Маңғыстау облысында мұнай өнімдерін шетелге заңсыз шығару схемасына қатысқан бес адам сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Биыл іс бойынша активтер, шағын мұнай өңдеу зауыттары, танкер және өзге де мүлік тәркіленген, деп хабарлайды Sona.kz Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҰҚК мәліметінше, ұйымдасқан топ мұнай өнімдерін Ақтау теңіз порты арқылы шетелге тасымалдаған. Схеманы ұйымдастырды деген кәсіпкер халықаралық іздеуде жүр.
Мұнай өнімдерін қалай шығарған
Тергеу дерегінше, Маңғыстау облысының кәсіпкері жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен шикі мұнай сатып алу туралы шарттар жасасқан. Кейін мұнай «Standart Petroleum» және «Mangystau Oil Refining» шағын мұнай өңдеу зауыттарында өңделген.
Өнімдерге жалған сапа паспорттары рәсімделген. Одан кейін мұнай өнімдері құжаттарда пеш отыны ретінде көрсетіліп, танкермен Ақтау порты арқылы шетелге жөнелтілген.
2019–2023 жылдары тек «Batys Nefte Trade» ЖШС арқылы 160 мың тоннадан астам мұнай өнімі заңсыз экспортталған. ҰҚК операциялардың жалпы сомасын шамамен 45 млрд теңгеге бағалап отыр.
Мүлік тәркіленіп, қаражат өндірілді
Биыл жүргізілген процестік шаралар аясында қылмыстық іске қатысы бар тұлғалардың активтері, шағын мұнай өңдеу зауыттары, танкер және басқа да мүлік тәркіленген.
Жалпы мемлекет кірісіне заңсыз алынған табыс пен төленбеген салық есебінен 2 млрд теңгеден астам қаражат өндірілген.
Ақтау қалалық соты бұған дейін ұйымдасқан қылмыстық топтың бес қатысушысына сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Олардың арасында шағын мұнай өңдеу зауыттары мен трейдер компанияның басшылары бар.
Олар Қылмыстық кодекстің 234-бабының 3-бөлігі және 262-бабының 2-бөлігі бойынша сотталған. Ал схеманы ұйымдастырушыны іздеу жалғасып жатыр.




