Метка: Басты оқиғалар

  • Думан Мұхаммедкәрімнің апелляциялық шағымын сот мақұлдамады

    Думан Мұхаммедкәрімнің апелляциялық шағымын сот мақұлдамады

    7 қарашада Мұхтар Әбіләзовтен сұхбат алып, оның есеп шотын жариялағаны үшін 7 жылға сотталған Думан Мұхаммедкәрімнің апелляциялық шағымын облыстық сот мақұлдамады. Осы іске қатысты 20-дан аса сот отырысы өтті. Осы жолғы сот отырысы жабық өткен соң, тек қорғаушылары ғана қатыса алды.

    Бұл туралы адвокат Ғалым Нұрпейісов: «Сотқа Думанды жақтап келген бір топ адам жиналып, «Думанға бостандық» деп сыртта айқайлады. Облыстық соттың айналасына арнайы жасақ қойылды. Құзырлы орган қызметкерлері бұл шерудің заңсыз екенін ескертумен болды», – деді.

    Естеріңізге сала кетсек, «Тыйым салынған ұйым ісіне араласу» және «экстремизмді қаржыландыру» айыптары тағылған Думан Мұхаммедкәрімге кезінде Қонаев қалалық соты 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған еді. Бүгін облыстық сот сол шешімді өзгеріссіз қалдыратындарын жариялады.

    Ал аппеляциялық шағымды қараған сот отырысына адвокаты мен құқық қорғаушысы ғана кіре алды.

    Адвокаттың айтуынша, журналистің Мұхтар Әбіләзовтен алған сұхбатында оған қойылған сұрақтары экстремистік ұйымды қолдау ретінде қаралмауы керек.

    «Әбіләзовке қойылған сұрақтар ешқандай партияны немесе қозғалысты қолдауға бағытталмаған. Бұл – абсурд. Адвокаттардың гонорары үшін қаражат жинау экстремизмді қаржыландыру емес», – деді қорғаушы Ғалым Нұрпейісов.

    Ол сондай-ақ қылмыстық іс пен үкімнің заңсыз және жалған екенін айтты.

  • 15 жастағы бала компьютерге тыйым салғаны үшін анасын балталап өлтірді

    15 жастағы бала компьютерге тыйым салғаны үшін анасын балталап өлтірді

    Ашуға булыққан ұлы балтаны алып, жатын бөлмеде отырған анасына шабуыл жасаған. Жасөспірім анасын өлтіргеннен кейін, полицияға өзі хабарласқан. Анасын өлтіріп алғанын айтқан.

    48 жастағы марқұм Александраның көршілері болған жағдайға таң қалды. «Бала тыныш және тұйық болды. Бізбен сәлемдеседі, бірақ жақын араласпайды. Ол мектепке де сирек барады. Көбінде компьютер ойнап отырады», – дейді жасөспірімнің көршілері. Тергеушілер үй ішінде балта тұрғанына күмәнмен қарады. Көршілердің айтуынша, жігіт бәрін атып тастағысы келетінін, ата-анасының керегі жоқ екенін жиі айтып жүрген көрінеді. Жасөспірім анасын өлтіруге алдын ала дайындалған болуы мүмкін.

    Мамандар балалардың компьютерде «ату ойындарына» тәуелді болуы осы жағдайға алып келгенін айтады.

  • «Nissan» компаниясы 9 мың жұмысшысын қысқартады

    «Nissan» компаниясы 9 мың жұмысшысын қысқартады

    Жапонияның үшінші ірі автоконцерні – «Nissan» 9 мың жұмыс орнын қысқарту жоспарын жариялады. Автокөлік өнеркәсібінде шамамен 6 миллион адам жұмыс істейді.

    Компания әлем бойынша 9 мың қызметкерін қысқартады. Бұл жалпы штаттың шамамен 7 пайызы. Автоконцерн басшылығы мұндай шешімді Қытай мен АҚШ-та өнімге деген сұраныстың төмендеуіне байланысты қабылдады.

    Сонымен қатар компания өндірістік қуатын 20%-ға азайтуды және Mitsubishi Motors компаниясындағы үлесінің бір бөлігін сатуды жоспарлап отыр. Компанияның бас директоры Макото Учида дағдарысқа байланысты осы айдан бастап өзінің жалақысын 50%-ға азайтатынын мәлімдеді.

  • ШҚО-да әскердегі сарбаз суицид жасады

    ШҚО-да әскердегі сарбаз суицид жасады

    «7 қарашада Шекара қызметі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша өлім себебі – суицид. Полиция органдары Қылмыстық кодекстің 105-бабы  1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады», – деп хабарлады ҰКҚ баспасөз қызметі.

  • «Абай» шахтасынан 155 адам эвакуацияланды

    «Абай» шахтасынан 155 адам эвакуацияланды

    Кәсіпорынның Орталық диспетчерлік басқармасына «Абай» шахтасында электр энергиясының тоқтағаны туралы хабар түсті. Бұл жағдай «Қарағанды Жарық» ЖШС-нің №9 трансформаторлық станциясында электр қуатының тоқтауы салдарынан туындаған.

    «Жедел түрде персонал эвакуация жоспарын іске қосып, нәтижесінде ауысымда болған 155 адам қауіпсіз түрде жер бетіне шығарылды. Кәсіпорынның барлық қызметі жедел әрекет етіп, бекітілген жұмыс алгоритміне сәйкес жұмыс істеді. Қазіргі уақытта электр энергиясы қалпына келтірілді. Тиісті қызметтер жағдайды талдап, кәсіпорын жұмысын қауіпсіз түрде қайта бастау үшін шахтаны дайындап жатыр», – деп хабарлады Qarmet компаниясының баспасөз қызметі.

     

  • Есірткі заттарын сататын 30 алаң анықталды

    Есірткі заттарын сататын 30 алаң анықталды

    Жетісу облысы прокуратурасымен заңсыз есірткі заттарын жарнамалау деректері анықталды.

    Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының тапсырмасын орындау мақсатында облыс прокуратурасының қызметкерлерімен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында белгісіз тұлғалармен есірткі және психотроптық заттарды насихаттау, жарнамалау және сатумен айналысатын мессенджерлердегі арналар мен сайттар анықталды.

    Нәтижесінде «Корнидзор» ақпараттық жүйесі арқылы есірткі заттарын жарнамалайтын 30 есірткі алаңы бұғатталды.

    Облыс прокуратурасымен аталған бағытта жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.

  • Талғарға жаңа әкім сайлайтын күн белгілі

    Талғарға жаңа әкім сайлайтын күн белгілі

      Алматы облысы Талғар қаласы әкімін сайлау күні 15 желтоқсанға белгіленді.

    Қоғамда резонанс тудырған оқиғадан кейін 15 қазан күні Талғар қаласының әкімі Бахыт Күрішбеков және орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылған.

    Артынша, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен кетті. Ал, Талғар ауданының әкімі Танат Есенкелдіұлы Айдарбеков және оның орынбасары Айбек Дүйсембекұлы Бидаев сөгіс алды.

  • Синоптиктер ескерту жасады

    Синоптиктер ескерту жасады

    «Қазгидромет» РМК мамандары 8 қарашада еліміздің 19 өңіріне ауа райына байланысты ескерту жасады.

    Жетісу облысының шығысында, таулы аудандарында тұман, көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады. Облыстың шығысында, орталығында, таулы аудандарында екпіні – 15-20 м/с.

    Ұлытау облысында көктайғақ, бұрқасын күтіледі. Түнде және таңертең облыстың шығысында, оңтүстігінде тұман күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысады, облыстың оңтүстігінде, шығысында екпіні – 15-20 м/с.

    Қарағанды облысының батысында, солтүстігінде, шығысында көктайғақ, бұрқасын күтіледі. Түнде және таңертең облыстың оңтүстігінде тұман күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, екпіні – 15-20, кей уақытта 23 м/с, күндіз облыстың оңтүстігінде екпіні – 15-20 м/с.

    Атырау облысының солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде тұман, көктайғақ күтіледі.

    Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында көктайғақ күтіледі. Күндіз облыстың солтүстігінде, шығысында жаяу бұрқасын жүреді. Жел солтүстік-батыстан соғады, күндіз облыстың солтүстігінде, шығысында екпіні – 15-20 м/с.

    Қостанай облысының оңтүстігінде, шығысында жаяу бұрқасын күтіледі. Батыстан, оңтүстік-батыстан жел соғады. Облыстың шығысында, оңтүстігінде екпіні – 15-20 м/с.

    Астанада түнде жаяу бұрқасын күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, түнде екпіні – 15-20 м/с.

    Қызылорда облысының солтүстігінде, орталығында көктайғақ, тұман күтіледі. Батыстан соққан жел оңтүстікке ауысады, түнде облыстың орталығында, оңтүстігінде күші 15-20 м/с күтіледі.

  • Астанадағы ауа райына байланысты 12 рейс кешікті

    Астанадағы ауа райына байланысты 12 рейс кешікті

    Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының баспасөз қызметі кешіктірілген рейстер туралы ақпаратты таратты.

    – Қазіргі уақытта Астана халықаралық әуежайында ұшып шығуға жоспарланған 80 рейстің 6-ы, ұшып келуге жоспарланған 82 рейстің 6-ы кешіктірілді, – делінген хабарламада.

    Ұшуға:

    FZ1304 Астана-Дубай
    TK357 Астана-Стамбул
    IQ353 Астана-Атырау
    IQ437 Астана-Петропавл
    KC7365 Астана-Орал
    DV479 Астана-Санья

    Оның ішінде Астанадағы ауа райына байланысты 4 рейс кешіктірілуде.

    Ұшып келуге:

    KC621 Алматы-Астана
    KC7316 Қызылорда-Астана
    DV742 Ақтау-Астана
    IQ354 Алматы-Астана
    KC7366 Орал-Астана
    IQ353 Алматы-Астана

    Жолаушылар рейстердің жай-күйі және кестедегі ықтимал өзгерістер туралы ақпаратты авиакомпаниядан, сондай-ақ Астана халықаралық әуежайының www.nn-airport.kz ресми сайтынан немесе тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығының телефоны 8 (7172) 702-999 арқылы ала алады.

  • Есік қаласында обаның үстінен үй салған ба?

    Есік қаласында обаның үстінен үй салған ба?

    Қазір экономика шатқаяқтап тұрса да, жер-жерде тұрғын үй құрылысы қызып тұр. Құрылыс компаниялары бос жер тұрса, үй салып тастауға асық. Себебі, бұл өздеріне пайда, екінші – баспанасыздарға үй.

    Алайда, бұған дейін Есік қаласынан халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына арналған тұрғын үй құрылысын салу кезінде «Береке» саяжайының аумағындан ерте темір дәуіріне жататын бірнеше оба табылып, заң  талаптарының бұзылғандығы анықталған. Яғни, Есік қорымының құрамдас бөлігі саналатын аумақты үй салуға бермес бұрын неге бірауыз ескертіліп, зерттеу жұмысы жүргізілмеген?

    Заң талаптарын кім бұзды?

    Бұл мәселе бойынша «Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» ММ-нің «Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталық» КММ-нің директоры Т. Аблаев Еңбекшіқазақ ауданы прокуратурасына хат жазып, шара қолдануды сұрап, хат жазған.

    Бұған берген жауабында аудан прокуроры Б.Қыбраев: «Тарих және мәдениет ескерткіштерінің ғылыми зерттеусіз түбегейлі жойылып кетуіне жол бермеу мақсатында аталмыш жер учаскесінде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан ЖШС «ПИКCommerce» мердігер мекемесімен «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы арасында 04.10.2024 жылғы №1 жасалған келісім шарт негізінде шұғыл апаттық жағдайдағы ескерткіштерге зерттеу, қазба жұмыстары жүргізіліп, көрсетілген 2 обалардың түгел тоналғандығы, ешқандай артефактілердің сақталмағандығы белгілі болған.

    «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы атқарылған жұмыстар бойынша ғылыми есеп дайындап, өз ұсыныстарын трихи-мәдени сараптама қорытындысында көрсетеді. Жоғарыда аталған обаның 2 толық қазба жұмыстары жүргізілгендіктен, олардың тарихи-мәдени құндылығы жоқ екендігін, ал қалған обалардың құрылыс салынып жатқан аумақтан тыс орналасқандығын жеткіземіз» деген.

    «Есік» музей-қорығы: «Тұрғын үй салу туралы алдын ала хабардар етпеген»

    Ал «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Гүлмира Райылқызының пікірінше, тұрғын үй құрылысын салу туралы шешім шықпас бұрын бұл туралы хабардар етпеген.

    «Бұл обалардың бар екені тұрғын үйді салу кезінде анықталған. Бізге «қорғандардың шеті бұзылды» деген хабар келген соң, құрылысты тоқтаттық. Қорғау аймағына байланысты зерттеу жүргізуге, археологиялық сараптама беруге құқымыз бар. Яғни, аккредитациядан өткенбіз, арнайы лицензияға иеміз. «Есік» музейіне тікелей қарайтын қорғау аймағы бар. Негізі қала обалардың үстіне салынған. Барлық жерден оба табылып жатады. Саяжайдың жоғары жағынан әлеуметтік тұрғын үйлер салынып бастаған. Сол жерден обалар шығып, прокуратураға хат жазылды. Сөйтіп, қазба жұмысын жүргіздік. Нәтижесінде бұрыннан сүріліп кеткен тоналған қорғандардан ештеңе шыққан жоқ. «Бұл жерде ешқандай мәдени құндылықтар жоқ» деп археологиялық сараптама бердік», – дейді.

    «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы құрылыс аумағында қорғандар болғанын білген. Себебі, бұған дейін қай жерде қандай қорған бар екені туралы карта жасалып, облысқа тапсырған. Алайда, музей-қорығына тиесілі аумақты тұрғын үй салуға беру алдында бізден «Бұл жерде ешқандай қорған, мәдени ескерткіш жоқ» деген қорытынды сараптама алмады. Бұл – заңға қайшы. Тәртіпке бағынсақ содан кейін ғана құрылыс жұмысы басталу керек. Осы бойынша аудандық мәслихатқа хат жаздық. Тіпті, республика, облыс деңгейінде осы мәселені көтеріп жатырмыз. Болашақта қайталанбауын талап етеміз. Еңбекшіқазақ ауданында бұл түйткіл өзекті. Мұны реттеу керек», – дейді Гүлмира Мұхтарова.

    Бір айта кетерлігі, аудандағы табылған қорғандар жер кадастрына енгізілмей келеді. Нақты іс жүргізілмеген. Былтыр Еңбекшіқазақ ауданы бойынша сараптама жасалып, обалардың картасы анықталып, облысқа тапсырылған. Енді бекітілуі ғана қалған. Алайда, соған қарамастан обалар орнында құрылыс жүргізіліп жатқан көрінеді.

    «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Гүлмира Райылқызының айтуынша, Есік қаласы – сақтардың обалары орналасқан мекен. «Бұл жерден мыңнан астам оба табылған. Қай жерде оба, ескерткіш бар, айту қиын. Сол үшін алдын ала зерттеу, барлау жұмысы жүргізіледі. Содан кейін құрылыс салуға рұқсат берілуі тиіс», – деп түйіндеді пікірін.

    «Қорған сүріліп, үстіне үйдің құрылысы басталып кеткен»

    Бұл тұрғыда Алматы облысының  мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафты аймақтарының шекараларын бекіту туралы облыс әкімінің қаулы жобасы қабылданғанын жеткізген. Бұл бойынша Алматы облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енбеген тарихи-мәдени нысандары, атап айтқанда қазіргі уақытта Алматы облысының Қарасай ауданы, Жамбыл ауданы және Қонаев қаласы бойынша археология ескерткіштеріне паспорттау жұмыстары басталған. Содан кейін бұл жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізу туралы ұсыныс беріледі.

    Айта кету керек, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» республикалық МҚК қызметкерлерінің мәліметтері бойынша автожол мен жаңа көпір салу жерінің аумағында 15-тен астам қорған орналасқан.

    Sona.kz тілшісі бұл туралы нақты ақпарат алу үшін Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына хабарласты. Бізге берген мәліметте: «2024 жылдың 11 қыркүйегінде Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталыққа Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласының жанында орналасқан «Береке» саяжайында қорғандардың бұзылу әрекеті орын алып жатыр» деген ақпарат келіп түскен күні сол мекен-жайға барып, қорғанның жер бетінен сүріліп, үстіне үйдің құрылысы жүріп жатқанын көрдік.

    Сонымен қатар, 4 (төрт) қорғанның құрылыс саласын реттеу, табиғи ландшафт аймақтарының бұзылғандығы анықталды. Облыстық прокуратураға және облыстық полиция департаментіне жоғарыда аталмыш жағдай туралы жазбаша хат жіберілді. Еңбекшіқазақ аудандық прокуратурасынан «Байтерек елдімекенінің аумағында орналасқан үш мың жылдық тарихы бар қорғандардың мәселесі бойынша «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының апаттық жағдайдағы қорғандарға жасалынған ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.

    Нәтижесінде қорғандардың түгел тоналғандығы, ешқандай артефактілердің сақталмағандығы туралы белгілі болды» деген жауап келді», – дейді Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы маманы Гүлнәр Домбай.

    Есік – ескі қорғандар мен обалар қаласы. Дегенмен, кез келген құрылыс компаниясы және оған құрылыс бастауға рұқсат берген мекеме алдымен тиісті мекемелерден анықтама сұрап, археологиялық сараптама алғаны жөн.