Көкшетауда есірткіні жасырын орындарға қалдыру арқылы таратты деген күдікпен 28 жастағы ер адам ұсталды. Полиция одан 2,5 келіден астам есірткі және психотроптық зат тәркіледі, деп хабарлайды SONA.KZ Ақмола облысының полиция департаментіне сілтеме жасап.
Күдікті Петропавл қаласының тумасы болып шықты.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, ол бұған дейін Петропавлда есірткі таратумен айналысқан. Кейін заңсыз әрекетін Қостанай мен Көкшетау қалаларында жалғастырған.
Ал биыл тамыз айында есірткі сату мақсатында Көкшетауға арнайы келген деген болжам бар.
Күніне 100-ден 200-ге дейін жасырын орын дайындаған
Полицияның алдын ала дерегіне сәйкес, ер адам бір күнде есірткі салынған 100-ден 200-ге дейін жасырын орын дайындауы мүмкін.
Бұл жұмысы үшін оған криптовалютамен ақы төленген деген күдік бар.
Ұстау және тұрғылықты жерін тінту барысында полиция бірнеше түрлі есірткі мен психотроптық затты анықтады.
Атап айтқанда, 320 грамм марихуана, 370 грамм гашиш майы, 787 грамм гашиш, сондай-ақ α-PVP психотроптық заты салынған 141 пакет пен екі полиэтилен орама тәркіленді.
Психотроптық заттың жалпы салмағы бір келіден асқан.
Күдіктіге қандай жаза қарастырылған?
Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция мәліметінше, оған жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Оның кінәсі сот үкімімен дәлелденуге тиіс.




