Метка: Басты оқиғалар

  • Қостанайда он айлық бала шетінеп кетті

    Қостанайда он айлық бала шетінеп кетті

    Ол @akgul.dastankyzyy лақап атымен Instagram желісінде баланың 1 қарашада шамалы ентігу белгілерімен ауруханаға түскенін хабарлады. Алайда оның жағдайының нашарлауын тоқтату мүмкін болмады.

    Анасының айтуынша, ауруханада баласына медициналық көмек дұрыс көрсетілмеген және оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Екі күннен кейін бала жансақтау бөліміне жіберіліп, сол жерде қайтыс болды.

    Бұған дейін Ақгүл Бердімұраттың айтуынша, күйеуімнің анасы (дәрігер) ауруханаға келіп, баланың жағдайымен танысқан. «Бірақ ауруханадағылар ұрысып, жанжалмен қуып жіберді» деген. 

    Бұл туралы аурухананың бас дәрігері Нұрлан Ержанов төмендегідей түсініктеме берді.

    – Қазір фактілер мен тұжырымдар туралы айтуға әлі ерте. Бірақ бір нәрсені айта аламын. Баланың туыстары оны реанимацияға жатқызу туралы ұсынысымыздан үзілді-кесілді бас тартты. Олар мұндай қадамға келіспеді. Ал енді дәрігерлердің әрекеті дұрыс болмады деп жазып жатыр. Әжесі Науырзым аудандық ауруханасының бас дәрігері. Ол балаға өзінің хаттамасына сәйкес емделуді талап етіп, тағайындалған антибиотиктің орнына оспамокс дәрісін беруді талап еткен, – деді. 

    Сондай-ақ, ол интернеттегі бұл жарияланым туыстарының өздерін қандай да бір жолмен ақтау, моральдық жауапкершіліктен босату әрекеті деп есептейтінін жеткізді. «Дәрігерлерімнің мұндай жағдайға назар аудармағанын немесе өз міндеттеріне немқұрайлы қарағанын көргенімде, менің ұстанымым басқаша болар еді», деді Нұрлан Ержанов.

    Әзірге полицейлерден ешқандай түсініктеме жоқ, бірақ баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат бар.

  • Президент Ішкі істер министрінің орынбасарын тағайындады

    Президент Ішкі істер министрінің орынбасарын тағайындады

    Мемлекет басшысының өкімімен Ішкі істер министрінің орынбасары тағайындалды.

    «Мемлекет басшысының өкімімен Санжар Аскенұлы Әділов Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды»,- делінген ақпаратта.

    Санжар Аскенұлы Әділов 1977 жылы 26 қыркүйекте Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары.

    Еңбек жолын 1999 жылы тергеуші болып бастаған. Басшылық қызметте тәжірибесі бар

    Әр жылдары ол ішкі істер органдарының тергеу бөлімдерінде (ішкі істер және қаржы полициясы), ҚРІІМ тергеу департаментінде жұмыс істеді.

    2013 жылдан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының полиция департаменті бастықтарының орынбасары қызметін атқарды.

    2019 жылы ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен ҚР Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы болды.

    Осы тағайындауға дейін ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының бастығы болып жұмыс істеді.

  • Тәуелсіздік мерекесіне орай қанша күн демалыс?

    Тәуелсіздік мерекесіне орай қанша күн демалыс?

    Тәуелсіздік күні – мемлекеттік мереке. Бұл күн 16 желтоқсанда атап өтіледі. Биыл мерекелік дата дүйсенбіге түсіп тұр. Соған орай, қазақстандықтар желтоқсан айында Тәуелсіздік күніне орай 16 желтоқсан күні қосымша демалады.

    Нақтырақ айтқанда:

    • бес күндік жұмыс аптасында — 14, 15, 16 желтоқсан демалыс күндері болады;

    • алты күндік жұмыс аптасында — 14 желтоқсан жұмыс күні, 15 және 16 желтоқсан демалыс.

    Сонымен қатар желтоқсан айында кәсіби және басқа да мерекелер бар. Жұмыс және демалыс күндеріне қарамастан, мереке атап өтіледі.

  • Ауа райына байланысты көлік қозғалысына шектеу қойылды

    Ауа райына байланысты көлік қозғалысына шектеу қойылды

    Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты Шығыс Қазақстан облысында көлік қозғалысына шектеу қойылды.

    – 2024 жылғы 11 қарашада сағат 08:00–де Шығыс Қазақстан облысында ауа райының бұзылуына байланысты «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катон-Қарағай – Рахман қайнары» автожолының 6-166 шақырым аралығында (Ушанов ауылынан Алтай қаласына дейін) жүк және қоғамдық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылды, — делінген хабарламада.

    Еске сала кетейік, бұған дейін Қазгидромет еліміздің бірқатар өңірінде ауа райына байланысты ескерту жариялаған болатын.

  • «Бишімбаев колониядан қашып кетті»

    «Бишімбаев колониядан қашып кетті»

    Әлеуметтік желіде әйелін өлтіргені үшін 24 жылға сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың колониядан қашып кеткені туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті түсініктеме берді. Комитеттің хабарлауынша, бұл ақпарат – жалған.

    «Әлеуметтік желілерде сотталған Қ. Бишімбаевтың колониядан қашқаны туралы жалған ақпарат таратылуда. Бұл сотталған адам жазасын барынша қауіпсіздік мекемесінде өтеп жатыр», – делінген хабарламада.

    ҚАЖ комитеті қазақстандықтарды жалған ақпарат таратпауға және тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.

    «Осы жалған ақпаратты таратуға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын және кінәлілер жауапқа тартылатынын хабарлаймыз», – деді ведомствоның баспасөз қызметі.

  • «Қайрат» футболдан Қазақстан чемпионы атанды

    «Қайрат» футболдан Қазақстан чемпионы атанды

    10 қарашада Премьер-Лигасы командалары арасында футболдан өткен Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Араға үш салып алтын медаль алматылық «Қайрат» ойыншыларына қайта бұйырды.

    Шешуші 26-шы турда алматылықтар сырт алаңда «Атыраудан» 0:1 есебімен басым түсті. Жалғыз голды 59-шы минутта пенальтиден Гиорги Зария соқты. Осылайша, «сары-қаралар» 47 ұпай жинап, өз тарихында төртінші мәрте футболдан Қазақстан чемпионы атанды.

    Рафаэль Уразбахтинның шәкірттері осы маусымда 14 жеңіс, 5 тең, 5 жеңіліс көрсеткішін тіркеді. Сондай-ақ, «Қайрат» қарсылас қақпасына 39 гол соғып, ал команданың шабуылшысы Жоао Пауло 10 голмен турнирдің үздік сұрмергендерінің қатарына кірді.

    Күміс жүлдені 46 ұпаймен «Астана» алса, «Ақтөбе» клубы 43 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.

    Турнирдің аутсайдері ретінде «Шахтер» танылып, ең соңғы 13-ші орынға тұрақтады. Салдарынан алғаш рет өздерінің тарихында жоғарғы дивизионнан ұшып кетті.

    «Қайрат» ұжымы чемпиондық атақтың арқасында келесі жылы QFL Қазақстан Суперкубогы және УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде бақ сынауға мүмкіндік алды. Турнирдің қорытындысы бойынша, «Астана», «Ақтөбе», «Ордабасы» командалары да еурокубокқа қатыса алады.

  • Алматы облысының ветеринария басқармасының басшысы тағайындалды

    Алматы облысының ветеринария басқармасының басшысы тағайындалды

    Алматы облысы әкімінің өкімімен Бауыржан Темірғалиұлы Дарибаев Алматы облысының ветеринария басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.

    Бауыржан Темірғалиұлы 1977 жылы туған, қазақ, білімі жоғары, 2000 жылы Алматының зоотехникалық малдәрігерлік институтын «ветеринариялық медицина», 2014 жылы Ө.А. Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясын «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша бітірген.
    Еңбек жолын 1993 жылы Қарой ұжымдық кәсіпорынының мал емдеушісі болып бастаған.

    Әр жылдары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балқаш аудандық аумақтық басқармасының ветеринариялық қадағалау, Балқаш ауданының ветеринария, Балқаш ауданының ауыл шаруашылық бөлімдерінде басшылық лауазымдарында қызмет атқарған.

    2017-2024 жылдар аралығында Балқаш ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
    2024 жылдың мамыр айынан Алматы облысының ветеринария басқармасы басшысының орынбасары болды.

    Айта кету керек, Ұйғыр ауданында 2024 жылдың 1 қыркүйек күні сібір жарасы ауруының белгілері анықталды деген күдікпен 2 тұрғын ауруханаға жатқызылды. Екі науқасқа да сібір жарасы ауру малды сойған кезде жұққандығы анықталды.

  • Бүгін елімізде ауа райы қандай болады?

    Бүгін елімізде ауа райы қандай болады?

    Астанада күн ала бұлтты, кейде қар, боран, жел 9-14, екпіні 15-20 м/с. ауа температурасы түнде -3…-3°C, күндіз -3…-5°C.

    Алматыда күн ала бұлтты, жауын-шашынсыз, жел 2-7 м/с. түнде Температура + 1… + 3°C, күндіз + 9…+11°C.

    Шымкентте күн ала бұлтты, жауын-шашынсыз, жел 8-13 м/с. ауа температурасы түнде + 1… + 3°C, күндіз + 10…+12°C.

    Ақтауда күн ала бұлтты, кейде жаңбыр, жел 5-10 м/с. ауа температурасы түнде + 7…+9°C, күндіз + 11…+13°C.

    Ақтөбеде күн ала бұлтты, жауын-шашынсыз, жел 7-12 м/с. ауа температурасы түнде 0…-2°C, күндіз 0…-2°C.

    Атырауда күн ала бұлтты, жауын-шашынсыз, жел 5-10 м/с. ауа температурасы түнде +1… + 3°C, күндіз + 6…+8°C.

    Жезқазғанда күн ала бұлтты, қарға ауысатын жаңбыр, көктайғақ, боран, жел 9-14, екпіні 15-20 м/с. ауа температурасы түнде 0°C, күндіз 0°C.

    Қарағандыда күн ала бұлтты, қар, боран, көктайғақ, жел 9-14, екпіні 15-20 м/с. ауа температурасы түнде -1…-3°C, күндіз -1…-3°C.

    Көкшетауда күн ала бұлтты, жауын-шашынсыз, жел 7-12 м/с. ауа температурасы түнде -8…-10°C, күндіз -5…-7°C.

    Қонаевта күн ала бұлтты, жауын-шашынсыз, жел 9-14 м / с. ауа температурасы түнде 0…+2°C, күндіз + 10…+12°C.

    Қостанайда күн ала бұлтты, жел 9-14 м/с. ауа температурасы түнде -8…-10°C, күндіз -5…-7°C.

    Қызылордада күн ала бұлтты, жаңбыр, жел 8-13 м/с. ауа температурасы түнде +3… + 5°C, күндіз + 7…+9°C.

    Павлодарда бұлтты, жаңбыр, қар, боран, көктайғақ, жел 9-14, түнде екпіні 15-18 м/с. түнде ауа температурасы -1…-3°C, күндіз -1…-3°C.

    Петропавлда бұлтты, аз қар, жел 9-14, екпіні 15-20 м/с. ауа температурасы түнде -9…-11°C, күндіз -5…-7°C.

    Семейде бұлтты, жаңбыр, қар, боран, жел 9-14, екпіні 15-20 м / с. ауа температурасы түнде 0…+2°C, күндіз 0…+2°C.

    Талдықорғанда күн ала бұлтты, жауын-шашынсыз, жел 5-10, күндіз екпіні 15-20 м / с. түнде ауа температурасы 0…-2°C, күндіз + 10…+12°C.

    Таразда күн ала бұлтты, жауын-шашынсыз, тұман, жел 9-14, күндіз екпіні 15-20, кейде 23 м / с. түнде ауа температурасы + 1… + 3°C, күндіз + 10…+12°C.

    Түркістанда күн ала бұлтты, жаңбыр, қар, жел 8-13 м/с. ауа температурасы түнде + 2… + 4°C, күндіз + 9…+11°C.

    Оралда күн ала бұлтты, жауын-шашынсыз, таңертең тұман, жел 7-12 м / с. түнде ауа температурасы -2…-4°C, күндіз 0…+20°C.

    Өскеменде бұлтты, жаңбыр, қар, төменгі боран, жел 9-14, екпіні 15-20 м/с. ауа температурасы түнде 0…+2°C, күндіз 0…+2°C.

  • Фототілші Жеңіс Ысқабай сотта «Отбасы хрестоматиясын» жеңді

    Фототілші Жеңіс Ысқабай сотта «Отбасы хрестоматиясын» жеңді

    Белгілі фототілші Жеңіс Ысқабай бұған дейін әлеуметтік желідегі парақшасында «Фотографтарды ескермеу науқаны басталды. Біраз адам айыппұл төлегісі келіп жүрген сияқты» деп жазған болатын. Оған себеп – «Отбасы хрестоматиясы» баспасынан жарық көрген Санжар Керімбай және Абзал Құспанның (идея авторы) «Бейсен және болмыс» кітабының мұқабасындағы фотоны рұқсатсыз алып, автордың аты-жөнін көрсетпеген. Мұны білген фототілші ескерту де жасаған көрінеді. Алайда, сөзі аяқасты қалып, авторлық құқығы сақталмаған соң Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотына арыз түсіруге тура келгенін айтады.

    «Кітапқа атымды біресе жазады, біресе алып тастайды»

    «Негізі бұл мәселені сотқа дейін жеткізбеймін деген едім. Өйткені, ыңғайсыз жағдай ғой. Бейсен ағаның үйіндегі жеңгеміз менің суретім екенін біледі. Жалпы, кітапты шығарғандар бастапқыда-ақ білген. Бірақ атымды жазбайды. Кейін кітап жарық көргенде қарасам, аты-жөнім жоқ. Жарайды, бір сәті түскенде айтармын дедім. Кітаптың тұсаукесері болғанда да ашып қарадым. Тағы атым жоқ. Одан Бейсен ағаның үйінде ас берілді.

    Сол кезде баспаның бір өкіліне «Мен түсірген фотоны қолданған екенсіздер, бірақ атым жазылмапты» дедім. Кейін қайта басып шығарған кезде атымды көрсетіпті. Болды, дауласпай, осымен қоя салайын» деген ой келді. Әйтпесе, тұсаукесерде де мәселені көтерсем болады ғой.  Бірақ осы жазда «Меломан» дүкенінен қарасам, атымды алып тастаған. Сонда сурет авторын жазғысы келсе жазады, көрсеткісі келмесе өздері біле ме?

    Фотоны қолдану туралы рұқсат та сұраған жоқ. Бейсен ағаның үйіндегі жеңгейдің алдынан өтіп, еңбегім бағаланбай жатқанын айттым. Ол кісі «Біздің отбасыны араластырмай, өздерің шешерсіңдер» деді. Өзім кішірейіп «Отбасы хрестоматиясы» баспасының директоры Бағдат Құдиярға телефон шалдым. «Менің 10 пайызымды қашан берейін деп жатырсыздар?» деп едім, «Сіздің ақша сұрағаныңыз ұят. 10 пайыз – өте көп» деді. «Ұят дейсіздер, иә, жарайды» деп тұтқаны қоя салдым. Содан «Менсінбейді екенсіздер» дедім де соталды талап-арыз жаздым. 2 ай жауап болмады, ешкім хабарласпады. Екі айдан кейін заңгерлерден кеңес алып, адвокат іздеп сотқа шағым түсірдім», – деді Жеңіс Ысқабай.

    Фототілшінің талабы қандай?

     Фототілші Жеңіс Ысқабай өзінің арызында авторлық құқығы бұзылғаны үшін «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорынан 15 000 АЕК, яғни 55 380 000 теңге көлемінде өтемақы  талап етті. Сондай-ақ, интернет-ресурста жариялау арқылы бұзылған авторлық құқықты және сурет авторының аты-жөнін кітапқа жариялау арқылы бұзылған авторлық құқықты қалпына келтіруді сұрады.
    Айтпақшы, Жеңіс Ысқабай түпнұсқа фотоны 2014 жылдың 29 наурызында түсіріпті. Ол «Бейсен және болмыс» кітабының мұқабасындағы дәл осы суретті рұқсатсыз пайдаланғаны былай тұрсын, автордың аты-жөні жазылмағанын және қаламақы беру жағы қарастырылмағанына таң.

    Алайда, otbasy.com сайтында 15 мың данамен шыққан кітап 3 мың теңгеден сатылып кеткен. Кітап алғаш 2021 жылдың қарашасында 3 мың данамен жарық көрсе, 2024 жылы BEST SELLER деген белгімен 1500 дана кітаптың біреуі 3450 теңгеге саудаланыпты.

    Фототілшінің айтуынша, кітаптың тиражы 50 мың данадан асып кеткен көрінеді. «Әрине, сұранысқа ие болғаны қуанышты. Бірақ сотта қағаз жүзінде 15 мың деп көрсетті. Соңғы шыққан нұсқада 20-шы таралым деп тұр. Әрқайсысы 1 500 данадан. Ең алғашқы шыққаны 3 мың дана болса, бәрін қосқанда әлдеқайда көп. Бұл жерде сәйкестік те жоқ», – дейді Ж.Ысқабай.

    Сот шешімі: «1 846 000 өтемақы өндірілсін»

    Сот процесінде жауапкер тараптың өкілі талап арызды мойындағысы келмесе де, «шағымданушыға тиесілі фотосурет авторының көрсетілмеуі – техникалық қателіктен» дегенді айтқан. Алайда, сот қолданыстағы заңнамаға сәйкес, фотосуретті автордың келісімінсіз пайдалану заңсыз екенін баса жеткізді.

    Сонымен, судья А.К.Қапарова таныс еткен сот шешімі бойынша АІЖК-нің 223-226-баптарын басшылыққа ала отырып, Жеңіс Жұмалыұлы Ысқабайдың талап арызы ішінара қанағаттандырылды.

    «Авторлық құқықты бұзғаны үшін «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорынан фототілшінің пайдасына 1 846 000 (бір миллион сегіз жүз қырық алты мың) теңге 500 АЕК өтемақы өндірілсін. Сондай-ақ, otbasy.com интернет-ресурсында «Бейсен және болмыс» кітабында фото авторының аты-жөнін жариялау арқылы бұзылған авторлық құқығы қалпына келтірілсін.

    2021 жылғы 18 қарашадағы және 2022 жылғы 14 қаңтардағы «Бейсен және болмыс» кітабына Жеңіс Ысқабайдың аты-жөнін жариялау арқылы бұзылған авторлық құқығы қалпына келтірілсін.

    Оған қоса, «Отбасы Хрестоматиясы» ҚҚ-нан Жеңіс Ысқабайдың пайдасына адвокат қызметіне төлеуге кеткен 505 050 (бес жүз бес мың елу) теңге, нотариустың қызметіне 102 564 (жүз екі мың бес жүз алпыс төрт) теңге кеткен шығыны өндірілсін. Ал «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорынан мемлекеттік кіріске 18 460 (он сегіз мың төрт жүз алпыс) теңге мемлекеттік баж төленсін»,  – делінген сот шешімінде.

    Бұл сот басқа адамның еңбегін оңды-солды пайдаланып үйреніп қалғандарға сабақ болуы тиіс. Заңға бағынатын елде әр адам өз авторлық құқығын қорғауға міндетті.

  • Цирктерде жануарларды пайдалануға тыйым салды

    Цирктерде жануарларды пайдалануға тыйым салды

    Өзбекстан үкіметі ел азаматтарына ұстауға тыйым салынатын жабайы жануарлардың жаңа тізімін қабылдады.

    5 қарашада қабылданған Жарлыққа сәйкес жабайы табиғатты цирктерде және басқа да осындай қойылымдарда пайдалануға тыйым салынады. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жабайы жануарларды мемлекеттік немесе жылжымалы цирктерде ұстауға, сондай-ақ оларды цирк қойылымдарында пайдалануға тыйым салынады.

    Жаңа заңнамаға сәйкес, мұндай жануарлар тек хайуанаттар бағында, террариумдарда, аквариумдарда, тәлімбақтарда және заңды тұлғалар ұйымдастырған мекемелерде болуы мүмкін. Сонымен қатар, Қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруі және экология министрлігінің тиісті рұқсаттары болуы қажет.

    Жаңа тізімге енгізілген жабайы жануарларды заңды тұлғалардың ұстау тәртібі бекітілді. Ұстауға болмайтын жануарлар қатарына улы түрлер, жыртқыштар, сондай-ақ адам өміріне қауіп төндіретіндер жатады.