Метка: Басты оқиғалар

  • Алматы облысында колония басшысының орынбасары ұсталды

    Алматы облысында колония басшысының орынбасары ұсталды

    Алматы облысында арнайы прокурорлар мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері №14 түзеу мекемесі басшысының орынбасарын ұстады.

    Ол сыбайлас жемқорлыққа қатысты деген күдікпен тергеуге алынды. Тергеушілердің мәліметінше, колония басшысының орынбасары бірнеше рет пара алған.

    «Қылмыстық іс бойынша барлық деректер анықталуда», деп мәлімдеді Алматы облысының прокуратурасы.
    Басқа мәліметтер тергеу мүддесі үшін жарияланбайды.

  • Перизат Қайрат 1,5 миллиард теңге ұрлады деген күдікпен ұсталды

    Перизат Қайрат 1,5 миллиард теңге ұрлады деген күдікпен ұсталды

    Су тасқыны кезінде жапа шеккен халыққа көмектесуге құлшынған Перизат Қайрат қазір ел сенімін аяққа таптады деген күдікке ілінді.

    Қаржылық мониторинг агентігінің мәліметінше, ол 1,5 миллиард теңге ұрлаған болуы мүмкін. Бұл қаржы еліміздің әр аймағынан жиналып, қайырымдылық қоры арқылы мұқтаж жандарға бағытталуы тиіс еді.

    Алайда, сол қайырымдылық ақшасына Перизат ханым Астананың қымбат автосалондарынан бірнеше элиталық көлік сатып алды:

    Mercedes-Benz S450 – құны 88 миллион теңге;
    Lexus LX-600 – құны 80 миллион теңге;
    Haval – құны 39 миллион теңге.
    Қымбат көліктерден бөлек, Перизат «Akbulak Riviera», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» секілді элиталық тұрғын үй кешендерінен пәтерлер, сондай-ақ «Vela Village» коттедж қалашығынан жылжымайтын мүлік сатып алды. Бұл мүліктердің жалпы құны 600 миллион теңгеге жеткен.

    ҚМА таратқан ақпаратқа сәйкес, ол Дубай, Доха, Лондон, Стамбұл қалаларына жиі барып, «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace», «Kempinski» секілді бесжұлдызды қонақ үйлерде тоқтаған. Атақты «Cartier» мен «Louis Vuitton» брендтерінің әшекей бұйымдары мен аксессуарларын сатып алып, яхтада қыдырып, қымбат мейрамханаларда ас ішкен.

    Өзінің айла-тәсілін жүзеге асыру үшін, ол жақын достары мен туыстарын қатыстырған. Олар қайырымдылық қоры қаражатын 8% сыйақы үшін қолма-қол ақшаға айналдырған.

    Перизат Қайрат – «BizBirgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының басшысы. Көктемдегі ауқымды су тасқыны кезінде халықтың қайғысын өз жүрегінен өткізгендей болып, президентке бейнеүндеу жолдады. Онда мемлекеттік көмек жоқ екенін айтып, жанайқайын жеткізді. Алайда, бұл үндеуді көп ұзамай әлеуметтік желілерден өшіріп тастады.

  • Соңғы 9 айда елден 10 мыңнан аса адам көшіп кеткен

    Соңғы 9 айда елден 10 мыңнан аса адам көшіп кеткен

    Ұлттық статистика бюросы 2024 жылғы қаңтар-қыркүйектегі демографиялық жағдай туралы баяндады. Бюро мәліметінше, 1 қазандағы жағдай бойынша халық саны 20 223 218 адамды қамтыған.

    Оның ішінде қала тұрғындары – 12 704 977, ауыл тұрғындары – 7 518 241 адам. Соңғы 9 айда халықтың жалпы өсімі 189 376 адамды қамтыды.

    2024 жылдың 9 айында Қазақстанда 278,7 мың бала дүниеге келсе, қайтыс болғандар саны – 99,5 мың адам. Осылайша, халықтың табиғи өсімі 179,2 мың адамды қамтыды.

    Туудың ең жоғары деңгейі Түркістан облысында (1 мың тұрғынға – 25,04 адам), Маңғыстау облысында (24,84) және Шымкент қаласында (23,68) байқалды.

    Өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан облысында (1 мың тұрғынға – 11,52), Шығыс Қазақстан облысында (11,32) және Қостанай облысында (10,12) байқалды. Бұл осы облыстар халқының жас құрылымына байланысты.

    Сонымен қатар, алғашқы жарты жылдың ішінде 95 мың неке қиылып, 29,3 мың ажырасу тіркелген.

    2024 жылғы қаңтар-қыркүйекте елге келгендер саны 20 383 адамды, елден кеткендер саны 10 201 адамды қамтыды. Көші-қон айырымы – 10 182 адам.

    2023 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда, Қазақстанға келгендер саны 6,5% өсті, ал кеткендер саны 19,9% азайды.

    Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен жүреді. ТМД елдерінен келгендердің үлесі – 79,7%, ал бұл елдерге кеткендердің үлесі – 76,9%.

    Ел ішіндегі көші-қон 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 47,4% өсті. Өңіраралық көші-қон бойынша еліміздің 4 өңірінде: Астана (52 853 адам), Алматы (26 157 адам), Шымкент (5 948 адам) қалаларында және Алматы обласында (765 адам) халық көші-қонының оң айырымы қалыптасты.

  • Алматыда қар көшкіні жүруі мүмкін – ТЖМ

    Алматыда қар көшкіні жүруі мүмкін – ТЖМ

    2024 жылдың 13-15 қараша аралығында Үлкен және Кіші Алматы су алаптарында қатты жауын-шашынның түсуіне байланысты қар көшкіні жүруі мүмкін, деп мәлімдеді ведомство.

    ТЖМ көшкін жүру қаупі мүмкін болуына байланысты қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды.

    Мамандар таудағы қауіпсіздік ережелерін еске салады:

    • Маршрутыңызды егжей-тегжейлі зерттеңіз.
    • Қар көшкіні, сел қаупі бар жерлерден аулақ болыңыз, әсіресе қатты жауын-шашыннан кейін.
    • Жақындап келе жатқан сел ағын шуын естігеннен кейін бірден 50-100 метр жоғары көтерілу керек.
    • Қар көшкіні мен сел өмірге қауіп төндіретін үлкен салмақты тастарды ұшыратуы мүмкін.
    • Әрқашан есіңізде болсын, қар көшкіні мен сел ағынынан тек қашу арқылы құтылуға болады.
    • 112 бірыңғай нөмірінен ескертулерді қадағалаңыз, қар көшкіні мен сел қаупі төнген жағдайда тауға баруды кейінге қалдырыңыз.
  • Ақтөбе облысында болған тікұшақ апатының себебі анықталып жатыр

    Ақтөбе облысында болған тікұшақ апатының себебі анықталып жатыр

    Ақтөбе облысында болған тікұшақ апатының себебі анықталып жатыр. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев айтты.

    Апатқа не себеп болғаны анықталып жатыр. Әртүрлі нұсқа бар, бірақ басты нұсқа – техникалық ақау, – дейді Жазықбаев.

    Айта кетейік, 9 қараша сағат 11:40-та Мартөк ауданы Сарыжар ауылы маңында тікұшақтың қатты қарқынмен қонғаны туралы ақпарат түскен. Бортта 3 адам болған. Бір адам қаза тапты, екі адам ауруханада жатыр.

  • Жетісу облысында қар құрсауында қалған адамдар құтқарылды

    Жетісу облысында қар құрсауында қалған адамдар құтқарылды

    Жетісу облысында ТЖМ қызметкерлері қар құрсауында қалған 4 адамды құтқарды. Ақпаратқа сәйкес, түнде Алакөл ауданында республикалық маңызы бар Қабанбай-Үшбұлақ автожолында ішінде адамдары бар автокөлік қар құрсауында кептеліп қалған.

    Құтқарушылар дереу оқиға орнына барып, көлік ішіндегі төрт адамды шығарды. Оларға медициналық көмек қажет болмады. Азаматтар жақын маңдағы елді мекенге жеткізілді.

    ТЖМ қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Ауа райының өзгеруін, жолдардағы қозғалыстың шектелуін қадағалауды сұрайды.

  • Головкин жаңа қызметке тағайындалды

    Головкин жаңа қызметке тағайындалды

    Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) ұйым комитеттеріне енген жаңа мүшелерін таныстырды. Ұйымның спорт комитетіне Геннадий Головкин тағайындалды.

    ҰОК мәліметінше, тағайындау туралы шешімді Азия Олимпиадалық кеңесінің президенті Раджа Рандхир Сингх Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен АОК-тың 44-ші Бас ассамблеясында қабылдады.

    АОК комитеттерінің құрамына Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің (ҰОК) басшылары мен қызметкерлері енді. Спорт комитетіне Қазақстанның ҰОК президенті Геннадий Головкин тағайындалды.

    Бас хатшы Әлімжан Ақаев Халықаралық қатынастар комитетінің мүшесі болды. PR және маркетинг департаментінің директоры Гүлназ Шүкенова Медиа және БАҚ комитетіне кірді, ал cпорт департаментінің бас менеджері Роман Теміржанов Ақпарат және статистика комитетіне қосылды. Сонымен қатар Орталық Азияның Аймақтық антидопинг ұйымының (RADOCA) директоры Венера Абдулла антидопинг комиссиясының мүшесі атанды.

    Сонымен, бұл жаңартылған АОК комитеттері 2028 жылға дейін қызмет атқаратын болады.

  • Ел аумағының басым бөлігінде қар жауып, жел күшейеді

    Ел аумағының басым бөлігінде қар жауып, жел күшейеді

    «Қазгидромет» Қазақстан аймақтарында болатын қауіпті метеорологиялық құбылыстарға болжау консультациясын жариялады.

    – Еліміздің батысында, солтүстік-батысында жаңбыр мен қар түрінде жауын шашын, еліміздің оңтүстік-шығысында қалың қар күтіледі. Тек еліміздің оңтүстік-батысы мен оңтүстігінде антициклон жотасы әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы болжанады, – делінген хабарламада.

    Республика бойынша желдің күшеюі күтілуде. Еліміздің солтүстігінде, шығысында, орталығында боранмен, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында, орталығында, күндіз солтүстік-батысында-көктайғақ, орталығында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында тұман күтіледі.

  • Қазақстанда легионерлерді бюджет есебінен қаржыландыру тоқтатылады

    Қазақстанда легионерлерді бюджет есебінен қаржыландыру тоқтатылады

    Мәжіліс депутаттары дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі бастамашылық еткен нормаларды қажетсіз (артық) заңнамалық реттеуді жою туралы заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

    Парламент мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Нартай Сәрсенғалиев сөз басында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес әзірленіп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №1243 қаулысымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілгенін еске салды.

    «Заң жобасының негізгі новеллалары туралы әріптестерім өте өзекті мәселелерді көтеріп, нақты сұрақтарын қойды. Бәріне туризм және спорт министрі жауап берді.

    Бұл Заң жобасы отандық спорттың жылдар бойы қордаланып қалған қадау-қадау мәселерін шешетін, бюджеттің бүйірін теспей сорып, спортқа бөлінген қаржыны мақсатсыз жұмсауды тоқтатады деп сенеміз. Себебі спортқа қыруар ақша бөлінгенін еткен еңбектен кеткен кемшілік көп екенін сіз бен біз үнемі айтып жүрміз.

    Заң жобасының жұмыс тобына кірген депутаттар бірнеше маңызды норманы енгізді. Мәселен, министрлік бұрын бекіткен, бюджетке қол салғаны болмаса, атының өзін ағайын білмейтін спорт түрлерін қазына қаржысынан қағу үшін нақты шешім қабылданды. Заңды түрде жоғары жетістіктер спорты деген түсінік еніп, оған кіретін спорт түрлері нақтыланды. Жоғары жетістіктер спортының ішінде жоғары жетістік көрсеткендері үшін басым спорт түрлері түсінігі енгізіліп, оның басымдықтары айқын көрсетілді», — деді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі.

    Ол өз сөзінде легионерлерге бөлініп жатқан есепсіз қаражат туралы қозғай отырып, проблемалы тұстарды айтып өтті.

    «Қазақстанның ақшасын асауды білгенмен, алаңда үлкен жетістік жасауды білмеген легионерлерге мемлекеттің бюджеті есебінен де, квазимемлекеттік сектордың бюджеті есебінен де қаржы бөлуді тоқтату туралы норма қабылданды. Оған қоса бюджет қаржысының нақты қайда жұмсалуы керектігі айқын жазылды.

    Ерекше жандарға көрсетілетін ерекше көмек «спортшыны алып жүретін адам» түсінігімен заңға енгізіліп оның шығындарын өтеу жолы да жазылды.

    Діни экстрезим мен терроризм салаға енбеуі үшін профилактикалық жұмыстардың жүйесі де анық көрсетілді.

    Бұқаралық спортқа жасалатын қолдау да Заң жобасында ашық жазылды. Ұлттық спорттың қарыштап дамуына әсер ететін бастамалар, оларды қаржатпен қамтамасыз ету қадамдары нақты көрсетілді. Бұл қысқа-нұсқа айтқандағы ақпаратым», — дейді Нартай Сәрсенғалиев.

  • Жолға жауапты 300-ге жуық қызметкер жауапқа тартылды

    Жолға жауапты 300-ге жуық қызметкер жауапқа тартылды

    Алматы облысында жол апатына себепкер болған қосалқы мердігерге айыппұл салынды. Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 9 қарашада Шелек ауылындағы кәріз желілерін қайта жаңарту учаскесінде жол-көлік оқиғасы болған. Тoyota Camry көлігін басқарған жүргізуші әйел жол бойында қажетті ескерту белгілерінсіз қалған топырақ пен үйінді түріндегі кедергіге соғылған. Оқиға салдарынан зардап шеккен жүргізуші аудандық ауруханаға жатқызылды.

    Еңбекшіқазақ ауданының полицейлері қажетті қауіпсіздік шараларын сақтамаған және жолда ескерту белгілерінсіз кедергі қалдырған қосалқы мердігерді анықтады. Жолдарда жұмыс жүргізу жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін қосалқы мердігер ұйымға айыппұл салынды.

    Ақпаратқа сәйкес, жыл басынан бері автожолдарға 2027 зерттеу жүргізілген. Олардың әрқайсысының қорытындысы бойынша тиісті нұсқамалар шығарылды.

    Жол-коммуналдық ұйымдардың 281 лауазымды қызметкері автожолдарды, жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын және инженерлік құрылыстарды тиісінше ұстамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұрын жіберілген нұсқамалардың талаптарын орындамағаны үшін 29 жауапты адамға қатысты материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін сотқа жіберілді, – делінген полиция хабарламасында.