Рубрика: Аймақ

  • Павлодар облысында қарт кісі үйімен бірге өртеніп кетті

    Павлодар облысында қарт кісі үйімен бірге өртеніп кетті

    Павлодар облысында қарт кісі үйімен бірге өртеніп кеткені белгілі болды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті таратқан мәліметке сүйенсек, оқиға 23 ақпан күні сағат 11:28-де Железинка ауданының Михайловка ауылында болған.

    «Жекеменшік тұрғын үйде тұрмыстық газ баллонды қауіпсіз пайдалану талаптарын бұзу нәтижесінде газ-ауа қоспасының жануы орын алып, 70 шаршы метр алаңды өрт шарпыды.

    Өрт орнына жедел түрде 16-ӨСБ өрт сөндірушілері жіберілді (өрт сөндіру бөлімінен 98 км қашықтықта орналасқан), сонымен қатар Михайловка ауылының жергілікті атқарушы органдарының өрт сөндіру бекеті жұмыс жүргізді. Жергілікті атқарушы органдардың өрт сөндіру бекетінің күшімен (4 адам және 1 техника) 1959 жылы туған үй иесінің денесі табылды.

    Сағат 14.00-де өрт толықтай сөндірілді. ТЖД күштері мен құралдарынан 3 қызметкер және 2 бірлік техникасы, сонымен қатар ЖАО 4 адам және 1 техника жұмылдырылды», – делінген ТЖД хабарламасында.

    Павлодар облысының ТЖД өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтау туралы ескертеді.

  • Қызылорда облысында шетелдіктерді елге заңсыз тартқан күдікті топ ұсталды

    Қызылорда облысында шетелдіктерді елге заңсыз тартқан күдікті топ ұсталды

    Қызылорда облысының Байқоңыр қаласында заңсыз көші-қонды ұйымдастырған күдікті бір топ адам қолға түсті.

    Алдын ала деректер бойынша, олар жақын шетел азаматтарына Қазақстанда уақытша тұруға 80-нен астам заңсыз рұқсат ресімдеген.

    «Тінту барысында заттай дәлелдемелер тәркіленген. Қылмыстық кодекстің 251-бабының 1-бөлігі, 394-бабының 2-бөлігі және 366-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

    Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген ҰҚК хабарламасында.

  • Маңғыстаудағы компьютерлік залда құмар ойыны ұйымдастырылған

    Маңғыстаудағы компьютерлік залда құмар ойыны ұйымдастырылған

    Компьютерлік залда құмар ойынын ұйымдастырғандар сотталды.

    Қаржы мониторингі агенттігі Маңғыстау облысында 2022-2023 жылдары компьютерлік зал атын жамылып, заңсыз құмар ойын бизнесін ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі.

    Агенттіктің мәліметінше, қатысушылардан ақшалай бәс банк аударымдары арқылы қабылданып, кейін олар арнайы платформада тіркеліп, ойындарға қатысу үшін логин, пароль және сілтеме беру арқылы жүзеге асқан.

    Қылмыстық топтың жалпы табысы 77 млн теңгеден асты. Күдіктілер заңсыз жолмен табылған қаражаттың 36 млн теңгесіне екі автокөлік – «Toyota Land Cruiser» және «Mersedes-Benz 320» сатып алған. Сот үкімімен олар 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

    Қылмыстық жолмен алынған автокөліктер мемлекет пайдасына тәркіленді.

  • Жетісу облысында көлік қозғалысы шектелді

    Жетісу облысында көлік қозғалысы шектелді

    2025 жылғы 24 ақпан сағат 09:00 жағдай бойынша 1 облыстағы 1 республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында көлік қозғалысына шектеу қойылды.

    «Үшарал-Достық» автожолының 84-164 шақырым аралығы (Көктума ауылы — Достық стансасы).

    Қазір республикалық жолдарды күтіп-ұстауға 715 арнайы техника мен 1751 маман жұмылдырылды.

  • Шеңгелдідегі суару желілері күрделі жөндеуден өтеді

    Шеңгелдідегі суару желілері күрделі жөндеуден өтеді

    Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов Шеңгелді ауылдық округінде қызмет ететін шаруалармен, сорғы станцияларының басшыларымен кездесті.

    Ауқымды жиында ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесі талқыланды. Жауапты бөлімнің басшысы Асқар Ибраимовтың сөзінше, елдімекенде 9 сорғы станциясы орналасқан. Қазір оның төртеуінде көктемгі дала жұмыстарына дайындық басталып, ағымдағы жөндеу жасалуда.

    Ал №4 сорғы станциясының басшылығы қаржылық тапшылықтың болуына байланысты жөндеу жүргізудің кешіктіріліп жатқанын мәлім етті. Осы орайда, Асхат Бердіханов әкімдікпен үшжақты меморандумға қол қою арқылы қажетті қондырғыларды уақытша пайдалану туралы ұсыныс білдірді. Егер бұл шара жүзеге асса, №4 сорғы станциясы 1000 гектардан астам жерді суарға мүмкіндік болады.

    Сондай-ақ басқосуда басқа да сорғы станцияларының желілерін жаңғыртуға қажетті құжаттар дайындалып жатқаны айтылды. Ал №5 сорғы станциясының суару желілерін күрделі жөндеу жұмыстары 2022 жылы басталған болатын. Барлық жобаларда тапсырыс беруші – Алматы облысының құрылыс басқармасы.

    Суды үнемдеу мәселесіне келсек, қазіргі таңда тамшылатып суаруға қажетті құрал-жабдықтарды өндіруші «Жібек жолы» ЖШС-мен шаруалар келіссөздер жүргізіп жатыр. Биыл жаңа технология пайдаланылатын егістік алқабының көлемін ұлғайту жоспарлануда.

    Сонымен қатар шаруаларға берілетін мемлекеттік қолдауларды алудың түрлі тетіктері де айтылды. (Ол туралы қосымша ақпарат жарияланады).

    Айта кетейік, былтыр Шеңгелдіде 8050 гектар жер игерілген.

  • Екі баласын да сатып жіберген әйел ұсталды

    Екі баласын да сатып жіберген әйел ұсталды

    Қарағанды қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған сотында бала саудасына қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. 

    Алдын ала мәлімет бойынша, 2022-2024 жылдар аралығында ауыл тұрғыны екі баланы дүниеге әкеліп, оларды перзентхана қызметкерінің көмегімен әрқайсысын 3 миллион теңгеден сатқан.

    Ол баладан туыла салып бас тартқан. Кейін перзентхана қызметкері Астанада тұратын алматылық, баласыз ерлі-зайыптылармен байланысып, нәрестені 3 миллион теңгеге сату мәмілесін ұйымдастырған. Екі жылдан кейін дәл осындай жағдай қайталанып, әйел тағы бір сәбиін дүниеге әкеліп, оны да 3 миллион теңгеге сатқан.

    Полиция қылмыстық кодекстің 135-бабы «Кәмелетке толмағандарды саудалау» бойынша қылмыстық іс қозғады.

  • Қонаевта әйел адам қайтыс болған баласының «еміне» халықтан ақша жинаған

    Қонаевта әйел адам қайтыс болған баласының «еміне» халықтан ақша жинаған

    Алматы облысында полицейлер 2023 жылы қайтыс болған баласын емдеуге қаражат сұрап, алаяқтық жасаған әйелді ұстады. Тергеу мәліметінше, 31 жастағы Қонаев қаласының тұрғыны адамдардың сеніміне кіріп, заңсыз ақша жинаған.

    Сонымен қатар оның тағы бір алаяқтық ісіне қатысы бары анықталды: ол науқас баланы емдеуге қаражат қажет деген желеумен азаматтарды алдап келген. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

  • Атыраудағы қыз ұрлау ісіне қатысты үкім шықты

    Атыраудағы қыз ұрлау ісіне қатысты үкім шықты

    Атырауда 22 жастағы қызды көлікке күштеп мінгізген ер адамға 78 600 теңге көлемінде әкімшілік жаза тағайындалды.

    Сот барысында 22 жастағы азамат пен қыз бастапқыда бірге кетуге келісіп, бірақ жолда жанжал туындағаны белгілі болды. Кейін бойжеткен көліктен түсіп кеткен. Алайда жігіт ашуланып, оны қайтадан көлікке күштеп мінгізіп, үйіне апарған.

    Сотта жәбірленуші жігітінің әрекетіне шағымы жоқ екенін айтты.

    Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында бұл іс Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық» – қоғамдық орындарда әдепсіз сөздер айту және дөрекі мінез-құлық) бойынша қаралды.

    Сот азамат Е.-нің кінәсін мойындағанын және өкінгенін ескеріп, оған 78 600 теңге көлемінде айыппұл салынды.

    Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

  • Мас күзетші 6-сынып оқушысын ұрған

    Мас күзетші 6-сынып оқушысын ұрған

    Павлодарда мас күзетші кәмелетке толмаған баланы ұрып, ол ауруханаға жүгінгенуге мәжбүр болған. Бұл туралы @Pavlodarnews.kz сайты хабарлады. 

    Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қала мектептерінің бірінде кәмелетке толмағанға дене жарақатын салу фактісі бойынша тексеру басталды.

    19 ақпанда мектеп күзетшісі мас күйінде 6-сынып оқушысының кеудесінен ұрғаны анықталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, соның нәтижелері бойынша іс жүргізу шешімі қабылданады, – деді департаментте. 

    Сонымен қатар оқиғадан кейін күзетші медициналық айықтырғышқа орналастырылды. Қоғамдық орында мас күйінде болғаны үшін жауапқа тартылып, айыппұл салынды.

    Ал оқушыны кезекші травматолог қарап, оған кеуде қуысының көгеруі диагнозы қойылған. Оқушы амбулаториялық бақылауға үйге жіберілген.

  • Спорт мектебінің басшылары бюджеттің 12 млн теңгесін құмар ойынға тігіп жіберген

    Спорт мектебінің басшылары бюджеттің 12 млн теңгесін құмар ойынға тігіп жіберген

    Ақтөбе облысында спорт мектебінің басшылары 12 млн теңге бюджет қаражатын букмекерлік кеңселерге барып, тігіп жіберген.

    Облыс прокуратурасы спорт алаңдары мен залдарын жалға беру қызметтерінен бюджетке түсуі тиіс болған қаражатты екі балалар-жасөспірім спорт мектебінің басшылары негізсіз иемденгенін анықтады.

    «Олар 12 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде букмекерлік кеңселерде жұмсаған. Аталған фактілер бойынша прокуратура 2 қылмыстық іс тіркеді. Тергеуді облыстық Экономикалық тергеу департаменті жүргізді.

    Осы жылдың 10 қаңтарында тергеу аяқталып, қылмыстық іс (істер біріктірілді) мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды», – делінген хабарламада.