Метка: Басты оқиғалар

  • Қазақстанда орташа жалақы өсті

    Қазақстанда орташа жалақы өсті

    Ұлттық статистика бюросы 2024 жылғы III тоқсандағы жалақыны атады.  Мәліметке сәйкес, Қазақстан бойынша атаулы жалақының орташа мәні 2024 жылғы III тоқсанда 390 328 теңгені құрады. 2023 жылдың тиісті тоқсанына қарағанда өсім 11,3%, нақты мәнде – 2,7%.

    Жалақының медианалық мәні (жалақы қатарының орталық деңгейі) 2024 жылғы III тоқсанда бағалау бойынша 269 378 теңгені құрады.

    2023 жылғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғарғы өсімі ақпарат және байланыста – 28,1%, қаржы және сақтандыру қызметінде – 24,3%, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауда – 20,6% байқалды. Білім беруде орташа айлық жалақы – 9,9%, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде – 8% өсті, – деп қосты ведомство.

    Өңірлік бөліністе 2023 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 2024 жылдың III тоқсанында орташа айлық атаулы жалақының ең көп өсуі Шымкентте – 16,1%,  Алматы қаласында – 15,2%, Ақтөбе және Абай облыстарында – 14,2%-дан.

    Өңірлер арасындағы орташа айлық номиналды жалақының ең жоғарғы және ең төменгі мәндері арасындағы арақатынас 2024 жылғы III тоқсанда 2,3 есені құрады.

  • ТЖМ 120 млн теңгеге дрон сатып алады

    ТЖМ 120 млн теңгеге дрон сатып алады

    Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов ведомство 120 млн теңгеге арнайы дрон сатып алуды жоспарлап отырғанын айтты.

    Ведомство басшысы бұл жұмыс пилоттық жоба аясында іске асырылатынын атап өтті.

    Елімізде Қытай дрондарын құрастырамыз. Жұмысты қазақстандық фирма істейді. Бір дронның бағасы – 120 млн теңге шамасында. Дрон 150 метрге дейін көтеріліп, өртті сөндіре алады. Құралды кез келген өрт сөндіруші көлікке қоя аламыз, – деді Әрінов Үкіметтің баспасөз орталығында.

    Оның айтуынша, аталған дрондар Алматы және тағы басқа қалалардағы биік ғимаратта шыққан өртті сөндіруге қолданылады.

    «Біз тәжірибемізді тағы жетілдіреміз. Келісімшарт бойынша жоғарыда аталған фирма біздің қызметкерлерді (дронды басқаруға) үйретеді», – деді министр.

  • Енді студенттерді оқуына қарамай әскерге алып кетуі мүмкін

    Енді студенттерді оқуына қарамай әскерге алып кетуі мүмкін

    Әскерге шақыруға байланысты заңға өзгерістер енгізілуі мүмкін. Заң жобасына сай, оқуға байланысты әскерге баруды кейінге қалдыру қарастырылмақшы. Бұл жоғары оқудың келесі деңгейіне өтпестен әскерге бармау үшін қайта-қайта оқуға түсетіндерге қатысты. Әскери комиссариат енді олардың оқып жатқаны туралы анықтамасына да қарамайды.

    Оқуға байланысты әскерге баруды кейінге қалдыру бұрынғыдай қала береді. Бірақ 27 жасқа дейін келесі кезеңге өтпей бір жерде оқитындар оқуын тастап, әскерге баруға міндетті.

    Қолданыстағы заң бойынша азаматтар отбасы жағдайына байланысты, білім алуды жалғастыру үшін, денсаулығы сыр берсе, тағы басқа да себептерге байланысты әскерге шақыруды кейінгі қалдыра алады.

  • Қызылордада жыныстық құлдықта болған оқушы ісі бойынша алғашқы үкім шықты

    Қызылордада жыныстық құлдықта болған оқушы ісі бойынша алғашқы үкім шықты

    Қызылордада сыныптастары жыныстық құлдықта ұстады деген оқушы ісі бойынша алғашқы үкім шықты. 21 жастағы жігіттің үстінен «Қорқытып алу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сот оны 4,5 жылға бостандығынан айырды.

    Қызылорда қаласының №2 сотында процесс жабық өтті. Бұл жөнінде 11 қарашада облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

    – Сотталушы Т. жәбірленушіні масқаралайтын мәліметтер жариялаймын деп, кәмелетке толмаған жәбірленушіден 700 мың теңге ақша тауып беруді талап еткен, сонымен бірге оның сөмкесінен 35 мың теңге ақшаны қорқытып алған, – деді соттың баспасөз қызметі.

    Соттың мәліметінше, айыпталушының кінәсін жәбірленушінің жауаптары, оқиға орнын қарап-тексеру туралы хаттама, психология-психиатрия сараптама қорытындысы дәлелдеген.

    Сот жазаны жеңілдететін жайлар ретінде 21 жастағы жігіттің бұрын сотталмағанын және жас екенін ескерген. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

  • Швейцарияда да ниқабқа тыйым салынды

    Швейцарияда да ниқабқа тыйым салынды

    Шектеу ресми түрде келесі жылдан бастап күшіне енеді. Заң бұзғандар жарты миллион теңге айыппұл арқалайды.

    Енгізілген заң бойынша, аталған ереженің ұшақтар, дипломатиялық мекемелер, мешіт, шіркеу сияқты орындарға қатысы жоқ. Сондай-ақ діни емес, ойын-сауық және жарнама мақсатында бетті тұмшалауға болады. Жергілікті мұсылман қауымдастықтары бұл заңға өз наразылықтарын білдіріп жатыр.

    Олардың айтуынша, бұл мұсылман қыз-келіншектердің құқығын таптау деп санайды. Ал ережені жақтаушылар мұндай шаралар мигранттардың Швейцария қоғамына тез кірігуіне жол ашады дейді. Ниқабқа тыйым Тунис, Нидерланд және басқа елдерде бұрыннан бар.

  • Жедел жәрдем жүргізушісі бастығының үйін өртеп жіберген

    Жедел жәрдем жүргізушісі бастығының үйін өртеп жіберген

    Ақтөбе қаласының №2 сотында әріптесінің үйін өртеген жедел жәрдем жүргізушісіне үкім шықты.

    Сотталушы жұмыс барысында бастығының еңбек демалысын бермегеніне ашуланған. Кейін ол өзінде оның пәтерінің қосымша кілті бар екені есіне түсіп, сол үйге өрт қояды.

    Сотталушы тағылған айып бойынша кінәсін толық мойындады.

    Сот үкімімен соттаушы Е. кінәлі деп танылып, оған пробациялық бақылау белгілеумен 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, – делінген хабарламада.

  • LRT-ның іздеуде жүрген экс-басшысына қатысты жаңа үкім шықты

    LRT-ның іздеуде жүрген экс-басшысына қатысты жаңа үкім шықты

    LRT-ның іздеу жарияланған экс-басшысы Талғат Ардан тағы да сырттай сотталды. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының хабарлауынша, үкім сотталушыға қатысты халықаралық іздестіру жарияланғандықтан оның қатысуынсыз шығарылған.

    Сот мәліметінше, LRT-ның экс-басшысы Талғат Ардан қызмет мүдделеріне қайшы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалана отырып, нақты қажеттіліксіз LRT құрылыс жобасы бойынша Қытайдың мемлекеттік даму банкінен сыртқы қарыздың бірінші траншы ретінде 257,6 млн долларды заңсыз сұратқан. Алайда оған «қаражат түскен сәттен бастап жоба бойынша пайдаланылмаған» деген айып тағылған.

    Еске сала кетсек, Талғат Ардан Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 03.05.2023 жылғы үкімімен аса ірі мөлшерінде бюджет қаражатын талан-таражға салғаны үшін (ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) сырттай мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

    Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сарапшылар мен мамандардың қорытындыларымен, қылмыстық істің материалдарымен расталды. Сот үкімімен А. ҚР ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды және ҚР ҚК-нің 58-бабы 6-бөлігі қолданылып, соттың 03.05.2023 жылғы үкімі бойынша тағайындалған жазаны ішінара қосу арқылы түпкілікті мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, — делінген хабарламада.

    Үкім заңды күшіне енген жоқ.

    Айта кетсек, 2023 жылдың мамырында Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында LRT ісіне қатысы бар 9 адам сотталған болатын. Сол кезде Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке сырттай үкім шығарылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

  • Бүгінге арналған ауа райы болжамы: Аяз, бұрқасын, жел

    Бүгінге арналған ауа райы болжамы: Аяз, бұрқасын, жел

    Маңғыстау облысының солтүстігінде, орталығында тұман түседі.

    Батыс Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде, шығысында тұман. Оралда түнде және таңертең тұман түседі.

    Алматы облысының солтүстігінде, батысында тұман түседі. Жел оңтүстік-шығыс бағыттан солтүстік-батыс бағытқа ауысады, облыстың солтүстігінде екпіні — 17-22 м/с. Қонаевта 12 қарашада оңтүстік-шығыстан жел соғады, күндіз екпіні секундына 18 метрге жетеді.

    Қарағанды облысында, күндіз облыстың солтүстігінде жаяу бұрқасын күтіледі. Облыстың батысында, орталығында тұман. Қарағандыда түнде жаяу бұрқасын.

    Жамбыл облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, таулы аудандарында тұман, көктайғақ. Солтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-шығыс желіне ауысады, түнде облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, таулы аудандарында, күндіз облыстың таулы аудандарында секундына 15-20 метрге жетеді. Таразда кей уақыттарда тұман түседі.

    Қызылорда облысының орталығында, шығысында тұман. Қызылордада түнде және таңертең тұман түседі.

    Қостанай облысының оңтүстігінде, шығысында тұман түседі.

    Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында, күндіз облыстың шығысында, оңтүстігінде қар мол жауады. Бұрқасын, көктайғақ. Жел солтүстік-батыстан соғады, облыстың солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде 15-20, екпіні 23 м/с-ке жетеді. Өскеменде жаяу бұрқасын. Жел солтүстік-батыстан соғады, түнде екпіні секундына 15-18 метрге жетеді.

    Абай облысында, күндіз облыстың оңтүстігінде, шығысында, орталығында бұрқасын, көктайғақ. Жел солтүстік-батыстан соғады, облыстың солтүстігінде, шығысында, орталығында 15-20, екпіні — 23 м/с. Семейде түнде және таңертең жаяу бұрқасын. Жел солтүстік-батыстан соғады, түнде екпіні секундына 15-18 метрге жетеді.

    Солтүстік Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде, шығысында жаяу бұрқасын. Батыстан жел соғады, облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Петропавлда батыстан жел соғады, екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.

    Ақмола облысының батысында, солтүстігінде, шығысында, күндіз облыстың батысында, солтүстігінде жаяу бұрқасын. Түнде және таңертең облыстың батысында, оңтүстігінде тұман. Солтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, облыстың солтүстігінде, шығысында екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.

    Атырау облысының батысында, солтүстігінде тұман түседі.

    Түркістан облысының таулы аудандарында тұман. Солтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың тау асуларында екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.

    Жетісу облысының таулы аудандарында тұман түседі. Солтүстік-батыстан жел соғады, облыстың солтүстігінде екпіні — 15-20 м/с.

  • Астанадан Фукуок аралына тікелей рейс ашылды

    Астанадан Фукуок аралына тікелей рейс ашылды

    Air Astana әуе компаниясы 3 желтоқсаннан бастап елордадан Фукуок курорттық аралына (Вьетнам) тікелей рейстерді іске қосады.

    Ақпаратқа сәйкес, рейстер Airbus A321LR ұшағымен сейсенбі, жұма және жексенбі күндері аптасына 3 рет жиілікпен орындалады.

    Айта кетсек, Алматы-Фукуок тікелей әуе қатынасы 28 қазаннан бастап енгізілді және Қазақстанның екі қаласынан Фукуокқа баратын рейстердің жалпы саны – аптасына 8 жиілік, бұл қазақстандықтарға екі хаб арқылы рейстерді біріктіруге мүмкіндік береді.

    Астана-Фукуок-Астана бағыты бойынша жолаушыларға ыңғайлы кесте ұсынылады: КС173 рейсі Астанадан 21:30-да ұшады және Фукуокқа 07:45-те ұшып барады. КС174 қайтар рейсі Фукуоктан 09:15-те ұшады және Астанаға 16:15-те ұшып келеді.

    Екі жаққа билеттің ең төменгі құны эконом-класта 380 720 теңгеден, бизнес-класта 973 821 теңгеден басталады.

    Қазақстан азаматтары Вьетнамда визасыз 30 күнге дейін бола алады.

  • ҰҚК Жамбыл облысының екі тұрғынын тұтқынға алды

    ҰҚК Жамбыл облысының екі тұрғынын тұтқынға алды

    Ведомство ақпаратынша, 2024 жылдың қазанында ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаменті прокуратура органдарының үйлестіруімен қатысушылары есірткіні аса ірі көлемде тасымалдады және сатты деген күдікпен екі есірткі тобының әрекетінің жолын кесті.

    «Т.Рысқұлов және Меркі аудандарында 14 кг-дан астам гашиш пен 42 кг марихуананы сатуға әрекеттенген екі Қазақстан азаматы ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды»,- делінген ақпаратта.
    ҰҚК Жамбыл облысының екі тұрғынын тұтқынға алды, сурет — Zakon.kz жаңалық 11.11.2024 11:12
    Сурет: ҚР ҰҚК баспасөз қызметі

    Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

    Сондай-ақ, комитет Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайтындығын айтты.