз түскі сағат 15:50-де «Ақбұлақ» тау шаңғы курортында, теңіз деңгейінен 2664 метр биіктікте, көлемі 300 текше метр болатын қар көшкіні өздігінен жүрді. Көшкін сайға түсті, – деп хабарлады ведомстводан.

    Зардап шеккендер мен қираулар жоқ.

    Оқиға орнына «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі, Алматы облысының ТЖД және курорт әкімшілігінен 5 маман мен 3 техника шықты.

    – Жағдай бақылауда. Мамандар курорт аумағындағы қар жамылғысына мониторинг жүргізуді жалғастырып жатыр, – деп хабарлады Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

     

     

  • Пәтерін жалға беретіндер де салық төлейді

    Пәтерін жалға беретіндер де салық төлейді

    Қазақстанда пәтерін жалға беретін азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, декларация тапсырады.

    Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті емес, бұл қызмет түрін заңдастыру үшін жасалған.

    Одан бөлек, азаматтар жыл сайын жалға беруден түскен кірістер мен мүлік туралы декларацияны келесі жылдың 15 қыркүйегіне дейін ұсынуға және 10% мөлшерінде жеке табыс салығын төлеуге міндетті болады.

    10 пайыздық мөлшерлемеге зейнетақы жарнасы мен әлеуметтік төлемдер кірмейді.

  • Бейбіт Исабаев жетісулық 500 әйелді мерекемен құттықтады

    Бейбіт Исабаев жетісулық 500 әйелді мерекемен құттықтады

    Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театрында экономиканың әр саласында еңбек етіп, қоғам өміріне белсене атсалысып жүрген жетісулық 500 әйелді құттықтады.

    Соның ішінде тігінші, теміржолшы, кран жүргізуші, сауыншы, қолөнерші, электр механигі т.б. жұмысшы мамандар, сол сияқты мұғалімдер мен дәрігерлер, кәсіпкерлер, әлеуметтік қызметкерлер, көп балалы аналар, ардагерлер де бар. Салтанатты шараға қатысушылардың бірқатарына мемлекеттік наградалар мен Президенттің құттықтау хаты тапсырылды.

    Өз құттықтау сөзінде облыс басшысы Бейбіт Исабаев бүгінгі әйелдердің бизнесте, саясатта, экономиканың қай саласында да ер азаматтармен бірдей еңбек етіп жүргенін тілге тиек етіп, мемлекет тарапынан әйел-аналарға тұрақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Әсіресе ана мен баланы қорғауға, жұмыспен қамтуға, әйелдердің бизнес-бастамаларын қолдауға, жалпы әлеуметтік тұрғыда қорғауға баса назар аударылатынын айтты.

    — Шаңырақтың тұтқасы әке болса, отбасындағы бақыттың кілті ананың қолында. Ананың аялы алақанын, жылы лебізін, ақылы мен үлгісін көзімен көріп, жүрегімен сезініп өскен бала еңбексүйгіш, өнерлі де өнегелі болатыны сөзсіз. Анаға тағзым ету, сый-құрмет көрсету – баршамыздың қастерлі парызымыз, – деген өңір басшысы нәзік жандарға ізгі тілегін білдіріп, марапаттау рәсімін атқарды.

    Атап айтқанда, Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының әртісі Аян Қожбанова «Құрмет» орденіне, «Текелі ГМЗ» ЖШС бас технологы Валентина Кубрак ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденіне, Кербұлақ ауданы «Шоқанова» ЖК басшысы Сымбат Нұрбопаева «Ерен еңбегі үшін» медаліне, Көксу аудандық орталық ауруханасының оториноларинголог кабинетінің мейірбикесі Нұргүл Сағатова «Шапағат» медаліне ие болды. Еске салсақ, бұған дейін Ескелді ауданы Алдабергенов ауылындағы «Абиев А.А.» ШҚ басшысы басшысы Раиса Абиева Президенттің қолынан «Құрмет» орденін алған болатын.

    Сол сияқты салтанатты жиында көп балалы он анаға «Алтын алқа», «Күміс алқа», үш тұрғынға Президенттің құттықтау хаты тапсырылды.

    Мерекелік шараға қатысушы «Asma industrial» ЖШС өнеркәсіптік аккумуляторлар өндіру зауытының сынақ зертханасының меңгерушісі Лариса Красноруцкий мерекеге орай өз тілегін білдірді:

    – 8 наурыз – көрікті көктем мерекесі. Осы мерекенің құрметіне салтанатты қабылдауға шақырылғаныма өте қуаныштымын. Бұл менің еңбегімнің, өңірдің өндірісін дамытуға қосқан үлесімнің бағаланғаны деп білемін. Аккумулятор өндірісі саласында 30 жылдан астам жұмыс істеп келемін. Ал қазір жаңа зауытта сынақ зертханасында құрамдас батареяларға талдау жүргіземін. Жұмыс тәжірибем көп болса да, білімімді үнемі жаңартып отыруға тырысамын. Осы жылды Президент жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады, сондықтан осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жастарымызды оқуға, жұмыс істеуге және үнемі алға ұмтылуға шақырамын, – деді ол.

    Тағы бір қатысушы Сания Чукотаева:

    – Мен Алакөл ауданындағы «Арқарлы – Майбүйрек» ЖШС-ның зоотехнигімін. 2013 жылдан бері біз Австралиядан әкелінген асыл тұқымды «Ангус» сиырын өсіріп отырмыз. Қазір шаруашылықта мал басы шамамен 15-16 мыңға жетті, соның жеті жарым мыңы аналық бас. Мал шаруашылығында жұмыс істеу оңай емес. Оған ең бастысы төзімділік керек. Ауылдық жерді дамытуға үлес қосуға, салаға жастарды тартуға тырысамыз, оларды еңбексүйгіштікке, туған жеріне қызмет етуге үйретеміз. Мерекемен барша қыз-келіншектерді, ақ жаулықты аналарды құттықтаймын, –деді.

    Салтанатты жиынға арнайы келгендердің бірі теміржолшы Қатима Қырықбаева:

    – Үштөбе темір жол станциясында еңбек етіп жүргеніме 24 жыл болды. Теміржол саласына келген жастарға білгенімізді үйретіп, тәжірибемізді бөлісеміз. Облыс деңгейіндегі салтанатты шараға алғаш рет қатысып отырмын. Әйел-аналардың барлығына мықты денсаулық, еңбекте табыс, отбасында бақыт тілеймін, – деп тілегін білдірді.

    Осындай құттықтауларға «DeFacto» инклюзивті ақпараттық порталының журналисі Эльмира Смағұлова да қосылды:

    – Бүгін біздің мерейімізді өсіріп, еңбегімізді елеп жатқаны қуантады.  Яғни өз жұмысымның маңызды, әрі көпшілікке пайдалы екенін тағы бір мәрте ұғындым. Инклюзия деген — жай сөз ғана емес, қоғамды қолжетімді және әділ етуге көмектесетін нақты қадамдар. Мен осы өзгерістердің ішінде жүргеніме қуаныштымын. Он жыл бойы мүгедектерге жұмысқа, ауруханаларға, оқу орындарына жетуге көмектесетін Инватакси қызметінің диспетчері болып жұмыс істедім. Бұл мені жауапкершілікке, шыдамдылыққа үйретті. Бірақ мен үнемі  журналист болуды армандайтынмын. Қазір журналистика факультетінде оқып, тілші болып жұмыс істеймін. Қанша қиындықтарды бастан кешірсек те, ең бастысы берілмеуге үйренуіміз керек. Өзіне, өз күшіне сенген адам қандай ауыртпалықты да жеңіп шығады. Біздің әрқайсымыздың да таланттымыз, қабілеттеріміз бар, тек соның көзін тауып аша білу керек, – деп жетісулық әйелдерді мерекемен құттықтады.

    Шара мерекелік концертпен жалғасты. Салтанатты жиынға келген әрбір әйелге сый жасалып, гүл шоқтары табысталды.

    Атап өтсек, облыс құрылғаннан бері 1237 көп балалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілген, ал биыл 1600-дей көп балалы отбасы осындай қуанышқа кенеледі. Сондай-ақ ай сайын 30 мыңнан астам көп балалы ана мемлекеттен түрлі қаржылық қолдау алуда. Сол сияқты өткен жылы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен облыста 136 әйел қайтарымсыз грант алып, өз жеке ісін бастайды.