Рубрика: Аймақ

  • Ақтауда 18 жастағы мүгедек зорланған: істі полиция бақылауға алды

    Ақтауда 18 жастағы мүгедек зорланған: істі полиция бақылауға алды

    Маңғыстау облысының полиция департаменті 18 жастағы мүгедек баланы зорлау оқиғасына қатысты пікір білдірген.

    Оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы (Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Істі полиция департаменті басшылығы бақылауға алды. Тергеу жалғасуда, деп хабарлады департамент.

    Еске салайық, бұған дейін заңгер Ажар Әбділ Ақтауда 18 жастағы мүгедек бала ұрланып, зорланғанын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары қылмыс болған уақыттан бері бейнебақылау камерасындағы жазбаларды алып, іс бойынша тиісті сараптама тағайындамаған.

  • Ақтөбеде балабақшада құрттап кеткен ботқа берілген

    Ақтөбеде балабақшада құрттап кеткен ботқа берілген

    Ақтөбе облысында бүлдіршіндерге құрттап кеткен ботқа берілген балабақшаға айыппұл салынды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

    Айыппұл салынғанмен, оны кімнің өтері белгісіз. Себебі, басшысы, бас аспаз бен мейірбике жұмысынан қуылған.

    Қандыағаш қаласындағы «Самал» балабақшасын санитар мамандар тексерген. Алдымен құрт қаптаған ботқаны көрген тәрбиешілер дабыл қаққан болатын. Таңғы асқа берген тағамда құрт пен қоңыздың өріп жүргеніне аспаздар да, мейірбикесі де көңіл аудармапты. Бастысы, балалар ауыз тиіп үлгермеген.

    Бір қап жарманы сараптамаға жіберіп, ол жерде сұлы ботқасында жүрген ұсақ қоңыз екені расталды. Қапта қалған 19 келі сұлыны сол бойы отқа жағып, балабақшаға 450 мың теңгедей айыппұл салынды.

    Жұмыстан қуылған басшылардан бөлек, қойма меңгерушісі мен аспаз көмекшілері қатаң сөгіс алды.

    «Тамақ өнімдерін сақтау кезінде температура, ылғал режимі бұзылған. Сонымен қатар қоймаларында салыстырмалы ылғалды бақылау аспаптарымен жабдықталмаған. Тексерген кезде жарма сақталатын қоймадан жәндіктер табылды. Тәулік сынамасында сұлы ботқасынан қалған сынамада қоңыздар анықталды», – дейді Ақтөбе облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің бөлім басшысы Лаура Ршауова.

  • Жетісу облысында әлеуметтік осал топтар санатындағы отбасылар үйлі болды

    Жетісу облысында әлеуметтік осал топтар санатындағы отбасылар үйлі болды

    Бүгін Жетісу облысында халықтың әлеуметтік осал топтары санатынан және көп балалы отбасылардан 23 шаңырақ жаңа қоныс қуанышына кенелді. Кезекте тұрғандарға облыс орталығының жаңа тұрғын үй алабында үш бөлмелі үйлердің кілті табысталды.

    Жаңа қоныс иелерінің арасында көп балалы және толық емес отбасылар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектер, зейнеткерлер бар.

    Талдықорған қаласы әкімдігінің мәліметінше, «Жастар-3» шағын ауданында тұрғын үйлердің құрылысы өткен жылдың шілде айынан бастап жүргізілген болатын. Сөйтіп кезекте тұрғандар үшін жалға берілетін 56 жаңа үй салынып, сатып алынды. Бүгін кілттері табысталған 23 үйден басқа 33 үй ақпан айының соңына дейін қолданысқа беріледі. Әр үйдің жалпы ауданы 76 шаршы метр. Мұнда үш тұрғын бөлме, ас үй мен жуынатын бөлме бар. Айта кетерлігі, биылғы жылдың соңына дейін осы тұрғын ауданда жеке құрылыс салушылар есебінен тағы 150-ге жуық үй пайдалануға беріледі деген жоспар бар.

    Жаңа үйге ие болғандардың бірі көп балалы ана Индира Иманболова:

    – Тұрғын үйге кезегінде 10 жылдан астам уақыт тұрдық. Баспана жалдаудың құны да біз үшін арзанға түспейді, оған қоса жиі көшудің өз машақаты бар. Әсіресе балаларым қиналып кететін. Енді, міне, өз баспанамызға қол жеткіздік, қуанышымызда шек жоқ, – дейді алты баланың анасы И. Иманболова.

    Тұрғын үй кезегінде тұрған Меруерт Әбдіқадырова да жаңа баспанаға қол жеткізді. Қоныстой иесінің анасы қуанышын жасырмай:

    – Қызым он екі жарым жыл дегенде үй алып отыр. Алты баласы бар. Бұған дейін жалдамалы пәтерде тұрып жүрген. Қазір Меруерттің үйлі болғанына жақын жандары, бәріміз қуанып жатырмыз, – дейді Күпан Әбдіқадырова.

    Еске салсақ, бұған дейін, яғни осы жылдың басында Талдықорғандағы 49 көп балалы отбасына «Береке» коттедж қалашығындағы тұрғын үйлердің кілті табысталған болатын.

    Жалпы өткен жылы Талдықорғанда 1283 отбасы тұрғын үймен қамтылып, кезек 8,3%-ға төмендесе, осы жылы тағы 1483 отбасы тұрғын үйге қол жеткізеді. 1041 пәтерлік 28 үйдің, 107 коттедждің құрылысы аяқталады және халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 300 пәтер сатып алынады. Сөйтіп, 2023-2025 жылдары облыс орталығында 5 мыңға жуық кезекте тұрғандар тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

  • 14 жыл бойы іздеуде жүрген алаяқ Алматыда ұсталды

    14 жыл бойы іздеуде жүрген алаяқ Алматыда ұсталды

    Шығыс Қазақстан облысында алаяқтық жасағаны үшін 14 жыл бойы іздеуде болған әйел Алматыда қолға түсті. Белгілі болғандай, қылмыскер Өскемен қалалық полициясынан ұзақ жыл бойы жасырынып жүрген.

    32 жастағы әйел алаяқтық жасағаны үшін іздеуде болған. Ол құқық қорғау органдарынан 14 жыл бойы жасырынып келді. Полицейлер оны Алматы қаласынан тапты. Қазіргі уақытта әйел адам сол жақтағы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметінен.

    Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері тәртіп сақшылары іздестіру шаралары барысында бес қылмыскерді ұстаған. Олардың екеуі бұрын жасаған қылмыстары үшін іздеуде болған.

     

  • Алматы облысында 90 мың гектар мемлекетке қайтарылды

    Алматы облысында 90 мың гектар мемлекетке қайтарылды

    Алматы облысы жер қатынастары басқармасының мәліметінше, 2024 жылы жалпы көлемі 89,7 мың гектарды құрайтын 357 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған.

    Биыл да пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару жұмыстары жалғасады. 2025 жылы мұндай мақсаттағы қосымша 90 мың гектар жерді қайтару жоспарланған.

    «Осы жылдың басынан бастап қайтарылған жерлердің 559,0 гектарына типтік жалдау шарттарын жою туралы сот шешімдері шығарылды. Қалған 8 576,0 га жер учаскелерін иелері өз еркімен немесе басқа заңды процедуралар арқылы қайтарды», – деп хабарлады басқарма өкілдері.

  • 110 миллион теңге пара алмақшы болған судья сотталды

    110 миллион теңге пара алмақшы болған судья сотталды

    Ол алаяқтық, бөтеннің аса ірі мөлшердегі мүлкін жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлады  otyrar.kz.

    Экс-судья 7 жыл 6 айға сотталды. Сот оны 110 млн. теңге көлемінде қаржы жымқырды деп айыптап, бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сот өз сөзінде, экс-судьяның лауазымына кір келтіргенін және кінәсін мойындамағанын, судья антына адал болмағанын алға тартты.

    Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаев: «ҚК 190-бабы 4-бөлігі 2 тармағымен қарастырылған құқықбұзушылықтармен кінәлі деп танылсын. Оған осы бап бойынша мемлекеттік қызметте судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару қызметінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына айыра отырып, 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын!»

    Қылмыстық істе 3 айыпталушы бар. Сотталушының бірі танысының әйеліне, оның күйеуіне жеңіл жаза, яғни «бас бостандығынан айырмайтын» жазаны тағайындауға көмектесуге уәде берген. Ол кінәсін мойындады. Сот оған қатысты 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ал іске қатысы бар адвокат 6 жыл 8 ай мерзімге сотталды. Ол енді 7 жыл адвокат болып қызмет ете алмайды.

    Әбинұр Қарабаев, Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы: «Сотталушы Д.-ға адвокаттың қызметімен айналысуға 7 жыл мерзімге айыра отырып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. А.-ға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Пара беруге азғыру бойынша тағылған айыппен Д., А. және М. ақталды, өйткені сотталушылар пара берушіні пара беруге азғырмады, ақшаны беруі К.-ның бастамасы бойынша болған«.

    Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

  • Жетісу облысында өткен жылы 7700-ге жуық жас жұмысқа орналастырылды

    Жетісу облысында өткен жылы 7700-ге жуық жас жұмысқа орналастырылды

    Солардың арасында қысқа мерзімдік кәсіптік оқытудан өтіп, жұмысқа тұрған, грант алып, кәсіп ашқан жастар да бар. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

    Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, былтыр жастар арасынан қоғамдық жұмыстарға 1 322 адам, жастар практикасына 1 150 түлек, әлеуметтік жұмыс орындарына 125 адам, «Алғашқы жұмыс орны» бойынша 575 адам, «Ұрпақтар келісім-шартымен» 31 адам жұмысқа тұрғызылған. Бұдан бөлек, грант алғандар да, «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылғандар да бар.

    Мәселен, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберілген облыстағы 318 жастың бірі – талдықорғандық Айгерім Төребаева. Бала күтімі демалысынан кейін Айгерім журналистік дипломын ысырып қойып, өзін басқа салада сынап көргісі келді. Сөйтіп Талдықорған қаласының Мансап орталығы арқылы қысқа мерзімдік кәсіптік оқуға жолдама алып, «Ташенова» ЖК оқу орталығында кірпік өсірудің қыр-сырын меңгерді. Үш айлық курстың мерзімі аяқталған соң аталған шағын кәсіпкерлік нысанына жұмысқа қабылданды.

    – Өзім көп балалы анамын. Балаларым жас болғандықтан,  солардың күтімімен біршама уақыт үйде отырдым. Кейін сұлулық әліміне бет бұрып, жаңа кәсіп үйренсем деп жұмыспен қамту органына жүгіндім. Соның арқасында өткен жылдың тамыз айында отқыту курсынан өтіп, сертификатымды алдым. Маған жоғары білікті мамандар кірпік өсу ісін егжей-тегжейлі үйретті. Сұлулық салонында аз ғана уақыттың ішінде өзімнің жақсы маман екенімді көрсете алдым, қазір  өзімнің тұрақты келушілерім бар. Кез келген уақытта адам өзі қалаған жаңа кәсіпті меңгере алады екен, оған ешқашан кеш емес. Соған көзім жетті. Осындай мүмкіндіктерге жол ашып отырған мемлекеттік бағдарламалардың бар болғаны қуантады, – дейді көп балалы ана Айгерім Төребаева.

    Облыстық қоғамдық даму басқармасының мәліметіне қарағанда, өткен жылы жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар туралы ақпараттандыру бағытында өңірде өткізілген кездесулер мен түсіндіру жұмыстарына 3 мыңнан астам жас тартылған. Осы орайда түрлі гранттарға қатысып, өз ісін ашуға талпынған жастар да аз емес. Мысалы, психолог және логопед-дефектолог мамандықтары бойынша жоғары білім алған Айым Сайлаубекова мамандығына сай жұмыс іздеп жүрген кезінде жастарға арналған гранттар бар екенін естіп-білген.

    – Бір күні әлеуметтік желіден жастарға конкурс негізінде гранттар  берілетіні туралы ақпаратты көзім шалды. Осы конкурсқа халыққа пайдасы тиетін жоба ұсынып, бақ сынап көрсем деген ой келді. Сөйтіп ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған коррекциялық орталық ашу жобасын ұсынып, 3 млн. теңге грант ұтып алдым. Бірден Талдықорған қаласынан осындай орталық аштым. Орталыққа керек жабдықтардың бәрін гранттың қаржысына сатып алдым. Қазір орталықта бейімделген дене шынықтыру, сенсорлық интеграция, логомассаж қызмет түрлері жасалып, логопед, дефектолог, психолог, нейропсихолог мамандар сабақ жүргізеді. Қазір орталықта 12 адам жұмыс істейді, – дейді «Сана» орталығының жетекшісі Айым Сайлаубекова.

    Жалпы өткен жылы жастар бастамаларын қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты бойынша 3 млн. теңгеден 10 грант берілген. Гранттар «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес», «Медиа» бағыттары бойынша ұсынылып, жастардың өз ісін ашуға жәрдем етті.

    Осы ретте өңірде жастардың, әсіресе NEET санатындағы жастардың өмірден өз орындарын табуына ерекше көңіл бөлінеді. Облыстық қоғамдық даму басқармасының деректеріне сәйкес өткен жылы жастарды маусымдық жұмыспен қамту мақсатындағы «Жасыл ел» еңбек жасақтарында 635 адам жұмыс атқарды. Жоба аясында барлық аудан-қалаларда «Экодесант», «Тазалық тыңшысы», «Жайқалсын жас терек», «Жасыл бақ – таза қала» атты акциялар ұйымдастырып, тазалық шаралары жүргізілді.

    Сонымен қатар 83 «Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі» ұйымдастырылып, 4 081 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

    Бұған қоса, облыс мектептеріндегі әдеп-құқық жұмысы жөніндегі менторлар жоғары сынып оқушыларына мамандық таңдауға, алдағы үлкен өмірге дұрыс қадам жасауға жәрдемдесуде. Бұл да жастар саясатына өзінің оң ықпалын тигізіп отыр. Атап өтсек, бүгінде облыстағы менторлық жоба аясында 126 адам еңбек етеді. Олар балалар мен жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттері, нашақорлық пен лудоманияның, суицидтің, буллинг пен кибербуллингтің, зорлық-зомбылықтың алдын алу, жыныстық қол сұғылмаушылықты қалыптастыру, салауатты өмір салты, мамандық таңдау және кәсіптік бағдарлау, креативті ойлау, қаржылық сауаттылық сияқты 9 бағытта жұмыс істейді.

    Еске салсақ, жалпы өткен жылы Жетісу облысы бойынша 35 643 жұмыс орны құрылды, оның 22 719-ы – тұрақты жұмыс орны. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 27 794 адам қамтылды, 23 286 адам жұмысқа орналастырылды, оның 13 261-і тұрақты жұмыс орындарына тұрғызылды.

  • 15 жастағы өгей қызынан балалы болған ер адам өмір бойына сотталуы мүмкін

    15 жастағы өгей қызынан балалы болған ер адам өмір бойына сотталуы мүмкін

    Таразда бірнеше күн бұрын 15 жастағы өгей қызынан балалы болған ер адамның ісіне қатысты тың мәліметтер жарияланды. Оқиғаға қатысты Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева пікір білдірді.

    «Өгей әке Қылмыстық кодекстің 120-бабы бойынша қамауға алынды. 30 қаңтарда іс 122-баптан 120-бапқа өзгертілді», – дейді Динара Закиева редакция тілшісінің сауалына.

    Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 120-бабы бойынша ең кемі 5 жыл қарастырылған. Сол сияқты бұл заңда кәмелетке толмаған адамға қатысты ата-анасы, өгей әкесі, педагог не оны тәрбиелеу жөніндегі міндеттер Қазақстан Республикасының заңымен жүктелген өзге адам жасаса, он жеті жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланатыны көзделген.

    Еске салайық, кеше Таразда 15 жастағы қыз өгей әкесінен балалы болғаны хабарланған. Ерлі-зайыптының үш қызы бар: үлкені бірінші некеден, екеуі екінші некеден. Өгей әкесі әйелінің тұңғышын үш жасынан өсірген. Ал қыздың анасы оның жүктілігі туралы толғақ басталғанда ғана білген.

  • «Damumed» жүйесіне заңсыз кіргендер айыппұл арқалады

    «Damumed» жүйесіне заңсыз кіргендер айыппұл арқалады

    Жетісу облысында екі адам Денсаулық сақтау министрлігінің «Тіркелген халық тізілімі» және «Damumed» ақпараттық жүйелеріне заңсыз қол жеткізгені үшін 1,2 млн теңгеге жуық айыппұл арқалады.

    ҰҚК прокуратураның үйлестіруімен Жетісу облысының екі тұрғынына қатысты Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелеріне заңсыз қол жеткізу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады.

    Осы жылдың 30 қаңтарында Талдықорған қаласы сотының шешімімен олар Қылмыстық кодекстің 205-бабының 2-бөлігінде және 208-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға сотталды.

    «Тергеу барысында медициналық қызметкерлердің тіркелгілерін заңсыз иемдену арқылы олардың ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Тіркелген халық тізілімі» және «Damumed» ақпараттық жүйелеріне заңсыз қол жеткізгені анықтады», – делінген ҰҚК хабарламасында.

  • Талдықорған полициясы бастығы кабинетіндегі қыз зорлау: Жаңа деректер белгілі болды

    Талдықорған полициясы бастығы кабинетіндегі қыз зорлау: Жаңа деректер белгілі болды

    Жетісу облысында Талдықорған полициясының бұрынғы бастығы Марат Күштібаевтың жәбірлеуіне ұшыраған қызға қатысты сот ісі қаралып жатыр. Ол «Алаяқтық» бабы бойынша айыпталып отыр. Сонымен қатар, оның сүйіктісі мен сот хатшысы да айыпталушылар қатарында, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

    Іс материалдарына (редакцияның қолындағы) сәйкес, Күштібаевқа қатысты сот процесі жүріп жатқан уақытта, оның жұбайы жәбірленушіге 40 миллион теңге беріп, айғақтарын өзгертуін сұраған. Бұл қаражат сот хатшысы арқылы табысталған. Алайда жәбірленуші ақшаны алғанымен, айғақтарын өзгертпеген, нәтижесінде Күштібаев «Қызметтік міндеттерін орындау кезінде зорлау» бабы бойынша 11 жылға сотталған.

    Бұл ретте сот хатшысы құқық қорғау органдарына жүгініп, жәбірленушіні, оның адвокатын және Күштібаевтың әйелін қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұраған.

    Бұл іс бойынша «Параға сатып алу» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Жәбірленуші күдікті ретінде танылды, ал сот хатшысы қорғау құқығына ие куәгер мәртебесінде.

    Тағы бір қылмыстық іс «Алаяқтық» бабымен қозғалды, онда сот хатшысы, жәбірленуші және оның сүйіктісі күдікті болып танылған, ал Күштібаевтың әйелі жәбірленуші мәртебесінде.

    Көксу аудандық сотында бұл істер бойынша сот процесі аяқталуға жақын. Адвокаттар екі істі біріктіріп, тергеуге қайта жіберуді сұраған, бірақ сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.

    Келесі сот отырысы 13 ақпанға белгіленген.

    Еске салайық,  2023 жылдың қарашасында Талдықорған полициясының басшысы Марат Күштібаев 27 жастағы әйелді зорлады деген күдікпен ұсталған. 2024 жылы сәуірдің аяғында Күштібаев кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, ол барлық марапаттарынан және «полиция полковнигі» арнайы атағынан айырылды.