Метка: Басты жаңалықтар

  • Испанияда су тасқынынан қаза тапқандар саны 158-ге жетті

    Испанияда су тасқынынан қаза тапқандар саны 158-ге жетті

    Испанияда болған су тасқыны салдарынан 158 адам қаза тапты. Бұл оқиға 1973 жылдан бері ең алапат тасқындардың бірі болды. Су тасқыны елдің кейбір аймақтарына жауған нөсер жаңбырдан туындаған. Бұл туралы BBC арнасы хабарлады.

    «Қазіргі таңда ең маңыздысы – мүмкіндігінше көп адамның өмірін құтқару», – деп мәлімдеді Испания премьер-министрі Педро Санчес.

    Қаза болғандардың көбісі Валенсия автономдық қауымдастығында тіркелді, мұнда 155 адам қайтыс болды. Сонымен қатар Кастилия-Ла-Манча аймағында екі адам, ал Андалусияда бір адам су тасқынынан мерт болды. Валенсияның оңтүстік-батысында орналасқан Пайпорта муниципалитетінде өзен арнасынан асып, кем дегенде 40 адамның өлімі тіркелді.

    Ресми өкілдер жоғалған адамдардың нақты санын ашып айтпағанымен, олардың санының айтарлықтай көп екенін хабарлады. Испанияға бір күнде жауған жауын-шашынның мөлшері бір жылдық нормаға жетті.

    Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Испания Королі VI Фелипеге табиғи апат салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтқан еді.

  • Қайрат Боранбаевқа тиесілі компания «Самұрық-Қазынаға» өтті

    Қайрат Боранбаевқа тиесілі компания «Самұрық-Қазынаға» өтті

    Бұрын бизнесмен Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған «АзияГаз Чунджа» ЖШС «Самұрық-Қазына» қорына өтті. «Самұрық-Қазына» АҚ «АзияГаз Чунджа» ЖШС жарғылық капиталындағы 100% қатысу үлесін сатып алған. «Самұрық-Қазына газ тарату компаниясына осы жылдың 30 қыркүйегінен иелік ете бастаған. Бұл туралы Қазақстанның қор биржасы мәлімдеді.

    Айта кетері, «АзияГаз Чунджа» тауарлық газды тасымалдау және сатумен айналысады. Былтыр күзде Қайрат Боранбаевтың осы компаниясы мемлекет меншігіне өткен еді. Бизнесмен тергеу барысында компанияны мемлекетке өз еркімен берген.

    Қайрат Боранбаев – қазақстандық кәсіпкер, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы құдасы. Былтыр Боранбаев ресейлік газ импорты кезінде ақша жымқырғаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда кейін сот жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеу түріне ауыстырып, 2023 жылғы 6 қарашада Боранбаев түрмеден босап шықты.

  • Ақмола облысында көлік пойызбен соқтығысып, үш адам қаза тапты

    Ақмола облысында көлік пойызбен соқтығысып, үш адам қаза тапты

    30 қазанда түнде Степногорск-Заводский тасжолында жолаушылар мінген жеңіл көлік пойызбен соқтығысты. Апат салдарынан үш адам қаза тапты.

    Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметінше, Audi B4 маркалы автокөлік үш бос цистернасы бар локомотив құрамымен бір жолды теміржол өткелінде соқтығысқан.

    «Апат салдарынан оқиға орнында көлік жүргізушісі қаза болды, екі жолаушы ауруханада қайтыс болды, тағы үш жолаушы түрлі жарақаттармен Степногорск ауруханасына жеткізілді», — деп хабарлады полиция.

    Қазіргі уақытта тергеу аясында жол-көлік оқиғасының мән-жайы мен себептері анықталып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

  • «Костенко» шахтасындағы апат: 10 күдіктінің аты-жөні белгілі болды

    «Костенко» шахтасындағы апат: 10 күдіктінің аты-жөні белгілі болды

     Қайғылы оқиғаға айыпталып отырған күдіктілердің аты-жөні белгілі болды. Қадағалаушы орган олардың аты-жөні мен қандай қызмет атқарғандарын және не үшін айыпталып отырғандарын толық баяндады.

    1. С. И. Мустивко (шахта директоры, тау-кен қазбаларын апатсыз күйде ұстауды, шахта қызметкерлерінің өнеркәсіптік және өртке қарсы қауіпсіздік ережелерін сақтауын, жабдықтарды уақытылы жөндеуді қамтамасыз етуге және көмір өндіру технологиясының сақталуын бақылауға міндетті);

    2. Н.Н. Грознов (шахтаның бас инженері, өндірісті инженерлік қамтамасыз етуді бақылауға, шахтаның газ бойынша санатын, шаңның жарылғыштығын, кенет газ шығарындылары бойынша қабаттардың қауіптілігін анықтауға, өнеркәсіп қауіпсіздігінің жай-күйін тексеруге міндетті);

    3. В.А. Еремин (шахта директорының өндіріс жөніндегі орынбасары, технологиялық процестерге тұрақты бақылау жүргізуге, шахта жабдықтарының қауіпсіз және сенімді жұмысын қамтамасыз етуге, қауіпсіздік ережелері мен технологиялардың бұзылуын жоюды ұйымдастыруға, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғаудың жай-күйін тексеруге міндетті);

    4. Д.Ю.Федоренко (бас инженердің қауіпсіздік техникасы жөніндегі орынбасары, шахтадағы қауіпсіздік техникасы бойынша жұмысты ұйымдастыруға және бақылауға, өнеркәсіптік қауіпсіздік жағдайын тексеруге, шахтадағы жол берілмейтін және қауіпті тәуекелдерді анықтауға, желдету учаскесінің жұмысына жетекшілік етуге міндетті);

    5. В.В. Шишканов (желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің бастығы, шахтада желдету мен газ режимінің сенімділігін қамтамасыз етуге, желдету, газсыздандыру, газ сору, көмір шаңымен күресу, көмір шаңының жарылыстарының алдын алу және оқшаулау жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге міндетті);

    6. Ю.Пестряков (желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің шаң жарылысынан қорғау жөніндегі бастығының көмекшісі, көмір шаңынан және шаң жарылысынан қорғау жөніндегі іс-шаралардың уақтылы жүргізілуін қамтамасыз етуге міндетті);

    7. В.П. Коптенков (апат басталған №6 учаскенің бастығы, желдету, шаң-газ режимі, өрт сөндіру құралдары, адамдарды құтқару жағдайын қолдауға, шаңға, кенеттен шығарындыларға және жерасты өртіне қарсы іс-шаралардың толық орындалуын қамтамасыз етуге міндетті);

    8. Т.Х. Габдушев (конвейерлік көлік учаскесінің бастығы, учаскедегі шаң-жарылыстан қорғау іс-шараларын, көмір шаңын тазалауды, ылғалдандыруды қамтамасыз етуге міндетті);

    9. В.В. Гонноченко (бас инженердің үңгілеу жөніндегі орынбасары, қыркүйекте бас инженердің міндетін атқарды, өндірісті инженерлік қамтамасыз етуді бақылауға, газ бойынша шахтаның санатын, шаңның жарылғыштығын, кенет шығарындылар бойынша қабаттардың қауіптілігін анықтауға, өнеркәсіптік қауіпсіздік жағдайын тексеруге міндетті);

    10. Д.С. Коцар ешқайда кетпеу туралы қолхат арқылы қамауға алынбаған. Ол шахтаның бас механигі тергеу қорытындысы бойынша күдікті ретінде танылған, кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған, ол шахта жабдықтарында тау-кен жұмыстарын қауіпсіз жүргізу жөніндегі өз міндеттері мен бақылауын тиісінше орындамаған деген күдікке ілінген.

    Айта кетейік, күні кеше Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Сенат кулуарында Костенко шахтасындағы қайғылы оқиғаға байланысты тергеу әлі аяқталмағанын мәлімдеді.

    «Бұл оқиға – біз үшін аса ауыр трагедия. 46 кенші қайтыс болды. Қазіргі уақытта шамамен 10 адам тергелуде. «АрселорМитталға» қатысты да тергеу жүріп жатыр, бірақ нақты қандай кезеңде тұрғанын айта алмаймын», – деді ол.

    Еске салайық, 2023 жылдың 28 қазанында Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада метан газы жарылды. Қаза болған кеншілерге байланысты 29 қазан Қазақстанда жалпы ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

    Жарылыс кезінде шахтада 252 адам болған. Олардың 206-сы жер бетіне шыға алды, ал қалғандары қаза тапты.

  • Алматыдағы автобус апаты: іс сотқа жолданды

    Алматыдағы автобус апаты: іс сотқа жолданды

    Іс одан әрі қарау және кінәлілердің жауапкершілігін анықтау үшін сотқа жіберілді.  Алматы сотының баспасөз қызметі мәліметінше, іс 30 қазанда Алмалы аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотына жолданып, судьяның қарауына жіберілген. Процестің басталу күні әлі белгісіз.

    Еске салайық, Алматыда KIA маркалы көлік жүргізушісі Мақатаев көшесін оңтүстік бағытта кесіп өтіп, «City bus» ЖШС жеке тасымалдаушысы қызмет көрсететін 18-бағыттағы автобуспен соқтығысқаны, ол кейіннен кедергіге соқтығысқаны хабарланды.

    Оқиға салдарынан автобустың 25 жолаушысы зардап шегіп, тағы бір жолаушы оқиға орнында көз жұмған. Адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

  • Шавкат Рахмонов мәлімдеме жасады

    Шавкат Рахмонов мәлімдеме жасады

    30 жастағы қазақстандық файтер  Шавкат Рахмонов титулдық жекпе-жегі өтпейтіннен кейін жартылай орта салмақтағы UFC чемпионы америкалық Белал Мұхаммедке жүгінді. Ол өзінің үндеуін X (Twitter) әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жариялады.

    Рахмонов ең алдымен Белалдың тезірек сауығып кетуін тіледі. Содан кейін ол өзінің жоспарлары туралы айтты.

    «Сізді 100% қалпына келтірген кезде көреміз, мен UFC310-да уақытша титул үшін кез келген қарсыласпен күресуге дайынмын», – деді Ш.Рахмонов. 

    Тарихи титулдық жекпе-жектің жойылғаны 2024 жылдың 31 қазанында белгілі болды. Жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек 8 желтоқсан күні таңертең Лас-Вегаста (АҚШ) өтуі керек еді, бірақ америкалық спортшы тарапынан белгісіз себептермен кездесу белгіленген уақытта өтпейді.

    Қазір Nomad енді UFC 310 турниріне қатыса ма, әлде палестиналықтың қайтып келуін күте ме деген келіссөздер жүріп жатыр.

  • Қостанайда жымқырған жаттықтырушы 5,9 млн теңге иемденді

    Қостанайда жымқырған жаттықтырушы 5,9 млн теңге иемденді

    Қостанай облысында «Жоғарғы спорт шеберлігі мектебі» КММ балалар мен жасөспірімдер командаларының шорт-трек жаттықтырушысы бюджет қаражатын 2022 жылдан бері жымқырған деп күдіктелуде.

    2022 жылдың қазанынан 2024 жылдың қаңтарына дейін жаттықтырушы шығындарды өсіріп, жалған аванстық есептер жасаған. Сонымен қатар, спорттық жиындар мен жарыстарға қатыспаған спортшыларды тізімге қосып, түскен ақшаны иемденген. Ұрланған қаражат сомасы 5,9 млн теңгені құрады.

    «Кейіннен ұрланған ақшаны депозиттік шотқа аударып, заңды айналымға енгізді және ай сайынғы 9,6% мөлшерлемемен сыйақы алып отырды», – делінген хабарламада.

    Пайыздық сыйақы түріндегі табыс сомасы 613,1 мың теңгені құрады.

    Жемқорлықты тергеу бюросының мәліметінше, айыпталушының әрекеті ҚР ҚК 189-бабының 3-бөлігі және 218-бабының 1-бөлігі бойынша сараланады. Бұл мүлікті тәркілеу, белгілі бір лауазымдарды атқаруға 6 жылға дейін тыйым салу және 7 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады.

  • Солтүстік Корея әскерлері Украинаға қарсы соғыспақ

    Солтүстік Корея әскерлері Украинаға қарсы соғыспақ

    Ресейдің Курск облысында  Солтүстік Кореяның 8 мыңға жуық әскері бар, олар жақын арада Украинаға қарсы соғысуы мүмкін.

    АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Вашингтонда өткен брифингте сарбаздардың «артиллерия, ұшқышсыз ұшу аппараттары, негізгі жаяу әскер операциялары, соның ішінде траншеяларды тазарту» бойынша дайындықтан өткенін айтты. АҚШ бұл сарбаздар Ресейге келген 10 мың жауынгерден құралған топтың бір бөлігі деп санайды. Қорғаныс министрі Ллойд Остин Украинаның осы өңірдегі позицияларын сақтай алатынына сенім білдірді.

    Сондай-ақ, Блинкен жақын арада Украинаға қосымша әскери қолдау жіберуге ниетті екенін мәлімдеп, Қытайды Солтүстік Кореяға ықпалын пайдаланып, арандатушылық әрекеттерін тоқтатуға шақырды.

    Біз Ресейдің оның (Солтүстік Корея) әскери әлеуетін күшейту үшін не істейтініне қатты алаңдаймыз. Бұл Қытай үшін де күрделі мәселе болуы тиіс, өйткені  аймақтағы жағдайды айтарлықтай тұрақсыздандырады», — деді CNN Блинкеннің сөзін келтіріп.

  • Ағайындылар 12 жастағы қызды 6 жылдан бері зорлап келген

    Ағайындылар 12 жастағы қызды 6 жылдан бері зорлап келген

    Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында 12 жастағы қызды алты жыл бойы зорлап келген екі ағайындының екеуі де ұсталды. Бұл ақпаратты облыстық полиция департаменті растады.

    Бұған дейін полицейлер күдіктілердің біреуін ізін суытпай ұстаған болатын. Ал екіншісіне іздеу жарияланған еді.

    «Мойынқұм ауданының аумағында ҚК 120-бабы 4-бөлігі (жас балаға қатысты зорлау әрекетін жасау) бойынша аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен іздеуде болған ер адам ұсталды. Ол Шу ауданынан 60 шақырым жердегі шаруа қожалығынан табылды. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — деп мәлімдеді ПД.

    Полиция осы баптың санкциясына сәйкес өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін атап өтті.

    Естеріңізге салайық, кеше Жамбыл облысында 12 жастағы жиенін зорлаған 37 жастағы ер адам іздестіріліп жатқаны айтылды. Жедел-іздестіру шаралары кезінде полиция бір күдіктіні ұстап, қамауға алған. Ал екіншісі жасырынып үлгерген, оған іздеу жарияланды.

  • Тоқаев Қарағанды облысы әкіміне сөгіс берді

    Тоқаев Қарағанды облысы әкіміне сөгіс берді

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысы әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа сөгіс берді. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

    Президент жылыту маусымына дайындық жұмыстарына тиісінше бақылау жасамағаны үшін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа сөгіс берді, — делінген ақпаратта.

    Бұған дейін Қарағанды облысы әкімі өкімімен Саран қаласы әкімі Еркін Баулықов қалада жылу беру маусымының басталуында олқылық жібергені үшін атқаратын қызметінен босатылды. Қала басшысы міндетін уақытша осыған дейін Саран қаласы әкімі орынбасары болған Мақсат Қайрешов атқарады.

    Оның алдында Саран қаласы әкімі Еркін Баулықов пен Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Тілектес Досаев қатаң сөгіс алды

    Айта кетейік, 2024 жылдың қазанында Қарағанды облысы Саран қаласында тұрғындар жылусыз қалды. Содан кейін Қарағанды облысы әкімі Ермағанбет Бөлекбаев Үкімет басшысының алдында есеп берді.

    Саранда 4 жаңа қазандық орнатылды. 13 қазанда №1 қазандық іске қосылды және тәулік ішінде температура 55 градус болды. 13 қазанда қазандық ақауға байланысты мәжбүрлі түрде тоқтатылды. Режимдік баптау бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Ақау шығуына байланысты жылумен жабдықтауда резервті схемаға көшу бойынша шешім қабылданды. 124 үйді резервті жылытуға қайта қосылып, жылу беріліп жатыр. Жұмыс аяқталуға жақын. Бүгін кешке дейін барлық үйге жылу беріледі, — деді облыс әкімі.