Метка: Басты жаңалықтар

  • ТЖМ мекемелерінің 3 басшысы қамауға алынды

    ТЖМ мекемелерінің 3 басшысы қамауға алынды

    Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді. Агенттіктің мәліметінше, комитет төрағасымен қоса министрліктің басқа да лауазымды тұлғалары сотталған.

    Ақмола гарнизоны әскери сотының үкімімен Төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Н. Дербисов пен Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы М. Жақсыбаев 5 жылға, Жетісу облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Б. Ізбасаров 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ Б. Ізбасаров 1,7 млн теңге сомасында өзіне қосымша ақшаны заңсыз есептеп, билікті асыра пайдаланғаны үшін сотталды, – делінген хабарламада.

    Агенттіктің мәліметінше, оларға бизнес өкілінен кәсіпкерлік қызметіне қамқорлық жасағаны үшін жалпы сомасы 39,7 млн теңге сомасында пара алды деген айып тағылған.

    Сондай-ақ аталған шенділер мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

  • Оралда жаппай төбелес болды

    Оралда жаппай төбелес болды

    Одан таяқпен қаруланған бірнеше жігіт арасындағы төбелесті көруге болады. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған, деп хабарлайды «Мой город» басылымы. Жанар-жағармай құю бекетінің аумағында таяқпен қаруланған бір топ адам төбелескен.

    Видеоның басында біреудің бір топ адамнан қашып бара жатқанын көруге болады. Қуып жеткендердің бірі атыс қаруымен қарсыласын екі рет атқан. Содан кейін бір топ адам бір жігітті ортаға алып, таяқпен ұра бастайды.

    БҚО ПД баспасөз қызметі бұл жағдай қаладағы түнгі клубтардың бірінде болғанын хабарлады. Олар келушілердің бірін жарақаттаған адамды ұстаған.

    Таңғы 5-тер шамасында бір адам түнгі клубқа кірмек болған, бірақ ол мас және агрессивті күйде болғандықтан күзетші оны ішке кіргізбеген. Содан соң жігіт келушілерді және мекеменің күзетшісін пышақпен жарақаттаған. Клубқа келіп отырған бір топ жігіт пен күзет қызметі пышақ ұстаған адамды ұстап, полиция қызметкерлері келіп жеткенше соққыға жыққан. Ер адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бұзақылық деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, — делінген ведомство хабарламасында.

    Полиция департаментінің өкілдері мекеме күзетшілеріне қатысты да бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын атап өтті. Олардың бірі уақытша ұстау изоляторына қамалған.

    Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, ұсталған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

  • Алматыда жер сілкінді

    Алматыда жер сілкінді

    Бүгін Алматылықтар тағы да жер сілкінісін сезді.

    «ҚР ТЖМ «Сейсмологиялык зерттеу институты» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 05 қарашада Астана уақытымен 10 сағат 01 мин Алматы облысы мен Алматы қаласында жер сілкінісі тіркелді», — делінген хабарламада.

  • Елена Рыбакина WTA турнирінің топтық кезеңінде жеңіліс тапты

    Елена Рыбакина WTA турнирінің топтық кезеңінде жеңіліс тапты

    Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина (WTA рейтингінде 5-орында) Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтіп жатқан WTA Итогалық турнирінің топтық кезеңінен шыға алмады, деп хабарлайды  Sports.kz.

    Енді Рыбакинаның турнирді жалғастыру мүмкіндігі жоқ. Белоруссиялық Арина Соболенко (1-орын) италиялық Жасмин Паолиниді (4-орын) 6:3, 7:5 есебімен жеңгеннен кейін, Соболенко екі жеңіспен топта көш бастады. Паолини мен қытайлық Чжэн Циньвэньнің (7-орын) әрқайсысында бір жеңістен бар, ал Рыбакинаның еншісінде екі жеңіліс тіркелді.

    Турнирдегі соңғы матчында Елена Рыбакина Арина Соболенкомен кездеседі.

  • Еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын күтіледі

    Еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын күтіледі

    Республиканың солтүстігі мен шығысында қар жауып, көктайғақ болуы ықтимал. Оңтүстік өңірлерде ауа райы негізінен құрғақ, күн бұлтты болады.

    Ақтөбе облысы

    Түнде Ақтөбе облысының солтүстік-батысында, күндіз басым бөлігінде көктайғақ күтіледі. Оңтүстіктен, оңтүстік-шығыстан жел соғады, күндіз облыстың солтүстік-батысында екпіні 15-18 м/с. Ақтөбе қаласында  көктайғақ күтіледі.

    Алматы облысы

    Алматы облысының оңтүстігінде, таулы аудандарында батыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с.

    Қарағанды облысы

    Түнде және таңертең Қарағанды облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, шығысында тұман, көктайғақ күтіледі. Қарағанды қ.: 05 қарашада түнде және таңертең тұман көктайғақ күтіледі.

    Ұлытау облысы

    Түнде және таңертең Ұлытау облысының батысында, солтүстігінде тұман күтіледі.

    Батыс Қазақстан облысы

    Батыс Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде, шығысында қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі. Облыстың батысында солтүстігінде, шығысында тұман, көктайғақ күтіледі. Түнде облыстың батысында, солтүстігінде бұрқасын күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысады, облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с. Орал қаласында түнде және таңертең тұман, көктайғақ күтіледі.

    Қостанай облысы

    Түнде және таңертең Қостанай облысының оңтүстігінде, шығысында тұман күтіледі.

    Жетісу облысы

    Түнде Жетісу облысында оңтүстік-шығыстан жел соғады, Алакөл көлдері ауданында екпіні 15-20 м/с.

    Шығыс Қазақстан облысы

    Шығыс Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде, шығысында көктайғақ күтіледі. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде тұман күтіледі. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысады, облыстың солтүстігінде, шығысында 15-20 м/с

    Маңғыстау облысы

    Күндіз Манғыстау облысының солтүстік-батысында қатты жаңбыр күтіледі. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысады, түнде облыстың батысында 15-20 м/с, күндіз 15-20, облыстың батысында, орталығында екпіні 23-28 м/с, кей уақыттарда 30 м/с және одан аса күтіледі. Ақтау қаласында оңтүстік-шығыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысады, түнде екпіні 15-20 м/с, күндіз 15-20, екпіні 23-28 м/с, кей уақыттарда 30 м/с және одан аса күтіледі.

    Қызылорда облысы

    Түнде Қызылорда облысының орталығында, оңтүстігінде тұман күтіледі. Қызылордада түнде тұман күтіледі.

    Атырау облысы

    Күндіз Атырау облысының солтүстігінде, оңтүстігінде қатты жаңбыр күтіледі. Оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып жел соғады, облыстың батысында, оңтүстігінде 15-20, күндіз екпіні 23-28 м/с . Атырау қаласында күндіз кей уақыттарда қатты жаңбыр күтіледі. Оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып жел соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с.

    Павлодар облысы

    Түнде Павлодар облысының оңтүстігінде, шығысында оңтүстік-батыстан соққан жел оңтүстік-шығысқа ауысады екпіні 15-20 м/с сақталады. Павлодар қаласында 5 қарашада түнде көктайғақ, тұман күтіледі.

    Түркістан облысы

    Түркістан облысының оңтүстігінде, таулы және тау бөктерлі аудандарында қатты жаңбыр күтіледі. Облыстың таулы аудандарында тұман. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа ауысатын жел соғады, облыстың таулы және тау бөктерлі аудандарында күші 15-20, облыстың тау асуларында екпіні 23 м/с. Шымкент қаласында қатты жаңбыр күтіледі. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа ауысатын жел соғады, екпіні 15-20 м/с.

    Астана

    Астана қаласында түнде және таңертең тұман күтіледі.

    Солтүстік Қазақстан облысы

    Түнде Солтүстік Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде, шығысында оңтүстік-батыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с күтіледі. Петропавл қ.: 5 қарашада түнде оңтүстік-батыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с күтіледі.

    Жамбыл облысы

    Жамбыл облысының оңтүстігінде, таулы аудандарында қатты жаңбыр күтіледі. Түнде және таңертең облыстың таулы аудандарында тұман күтіледі. Солтүсік- батыстан соғатын жел оңтүстік-батыс желіне ауысады, түнде облыстың таулы аудандарында, күндіз облыстың оңтүстік-батысында, таулы аудандарында 15-20, күндіз екпіні 25 м/с күтіледі.

    Ақмола облысы

    Түнде және таңертең Ақмола облысының батысында, солтүстігінде, шығысында тұман күтіледі.

  • Полиция департаментіне барған Хасан Қасымбаевтың туыстары қандай жауап алды?

    Полиция департаментіне барған Хасан Қасымбаевтың туыстары қандай жауап алды?

    Алматы облысының полиция департаменті 2 қараша күні Хасан Қасымбаевтың уақытша ұстау изоляторына қамалғанын растады. Белгілі болғандай, 2021 жылы ережесіз жекпе-жектен жаттықтырушы Арман Әлімовтің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және ұрлады деген күдікке ілінген. Қылмыс 2021 жылдың 17 маусымында жасалған.

    Анасы мен әйелі әділетті шешім сұрап, президентке үндеу жолдады

    Бүгін Хасан Қасымбаевтың анасы Гүлнәр Нұракимова және жары Зүлфия Қасымбаева мен ауылдастары Алматы облысының полиция департаментіне келді. Анасы баласының қамауда жазықсыз отырғанын жеткізді.

     «Менің баламды екі күннен бері кінәсіз қамап отыр. Не үшін? Соның анық-қанығын білуге келдім. Айтсын соның бәрін. Екі айдан бері тергеді. Ешқандай кінә таппады. Шерзат Болаттың өліміне қатысы бар деп, неше мәрте сұрау алды. Енді, міне 2021 жылы болған оқиғаға баламды қатыстырып отыр. Оған дәлелі болса, дәлелдеп берсін. Заңсыз жазықсыз қамап қойды. Ол жеке кәсіппен айналысады. Үш баласы бар. Ана баласы үшін күйеді. Өз баламды білемін. Мен ондай бала тәрбиелеген жоқпын. Ол ауырып, ота жасауға дайындалып жүрген. Система алып жатқан жерінен шақырған соң кеткен еді. Бүгін баламды алмай бұл жерден кетпеймін», – деді анасы. Сондай-ақ, Хасан Қасымбаевтың анасы президент Қ.Тоқаевтың атына үндеу жолдап, баласының ісін әділетті шешуді сұрады.

    Ал Хасан Қасымбаевтың жары Зүлфия Қасымбаева: «Талғарда қайтыс болған жасөспірімнің ата-анасына көңіл айтамын. Бірақ оның әкесі неге бұл өлімге менің күйеуімнің қатысы бар деп мәлімдейді? Оған дәлелі бар ма?

    Сол бала қайтыс болғалы біздің отбасымызға тыныштық жоқ. Оны ұстаған жоқ. Өз аяғымен барды. Ол ешқайда қашқан жоқ. Қандай негізге сүйеніп қамауға алды? Оған қалай қара күйе жақты, солай ақтап берсін. 2021 жылғы іске қатысы болса, неге сол кезде ұстамады? Бұл іс бойынша адамдар сотталды ғой», – деді.

    Рысқұлов ауылының тұрғындары:  «Хасан жетім-жесірге көмектесетін»

    Рысқұлов ауылы тұрғындарының жігіттер төрағасы Қайрат Айтжанов Хасан Қасымбаевтың қандай жігіт екенін айта келе: «Біздің ауылды бәрі жамандап бітті. Рысқұлов ауылында 8 мыңдай халық тұрады. Тіпті, ауылдың кемпір-шалдары автобус жалдап келейін деген. Ауылдың атынан өзім келіп тұрмын.

    Хасан үш-төрт жігітпен бірігіп, цемент зауытын ашқан. Кішігірім мал шаруашалығы бар. Бәрі ұйымдасып мектепке керек-жарақты әперіп, жетім-жесірге көмектеседі. Енді «Түймедейді түйедей» етіп шығарды. Істің ақ-қарасын ашып, айтсын. «ОПГ-шник» керек болды ма? Бұлар бәрін кино жасап жіберді ғой. Хасан ешқайда қашып жүрген жоқ. Шақырған кезде барды. Кінәлі адам болса, солай ете ме? Үйінде отырып «Хасан бәрін ақшамен сатып алады» дейтіндер бар.

    Сатып алғыш болса, інісі істі болғанда неге шығарып алмады? Өз еңбегімен күн көріп жүрген таза жігіт. 4 жыл бұрынғы іс бойынша сот өтіп, төрт-бес адам сотталып кетті. Сол кезде сот не қараған?», – деді өз пікірінде.

    «Бір отбасына бағып отырған азаматты қалай қамап тастайды? Бала кезден білеміз. Осы күнге дейін біреуге көмектескеннен басқа бір жаман әрекетін көрген емеспіз.  Кінәлі болса, өз аяғымен келмейді ғой. Хасанды  танитындар жақсы біледі, ал танымайтындар аузына келгенді айта береді. Ауылдан 500 адам жиналып, «жолды жабамыз» деп еді, бәрін тоқтаттық. Керек емес дедік. Енді құқық қорғау өкілдері қамалған балаларға «Хасанға қарсы түсініктеме берсеңдер, жазаларыңды жеңілдетеміз деп айтып жатыр екен», – дейді Рысқұлов ауылынан келген тұрғындар.

    Қабдуалиевтің жауабында не айтылды? 

    Бұдан кейін ішке енген Хасан Қасымбаевтың туыстары мен ауылдастарына Алматы облысы Полиция департаментінің тергеу ісі бойынша орынбасары Мәлік Қабдуалиевтің қылмыстық іс бойынша түсініктеме беретіні айтылды. Алайда, туыстары «Осында келіп, бәрінің көзінше айтсын» деген талап қойған соң, Мәлік Қабдуалиевтің өзі шыққан. Бірақ жиналғандар оған сөз бермей, жан-жақтан пікір қысымына алды. Дегенмен, Қабдуалиевтің де жауабында нақтылық болмады.

    «Әзірге уақытша қамау изоляторында болады. Бүгін шығара алмаймыз.  Іс материалы Қонаев қаласындағы тергеу сотына жіберілді. Кінәсі бар ма, жоқ па, оны сот шешеді» деп қысқа қайырды Қабдуалиев. Оған журналистер «Егер Хасан Қасымбаев 2021 жылғы іс бойынша қамауға алынса, неге сол кезде қамалмады?» деген сауал қойғанда бұл туралы ақпаратты айта алмайтынын, себебі тергеу құпиясы сақталатынын жеткізді. 

    Айта кетейік, Алматы облысы полиция департаментінің таратуынша, 2021 жылғы маусымда А. есімді азаматтың денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, сол кісіні ұрлады деген күдікпен бес азамат ұсталған. Олар Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен сотталып, қазіргі уақытта жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеуде. «Жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде, жоғарыда аталған қылмыстық әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен 2024 жылдың 2 қарашасында Қ. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстардың барлық мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті тергеуді қамтамасыз ету үшін тергеу әрекеттерінің кешені жалғасуда. Іс материалдары бұлтартпау шарасын санкциялау үшін сотқа жіберілді. Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді», – деді полиция департаментінен.

     

     

  • Талғар ауданындағы қоқыс үйіндісінен мемлекеттік рәміздер табылды

    Талғар ауданындағы қоқыс үйіндісінен мемлекеттік рәміздер табылды

    Алматы облысы Талғар ауданында Мемлекеттік рәміздер қоқысқа тасталды. Аталған дерек бойынша аймақ полициясы қылмыстық іс қозғады.

    Жергілікті блогерлердің бірі Instagram-да Еркін ауылында өрескел жағдай орын алғанын айтып, бейнені жариялады. Қоқыс алаңында түсірілген бейнеден үш Мемлекеттік Елтаңба мен жалаушаға ұқсайтын көк материал көрсетілген. Бұған ашуланған қазақстандықтар пікірлерде кінәлілерді тауып, жазалауды талап етті.

    Облыстық полиция департаменті «мемлекеттік рәміздерді қорлау фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады» деп мәлімдеді.

    «Талғар аудандық полициясының қызметкерлері болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау бойынша қажетті жедел іс-шараларға бастамашылық жасады. Кінәлі адамдарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады»,  – деді Алматы облысы полиция департаменті.

    Сондай-ақ, басылымға аудан әкімдігі де жауап берді. «Бұл қоқыс Талғар ауданы Қайнар ауылдық округінің Еркін ауылының жеке аумағында орналасқан. Қазіргі уақытта ЖАО қызметкерлері қоқыс төгетін жерді тексерді. Көрнекі тексеру кезінде аталған мемлекеттік рәміздердің жанында білім беру мекемесі – колледждің құжаттары бар екені анықталды, мән-жайлар анықталуда. Қазіргі уақытта полигон орнынан Мемлекеттік рәміздер алынып тасталды», – деді аудан әкімдігі жауабында.

    Ведомствода Мемлекеттік рәміздер ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 1 қазандағы №862 қаулысымен бекітілген Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою қағидаларына сәйкес жойылатынына сендірді. Ал кінәлі адамдарға қатысты тиісті шаралар қабылданатын болады.

    «Аталған мемлекеттік рәміздер Талғар ауданының мемлекеттік мекемелеріне тиесілі емес деп ресми мәлімдейміз, осыған байланысты қазіргі уақытта бұл мәселені Талғар ауданының ПБ қызметкерлері қарайды», – деді Талғар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

     

  • Қазақстанда жүк көлігін шығаратын зауыт ашылады

    Қазақстанда жүк көлігін шығаратын зауыт ашылады

    Қазақстан-Қытай дөңгелек үстелі барысында қытайлық және қазақстандық компаниялар арасында Қазақстанда жүк көлігін шығару бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

    «Бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойылды. «Саран» индустриялық аймағының базасында жүк және коммерциялық техника өндіретін жаңа зауыт салынады. Жаңа кәсіпорын құру бізге қосымша 1,5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ біз жаңа технологияларды аламыз, дәнекерлеу, катафорез, бояу және шағын торапты құрастыру үшін заманауи жабдықтар сатып алынады. Жас инженерлер Қытайда қолданылатын жаңа дағдыларды игеруге мүмкіндік алады», – деді бірлескен жобаның жетекшісі Арғұлан Майқонов.

    Осыған дейін Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен Қазақстан-Қытай инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Кездесу нәтижесінде жалпы сомасы 2,5 млрд долларды құрайтын 8 коммерциялық келісімге қол қойылды.

     

  • Ливаннан 41 адам Қазақстанға келді

    Ливаннан 41 адам Қазақстанға келді

    Таяу Шығыс өңіріндегі шиеленістің күшеуіне байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанның тиісті мемлекеттік органдардың қатысуымен Ливаннан ҚР азаматтарын және олардың отбасы мүшелерін елге эвакуациялау шаралары жүзеге асырылды, – делінген СІМ таратқан ақпаратта.

    Аталған операция Ыстанбұл және Дубай қалалары арқылы ұйымдастырылып, нәтижесінде 2024 жылғы 17-31 қазан аралығында Бейруттан Астана мен Алматы қалаларына 41 адам аман-есен жеткізілді.

    Эвакуация әскери қақтығыс аймағында қалған Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында жүргізілді.

  • Алматы маңайында жер сілкінді

    ТЖМ мәліметінше, ТЖМ «СБЗҰҒО» ЖШС сейсмикалық станциялар желісі 4 қарашада Астана уақытымен сағат 04:31-де жер сілкінісін тіркеді

    Жер сілкінісінің ошағы Қытайда, Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 262 шақырым жерде орналасқан, — делінген хабарламада.

    Қазақстан аумағында жерасты дүмпулері сезілген жоқ.