Метка: Басты жаңалықтар

  • Нұрқожа Қайпанов еркін күрестен әлем чемпионы атанды

    Нұрқожа Қайпанов еркін күрестен әлем чемпионы атанды

    Нұрқожа Қайпанов Албанияның бас қаласы Тиранада өтіп жатқан әлем чемпионатында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

    Отандасымыз финалда жапон палуаны Йошиносуке Аоягиден басым түсті. Есеп: 3-5.

    Нұрқожа дәл осы салмақта (70 кг) 5 жыл бұрын еліміздің астанасында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған.

    Осылайша, елімізден 2-жыл қатарына еркін күрестен әлем чемпионы шықты. Былтыр Сербия астанасы Белградта Ризабек Айтмұхан 92 кг дейінгі салмақта топ жарған.

    Айта кетейік, кеше Қайпанов іріктеуде Митчелл Финесилверді (Израиль), кейін Николай Грахмезді (Молдова), Акаки Кемертелидзені (Грузия) айқын басымдықпен жеңген. Жартылай финалда тәжікстандық Абдулмажид Кудиевті таза жықты.

    Осымен Тиранадағы Олимпиада бағдарламасына кірмейтін салмақтар бойынша әлем чемпионаты мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс медаль жеңіп алды. Осыған дейін грек-рим күресінің шебері Ержет Жарлықасын (63 кг) мен Жәмилә Бақбергенова (72 кг).

  • Сағынтаевтың бұрынғы күйеу баласының өліміне қатысты іс жабылды

    Сағынтаевтың бұрынғы күйеу баласының өліміне қатысты іс жабылды

    Алматы полициясы қазақстандық кәсіпкер, Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың күйеу баласы Бақыт Ибрагимнің қайтыс болуына байланысты бұрын қозғалған қылмыстық істің тоқтатылғанын мәлімдеді.

    Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың наурыз айында Бақыт Ибрагим өлі күйінде табылған. Ол бұрын сотталған және бір ай бұрын босатылған. Бұл факт бойынша полиция өз-өзіне қол жұмсау туралы қылмыстық іс қозғады.

    «Алмалы ауданының полиция басқармасы осы факті бойынша ҚР ҚК 105-бабы, 1-бөлігі (суицидке дейін жеткізу) бойынша СДТБТ-да тіркелген қылмыстық іс шеңберінде сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Тергеу іс-шаралары кешенінің нәтижелері бойынша қылмыстық іс бойынша іс жүргізу ҚР ҚПК-нің 35-бабының, 1-бөлігінің, 2-тармағының негізінде тоқтатылды (іс бойынша іс жүргізуді болдырмайтын мән-жайлар)», – деп хабарлады Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі агенттік тілшісіне берген түсініктемесінде.

    Бұл шешімді Алматы қаласы Алмалы ауданының прокуратурасы бекітті, деп толықтырды полиция. Qazaq Banki-нің бұрынғы акционері Бақыт Ибрагим 2020 жылы Bank RBK-дан 144 миллиард теңге ұрлау ісі бойынша сотталған. 2024 жылдың ақпанында ол босатылды.

  • Еліміздің 15 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды

    Еліміздің 15 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды

    Ақтөбе облысында батыстан, оңтүстік-батыстан жел соғады, түнде облыстың солтүстігінде, батысында, күндіз шығысында, оңтүстігінде екпіні — 15-18 м/с.

    Атырау облысының солтүстігінде, шығысында жаңбыр мол жауады. Оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып жел соғады, облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде, шығысында 15-20, түнде екпіні 23-28 м/с.

    Ақмола облысының батысында, солтүстігінде, шығысында көктайғақ. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде, шығысында тұман. Солтүстік-батыстан соғатын жел оңтүстік-батысқа ауысады, түнде облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с, күндіз 15-20 м/с, облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында екпіні 23-28 м/с болады.

    Павлодар облысының батысында, орталығында тұман, облыстың батысында, оңтүстігінде көктайғақ.

    Қызылорда облысының орталығында тұман. Жел оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен соғады, күндіз облыстың батысында күші 15-20 м/с болады.

    Астанада түнде және таңертең тұман түседі. Солтүстік-батыстан соғатын жел оңтүстік-батысқа ауысады, күндіз екпіні — 15-20 м/с.

    Қарағанды облысының батысында, солтүстігінде, шығысында тұман, көктайғақ. Оңтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, түнде облыстың оңтүстігінде, күндіз облыстың батысында, шығысында екпіні — 15-20 м/с.

    Ұлытау облысының батысында, солтүстігінде тұман, көктайғақ. Оңтүстік-батыстан, оңтүстіктен жел соғады, күндіз облыстың солтүстігінде екпіні 15-20 м/с болады.

    Жамбыл облысында түнде және таңертең облыстың таулы аудандарында тұман. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел оңтүстік-батыс, оңтүстікке ауысады, облыстың таулы аудандарында екпіні 15-20 м/с-ке жетеді.

    Солтүстік Қазақстан облысында жауын-шашын (жаңбыр, қар). Түнде облыстың оңтүстік-шығысында тұман. Түнде облыстың оңтүстік-шығысында, күндіз облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде көктайғақ. Оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен жел соғады, күндіз күші 15-20 м/с, екпіні 23-28 м/с болады.

    Қостанай облысының батысында, солтүстігінде көктайғақ. Облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында тұман. Оңтүстік-батыстан жел соғады, түнде облыстың батысында, солтүстігінде 15-20, күндіз облыстың басым бөлігінде екпіні — 15-20 м/с.

    Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында тұман, көктайғақ. Жел оңтүстік-батыстан, батыстан соғады, түнде облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с-ке жетеді.

    Маңғыстау облысында оңтүстік-шығыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысады, күндіз облыстың солтүстік-шығысында екпіні — 15-20 м/с.

    Абай облысының солтүстігінде, шығысында тұман, көктайғақ. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел оңтүстік-батысқа ауысады, облыстың батысында, оңтүстігінде, орталығында екпіні 15-20 м/c-ке дейін жетеді.

    Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында тұман, көктайғақ. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел оңтүстік-батысқа ауысады, облыстың батысында, оңтүстігінде, орталығында 15-20 м/с болады.

  • LRT ісі: Қазақстан Талғат Арданды қайтара ала ма?

    LRT ісі: Қазақстан Талғат Арданды қайтара ала ма?

    Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев шетелде қашып жүрген қылмыскерлерді елге қайтару процесі туралы айтты. Оның ішінде LRT құрылысына жауапты Талғат Арданға да тоқталды.

    «Іздеуде жүрген 3,5 мың адам бар, оның ішінде 1,5 мыңы – халықаралық іздеуде. Олардың аты-жөні мен барлық ақпарат қолда бар. Интерполмен жұмыс жүріп жатыр. Біз олардың жүрген жерін анықтап жатырмыз. Тиісінше, оларды экстрадициялау жұмысы жүргізіледі», – деді Қойгелдиев.
    Сонымен қатар, аты шуға айналған Астана LRT құрылысына жауапты болып, 2023 жылы сырттай 7 жылға бас бостандығынан айырылған және шетелде қашып жүрген Талғат Арданға қатысты халықаралық іздестіру жұмыстарының қандай деңгейде екенін айтты.

    «LRT құрылысына жауапты болған Талғат Ардан қазір іздеуде. Оның жүрген жерін анықтаған бойда Интерпол арқылы жұмыс жүргізіледі», – деп қысқа қайырды прокуратура өкілі.
    Сондай-ақ, Қойгелдиев шетелде қашып жүрген қылмыскерлер ерте ме, кеш пе Қазақстанға келіп, өз жазаларын өтейді деп түйіндеді.

  • Қазақстан 2025 жылы ғарышқа өз зымыранын ұшырады

    Қазақстан 2025 жылы ғарышқа өз зымыранын ұшырады

    Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Сенаттың жалпы отырысында 2025 жылы ғарышқа отандық зымыран ұшыру жоспарда тұрғанын айтты.

    «Бәйтерек» Қазақстан зымыран кешенінің жобасы туралы айтсақ, жұмыс қайта жанданды. Бірінші «Союз-5» зымыран тасығышын ұшыру 2025 жылға жоспарланған. Коммерциялық бағытта зымыран ұшыру 2028 жылға жоспарланған. Үш жыл бойы тестілеу режимінде зымырандар ұшырылады», – деді ол.

    Министрдің сөзінше, қазір отандық зымыранды ғарышқа шығару мәселесі жан-жақты пысықталып жатыр.

    «Отандық зымыран тасығыш ғарышқа тәуелсіз жол ашу құралын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазір зымыран тасығыштың компоненттері мен материалдарын әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр. Зымыранның қоспа отынының прототипі жасалды. Метеорологиялық зымыранды ұшыру 2025 жылға жоспарланған. Аса жеңіл зымыранды сынақтан өткізу 2023 жылға белгіленген», – деді Жаслан Мәдиев.

    БҰҰ-ның тәуелсіз бағалауы бойынша Қазақстан цифрландыру саласында алға ілгерілеп келеді. Қазақстан «Электронды үкіметтер» индексінде 163 елдің ішінде 24 орын алып, «онлайн қызметтер» индексінде үздік ондыққа кірді.

  • Бас прокуратура Шерзат Болаттың өліміне қатысты пікір білдірді

    Бас прокуратура Шерзат Болаттың өліміне қатысты пікір білдірді

    Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Талғарда болған қылмыста қаза тапқан Шерзат Болаттың өліміне қатысты пікір білдірді.

    «Талғардағы кісі өлтіру оқиғасына қатысты тергеу амалдары тұрақты бақылауда тұрғанын атап өткен жөн. Күдікті адамдар ұсталды және оларға айып тағылды. 15 қазан күні Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамовтың қатысуымен брифинг өтіп, сол кезде істің мән-жайына қатысты түсінік берілді. Қайтыс болған жасөспірімнің әкесіне қатысты ешқандай қылмыстық іс қозғалмағанын нақты айта аламын. Қаза тапқан баланың отбасы тұрып жатқан үйді өртеу дерегіне қатысты іс тергеліп жатыр», – деді Ғ. Қойгелдиев.

  • Алматыдағы «Медеуге» дейінгі жол 14 жылда алғаш рет жөнделді

    Алматыдағы «Медеуге» дейінгі жол 14 жылда алғаш рет жөнделді

    Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады. Қала әкімшілігі «Медеу» кешеніне дейінгі жолдың 14 жылда бірінші рет жөндеуден өткенін атап өтті.

    Биыл ұзындығы 10 шақырым жол учаскесінде асфальтбетон жабыны толығымен ауыстырылды. Сонымен қатар жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алғаш рет 14 шақырымға жуық тратуар салынды.

    «Демалыс күндері қала тұрғындары «Медеуге» барғанды ұнатады. Көбісі жаяу барады, кейбірі қоғамдық көлікте жүреді. Тротуарлар мен жақсы жол жамылғысы «Медеуге» баратындарға аса қажет», – деп атап өтті жол қауіпсіздігі қауымдастығы.

  • Бас прокуратура Қытайдағы Ақжарқынды қайтара ала ма?

    Бас прокуратура Қытайдағы Ақжарқынды қайтара ала ма?

    Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтен журналистер Сенат кулуарында Қытайда сотталып, түрмеде отырған отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі не болып жатқанын сұрады.

    – Бұл жұмыс тоқтаған жоқ. Белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Жақында бұл жағдай бойынша оң шешім болып қалады деп сенем. Бұл бағытта жұмыстар оңай емес», – дейді ол.

    Оның сөзінше, Бас прокуратура Ақжарқын Тұрлыбайды Қытайдан қайтаруға бар күш-жігерін салып жатыр.

    Қытай соты 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында Малайзияға ұшқалы тұрған жерінде есірткіге қатысты тұтқындалған Ақжарқын Тұрлыбайды өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кескен. 2016 жылы Гуандунь қаласындағы апелляциялық сот оның өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өзгерту және істі бірінші сатыдағы соттың қарауына жіберу туралы шешім шығарған.

  • Әділет министрлігі: Діни некенің заңды күші жоқ

    Әділет министрлігі: Діни некенің заңды күші жоқ

    Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли ведомствоның баспасөз мәслихатында діни рәсім бойынша тіркелген некенің заңдық күшіне байланысты пікір білдірді.

    «Конституцияның 1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде бекітеді және оның ең жоғары құндылықтары адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені белгілі.

    «Неке және отбасы туралы» кодекстің 2-бабына сәйкес тек арнайы уәкілетті органдарда тіркеуден өткен неке ғана заңды деп танылады. Діни рәсімдер бойынша жасалған некенің Қазақстан Республикасы аумағында заңды күші жоқ. Сәйкесінше мұндай неке құқықтық реттеу тетіктерімен қорғалмайды. Ер мен әйелдің заңды некеде тұрмастан бірге өмір сүруі де неке ретінде танылмайды. Заңды неке құзыретті мемлекеттік органда ресми тіркелу керек», – деді ол.

    Бұған дейін Талғат Уәли Талғар оқиғасы бойынша қандай сараптама жүріп жатқанын айтқан.

    «Аталған шулы оқиғаға байланысты істің мән-жайын айта алмаймыз. Себебі ол Ішкі істер министрлігінің міндетіне жатады. Ал сот-медициналық сараптамаларға келсек, 5 түрлі сараптама тағайындалды. Олар: мәйіттің экспертизасы, сол жердегі шыққан өрттің себептерін анықтау экспертизасы, фото-техникалық экспертиза, молекурлярлы-генетикалық экспертиза, биологиялық экспертиза», – деді ол.

  • Интернет-алаяқтар бір ғана облыстан 550 млн теңге қағып алды

    Интернет-алаяқтар бір ғана облыстан 550 млн теңге қағып алды

    Ақмола облысының тұрғындары 550 миллион теңгесінен айырылды. Алаяқтардың көбі онлайн жалған хабарлама беріп алдаса, кейбірі құзырлы органдар мен банк қызметкерлерінің атын жамылып, тұрғындардың жеке деректерін ұрлаған. Өңірде мұндай қылмыстарды ашу көрсеткіші де өте төмен. Мәселен, жыл басынан бері қозғалған істердің тек 16 пайызы ғана ашылды.

    «Белгісіз нөмірден телефоныма қоңырау түсті. Дауыс иесі өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, менің атыма несие рәсімделіп жатқанын айтты. Мен байқаусызда алданып, сеніп қалдым. Жіберген барлық кодты тердім. Бір ай өткен соң, менің атыма 1,5 млн теңге көлемінде несие рәсімделгенін білдім», – дейді қала тұрғыны.

    Өңірдегі полиция алаяқтардың қылмыстың ізін жасыру үшін жалған нөмірлер мен арнайы қосымшаларды пайдаланатынын мәлімдеді. Олар есепшоттағы қаржыны криптовалютаға немесе басқа адамдардың атына аударып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырады екен.