Метка: Басты жаңалықтар

  • Молдова президенті Майя Санду жеңіске жетті

    Молдова президенті Майя Санду жеңіске жетті

    Молдова Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, ел президентін сайлаудың екінші кезеңінде сайлау учаскелерінен алынған хаттамалардың 98,9 пайызы өңделгеннен кейін қазіргі президент Майя Санду озып шықты. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 55 пайызы Сандуды қолдаған. Елдің бұрынғы бас прокуроры Александр Стояногло 45 пайыз дауыс жинады.

    «Молдова, бүгін сен жеңдің. Біз бірлігіміздің, демократиямыздың және лайықты болашаққа деген адалдығымыздың күшін бірге көрсеттік», – деп жазды Санду Х-тегі постында. Ол ел ішіндегі және шетелдегі отандастарына алғыс білдірді.

    Санду шетелдегі учаскелер есебінен жеңіске жетті: диаспора оны қолдап жаппай дауыс берген. Ел ішінде 51,2 пайыз нәтижемен Стояногло алға шыққан. Дауыс санау басталғаннан кейін ол бәрін «сандарға қарамастан сабырлы болуға» шақырды және Молдовада «осы сәттен бастап жеккөрушілік пен бөліну аяқталады» деді.

  • 7 жасар қызды зорлаған адам 25 жылға сотталды

    7 жасар қызды зорлаған адам 25 жылға сотталды

    Түркістан облысында 14 жыл іздеуде болған педофилге қатысты сот үкімі шықты. #НеМолчиKZ қорының дерегінше, оқиға 2010 жылы маусымда болған.

    «Істі 9 жыл тергеді. Бірақ күдікті табылмады. Қыздың анасы Динаға хабарласып, қыздан жауап алынды. Жалпы 14 жыл іздеуде болды. Қазір қыз 21 жаста», – дейді #НеМолчиKZ өкілдері.

    Қыздың анасы Түркістан облысындағы тергеуші бес жыл бойы байланыста болғанын айтты. Қор өкілдерінің айтуынша, қылмыскер түрмеден табылған. Ол осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан.

    Педофил 25 жылға сотталды.

  • Құрылыс алаңында жұмысшы қаза тапты

    Құрылыс алаңында жұмысшы қаза тапты

    Қарағанды облысында салынып жатқан Qaragandy Power Silicon зауытында жазатайым жағдай тіркелді. Құрылыс жұмысшысы биіктіктен құлап, көз жұмды, деп хабарлайды 24kz телеарнасы.

    Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазір «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соғу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

    Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті сараптамалар тағайындалған, полиция оқиғаның барлық жағдайларын тексеруде.

  • Есірткі жарнамалайтын 18 Telegram канал бұғатталды

    Есірткі жарнамалайтын 18 Telegram канал бұғатталды

    Қалалық прокуратураның мәліметінше, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында белгісіз тұлғалармен есірткі және психотроптық заттарды насихаттау, жарнамалау және сатумен айналысатын Telegram-каналдары анықталды.

    «Атқарылған жұмыс нәтижесінде, «Кибернадзор» жүйесі арқылы есірткі заттарын жарнамалайтын 18 Telegram канал бұғатталды.

    Сондай-ақ, қала прокуратурасымен бұл бағытта жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табуда», — делінген прокуратура хабарламасында.

  • Иранда хиджабқа қарсы іш киіммен көшеге шыққан қыз ұсталды

    Иранда хиджабқа қарсы іш киіммен көшеге шыққан қыз ұсталды

    Тегерандағы «Азад» Ислам университетінің студенті хиджаб кию міндетіне қарсылық ретінде оқу ордасы аумағында киімін шешті, деп хабарлайды Reuters.

    «Еркін Иран» атты Telegram арнасының мәліметіне қарасақ, оған киім ережелерін сақтау талабы жасалған соң қысым көрсетілген.

    Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнематериалдарда «Басидж» деп аталатын үкіметшіл радикалдық топ өкілдері қызды қатігездікпен ұстағаны, содан кейін оның киімдерін жыртып тастағаны көрсетілген. Оқиғадан соң студент қыз полицияға жеткізіліп, бұл әрекет қоғамда үлкен резонанс тудырып жатыр.

    Университеттің қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Амир Махджуб: «Оқиғаға тек университет күзеті араласып, студентті полицияға тапсырды», – деп, күш көрсету әрекеттерін жоққа шығарды.
    Ал сот органдары әзірге оқиғаға қатысты түсініктеме берген жоқ.

  • Компанияға 2 млрд теңге шығын келтірген «Кезби» директоры ұсталды

    Компанияға 2 млрд теңге шығын келтірген «Кезби» директоры ұсталды

    Қаржылық мониторинг агенттігі «Кезби» компаниясының қаражатты жымқыру және салық төлемеу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді.

    ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті «Кезби» ЖШС атқарушы директоры Ержан Кезбаевқа қатысты ҚК 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғады, деп мәлімдеді агенттік.

    Ол компания қызметкерлеріне жалақы төлеу үшін «Өзенмұнайгаз» АҚ бөлген 321 млн теңгені жымқырып, сондай-ақ 1,5 млрд теңгеге жуық сомаға салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілініп отыр, – деп қосты ведомство.

    2021 жылы «Кезби» ЖШС «Өзенмұнайгаз» АҚ-мен бригада үшін сағатына 65 мың теңге бағамен қызмет көрсету шарттарын жасасты. Кейіннен еңбекақы мен медициналық жәрдемақылардың өсуін қоса алғанда, жұмысшылар үшің әлеуметтік пакетті жақсарту мақсатында қызмет бағасы бригада үшін сағатына 87 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Алайда қаражаттың едәуір бөлігін, атап айтқанда 321 млн теңгені компания басшысы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайларына жұмсамай жымқырған.

    2024 жылғы 3 қарашада күдікті Е.Кезбаев құрықталды. Қазір жасалған қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүріп жатыр.

  • Полиция Хасан Қасымбаевты қамауға алды

    Полиция Хасан Қасымбаевты қамауға алды

    Алматы облысының құқық қорғау органдары күтпеген операция жүргізіп, Талғардағы атышулы Хасанды он жыл бұрын жасалған қылмыс үшін қамауға алды.

    Ол марқұм Шерзаттың өлімінен кейін «Хуторлықтар» деп аталатын қылмыстық топтың серкелерінің бірі деп аталып келді. Алайда оны полиция 2021 жылы біреудің денсаулығына ауыр зақым келтіргені үшін ұстады.

    Қасымбаевты кейбір дереккөздер «Хуторские» қылмыстық тобының жетекшісі ретінде атаса, өзі бұл айыптарды жоққа шығаруда. Ішкі істер министрлігі де мұндай қылмыстық топтың бар екендігін растаған жоқ.

    «Бас прокуратураның мәліметінше, Қасымбаевтың 2021 жылы болған қылмысқа қатысы бар болуы мүмкін. Сол жылы Алматы облысындағы бір ауылда 1984 жылы туған тұрғынды ұрып-соққан соң, оны әлдекімдер тонап кеткен. Аталған қылмысқа байланысты үш ер адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, кейін шартты түрде жаза алған еді», – делінген жазбада.

    Қадағалау органы осы істің барлық мән-жайын қайта қарастырып, Қасымбаевтың аталған қылмысты тапсырыс беруі мүмкін деген қорытындыға келді. Қазіргі уақытта оған қатысты жаңа іс қозғалды. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) және 125-бабының 2-бөлігі (Адамды алдын ала сөз байласу арқылы топпен ұрлау) бойынша тергелуде.

  • Еліміздің кей өңірінде қар аралас жаңбыр жауады

    Еліміздің кей өңірінде қар аралас жаңбыр жауады

    «Қазгидромет» мәліметі бойынша, бүгін еліміздің көптеген өңірлерінде жаңбыр мен қар аралас жауын жауады. Кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады деп күтілуде. Сондай-ақ, солтүстік пен шығыс өңірлерде желдің екпіні күшейіп, ауа температурасы төмендеуі ықтимал.

    Астана

    Түнде және таңертең оңтүстік-батыстан, солтүстік-батысқа ауысатын жел соғады екпіні 15-20 м/с. Күндіз жолдарда көктайғақ күтіледі.

    Қарағанды облысы

    Түнде және таңертең Қарағанды облысының солтүстігінде, шығысында тұман күтіледі. Оңтүстіктен, оңтүстік-шығысытан жел соғады, облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с. Қарағанды қ.: 04 қарашада оңтүстіктен, оңтүстік-шығысытан жел соғады, екпіні 15-20 м/с.

    Ұлытау облысы

    Ұлытау облысында оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысады, облыстың шығысында екпіні 15-20 м/с.

    Жамбыл облысы

    Түнде және таңертең Жамбыл облысының таулы аудандарында тұман күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, таулы аудандарында таңертең және күндіз 15-20, екпіні 25 м/с күтіледі. Тараз қ.: 04 қарашада оңтүстік-батыстан жел соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с күтіледі.

    Ақтөбе облысы

    Түнде және таңертең Ақтөбе облысының солтүстігінде тұман күтіледі. Ақтөбе қ.: 04 қарашада түнде және таңертең тұман күтіледі.

    Солтүстік Қазақстан облысы

    Күндіз Солтүстік Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде, шығысында оңтүстік-батыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с. Петропавл қ.: 04 қарашада күндіз оңтүстік-батыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с күтіледі.

    Жетісу облысы

    Жетісу облысында оңтүстік-шығыстан жел соғады, Алакөл көлдері ауданында екпіні 15-20 м/с.

    Батыс Қазақстан облысы

    Күндіз Батыс Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде, шығысында көктайғақ күтіледі. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде, шығысында тұман күтіледі. Жел солтүстік-батыстан, батыстан соғады, облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с. Орал қ.: 04 қараша күндіз көктайғақ күтіледі. Түнде және таңертең тұман күтіледі. Жел солтүстік-батыстан, батыстан соғады, екпіні 18 м/с.

    Шығыс Қазақстан облысы

    Түнде және таңертең Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында тұман күтіледі. Жел шығыстан, оңтүстік-шығыстан соғады, облыстың батысында, солтүстігінде, орталығында 15-20, күндіз екпіні 23 м/с. Өскемен қ.: 04 қарашада оңтүстік-шығыстан жел соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с күтіледі.

    Абай облысы

    Түнде және таңертең Абай облысының шығысында тұман күтіледі. Жел оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен соғады, облыстың батысында, солтүстігінде, орталығында 15-20, күндіз екпіні 23 м/с күтіледі. Семей қ.: 04 қарашада оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен жел соғады, таңертең және күндіз екпіні 15-20 м/с күтіледі.

    Қызылорда облысы

    Қызылорда облысының солтүстігінде тұман күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып соғады, облыстың батысында, орталығында күші 15-20 м/с күтіледі.

    Ақмола облысы

    күндіз Ақмола облысының оңтүстігінде, шығысында қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі. Облыстың солтүстігінде, батысында, оңтүстігінде көктайғақ, тұман күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысады, облыстың солтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с күтіледі. Көкшетау қ.: 04 қарашада түнде және таңертең тұман күтіледі. Жолдарда көктайғақ күтіледі.

    Қостанай облысы

    Қостанай облысының оңтүстігінде, шығысында көктайғақ күтіледі. Түнде және таңертең облыстың оңтүстігінде тұман күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, күндіз облыстың солтүстігінде екпіні 15-20 м/с.

    Маңғыстау облысы

    Түнде және таңертең Маңғыстау облысының солтүстік-шығысында тұман күтіледі. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа ауыспалы жел соғады, түнде облыстың батысында, оңтүстігінде, орталығында екпіні 15-20 м/с күтіледі. Ақтау қ.: 04 қарашада солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа ауыспалы жел соғады, түнде екпіні 15-18 м/с күтіледі.

    Түркістан облысы

    Күннің соңында Түркістан облысының таулы аудандарында қатты жаңбыр, тұман күтіледі. Оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысатын жел соғады, таңертең және күндіз облыстың солтүстігінде, батысында, таулы және тау бөктерлі аудандарында күші 15-20, облыстың тау асуларында екпіні 23 м/с. Шымкент қ.: 04 қарашада оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысатын жел соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с. Түркістан қ.: 04 қарашада оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысатын жел соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с.

  • Демалыс күндері ауа райы қандай болады?

    Демалыс күндері ауа райы қандай болады?

    2024 жылдың 2 қарашасы мен 4 қарашасы аралығында еліміздің үш ірі қаласында ауа райы жауын-шашынды болады. Ал Астанада қар жауып, жел күшейеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

    Астана қаласының ауа райы болжамы

    2 қараша: көшпелі бұлтты, өткінші жауын-шашын (жаңбыр, қар). Түнде және таңертең тұман. Күндіз желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Ауа температурасы түнде 0-2, күндіз 3-5 градус жылы.

    3 қараша: көшпелі бұлтты, түнде жаңбыр. Оңтүстік-батыстан 9-14, екпіні 15-20 м/с жел соғады. Ауа температурасы түнде 3-5, күндіз 11-13 градус жылы.

    4 қараша: көшпелі бұлтты, түнде жауын-шашын (жаңбыр, қар), күндіз жаңбыр, кей уақытта қатты жаңбыр, көктайғақ. Қатты жел. Ауа температурасы түнде 3-5, күндіз 6-8 градус жылы.

    Алматы қаласының ауа райы болжамы

    2 қараша: көшпелі бұлтты, жауын-шашынсыз. Ауа температурасы түнде 5-7 градус жылы, күндіз 15-17 градус жылы.

    3 қараша: көшпелі бұлтты, жауын-шашынсыз. Жеңіл жел болуы мүмкін. Ауа температурасы түнде 6-8, күндіз 17-19 градус жылы.

    4 қараша: көшпелі бұлтты, жауын-шашынсыз. Ауа температурасы түнде 8-10, күндіз 18-20 градус жылы.

    Шымкент қаласының ауа райы болжамы

    2 қараша: көшпелі бұлтты, жауын-шашынсыз. Ауа температурасы түнде 6-8, күндіз 18-20 градус жылы.

    3 қараша: көшпелі бұлтты, жауын-шашынсыз. Оңтүстік-батыстан 8-13 м/с жел соғады. Ауа температурасы түнде 6-8, күндіз 23-25 ​​градус жылы.

    4 қараша: көшпелі бұлтты, күндіз жаңбыр жауады, күннің аяғында қатты жаңбыр жауады. Күндіз желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Ауа температурасы түнде 8-10, күндіз 19-21 градус жылы.

    Бұған дейін метеорологтар бүкіл ел бойынша болжам жасаған болатын.

  • Оқушы итті аяусыз пышақтап тастады

    Оқушы итті аяусыз пышақтап тастады

    Иттің ішек-қарны түскенше пышақтап, теуіп тастаған әрекет Ақтөбе облысының Темір ауданы Кеңқияқ ауылында болды. Әлеуметтік желіде тараған видеодан оқушының қансырап жатқан итті бірнеше жерден тілгілеп, соққы жасағанын көруге болады.

    Видеодан бірнеше адам көрінеді. Олар жануарды қорлап, мойнына байланған жіпті босатпастан бірнеше рет пышақ сұғады. Видеоның сыртындағы дауыс “теп, пышақ тық” деп айқайлап жатыр.

    Облыстық Полиция департаменті мәліметінше, оқиға мамыр айында болған. Әлеуметтік желіге талдау жүргізу барысында бала итті қорлап, пышақ сұққан бейнежазба анықталды. Тексеріс барысында оқиға биыл мамырда Темір ауданында болғаны және жануарға қатігездік танытқан 9-сынып оқушысы екені анықталды, – деп жазылған полиция хабарламасында.

    Оқушы ата-анасымен бірге полиция бөліміне жеткізілген. Қазір тексеріс жүргізіліп жатыр.