Автор: Аяла Тұрсын

  • Оралда электронды темекі сатушыға айыппұл салынды

    Оралда электронды темекі сатушыға айыппұл салынды

    Оралда электронды темекі сатушыға айыппұл салынды.

    «Орал қаласы тұрғынының Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-1-бабымен (Шегілмейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы) көзделген қылмысты жасаудағы кінәсі толық дәлелденді», — делінген  БҚО прокуратурасының хабарламасында.

    Ведомствоның ақпаратына сәйкес, қала тұрғыны электронды темекіні сатумен айналысқан және вейптерді сатуға тыйым салатын заң күшіне енгеннен кейін сатылмай қалып қойған электронды темекілерді «Telegram» мессенджеріндегі топ арқылы сатқан.

    Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 227 вейптің қалдықтары тәркіленді. Орал қалалық сотының үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, 73 840 теңге айыппұл салынды.

    Сот үкімі заңды күшіне енді.

    Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы тұрғындардың назарын вейптерді сату және тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.

    Айта кетейік, 20.06.2024ж. вейптер мен электронды темекілерді сатуға, әкелуге және таратуға тыйым салу туралы норма күшіне енді.
    Аталған мәселе мемлекет басшысымен көтеріліп, 2024 жылғы 19 сәуірде тиісті Заңға қол қойылды.
    Заң әсіресе жастар арасындағы жаман әдеттермен күресуге бағытталған және бұзушылықтар үшін қатаң жазаларды қамтиды.
    Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес вейптерді сату мен таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін жаңа 301-1 бап белгіленді.

    Атап айтқанда, осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін (шамамен 738 400 теңге) айыппұл салу, түзеу жұмыстары немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.

    Сонымен қатар, вейптерді әкелу және өндіру 2000 АЕК-ке дейін айыппұл салуға (шамамен 7,3 миллион теңге), қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе тіпті екі жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғуы мүмкін.

    Қылмыстық топ жасаған немесе аса ірі көлемде пайда тапқан әрекеттер үшін жаза 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруға және 18,4 миллион теңгеге дейін айыппұл салуға әкелуі мүмкін.

  • Талдықорғанда жасөспірімдер арасында бұзақылық көбейген

    Талдықорғанда жасөспірімдер арасында бұзақылық көбейген

    Талдықорғанда жалпы қылмыс деңгейі 14 пайызға азайғанымен жасөспірімдер арасында бұзақылық көбейген. Талдықорған қаласы прокуратурасының мәліметінше,  жыл басынан бері кәмелетке толмағандарға қатысты 12 іс сотқа жөнелтіліп, үкім шыққан. Ал қазан айының 10 күнінде тағы 4 қылмыстық іс қозғалған. Арасында топтасып төбелесу, ақша немесе ұялы телефон бопсалау және есірткі заттарды жасыру сияқты ауыр қылмыстар бар. Басым бөлігі мектеп оқушылары мен колледж студенттері. Мәселе өзекті болғандықтан қалалық прокуратура кешенді бағдарлама әзірлеп, жасөспірімдерге қатысты құзырлы органдармен жиын өткізді. Қылмыстың алдын алу жолдары қарастырылып, ұсыныстар айтылды. Бұдан былай кәмелетке толмағандар арасында қылмыс немесе теріс қылықтар тіркелсе, ата-анасынан бөлек басқа да қатысы бар тұлғалар жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

     

  • Шымкентте заңсыз жүрген 350 азаматтың ісі сотта қаралып жатыр

    Шымкентте заңсыз жүрген 350 азаматтың ісі сотта қаралып жатыр

    Шымкентте қала аумағында заңсыз жүрген 350 азаматтың ісі сотта қаралып жатыр.  Барлығы миграциялық заңнаманы бұзған Өзбекстан азаматтары. Олар Қазақстан аумағында тіркеуге тұрмастан нәпақа тауып жүрген. Заң бойынша келімсектер елдеріне депортацияланады немесе 70 мың мен 90 мың теңгенің арасында айыппұл төлеуге міндеттеледі. Жалпы жыл басынан бері қала аумағында көші-қон заңдылығын бұзған 6 мыңнан астам шетел азаматы анықталған. Олардың ішінде Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтары бар. Олардың 117-і қамауға алынса, тағы 614 азамат ел аумағынан аластатылды. Сондай-ақ келімсектерге қолдау білдірген ел азаматтары да жауапқа тартылған.

    «Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 207 Қазақстан азаматы және шетел азаматтарын заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткен 1 мың 135 әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар шетелдіктердің мәртебесін рәсімдемеген», — деді Шымкент қалалық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бөлім басшысы Жәнібек Мырзалиев.

  • ️Қостанай облысындағы 5 баланың қазасы: тергеуді Бас Прокурор бақылауына алды

    ️Қостанай облысындағы 5 баланың қазасы: тергеуді Бас Прокурор бақылауына алды

    ️Қостанай облысындағы 5 баланың қазасына қатысты тергеуді Бас Прокурор бақылауына алынды.

    Қостанай облыс прокуратурасы Жітіқара ауданында кәмелетке толмаған балалардың қайғылы қаза тапқаны туралы хабарлайды

    «2024 жылғы 11 қазанда таңғы сағат 5:00 шамасында Жітіқара қаласының ТЖ бөліміне Клубная көшесі, 52 мекенжайы бойынша жеке үйдің өртенгені туралы хабарлама келіп түсті. Өртті сөндіруді ТЖД, “Қостанай минералдары «АҚ, Жітіқара қаласының құтқару бөлімшесі және «Семсер Өрт сөндіруші» ЖШС күштері жүргізді. Барлығы 19 адам және 5 бірлік техника жұмылдырылды.
    Өкінішке орай, өрт кезінде 5 кәмелетке толмаған бала қаза тапты», — делінген  Қостанай облысы прокуратурасыныңхабарламасында.

    Ведомствоның ақпаратына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, өрттің алдын – ала себебі-пешті қараусыз қалдыру.

    «Оқиға орнына облыс прокурорының бірінші орынбасары Б.А. Бекбосынов барды.Облыс прокуратурасы қайтыс болған балалардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады.Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Қазақстан Ресупбликасы Бас Прокурорының бақылауына алынды», — деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.  Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қостанай облысында бес кәмелетке толмаған баланың өрттен қаза тапқанын хабарлаған болатынбыз. Балалардың үлкені 2011, кішісі 2023 жылы дүниеге келген.

  • Қазақ мектептерінде стоматологиялық кабинеттер ашылады — ДСМ

    Қазақ мектептерінде стоматологиялық кабинеттер ашылады — ДСМ

    2025 жылы ел бойынша барлық ірі мектептерде стоматологиялық кабинеттер біртіндеп жұмыс істей бастайды.

    Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Білім министрлігінің басшысы Ғани Бейсембаевтың елорда мектептерінің басшыларымен бірлескен отырысында белгілі болды.

    Министрлер мектеп асханасын аралап, сонымен бірге мекемелердегі тамақты қалай жақсартуға болатынын талқылады.

    «Бүгінде алты облыста стоматологтар қабылдауды жүргізетін 98 кабинет бар. Одан әрі «Сау тіспен болашаққа» жобасы аясында мектеп жасындағы барлық балаларды тіс ауруларының алдын алумен қамтуды кезең-кезеңімен қамтамасыз ету жоспарлануда», — деп толықтырды ведомстводан.

  • Қостанай облысында жеке тұрғын үй өртеніп, 5 бала қаза тапты

    Қостанай облысында жеке тұрғын үй өртеніп, 5 бала қаза тапты

    Бүгін таңғы сағат 04:29-да Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан шатыры опырылып түскен. Сағат 06:08-де өрт оқшауланып, толығымен сөндірілді.

    Апат кезінде үйде ересектердің қарауынсыз 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 жылғы кәмелетке толмаған балалар  болған. Өкінішке қарай, үйінділерді тазарту барысында  бес баланың өлі денесі табылды. Балалардың үлкені 2011 жылы туылған бала ғана аман, зардап шекпеген.

    Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың анасы кешкісін құрбысына кеткен, ал жұбайы түрмеде отыр.

  • Дәрігерлер қазақстандықтарға үндеу жолдады: ЖРВИ кезінде үйде қалыңыз

    Дәрігерлер қазақстандықтарға үндеу жолдады: ЖРВИ кезінде үйде қалыңыз

    Тұмау және ЖРВИ ауруының алдын алу үшін қарапайым алдын алу шараларын сақтау керек: көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық үй-жайларға баруды шектеу; үй-жайларды жүйелі түрде желдету; қолды өңдеу үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтарды пайдалану; науқас адамдармен байланысты шектеу, оларды оқшаулау; тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдыру және мектепке дейінгі ұйымдарға, мектептерге жібермеу; ауру белгілері пайда болған кезде уақытылы медициналық көмекке жүгіну керек.

    «Ауру жеңіл өтіп жатса да, тәуекел етпеңіздер, балаларды үйде қалдырыңыздар, өйткені вирустар ассоциациясы болу қаупі өте жоғары. Эпидемиялық маусым ушыққан кезде ересектер 2-3 рет, ал балалар, әсіресе бес жасқа дейін, 6-9 рет ауырады, өйткені олар вирустық инфекцияға алғаш рет тап болады. Антибиотиктерді өз бетінше және жаппай қабылдамай, ағзаның вирусты өз бетінше жеңуіне мүмкіндік беру керек», – деді «Астана медицина университеті» КЕАҚ Балалар жұқпалы аурулар кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, жоғары біліктілік санатындағы инфекционист-дәрігер Динагүл Баешева ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
  • Қатар Қазақстанға 20 млрд доллар инвестиция құяды

    Қатар Қазақстанға 20 млрд доллар инвестиция құяды

    Қатарлық инвесторлар Қазақстанға 20 млрд доллар инвестиция құяды. Бүгін Сенатта тиісті заң жобасы мақұлданды.  Құжат екі елдің телекоммуникация, энергетика, мұнай-химия және басқа да салалардағы бірлескен жобаларын іске асыруға, сондай-ақ, сауда-экономикалық ынтымақты нығайтуға арналған. Жалпы, 9 ауқымды жоба жүзеге асырылады. Соның арасында «Bereke Bank» АҚ-ның 100% акцияларын сату да қарастырылған. Жобаларды жүзеге асыру кезінде 14 мың, ал іске қосылған соң 3 мың адам жұмыспен қамтылмақ. Тиісінше, Қатар инвесторларына салықтық жеңілідктер берілмек.

     

  • «Милтон» дауылы: қазақстандық студенттер эвакуациялануы мүмкін

    «Милтон» дауылы: қазақстандық студенттер эвакуациялануы мүмкін

    «Милтон» дауылына байланысты Флоридадағы қазақстандық студенттер эвакуациялануы мүмкін

    Халықаралық бағдарламалар орталығы өкілдерінің айтуынша, стипендиаттардың барлығы дүлей дауыл туралы хабардар. Жағдай ушығып кетсе, жедел әрекет ету үшін студенттермен тұрақты байланыс бар.

    Қазір штаттағы мемлекеттік ЖОО-да Қазақстаннан 31 стипендиат білім алуда. Ал BBC мәліметінше, АҚШ-тың Флорида штатына жақындап қалған дауылға байланысты аймақта 5 млн-ға жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр.

  • АҚШ-тың Флорида штатында 100 жылда болмаған «Милтон» дауылы соқты

    АҚШ-тың Флорида штатында 100 жылда болмаған «Милтон» дауылы соқты

    АҚШ-тың Флорида штатына өңірде соңғы 100 жылда болмаған ең сұрапыл «Милтон» дауылы соққы берді.
    Күші 5-ші санатта болған дауыл штатқа жеткенде 2-категорияға дейін бәсеңдеген. Қазір желдің жылдамдығы сағатына шамамен 200 шақырымға жетті. Миллионнан астам тұрғын электр жарығынсыз қалған. Билік ұйымдастырған уақытша паналарға 70 мыңдай адам көшірілді. Аймақта күшТі желмен қоса нөсер жауын жауды. 19 мәрте құйын көтерілген. Бұған қоса, қалыңдығы 4 метрге дейін жететін толқын көтерілуі, әрі су тасқыны жүруі мүмкін екені ескертілді.

    «Милтон аса қауіпті. Жолда кездескеннің бәрін қиратып, өмірге қауіп төндіріп тұр. Ол күшеюі мүмкін. Дауыл соққы берген аймақ тұрғындарын жергілікті әкімшілік өкілдеріне құлақ асып, қауіпсіздік нұсқауларын орындауға шақырамын», — АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ ДЖО БАЙДЕН.