«Экспресс Займ» микроқаржы ұйымында микрокредит рәсімдеу кезінде азаматтарды алдау схемасы анықталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, іс елдің 18 өңірін қамтиды. Ұйым директорының орынбасары үйқамаққа алынған.
Тергеу нұсқасы бойынша, 2024 жылғы тамызда ұйымда ақылы консультациялық қызмет енгізілген. Оның құны микрокредит сомасына қарай белгіленіп, қарыз алушының негізгі берешегіне қосылған.
Клиенттерге бұл төлем кредит алу немесе оны қайтару мерзімін ұзарту үшін міндетті деп түсіндірілген. Ал қызметтен бас тарту мүмкіндігі жасырылған, дейді агенттік.
Соның салдарынан азаматтардың қолына шартта көрсетілгеннен аз ақша тиген. Бірақ олар қосымша қызмет құны енгізілген берешекті есептелген сыйақысымен бірге қайтаруға міндетті болған. Микрокредит мерзімі ұзартылған сайын ақылы қызмет қайта рәсімделген.
ҚМА мәліметінше, 43 мың азаматпен консультациялық қызмет көрсету туралы 181 мыңнан астам шарт жасалған.
Схеманы ҚМА-ның Қызылорда облысы бойынша департаменті ҰҚК департаментімен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен анықтаған.
Тергеу жалғасып жатыр. Өзге мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.




