Метка: Басты оқиғалар

  • Арал теңізіне тағы 1,6 млрд текше метр су жіберіледі

    Арал теңізіне тағы 1,6 млрд текше метр су жіберіледі

    Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді.

    «Жыл басынан бері Солтүстік Аралға шамамен 2 млрд текше метр су жіберілді. Бүгінгі таңда теңіздегі судың жалпы көлемі 22 млрд текше метрге жетті. Су дипломатиясы мен Орталық Азиядағы әріптестерімізбен тығыз жұмыстан бөлек, теңізді толтыруда су үнемдеу технологияларын енгізу де маңызды рөл атқарады. Жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде биыл Қызылорда облысының шаруалары 200 млн текше метрге жуық су үнемдеді. Бұл су Солтүстік Аралға жіберілді. Мәселе өте маңызды, біз оны жан-жақты қарастырып, үнемі бақылауда ұстаймыз», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

    Сонымен қатар Түркіменстанда өткен көрші елдермен келіссөздер кезінде 1-сәуірге дейін Шардара су қоймасына 11 млрд текше метр су жіберу туралы шешім қабылданды. Бұл еліміздің оңтүстік аймақтарына 2025 жылғы суару маусымы үшін қажетті су көлемін жинауға мүмкіндік береді.

  • Шымкенттік спортшылар Қонаев қаласы әкімінің кубогін жеңіп алды

    Шымкенттік спортшылар Қонаев қаласы әкімінің кубогін жеңіп алды

    Өткен демалыс күндері Қонаевта алғаш рет волейболдан қала әкімінің кубогі сынға түсті. Әуесқой ересектер арасында өткен жарысқа еліміздің түрлі өңірінен 12 команда қатысты.

    Спортшыларды шараның ашылуымен әкімнің орынбасары Төлеген Кенжебеков құттықтады.

    «Қонаев қаласы облыс орталығы статусын алғалы тұңғыш рет әкім кубогі өтіп отыр. Алдағы уақытта да түрлі шараларды ұйымдастыру жоспарлануда. Сондай-ақ қаламызда бірқатар спорт нысаны бой көтереді деп көзделуде. Келген қадамдарыңызға нұр жаусын! Баршаларыңызға сәттілік тілеймін!», – деді ол.

    Ашық турнирдің 1-ші күні топтық кезең ойнатылып, жартылай финалға «Жаркент-Талды», «Жетісу облысы», «Шымкент», «Ширин» командалары шықты. Командалар ішінен Шымкент спортшылары кіл мықты екенін дәлелдеп, 1-орынды иеленді. 2-орынды Ұйғыр ауданынан келген жігіттер жеңіп алды, ал 3-орынға жетісулық команда табан тіреді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды.

    Сонымен қатар спортшылар жекелеген «Үздік ойыншы», «Үздік үйлестіруші», «Үздік тосқауылшы», «Үздік шабуылдаушы» номинацияларымен марапатталды.

  • Алматы облысында 60-тан аса құрылыс компаниясы жауапқа тартылды

    Алматы облысында 60-тан аса құрылыс компаниясы жауапқа тартылды

    Ақпаратқа сәйкес, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы инспекторлары ауқымды тексерістер жүргізіп, құрылыс нормалары мен ережелерін бұзудың жүздеген фактісін анықтады.

    Тексерістердің қорытындысы бойынша 78 әкімшілік материал әзірленді. Олардың 28-і облыстық соттарға жолданды, ал қылмыстық іс қозғалмаған құқықбұзушыларға жалпы сомасы 14 млн 644 мың 140 теңге айыппұл салынды. Тексерістер барысында 23 заңсыз құрылыс нысаны анықталды. Олардың материалдары да сотқа жолданды. Заңсыз салынған құрылыстар, оның ішінде Талғар ауданындағы көпқабатты тұрғын үй кешені, бұзылуға жатады. Қазір 4 сабан үй бұзылып, 7 нысанға бұзу туралы талап-арыздар жолданды, – делінген хабарламада.

    Сондай-ақ, Қонаев қаласындағы оқу корпусының, «Eco-Park Alatau» ТК-ның кәріз жүйелері мен Райымбек ауданындағы су бөгеттерінің құрылысы барысында көптеген заңбұзушылықтар анықталды. Мердігерлер мен техникалық қадағалау ұйымдарына қатысты шаралар қабылданды. 61 құрылыс компаниясы жауапқа тартылды, оның екеуі – «Sheberbuild» ЖШС және «Жаңарту» ЖШС Сот шешімімен лицензиясынан айырылды.

  • Автобуста әйелді ұрған ер адам қамауға алынды

    Автобуста әйелді ұрған ер адам қамауға алынды

    Алматы полициясы департаменті қоғамдық көлікте әйелді ұрған 66 жастағы жергілікті тұрғынды қамауға алды.

    Полиция департаментінің мәліметінше, ер адам әйелдің қатты сөйлегеніне наразы болып, оған дене жарақатын салған.

    «Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда», – деді Алмалы ауданы полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Батыржан Абдумасаров.

    Әрбір азамат құқықтық тәртіп қатаң сақталып, кез келген құқыққа қайшы әрекетке заңды түрде баға берілетініне сенімді болуы тиіс.

  • Қырғызстанда электронды темекіге тыйым салынды

    Қырғызстанда электронды темекіге тыйым салынды

    Көрші ел президенті тиісті заңға қол қойды. Енді мұнда электронды темекі әкелгендер мен оны пайдаланғандар айыппұл арқалайды. Бұл туралы 24 kz жазды.

    Жеке тұлғалар үшін оның мөлшері – 10 мың сом. Бұл біздің ақшамен 57 мың теңгеден асады.

    Заңды тұлғалар 6 есе көп төлейді. Тыйым салынған затты елге алып кіргендер үшін жаза қатаң. Олар үшін ірі мөлшерде айыппұл, бір жылға дейін түзету жұмыстары, бір жыл белгілі бір іспен айналысуға тыйым салу және екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
     

  • Түркістан облысында ветеринария қызметінің басшысы сотталды

    Түркістан облысында ветеринария қызметінің басшысы сотталды

    Түркістан қалалық сотының үкімімен облыстық ветеринария басқармасы Ветеринарлық қызметінің басшысы Бахытжан Бегманов сотталды.

    Антикор мәліметінше, ол аудандық ветеринариялық қызметтің 115 қызметкеріне сыйақы ретінде төленген жалпы сомасы 5,5 млн теңгені жинаған. Осылайша, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған. Сот оны кінәлі деп тапты.

    Сот үкімімен Бахытжан Бегмановқа 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеліп, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

    Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

  • Абай облысында боранға байланысты көлік қозғалысы шектелді

    Абай облысында боранға байланысты көлік қозғалысы шектелді

    Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, боран соғып, жолдың дұрыс көрінбеуіне байланысты екі учаскеде көлік қозғалысына тыйым салынды.

    «Атап айтқанда, «Мақаншы – Жалаңашкөл» тасжолының 0-133 шақырымы, «Мақаншы – Үшарал» тасжолының 0-48 шақырымы көліктің барлық түрі үшін жабық тұр. Жүргізушілерден сақтық шараларын қаперде ұстауды және бұл ақпаратты жол жүру жоспарында ескеруді сұраймыз», — деп хабарлады ведомство өкілдері.

    Осы ретте, полицейлер жабық жол учаскесімен жүріп кеткен жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

  • Қонаевта туризм қалай дамуда?

    Қонаевта туризм қалай дамуда?

    Қонаев қаласы – туристік әлеуеті жоғары қала. Оған дәлел – қазір шаһар аумағында 2 ірі инвестжоба жүзеге асуда, деп хабарлайды Sona.kz тілшісі.

    Жобаның бірі – 8-жағажайды «Аттракциондар паркіне» айналдыру болса, 2-шісі «Арена АСП» көпфункционалды туристік, спорттық-ойын сауық кешенінің құрылысы жүруде.

    Биылғы шомылу маусымында Қапшағай су қоймасының жағажайларына демалуға 1,5 млн адам келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 200 мыңға көп.

    Сондай-ақ 2024 жылдың жазында 5 жағажайды абаттандыру жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілді. Аталған аймақ халыққа тегін қызмет көрсетті.

    Одан бөлек, жеке инвесторлар жағажайдың 1 шақырымын абаттандырып жатыр. Жалпы 5 шақырым жағажайды демалушыларға ыңғайлы, қолайлы, заманауи етіп жасау жоспарлануда. Ал солтүстік жағалаудың жер учаскелері түгенделіп, картасы әзірленді. Ол төңіректі дамыту үшін де бірқатар шаралар қолға алынбақ.

    Сонымен қатар, Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауындағы жер телімдері түгенделіп, аумақты одан әрі дамыту үшін арнайы жол картасы дайындалғанын айта кеткен жөн. Мұның аясында инфрақұрылымды жақсартуға, рекреациялық аймақтарды дамытуға және қосымша инвестиция тартуға бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

    Қаланың жаңа Бас жоспарына сәйкес, аумағы 19 мың гектарға ұлғайтылды. Бұл өз кезегінде туристік нысандардың көбейіп, инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай тудырып отыр.

  • Қорғалжын ауданының әкімі тағайындалды

    Қорғалжын ауданының әкімі тағайындалды

    Ақмола облысы әкімінің 2024 жылғы 25 қарашадағы өкімімен, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және мәслихат депутаттарының келісімімен Қорғалжын ауданының әкімі болып Алмас Алин тағайындалды.

    Қорғалжын ауданының жаңа әкімін аудан активіне Ақмола облысы әкімі Марат Ахметжанов таныстырды.

    Алмас Алиннің алдына ауданның дамуы және Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында халық тұрмысына қолайлы жағдай жасау бойынша бірқатар міндеттер қойылды.

    Аймақ басшысы жаңадан тағайындалған аудан әкіміне барлық жоспарланған объектілердің іске қосылуын жеке бақылауда ұстау және олардың бұзылуына жол бермеу, жылыту маусымын қауіпсіз және ақаусыз өткізу, сумен жабдықтау объектілерінің уақытылы іске қосылуын қамтамасыз ету тапсырылды.

    Сондай-ақ, Алмас Алинге инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлік саласын, тұрғын үй құрылысын дамыту жөнінде нақты жұмыс жүргізу қажет.

    Кездесу соңында Марат Ахметжанов жүктелген міндеттерді іске асыруда табыс тіледі, оған қоса Қорғалжын ауданының бұрынғы әкімі Берік Жанбаевқа атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді.

  • Алматыда жер сілкінді

    Алматыда жер сілкінді

    «ҚР ТЖМ „Сейсмологиялык зерттеу институты“ ЖШС сейсмикалық станциялар желісі 2024 жылғы 25 қарашада Астана уақытымен 23 сағат 45 минутта Жетісу облысында жер сілкінісін тіркеді. Сезілетіндігі туралы мәліметтер нақтылануда», – деп жазды министрлікті баспасөз қызметі.

    Жер сілкінісі бір уақытта еліміздің бірнеше қаласында сезілген. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше:

    • Алматыда – 2 балл,
    • Жаркент қаласында – 4 балл,
    • Чунджа ауылында – 3 балл,
    • Текеліде – 3 балл,
    • Қырғызсай ауылында – 2 балл,
    • Қарабұлақ кентінде – 2 балл,
    • Жансүгіров ауылында – 2 балл,
    • Көкпек ауылында – 2 балл,
    • Сарқант қаласында – 2 балл,
    • Талдықорған қаласында – 2 балл.