АҚШ-тың оңтүстік-шығысына тағы бір жойқын дауыл жақындап келеді. Қуаты бесінші деңгейге көтерілген «Милтон» атты құйын ертең халық тығыз орналасқан Флорида шығанағы жағалауына жетеді деп болжанып отыр. Жергілікті билік 1 миллионнан астам адамға шұғыл қауіпсіз жерге көшуді бұйырды. Салдарынан жолдарда ондаған шақырым көлік кептелісі пайда болды. Мамандар қозғалысты жеңілдету үшін жол жиектерімен жүруге рұқсат бергенімен қозғалыс әлі де баяу. Жанармайдың жетпеуі де эвакуацияға кедергі келтіріп жатыр. Көп бекетте жанармай таусылған. Дауылдың алдында әуежайлар жұмысын тоқтатты. Мектептер мен әлеуметтік нысандар да уақытша жабылды. Қазір жылдамдығы сағатына 260 шақырымға жеткен дауылдың қуаты жағалауға жеткенде бірашама бәсеңдеуі ықтимал. Дегенмен соның өзі аймақтың инфрақұрылымына үлкен зиян тигізуі мүмкін.
Автор: Аяла Тұрсын
-

Дастан Рыспеков Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалды
Мемлекет басшысының Жарлығымен Дастан Адайұлы Рыспеков Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Рыспеков Дастан 1984 жылы Жезқазған қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін және ҚазМЗУ Алматы заң академиясын бітірген.
Еңбек жолын 2006 жылы Алматы қаласындағы Экономика және бюджетті жоспарлау департаментінің болжамдау және түсімдер бөлімінің бас маманы ретінде бастаған.
2007-2016 жылдары Алматы қаласында Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінде, Алматы қаласы бойынша Тексеру комиссиясында, Астана қаласы республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінде басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.
2018-2019 жылдары — Павлодар облысы Кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы, Павлодар қ..
2019 жылдың сәуір айынан бастап «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Экономика және бюджетті жоспарлау департаментінің директоры қызметін атқарды.
2020 жылдың ақпан айынан бастап Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы қызметін атқарды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысының Жарлығымен Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімі лауазымынан босатылғанын хабарлаған болатынбыз.
-

АЭС құрылысы 1,5 жылдан соң басталуы мүмкін
Елімізде салынатын атом электр станциясының құрылысы қазір басталмайды. Оған кем дегенде 1,5 жыл керек. Өйткені, Үкімет нысанды салып бастау үшін бірқатар құжат дайындау тиіс. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты.
Ол АЭС-тің құрылысы 10 жылға дейін созылуы ықтимал екенін жеткізді. Консорциум құрамында 5 мемлекет болады. Оның құрылуы мен құрамына қатысты шешім келесі жылы қабылданатынын айтты.
-

Жамбыл облысында 119 қытай азаматы қамауға алынды
Жамбыл облысында жұмыс істеп жүрген қытай азаматтары қамауға алынды. 119 шетелдік Сарысу ауданында салынып жатқан Сода зауытының құрылысына тартылған. Оларды кәсіпорын аумағынан Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері мен полиция бірлесіп ұстады. Құжаттары тексеріліп, ел аумағында заңсыз жүргені анықталды. Барлығының жұмыс визасы жоқ болып шықты. Сарысу аудандық сотының шешімімен 16 қытай азаматы елден шығарылатын болды. Қалғандарының құжаттары әлі тексеріліп жатыр.
-

Димаш Құдайберген Діндер съезінің Ізгі ниет елшісі болып тағайындалды
Белгілі қазақ әншісі Димаш Құдайберген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің Ізгі ниет елшісі болып тағайындалды.
Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХІІ отырысында съездің Ізгі ниет елшісі лауазымына 5 адам ұсынылды. Осы бес адамның ішінде әнші Димаш Құдайберген де бар.
Хатшылық отырысына қатысушылар осы бес үміткердің кандидатурасын да бірауыздан мақұлдады.
Қалған Ізгі ниет елшілерінің тізімі мынандай:
Иерусалим Патриархы III Феофил;
Англикан қауымдастығы бас хатшысының орынбасары Бэйли Уэллс;
Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Әбдел Салам;
Вьетнам буддистік сангха атқару кеңесі төрағасының орынбасары, бас хатшы Тик Дык Тьен.
-

ҰҚК ірі есірткі тасымалын ұйымдастырғандарды ұстады
Ұлттық қауіпсіздік комитеті оңтүстік өңірлерден Қарағандыға есірткі жеткізу арнасының жолын кескенін мәлімдеді.
«Есірткі тасымалын ұйымдастырды деген күдікпен 2 адам ұсталды. Іске қатыстылардың үйін тінту кезінде 30 келі гашиш, шолақ мылтық тәркіленді», делінген хабарламада.
Қазір Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
-

Референдум бойынша түпкілікті нәтиже шықты
Бұған дейін жарияланған мәліметтен айырмашылығы жоқ. Азаматтардың 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдады. 7,8 млн адамның 5,5 млн-ы “иә” деген нұсқаны таңдаған.
Еске салайық, ҚР Орталық референдум комиссиясы республикалық референдумда дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялаған болатын. Ол кездегі мәліметтерге сәйкес, референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 12 миллион 284 мың 487 адамды құрады. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар санының 7 миллион 820 мың 204 адамды немесе 63,66% құрады.Референдумға шығарылған мәселені оң шешуге дауыс берген азаматтардың саны 5 миллион 561 мың 937 адамды немесе 71,12% құрады.
-

«Made with Italy»: Қазақстан мен Италияның бірлескен жобалары жүзеге асады
Миланда «ҚАЗАҚСТАН – ИТАЛИЯ: Қазақстан жолындағы сауда және инвестициялық мүмкіндіктер» атты Қазақстан-Италия форумы басталды. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Италиядағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерболат Сембаев, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, сондай-ақ Италия Сенатының Президенті Игнацио Ла Русса, Италияның Туризм министрі Даниэла Сантанке және «Made in Italy» вице-министрі Валентино Валентини сияқты жоғары дәрежелі италиялық өкілдер қатысты.
Форумда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдың қаңтарында Италияға жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша берген тапсырмаларын орындау барысы талқыланды. Бұл Қазақстан-Италия қарым-қатынасын нығайтудағы маңызды қадам болды. Талқыланған негізгі тақырыптарға жаңартылатын энергетика, агроөнеркәсіп кешені, туризм, фармацевтика және технологиялық инновациялар кірді. Сондай-ақ, Қазақстанның Еуропа мен Орталық Азия арасындағы экономикалық ынтымақтастықтағы стратегиялық маңыздылығы атап өтті.

Сауда министрі Арман Шаққалиев Италия Қазақстан үшін Еуропалық Одақтағы негізгі сауда серіктестерінің бірі екенін және тауар айналымы бойынша үздік үштікке кіретінін атап өтті. Ынтымақтастықты нығайту аясында Қазақстан италиялық компаниялардың қатысуымен бірлескен кәсіпорындарда өндірілген өнімді ілгерілетіп, тауарлардың халықаралық нарықтағы позициясын күшейтетін «Made with Italy» тұжырымдамасын енгізуді ұсынды.

«Made in Italy» вице-министрі Валентино Валентини бұл идеяны қолдап, бірлескен жобалар екі елдегі шағын және орта бизнестің дамуын ынталандыратынын айтты. Сондай-ақ, форумда туризм саласындағы перспективалар талқыланды, онда Италияның Туризм министрі Даниэла Сантанке Астана мен Милан арасында тікелей рейстердің іске қосылуы туристердің қатынауына үлкен үлес қосады деді.
Бұл бастаманың маңызды бөлігі қазақстандық өнімнің Қазақстан аумағында ЕО және Италия нарығына жылдам шығуын қамтамасыз ету үшін еуропалық сапа стандарттарына көшу үшін алдыңғы қатарлы тәжірибе орталықтарын («Excellence Center») құру болып табылады.
Форум аясында ашылған Италиядағы қазақстандық компаниялардың алғашқы сауда-экономикалық миссиясына ерекше назар аударылды. Миссияға ауыл шаруашылығы, мұнай сервистік қызметтер, тоқыма өнеркәсібі, туризм және IT сияқты секторларды қамтитын 50-ден астам қазақстандық кәсіпорын қатысты. «QazTrade» АҚ бас директоры Жеңіс Өсербайдың айтуынша, миссия жаңа серіктестіктердің дамуы мен перспективалы жобаларды жүзеге асыру үшін үлкен мүмкіндіктер береді.
Форумда Maire Group, Ansaldo Energia, Filiera Italia, Confindustria Kazakhstan және басқа да жетекші компаниялардың өкілдері сөз сөйледі. Форумның негізгі мақсаты – екі елдің үкіметтік және бизнес құрылымдары арасындағы өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін диалог пен идеялармен алмасуға арналған алаң құру болды. Бұл өзара сауда-инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

Сауда миссиясы Қазақстан мен Италия арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту және ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін іздеу мақсатындағы B2B кездесулер және көрмелерге қатысу арқылы жалғасады.
Айта кетейік, 2023 жылы Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналымы 7,8%-ға өсіп, 16,1 млрд долларды құрады. Қазақстан экспорты 14,8 млрд долларды, импорт – 1,2 млрд долларды құрады. 2024 жылдың 8 айында тауар айналымы 33%-ға өсіп, 13,8 млрд долларға жетті, ал қазақстандық экспорт 36%-ға өсті (12,9 млрд доллар). Негізгі өсу драйверлері: шикі мұнай (+38,1%), көмір (+309,5 есе), зығыр тұқымдары (+4,1 млн доллар), пропилен полимерлері (+71,6 есе) және т.б.
Форум аясында сондай-ақ «Қазақстан Конфиндустриясы» қауымдастығы ұйымдастырған Қазақстан мен Италияның елдік тұсаукесері ұсынылды. Іс-шараға екі ел компанияларының өкілдері жиналып, одан арғы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылау үшін диалог алаңы құрылды. Қауымдастық пайдаланатын экономикалық дипломатия құралдары энергетика, фармацевтика, аграрлық азық-түлік өндірісі және өнеркәсіп сияқты секторлардағы коммерциялық және инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған.
-

Қазақстан алтын қорын көбейткен 10 елдің қатарына енді
Қазақстан алтын қорын көбейткен 10 елдің қатарына енді. Кейінгі 10 жылда алтын сатып алуды арттырған елдердің тізімі жарияланды. Көш басында Ресей тұр. Ресей тұр. Көрші ел 1298 тонна алтын сатып алған. Қытай да алтын қорын біршама арттырған: 1181 тонна алтын сатып алыпты. Үшінші орында – Түркия. Бұл елдің алтын қоры 424 тонна алтынға толыққан.
Бұдан бөлек Польша, Үндістан, Өзбекстан, Қазақстан, Сингапур, Ирак және Таиланд тұр.Алтын қорын көбейткен елдер:
( 2013 — 2023 жж.)1. Ресей – 1298 тонна
2. Қытай – 1181 тонна
3. Түркия – 424 тонна
4. Польша – 256 тонна
5. Үндістан – 246 тонна
6. Өзбекстан – 154 тонна
7. Қазақстан – 151 тонна
8. Сингапур – 103 тонна
9. Ирак – 100 тонна
10. Таиланд – 92 тонна. -

Маймыл шешегіне қарсы жаппай екпе салу басталды
Конго Демократиялық Республикасында маймыл шешегіне қарсы жаппай екпе салу науқаны басталды. Дегенмен препарат саны шектеулі. Әзірге вакцина денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мен шенеуніктерге салынбақ. Ал вирус жұқтыру қаупі төніп тұрған тұрғындар екпесіз қалды. Олар вакцинаның келесі партиясын күтуге мәжбүр. Конгода жыл басынан бері маймыл шешегін 30 мыңнан астам адам жұқтырған.
