Қазақстанда «Нелегал» операциясы кезінде өз елдерінде іздеуде жүрген 62 шетелдік ұсталды. Көші-қон заңнамасына қатысты 15,8 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталғанын.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, операция 5–16 қазан аралығында өткен. Полиция құрылыс нысандарын, базарларды, кәсіпорындар мен шетелдіктер тұратын орындарды тексерген.
Қазақстанда болу тәртібін бұзған 7 595 шетелдік және заңсыз еңбек еткен 3 899 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Шетелдік жұмыс күшін тиісті рұқсатсыз пайдаланған 815 жұмыс берушіге қатысты шара қабылданған.
Шетелдіктердің келуі туралы уақтылы хабарламаған 3 533 жеке және заңды тұлға да жауапқа тартылған. Бұл деректерді Kazinform Polisia.kz порталына сілтеме жасап жариялады.
Соттар елден шығару туралы 2 243 шешім шығарған. Ал 236 шетелдік мәжбүрлеп шығарылып, олардың Қазақстанға кіруіне бес жылға тыйым салынған.
Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтті деген күдікпен тағы 14 адам анықталған. Бұл деректер бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Шымкенттегі бір құрылыс нысанынан рұқсатсыз жұмыс істеген шамамен 40 шетелдік табылған. Бұған қоса, шетелдік жұмысшыларды жалдау тәртібін бірнеше рет бұзған он жұмыс берушіге қатысты тергеу басталған.




