Метка: Басты оқиғалар

  • ICIJ «мұнай ханзадасына» қатысты зерттеу жариялады

    ICIJ «мұнай ханзадасына» қатысты зерттеу жариялады

    Активтерді қалпына келтіру комитеті бұрынғы президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаевты әлі талай сауалдың астына алатын сияқты. Қазір бұл мәселенің бір парасы Алматы қалалық сотында қаралып жатыр.

    Ал, Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы (ICIJ) Құлыбаевқа қатысты ауқымды зерттеу жариялады. Тергеушілердің жазуынша, 2007 жылға қарай Құлыбаев Forbes миллиардерлер тізіміне алғаш рет еніп, аса байлардың бірі болды.

    ICIJ тергеуі көрсеткендей, Құлыбаев Арвинд Тикудің көмегімен сатып алған Беркширдегі Саннингхилл паркіндегі жылжымайтын мүлік шамамен 184 миллион долларға бағаланған алты мүліктің бірі болды. Ол Құлыбаевтың Ұлыбританиядағы компаниялар желісі арқылы сол жылы сатып алынған. Олардың үшеуі Лондонның бес жұлдызды қонақ үйлері мен Мишлин жұлдызды мейрамханаларымен танымал Майфэйр қаласында орналасқан.

    Сол жылы Құлыбаев 54,5 миллион долларға Кенсингтон аймағындағы тағы екі лондондық жылжымайтын мүлікті сатып алды.

    Caspian Cabals құжаттарына сәйкес, шамамен сол уақытта Құлыбаев пен оның серіктестері Багам аралдары мен Британдық Виргин аралдары сияқты қауіпсіздік деңгейі жоғары юрисдикцияларда тіркелген компаниялар арқылы жылжымайтын мүлік сатып алған. Сондай-ақ ол және оның серіктестері Ұлыбританияда, Нидерландыда, Испанияда, Люксембургте және басқа да Еуропа елдерінде жылжымайтын мүлік сатып алу және Құлыбаевтың корпоративтік активтерін басқару үшін компаниялар құрды.

    Сонымен қатар, ICIJ тергеуі Chevron мен оның серіктестері Құлыбаевпен байланысты компаниялармен келісімшарт жасасқанын анықтады. Мысалы, 2011 жылы Каспий құбыр консорциумы сингапурлық Steppe Capital қоры арқылы Құлыбаевтың бақылауында болған «КазСтройСервис» компаниясымен Қазақстанда екі сорғы стансасының құрылысын салу үшін келісім-шарт жасаған.

    Жобаның бастапқы құны 276,5 миллион доллары. Бірақ соңында құрылыстың аяқталу уақыты созылып, жоба 2,5 жылдың орнына 6,5 жылға созылды.

    «Жобалар кешіктіріліп жатқанда, Құлыбаев пен оның айналасындағылар сәнді өмір салтын қаржыландыруды жалғастырды. Мысалы, әйелі Динараның туған күнін тойлауға және Испаниядағы жазғы демалысқа шамамен 1,6 миллион доллар жұмсалды».

    Құлыбаевтың адвокаттары кәсіпкердің компанияны басқаруға да, келісімшарт бойынша келіссөздерге де қатыспағанын айтып ақталды. Алайда, мұның рас-өтірігін уақыт көрсетеді.

  • Азияда жаңа бокс конфедерациясы құрылады

    Азияда жаңа бокс конфедерациясы құрылады

    World Boxing Азия аумағында бокстың дамуы мен насихатталуын бақылау үшін жаңа Азия бокс конфедерациясының құрылғанын ресми түрде жариялады, деп мәлімдеді Olympic.kz

    Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA) Азия бокс конфедерациясының (ASBC) тәуелсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне байланысты президенттік қызметінен кеткен Пичай Чунхавадзира өз мәлімдемесінде жаңа ұйымның құрылуына және оның алдағы жұмысына толық қолдау көрсететінін айтты.

    World Boxing басшысы Борис ван дер Ворст қабылданған шешімді тарихи сәт екенін атап өтті:

    Азияда бокстың мүмкіндіктерін кеңейту жолында осындай қадам жасағанымызға қуаныштымыз. Жаңа Азия бокс конфедерациясы ілгері дамып, бокс деңгейін жаңа белестерге көтеретініне сенімдіміз.

    Конфедерацияның құрылуы World Boxing қауымдастығынан айқын қолдау тапты. World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин Азия боксының әлемдік аренадағы маңызын ерекше атап өтті:

    «Мұндай жаңашыл құрылымды құруға қатысу – үлкен мәртебе. Бүгінде Азия боксы әлемдік аренада ерекше рөл атқарады. Жаңа конфедерация біздің аймақтың алатын орнын одан әрі бекітіп және осы спорт түрінің дамуына жаңа серпін береді».

    Жаңа Азия конфедерациясының құрылуы құрлық боксының дамуына жол ашады. Ұйым тәуелсіздік, әділдік және спортшыларды қолдау қағидаттарын басшылыққа алып, мүдделі тараптарды ортақ мақсатқа біріктіреді.

  • Заңсыз активтерді қайтару: Атырау облысында мектеп салынады

    Заңсыз активтерді қайтару: Атырау облысында мектеп салынады

    «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң шеңберінде Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жамансор ауылында жаңа мектеп салынады. 150 орындық мектептің құрылысына қор қаражаты есебінен 2 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды.

    Қазір ауылда 60 орынға бейімделген ғимаратта орналасқан бастауыш мектеп қана жұмыс істейді. 4-сыныпты бітіргеннен кейін оқушылар 60 шақырым қашықтағы Мақат ауданы Доссор кентінде орналасқан мектеп-интернатта оқуға мәжбүр. Жоғары сынып оқушылары көршілес елдімекендерге қатынап оқиды. 

    Жобаны іске асыру қорытындысы бойынша талаптарға және санитарлық нормаларға сәйкес балаларды сапалы оқыту үшін жағдай жасалатын болады.

  • Қазақстанда бір жылда 99 мың тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген

    Қазақстанда бір жылда 99 мың тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген

    2023 жылы Қазақстанда 99 мың тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген. Бұл туралы «Орталық Азиядағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет ету жүйесі: агрессорларды түзету бағдарламалары» конференциясында белгілі болды.

    Сарапшылардың айтуынша, 2024 жылы сәуірде қабылданған әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау туралы заңнан кейін жағдай біртіндеп өзгеруі тиіс. Қазақстандағы Фридрих Эберт қорының өкілдігі аймақтағы гендерлік теңдік мәселелерін талқылау үшін Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан сарапшыларын жинады.

    Қазақстандағы Дағдарыс орталықтары бірлестіктерінің жетекшісі Зульфия Байсақованың айтуынша, қазір елде 19 ұйым тіркеліп, 48 дағдарыс орталығы ашылған. Бір ғана «Жансая» дағдарыс орталығын 1 қарашаға дейін 433 адам, оның ішінде 142 әйел, 285 бала паналаған. Бұл 2023 жылдың осы кезеңіндегі жағдайдан жоғары.

    «Зорлық-зомбылықпен күрестегі басты мәселелердің бірі қоғамның оны қалыпты жағдай ретінде қабылдауы болып отыр. Бұл үшін үлкен қоғамдық жұмыс қажет. Барлық қоғам қол көтеруді қылмыс деп тануы қажет», – деді Байсақова.

    Оның сөзін Тәжікстан Үкіметі жанындағы әйелдер және отбасы комитетінің төрағасы Джавохир Акобирова да қолдады.

    «Біздің аймақтағы әйелдердің зорлық-зомбылық көргені үшін өзін кінәлауы және мұны «ұят» деп көруі басты мәселе деп ойлаймын. Қазір тәжік қоғамында зәбір көрген адамның арыз жазуы қалыпты жағдай екенін түсіндіруге тырысып келеміз», – деді Акобирова.

    Ал қазақстандық заңгер Әйгерім Құсайынқызының сөзінше, қазір елдегі антигендерлік қозғалыстың күшеюі гендерлік теңдік орнатуда қиындықтар тудырып келеді.

    «2016 жылы гендерлік теңдік деген сөзді отбасы деген сөзге ауыстырып, «Әйелдер және отбасы ісі» деп қарайтын болдық. Себебі қоғамда гендерлік теңдік ұғымы отбасы құндылықтарына қарама-қайшы деген ой пайда болды», – дейді заңгер.

  • Астанада есірткісі бар сәлемдемені алмақ болғандар 18 жылға сотталды

    Астанада есірткісі бар сәлемдемені алмақ болғандар 18 жылға сотталды

    Елордада есірткісі бар сәлемдемені алмақ болған тұрғындар 18 жылға сотталды.  ҚМА мәліметінше, агенттіктің елордалық департаменті қызметтік иттің көмегімен кедендік бақылау аймағындағы уақытша сақтау қоймасында салмағы шамамен 1 келі гашишті тауып тәркіледі.

    Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу барысында жүргізілген мониторинг нәтижесінде «Қазпошта» АҚ қалалық филиалында тағы бір сәлемдеме бары анықталды. Оның жалпы салмағы 7 грамнан асатын күшті психотропты зат – тетрагидроканнабинол және оның изомерлері екені анықталды. Айыпталушылардың бірінің пәтерін тінту кезінде есірткі құралдары, сондай-ақ орауыш материалдар мен таразы табылды.

    Сот шешімімен істің 2 қатысушысы кінәлі деп танылып, 8 және 18 жылға сотталды. Олар жазасын орташа қауіпсіздік колониясында жазасын өтейді.

    Айта кетейік, жыл басынан бері есірткі контрабандасы және заңсыз айналымы фактілері бойынша 116 қылмыстық іс тіркелді. 57,3 келі есірткі тәркіленді.
    Сондай-ақ 1,7 келі психотропты заттар, анаболиктер (206 мың дана), «Тропикамид» көз тамшылары (1 680 дана) тәркіленді.

  • Биыл 16,5 мың этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

    Биыл 16,5 мың этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

    2024 жылдың басынан бері 16,5 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды.

    Еңбек және халықты әлеуметтік қорпғау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы 16 535 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы, 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 144,9 мың этникалық қазақ оралды.

    Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 45,9%-ы Қытайдан, 39,2% – Өзбекстаннан, 5,8%  – Моңғолиядан, 5,2% – Түрікменстаннан, 2,8% – Ресейден және 1,1% басқа елдерден, – деп қосты ведомство.

    Осы жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,4%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 33,2%-ды және зейнеткерлер 9,4%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша, 17,8%-ы жоғары білімді, 24,8%-ы орта кәсіби білімді, 54,4%-ы жалпы орта білімді, және 3% білім жоқ.

    Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңіріне қоныстанды. Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

    Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 3 033 адамды құрайды. 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, қоныстандыру өңірлеріне 2 841 қандас қоныс аударды. Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде, – деп толықтырды министрлік.

    Жыл басынан бері 2 390 қандасқа түрлі қолдау шарасы көрсетілді. Атап айтқанда, 763 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.

  • Ақтөбе облысында балабақша бухгалтері сотталды

    Ақтөбе облысында балабақша бухгалтері сотталды

    Ақтөбе облысында бірнеше балабақшаның бухгалтері басшысы атынан құжаттарға қол қойып, өз шоттарына ақша аударған. Бұл туралы Мұғалжар ауданының прокуратурасы анықтады.

    Салдарынан мектепке дейінгі ұйымдарда 54 млн теңгеден астам бюджет қаражатын заңсыз иемденген. Заңсыз әрекет «Балауса», «Гүлдер», «Шапағат» және «Арай» балабақшаларында болған.

    Осы деректерге қатысты аудан прокуратурасы бухгалтерлерге қатысты қылмыстық кодекстің 189-бабының 2 және 4-бөлігі (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында «Шапағат» және «Арай» балабақшасы бухгалтерлері 5 млн теңгеден астам шығынды өтеді. Сол себепті қылмыстық іс тоқтатылды.

    «Балауса» және «Гүлдер» балабақшасы бухгалтеріне 49 млн теңге қаражатты заңсыз иемденгені үшін сот үкімі шығып, ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

  • Әлемде құс тұмауы таралып жатыр

    Әлемде құс тұмауы таралып жатыр

    АҚШ-тың Калифорния штатында алғаш рет жаңа туған нәрестеден құс тұмауы анықталды.

    Осыған дейін, вирустың таралуы тек ересек адамдарда кездескен болатын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдары мамандары ауруға бей-жай қарамауға, мал және құс шаруашылығымен айналысатын фермерлерге сақтануға шақырады.

    АҚШ-тың Калифорния штатында алғаш рет H5N1 типті құс тұмауы жаңа туған сәбиден анықталды. Инфекция ауруларды бақылау және алдын алу жөніндегі Федералды орталықта расталды. Мамандар баланың инфекцияны қалай жұқтырғанын анықтау үшін, отбасы мүшелерінен сынақтар алды. Нәтиже теріс болды. Дегенмен, өзге де респираторлық вирустар болуы мүмкін дейді дәрігерлер.

    Жалпы жыл басынан бері, құс тұмауын 55 адам жұқтырған. Оның 29-ы Калифорния штатынан анықталды. Осыған қарамастан, халық үшін инфекцияның таралу қаупі төмен болып қала береді, дейді штат билігі.

    Негізінен вирус құстармен және малмен байланыста болатын фермерлер үшін өте қауіпті. Бірер апта бұрын құс тұмауын канадалық жеткіншек жұқтырды. Ол Британдық Колумбия провинциясының тұрғыны. H5N1 вирусын жұқтыру көзі әлі анықталған жоқ, бірақ бала вирусты жұқтырмас бұрын, ит-мысықпен ойнаған. Артынша, бірден қызуы көтеріліп өзін жайсыз сезінген. Көзі қышып, жөтелі ұлғайған соң ауруханаға жатқызылды. Әзірге жағдайы қалыпты, дәрігерлердің бақылауында.

    Жалпы бұл аймақта жабайы құстар арасында құс тұмауының 26 жағдайы тіркелген. 1960 жылдары ашылған құс тұмауы вирусы ұзақ уақыт бойы адамдарға қауіп төндірмеді. Алайда жағдай 20-ғасырдың аяғында түбегейлі өзгерді. 1997 жылы Қытайдың Гонконг қаласында виурстан алты адам көз жұмды. Содан бері құс тұмауы Азиядан Еуропаға, АҚШ-қа және Африкаға ет-сүт өнімдерін сату арқылы тарады.

    Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, кейінгі 2 онжылдықта 23 елде құс тұмауын 800-ден астам адам жұқтырып, 463 адам қайтыс болған.

  • Cиноптиктер ауа райына байланысты ескерту жасады

    Cиноптиктер ауа райына байланысты ескерту жасады

    «Қазгидромет» РМК синоптиктері елдің 12 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жасады.

    Түркістан облысының оңтүстігінде, таулы аудандарында тұман. Оңтүстік-шығыстан, шығыстан жел соғады, облыстың солтүстігінде, батысында, таулы аудандарында күші 15-20 м/с болады.

    Атырау облысында оңтүстік-шығыстан жел соғады, түнде облыстың оңтүстігінде екпіні 15-20 м/с-ке дейін жетеді.

    Ұлытау облысының шығыстан жел соғады, облыстың оңтүстігінде екпіні — 15-20 м/с.

    Ақмола облысының батысында тұман.

    Қызылорда облысында жел солтүстік-шығыстан, шығыстан соғады, түнде және таңертең облыстың орталығында, шығысында күші 15-20 м/с болады.

    Қарағанды облысының солтүстік-шығыстан, шығыстан жел соғады, облыстың оңтүстік-шығыста екпіні 15-20 м/с-ке жетеді.

    Батыс Қазақстан облысының батысында тұман.

    Абай облысының батысында, шығысында тұман түседі. Жел солтүстік-шығыстан, шығыстан соғады, облыстың оңтүстік-батысында екпіні 15-20 м/с болдаы.

    Жамбыл облысының оңтүстігінде, таулы аудандарында тұман түседі. Солтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың солтүстік-шығысында, таулы аудандарында екпіні 15-20, түнде 25 м/с-ке жетеді.

    Қостанай облысының солтүстігінде, шығысында тұман түседі.

    Алматы облысының оңтүстігінде тұман. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел батыс бағытқа ауысады, түнде облыстың шығысында екпіні — 15 м/с.

    Алматыда түнде және таңертең тұман.

  • WhatsApp-та жаңа пайдалы функция пайда болды

    WhatsApp-та жаңа пайдалы функция пайда болды

    WhatsApp әзірлеушілері 2024 жылдың 21 қарашасында қолданбада жаңа пайдалы мүмкіндіктің пайда болғанын мәлімдеді.

    Олар дауыстық хабарламалардың маңыздылығын атап өтіп, кейде оларды тыңдау қиын болуы мүмкін екенін айтты: мәселен, жолда, шулы ортада немесе хабарлама тым ұзақ болса.

    «Осындай жағдайларды ескере отырып, жаңа функция пайда болды. Енді дауыстық хабарламалардың мәтіндік транскрипцияларын оқып, оларға кез келген жерде және кез келген уақытта жауап беруге болады. Транскрипттер сіздің құрылғыңызда тікелей жасалады, сондықтан сізден басқа ешкім оқи немесе тыңдай алмайды – олар тіпті WhatsApp-та қол жетімді емес», – делінген ақпаратта.

    Дауыстық хабарламаларды транскрипциялауды қосу немесе өшіру

    Дауыстық хабарламаларды транскрипциялау әдепкі бойынша өшірілген. Пайдалану үшін оны қосу керек.

    1. WhatsApp Параметрлерін ашыңыз.
    2. Чат бөліміне өтіңіз.
    3. Дауыстық хабарламаларды транскрипциялау функциясын қосыңыз немесе өшіріңіз.
    4. Дауыстық хабарламаларды транскрипциялау функциясын қосқан кезде транскрипциялау тілін таңдаңыз.

    Хабарламаны транскрипциялау үшін оны басып тұрыңыз, содан кейін «транскрипциялау» түймесін басыңыз.

    «Алдағы апталарда барлық пайдаланушыларға кейбір тілдерде қол жетімді болады, ал басқа тілдерді келесі айларда қосу жоспарлануда», – деп сендірді әзірлеушілер.

    Дауыстық хабарламаны транскрипциялауға біраз уақыт кетуі мүмкін екені де ескертілді. Сондай-ақ, «Транскрипция қол жетімді емес» қатесі келесі себептерге байланысты пайда болуы мүмкін:

    • Таңдалған транскрипция тілі дауыстық хабар тілімен бірдей емес.
    • Фондық шуға байланысты кейбір сөздердің түсініксіздігі
    • Дауыстық хабарлама тілі түсініксіз болуы.

    «Дауыстық хабарламалардың транскрипциясы дәл болмауы мүмкін», – деп ескертті WhatsApp әзірлеушілері.