Метка: Басты оқиғалар

  • Республикалық маңызы бар жолдарда KAZ және KZ жаңа индекстері бекітілді

    Республикалық маңызы бар жолдарда KAZ және KZ жаңа индекстері бекітілді

    Еліміздегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында KAZ және KZ жаңа индекстері бекітілді.

    «Қазавтожол» ҰК» АҚ» ақпаратына сәйкес, KAZ индексі бірнеше өңір арқылы өтетін 23 автомобиль жолына берілген. Мәселен, Астана мен Алматыны жалғап, Қарағанды арқылы өтетін жол KAZ01 индексін еншілесе, «Астана-Көкшетау (айналма жолмен)-Петропавл-РФ шекарасы («Жаңа жол» өткізу пункті)» бағыты KAZ02 болып белгіленді.

    KZ индексі бір өңірдің шегінде орналасқан республикалық маңызы бар 88 жол үшін қолданылады. Мәселен, Ақтөбе облысындағы «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» тасжолы KZ04-02 индексін алды. Онда көрсетілген «04» нөмірі өңірді, ал «02» нөмірі облыс шегіндегі жолдың реттік нөмірін көрсетеді. Жамбыл облысындағы «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автомобиль жолы KZ08-04 деп белгіленді, мұндағы «08» өңірді, ал «04» облыс шегіндегі жолдың нөмірін білдіреді.

    E және АН сияқты халықаралық келісімдер арқылы тағайындалған автомобиль жолдарының индекстері өзгеріссіз қалады. Бұл халықаралық көлік жүйесіндегі жүйелілік пен транзиттік қозғалыс жайлылығын қамтамасыз етеді, – делінген компания хабарламасында.

    Автомобиль жолдарының тізімі, атаулары және индекстері сілтемеде берілген.

  • АҚШ Ресейдегі 50 банк пен басшысына санкция салды

    АҚШ Ресейдегі 50 банк пен басшысына санкция салды

    Украинадағы соғысқа байланысты 50-ден астам ресейлік банкке, 40 бағалы қағаздарды тіркеуші мен қаржы саласындағы 15 шенеунікке АҚШ-тың жаңа санкцияларына ұшырады.

    21 қарашада шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) АҚШ қаржы министрлігінің сайтында Ресейге жаңа санкциялар салынғанын хабарлады.

    Ұлыбритания, Канада, Австралия және Жаңа Зеландияның осыған ұқсас тізімдерінде пайда болған Газпромбанк санкцияларға ұшыраған. Сонымен қатар, БКС-банкке, «ЦентрКредит», «ДОМ.РФ», «Синара» және басқа да көптеген банктерге шектеулер енгізілген.

    OFAC басылымында санкциялар тізіміне енгендердің ішінде Ресей орталық банкінің оннан астам қызметкері, оның ішінде банк төрағасының бірінші орынбасары Владимир Чистюхин мен Дмитрий Тулин, сондай-ақ Ресей банкі төрағасының орынбасары Ольга Полякова бар.

    Газпромбанкке қарсы санкциялар Еуропаға газ жеткізуге әсер етуі мүмкін.

  • Алматыда метро басшылығы кәсіпкерлермен заңсыз келісім жасаған

    Алматыда метро басшылығы кәсіпкерлермен заңсыз келісім жасаған

    Алматыда метро басшылығы кәсіпкерлермен заңсыз келісім жасаған. Көлік прокуратурасы «Метрополитен» ШЖҚ КМК қызметін талдау барысында кәсіпкерлердің құқығына нұқсан келтіретін заңбұзушылықтарды анықтады.

    Метрополитен басшылығы салық шығындарын сауда алаңдарын жалға алушылар есебінен өтеуге шешім қабылдап, ол үшін оларды қосымша келісімдер жасауға мәжбүрлеген. Прокуратураның қадағалау актісі бойынша салық төлемдерін жабу бөлігіндегі заңсыз талаптар келісімдерден алынып тасталды, ал кәсіпкерлерге 12,5 млн теңге қайтарылды, – делінген прокуратура хабарламасында.

    Заңсыз әрекеттерден барлығы 11 кәсіпкер зардап шеккені белігі болды.

  • Заманбек Нұрқаділовтің жұбайы бақилық болды

    Заманбек Нұрқаділовтің жұбайы бақилық болды

    Құралай Нұрқаділова Instagram парақшасында Заманбек Нұрқаділовтің алғашқы жары, өзінің анасы – Нұрқаділованың қайтыс болғаны туралы жазды. 

    «Бүгін түнде еліміз үшін маңызды тұлға өмірден өтті. Ол – Заманбек Нұрқаділовтің қалыптасу жылдарында серігі болған әйел. Саясатта ақылды, білімді және сауатты Нұрбике Ілімбайқызы. Сонымен қатар, өте қарапайым және зиялы жан еді. Ол туралы көп айтуға болады», – деп жазды Құралай Нұрқаділова.

    Оның айтуынша, анасы Совет Одағы кезіндегі және одан кейінгі елдің жағдайы туралы көп нәрсе айта алатын еді. Көптеген жас саясаткерлер оның қолдауымен алға жылжыған. Ол барлық тарихи оқиғаларды жақсы білетін және оларды өте қызықты жеткізе алатын.

    «Менің анамның даналығына оны танитын әрбір адам тәнті болатын. Иманды бол, анашым, қолымнан келгеннің бәрін жасадым!» – деп түйіндеді сөзін.

    Нұрбике Нұрқаділова 79 жасында өмірден өтті.

  • Қазақстанда 58 мектеп лицензиясыз жұмыс істеген

    Қазақстанда 58 мектеп лицензиясыз жұмыс істеген

    Оқу-ағарту министрлігі биыл білім ошақтарына тексеріс жүргізіп, 58 мектептің лицензия алмағанын анықтады.

    Лицензиясы жоқ мектептер негізінен Астана мен Алматы қалаларында, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында орналасқан. Оларға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 463-бабы бойынша айыппұл салынды. Қазір 58 мектептің 17-сі тиісті лицензиясын алып, талапты орындаған.

    «Білім туралы» заңға сәйкес барлық мектеп білім беру қызметін бастамас бұрын рұқсат алуға міндетті. Лицензияның болмауы мектептердің талаптарға сәйкестігі бойынша тексерістен өтпегенін немесе рұқсат алу үшін құжат тапсырмағанын білдіреді. Мектептер лицензия алған сәттен бастап қана білім беру қызметімен айналысуға құқылы. Егер мектеп мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін алты ай ішінде лицензия алмаса, онда ол сот тәртібімен жабылуға тиіс», – деп мәлімдеді білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов.

    Лицензия алу үшін мектептердің материалдық-техникалық базасы, білікті ұстаздары болуы керек. Сонымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы нормалар сақталып, оқушыларға медициналық қызмет көрсету жұмысы ұйымдастырылуы қажет.

    Егер мектеп осы талаптарға сәйкес келмесе, алдымен әкімшілік жаза қолданылады. Ал заң бұзу фактілері қайталанған жағдайда білім ошағының қызметі уақытша тоқтатылуы мүмкін.

  • Алматыда ірі құрылыс нысанына айыппұл салынды

    Алматыда ірі құрылыс нысанына айыппұл салынды

    Алматы қаласында табиғатты қорғау полициясы Бостандық ауданы әкімдігінің қоршаған орта және экология бөлімімен бірлесіп, экологиялық талаптарды бұзған және абаттандыру ережелерін сақтамаған құрылыс нысанын анықтады.

    Polisia.kz мәліметінше, құрылыс алаңында қоқыс қалдықтарының шамадан тыс жиналуы және лас қоқысты рұқсатсыз тасымалдау фактілері тіркелген. Осыған байланысты учаске басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, болашақта осындай заң бұзушылықтардың алдын алу үшін түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қалдықтарды өңдеудегі экологиялық талаптардың бұзылуы туралы материал қалалық экология департаментіне жолданды.

    Алматы қаласы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізовтің айтуынша, «Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық бағдарламасы мен «Алматы – ортақ үйіміз» қалалық кампаниясы аясында шаһарды абаттандыру және экологиялық талаптарды сақтау шаралары күшейтілді.

    «Жарқын күз» шарасы аясында 16 қыркүйектен бастап қалада абаттандыру ережелері мен санитарлық нормаларды бұзған 2 757 дерек тіркелсе, қоғамдық орындарды ластағаны үшін 2 232 хаттама толтырылды. Ірі көлемдегі қалдықтарды, сынған жиһаздарды, тұрмыстық техника мен құрылыс қалдықтарын көшеге жинақтаған 569 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – делінген ақпаратта.

  • Жаңа жылда қазақстандықтар неше күн демалады?

    Жаңа жылда қазақстандықтар неше күн демалады?

    ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруды көздейтін бұйрық дайындады.

    «ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «2025 жылы демалыс күнін ауыстыру туралы» бұйрығына сәйкес, 2025 жылғы 5 қаңтардағы жексенбі, яғни демалыс күні 2025 жылғы 3 қаңтарға, жұмаға ауыстырылады», – деп хабарлады министрлік.

    Осылайша, аптасына бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар 1-4 қаңтар, ал жұмыс аптасы алты күнді құрайтын азаматтар – 1-3 қаңтар күндері демалатын болды.

    Демалыс күнін ауыстыру жұмыс уақытын оңтайлы бөлуге және азаматтардың демалысы үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

  • Украинадағы соғыс: Путин шұғыл мәлімдеме жасады

    Украинадағы соғыс: Путин шұғыл мәлімдеме жасады

    Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тың Украинаға Ресей аумағына алыс қашықтықтағы қару арқылы шабуыл жасауға рұқсат бергені туралы түсініктеме берді.

    «Медузаның» хабарлауынша, Путин Украина қарулы күштерінің ATACMS зымырандарымен Ресейге шабуылды жасағанын мәлімдеді. Осыдан кейін «қақтығыс жаһандық сипатқа ие болды», бірақ бұл «арнайы операцияның» барысына еш әсер етпейтінін жеткізген.

    «Біздің әскерлер байланыс шебінің барлық бағытында сәтті алға жылжып келеді. Алдымызға қойған барлық міндеттерді орындаймыз», – деді Путин.

    Сонымен қатар, Путин Ресейдің Днепрге орта қашықтықтағы «Орешник» баллистикалық зымыранымен жауап соққысын жасағанын растап, сынақтың сәтті өткенін айтты.

    «Алдағы сынақтар Ресейге төнетін қауіпке байланысты болады. Егер жағдай ушығатын болса, біз де табанды түрде жауап қайтарамыз. Біз ашық, жария түрде, қарсыластан қорықпай жауап қайтаратын боламыз. Өйткені мұндай қаруға қарсы басқа шаралар жоқ. Қолданыстағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мұндай зымырандарды ұстап қала алмайды», – деді Ресей президенті.

    Сондай-ақ, Путин соққы ядролық емес гипердыбыстық жабдықтағы баллистикалық зымыранмен жасалғанын нақтылады. Ресей орта және шағын қашықтықтағы зымырандарды қолдануды жоспарламағанын, алайда АҚШ-тың осындай әрекеттеріне жауап ретінде бұл шешім қабылданғанын атап өтті.

  • Ауа райының нашарлауына байланысты үш өңірде жол жабылады

    Ауа райының нашарлауына байланысты үш өңірде жол жабылады

    Ауа райының нашарлауына байланысты тағы үш өңірде, атап айтқанда Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарында көлік қозғалысына шектеу қойылады.

    – 2024 жылғы 21 қарашада сағат 17:30–да ауа райының бұзылуына байланысты «Екатеринбург-Алматы» автожолының 1353-1426 шақырым аралығында (Ақмола облысының шекарасынан Теміртау төлемақы алу пунктіне дейін) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылады. Сонымен қатар, 2024 жылғы 21 қарашада сағат 17:30-да Қарағанды облысында ауа райының бұзылуына байланысты «Екатеринбург-Алматы» автожолының 1291-1353 шақырым аралығында (Жібек Жолы төламқы алу пунктінен Қарағанды облысының шекарасына дейін) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылады. Жолдарды 2024 жылғы 22 қараша сағат 08:00-де ашу жоспарланған, – делінген хабарламада.

    Бұдан бөлек, 2024 жылғы 21 қарашада сағат 18:00–де ауа райының бұзылуына байланысты «Екатеринбург-Алматы» автожолының 1426-1457 шақырым аралығында (Теміртау төлемақы алу пунктінен Қарағанды қаласына дейін) жүк және жолаушылар көліктерінің қозғалысына шектеу қойылады. Жолды 2024 жылғы 22 қараша сағат 07:00–де ашу жоспарланған.

    – «Қазгидромет» болжамдарына сәйкес ауа райы жағдайларының нашарлауына байланысты (көрінудің шектелуі, үстіңгі қар, бұрқасын, көктайғақ), автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды және республикалық маңызы бар а/ж 10 учаскесінде (Ақмола, Қарағанды) жүк және қоғамдық автокөлік үшін қозғалыс шектелді. Павлодар облысында жабу жоспарлануда, – делінген Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан хабарламада.

    ТЖМ қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.

    – Дауылды ескерту жариялаған кезде, әсіресе қараңғы уақытта алыс жерлерге сапарға шығудан бас тартып, жаяу жүруден аулақ болыңыздар. Ауа райы жағдайы мен автожолдардағы көлік қозғалысының шектеулері туралы ақпаратты бақылаңыздар, – деп ескертті ведомство.

  • Қазақстандықтар несиелік қабілетін онлайн бақылай алады

    Қазақстандықтар несиелік қабілетін онлайн бақылай алады

    EGov Mobile мобильді қосымшасында «Кредиттік және сақтандыру тарихы бойынша нұсқаулық» атты жаңа сервис іске қосылды. Енді пайдаланушылар өздерінің несие алу және сақтандыру тарихын қадағалап, жалпы кредиттік қабілеттілік деңгейін онлайн бағалай алады.

    «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы дерегінше, сервис «Кредиттеу» және «Сақтандыру» атты бөлімдерден тұрады. Бұл бөлімдерде пайдаланушы бұрын алған несиелері мен сақтандыру қызметтері туралы АО «Мемлекеттік несие бюросының» деректеріне негізделген өзекті ақпарат ұсынылған.

    «Кредиттеу» бөлімінде пайдаланушының соңғы бес жылдағы несие алу тарихы туралы есеп, белсенді несие міндеттемелері мен скорингтік балл ұсынылады. Ол несие алу тарихының деректері негізінде қалыптасады және пайдаланушыға өзінің несие беделін бағалауға көмектеседі. Скорингтік балл тек ақпараттық сипатқа ие және пайдаланушылар үшін оның кредиттік мінез-құлқын бағалауға арналғанын айта кету керек» делінген хабарламада.

    «Сақтандыру» бөлімінде пайдаланушыға бұрын жасалған сақтандыру шарттары мен полистері туралы жалпы есеп, сондай-ақ міндетті автосақтандыру құнына әсер ететін бонус-малус класы туралы ақпарат қолжетімді.

    Егер алынған мәліметтер бойынша сұрақтар туындаса, пайдаланушы тікелей кредит берушіге немесе сақтандыру компаниясына жүгінуі қажет.