Рубрика: Аймақ

  • Ақтөбеде оқушылар тәттіден уланды

    Ақтөбеде оқушылар тәттіден уланды

    Ақтөбе облысы Қобда ауданында оқушылар тәттіден уланды. Қазір 9 бала ауруханада жатыр.

    Оқиға 18 ақпан күні болды. Бір оқушы мектепке тәтті апарып, сыныптастарымен бөліп жеген. Кейін оның кері әсері болған.

    «Барлығы 23 бала ауруханаға түсті. Сөздеріне қарағанда бір бала белгісіз бір тәттіні мектепке апарып жейді. Ол тәттіні 7 бала жеген. Өзге балаларда кер әсерін берді. Көздері жасаурады, денесі қышып, мазасызданды. Дәрігерлер тексеріп, барлығы 7 баланың асқазанын шайған. Сол күні 2 баланы ата-анасы үйіне алып кетеді. Бүгін ауданға білікті дәрігерлер барды. Олар балаларды тағы бір қарап шықты. Барлығы 9 баланы қалдырды, ертең үйіне шығарылады», – деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

    Айта кетейік, балалар жеген тәтті сараптамаға жіберілді. Әзірге кері әсер нақты болғаны белгісіз. Ал Қобдадағы мектеп директоры балалар білім ордасынан емес, дүкеннен сатып алған тәттіге уланғанын айтты.

     

  • Алматы облысының бұрынғы әкімі Аңсар Мұсаханов өмірден өтті

    Алматы облысының бұрынғы әкімі Аңсар Мұсаханов өмірден өтті

     Алматы облысының бұрынғы әкімі Мұсаханов Аңсар Тұрсынханұлының дүниеден озғаны туралы суыт хабар тарады.

    Аңсар Тұрсынханұлы 1966 жылы Алматы облысы, Күрті ауданында дүниеге келген. Алматы мал дәрігерлік институтын, Қазақ ұлттық аграрлық университетін бітірген, мамандығы бойынша мал дәрігері, мемлекеттік және жергілікті басқару менеджері. Ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты.

    Еңбек жолын Күрті ауданындағы «Құйған» совхозында жұмысшы болып бастады. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін әр жылдары «КСРО-ның 60 жылдығы» атындағы кеңшарда мал дәрігері, Күрті ауданының бас мал дәрігері, Жамбыл ауданы Ұзынағаш станциясы мал учаскесінің меңгерушісі, Теміржол ауылдық округінің әкімі, Ақсеңгір тәжірибелік шаруашылығының директоры, «Қазыбек бек» ЖШС директоры болып жұмыс істеді. Алматы облысының мемлекеттік басқару органдарында басшы лауазымдарда қызмет атқарды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Қарасай аудандық аумақтық басқармасының бастығы, Іле ауданы әкімінің орынбасары, Жамбыл және Қарасай аудандарының әкімі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.

    Аңсар Тұрсынханұлы 2011 жылдың сәуір айы – 2014 жылдың тамыздың 19-ы аралығында Алматы облысының әкімі қызметін атқарды.

  • Абай облысында 30 жастағы әйелдің сөмкесінен есірткі табылды

    Абай облысында 30 жастағы әйелдің сөмкесінен есірткі табылды

    Абай облысында әйелдің сөмкесінен есірткі табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

    «Абай облысында Семей қаласының 30 жастағы тұрғынынан тәркіленген ерекше «жинақ» заңсыз психотроптық заттардың айналымына қатысты ірі қылмысты тоқтатуға мүмкіндік берді. Жедел шаралар барысында полиция қызметкерлері жалға алынған пәтерлердің бірінде тінту жүргізді. Асүй бөлмесінде тұрмыстық қоқыстың арасынан ақ түсті ұнтақ зат қалдықтары бар пакет табылды. Қонақ бөлмесінде әйелдің еденде жатқан сөмкесінен есірткі косметикалық сөмке, таразы, қасық, бұрағыш, бос zip-lock пакеттері, қайшы мен қара оқшаулаушы лента табылды», – делінген хабарламада.

    Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат мефедрон-психотропты заты, меткатинонның (эфедронның) аналогы болып шықты. Заттың жалпы салмағы – 383,65 грамм (1200 доза). Қара нарықтағы құны – 18 миллион теңге.
    Полиция мәліметінше, күдікті әйел психотроптық затты сақтау және үлкен көлемде таратуға қатысы бар екенін мойындады.

    Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

  • Алматы облысы: Мектеп тапшы, бірақ ғимарат қолға өтіп кетеді

    Алматы облысы: Мектеп тапшы, бірақ ғимарат қолға өтіп кетеді

    Алматы облысында халық саны тығыз орналасқандықтан білім ұялары жетіспеушілігі мәселесі өзектілігін жойған емес. Бүгінде өңірде 31 мектеп үш ауысымда білім береді, ал жаңалары тез арада салынып жатқан жоқ. Алайда, жергілікті билік мәселені шешудің орнына бұрыннан бар мектептерді сатып жіберіп отыр. Бұған дейін Қарасай ауданында ғимараттарды жеке меншікке заңсыз берудің екі дерегі анықталғаны соған дәлел.

    Еске сала кетсек, 2018 жылы Қарасай ауданы, Шалқар ауылындағы мектептің ғимараты «компанияның жарғылық капиталын ұлғайту мақсатында» деген желеумен «Қарасай тұрғын үй» ЖШС-не берілген. Бұл қаулыға аудан әкімінің міндетін атқарушы Мақсұт Жапаров қол қояды. Бір айдан кейін оның орнына Жанат Тәжиев келеді де ғимаратты және оған тиесілі жерді 15 миллион теңгеге сатуға рұқсат береді. Бұдан кейін мектеп бірнеше рет иесін ауыстырып үлгерді. Мәселен, 2018 жылы кәсіпкер Шерхан Әлібекұлы сатып алса, 2019 жылы ғимарат «Іргетас Құрылыс-I» ЖШС меншігіне өтті. Мына қызық сәйкестікке қараңыз, бұл компания дәл Махаббат Бигелдиев жұмыс істейтін аймақтардан үнемі тендерге қатысып, мемлекеттік тапсырыс алып отырған. Оған Әлібек Сәрсенов жетекшілік етеді. Әкімдіктегілер олардың студент кезінен дос болғанын айтып жүр.

    Ал 2022 жылы ғимарат сыйлық шартымен басқа иесіне өтеді. 2023 жылы соңғы қожайын Олжабай Сәдуахас Сағындықұлы күтпеген жерден мектепті мемлекет меншігіне тегін қайтаруға шешім қабылдады. Көп ұзамай қолдан қолға өтіп келген ғимарат қайтадан өнер мектебіне айналды.

    Айтпақшы, дәл осыған ұқсас жағдай Қаскелең қаласында да болды. Мұнда заңды тұлға 1000 шаршы метрден асатын өнер мектебінің ғимаратын алуға әрекеттенген. Бірақ прокуратура араласып, сот мәмілені заңсыз деп таныды.

    «Апелляциялық сот прокурордың өтінішін қолдады, мектеп мемлекет меншігіне қайтарылды», – деп хабарлады сол кезде Алматы облысының прокуратурасы.

    Бір қызығы, бұл мәселеде де бір ғана адам, яғни Қарасай аудандық қаржы бөлімінің басшысы Тоты Кәрімова ғана жауапқа тартылып, сөгіс алумен шектелген. Алайда, 2018 жылы мәміле жасалған кезде Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев, идеология мәселелері жөніндегі орынбасары Айжан Назарбаеваға ешқандай шара қолданылған жоқ.

    Sona.kz редакциясы мән-жайды білу үшін Алматы облысының прокуроры Берік Абызбайұлы Адамовтың атына ресми сауал жолдап, алдағы уақытта осындай келеңсіздікті болдырмау үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын сұраған еді.

    Алайда, қадағалау органы жауап берудің орнына «бұл біздің құзыретімізге кірмейді» деп сауалды әкімдікке сілтей салған. Ал әкімдіктің әдеттегідей сылап-сипап қана берген жауабы көңілден шықпады.

    Біз Қарасай ауданындағы мектеп ғимараттарын жеке тұлғаларға және компанияларға сату фактілері анықталғанына байланысты мына сұрақтарға жауап алғызым келді. Мәселен,

    1. Мектепті сату туралы бұйрыққа кім қол қойған? Толық аты-жөнін көрсетіңіз және қол қою кезінде атқарған лауазымы қандай болды?
    2. Мектепті сатқан және сатпақ болған шенеуніктерге қандай шара қолданылды?
    3. Осы кезеңде Қарасай ауданының әкімі қызметін, сондай-ақ әкімнің идеологиялық мәселелер жөніндегі жетекші орынбасары қызметін атқарған кім? Оларға қатысты қандай шаралар қолданылды?
    4. Прокуратура алдағы уақытта осыған ұқсас жағдайларды болдырмау үшін қандай шаралар қолдануда?
    5. Қандай ұйым немесе жеке тұлға мектеп ғимараттарын сатып алды немесе сатып алуға әрекеттенді?

    Мәселен, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Рустам Атшабаровтың қолы қойылған жауапта да сол баяғы деректерді сырғытпа түрде берген.

     Бірінші сауалға: «Қарасай ауданы әкімдігінің 2018 жылдың 12 қаңтарындағы №28 қаулысымен бос тұрған ескі мектеп ғимараты жарғылық капиталды ұлғайту үшін «Қарасай тұрғын үй» ЖШС-не берілді. Бұл қаулыға әкімнің міндетін атқарған Мақсұт Рамазанұлы Жапаров қол қойған. 

    Екінші сауалға:

    «Бұйрық негізінде Қарасай аудандық қаржы бөлімінің басшысы Каримова Тоты  Иманғалиқызына Қарасай ауданы әкімінің 2019 жылғы 17 қыркүйектегі №350 ескерту түріндегі тәртіптік жаза қарастырылды.

    Үшінші сауалға:

    Қарасай ауданы әкімі қызметін 2016-2018 жылдары Бигелдиев Махаббат Сәдуақасұлы атқарса, 2016-2023 жылдары аудан әкімінің орынбасары Айжан Нұрділдәқызы Назарбаева болды.

    Ал төртінші сауалға қатысты «Бұл мәселе Қарасай ауданы әкімдігінің құзыретіне кірмейді» десе, соңғы бесінші сұраққа:

    «2018 жылдың 15 ақпанында «Қарасай тұрғын үй құрылысы» ЖШС мен жеке тұлға Шерхан Әлібекұлы арасында 15 224 000 теңгеге жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу туралы №1 келісім-шарт жасасқан. Осыны негізге ала отырып, «Қарасай тұрғын үй құрылысы» ЖШС директоры Б.Балтабеков пен жеке тұлға Шерхан Әлібекұлы арасында қабылдау-өткізу актісі жасалды.

    Ал 2019 жылы мектеп ғимараты «Іргетас құрылыс-И» ЖШС компаниясына сатылса, 2022 жылы қайырымдылық шарты негізінде ғимарат Олжабай Садуқас Сағындықұлына берілді. Ал 2023 жылдың 8 маусымында меншік иесі Олжабай Сағындықұлы мүлікті мемлекет меншігіне тегін аудару туралы өтініш білдірді.

    Қарасай ауданы әкімдігінің  2023 жылдың 9 маусымдағы №295 қаулысына сәйкес, мүлікті мемлекет меншігіне беру туралы шарт жасалды. Осылайша, облыс әкімдігінің 2023 жылғы 26 шілдедегі №246 қаулысына сәйкес, жоғарыда айтылған ғимарат «Алматы облысының білім басқармасына қарасты Қарасай ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің балансына берілді.

    Бүгінде бұл ғимаратта «Алматы облысының білім басқармасы, Қарасай ауданы әкімдігінің білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қарасты «Өнер мектебі» Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кəсіпорын жұмыс істейді», – делінген жауапта.

    Білім сапасы ақсап, мектеп жетіспей жатқан өңірде осындай қитұрқы әрекеттерге жол бермеуді қадағалау үшін облыстық прокуратура білек сыбанып жұмыс істеуі тиіс. Алайда, олай емес екенін редакцияның ресми сауалын әкімдікке сілтей салуынан-ақ аңғаруға болатын сияқты. 

     

  • Қаза тапқан кеншілердің жеке басына қатысты мәліметтер жарияланды

    Қаза тапқан кеншілердің жеке басына қатысты мәліметтер жарияланды

    Ұлытау облысындағы «Жомарт» кенішіндегі апат салдарынан қаза тапқан кеншілердің жеке басына қатысты мәліметтер жарияланды.

    17 ақпанда «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі «Жомарт» кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылып, 7 қызметкер үйінді астында қалды. Артынша олардың барлығы көз жұмғаны белгілі болды. Марқұмдардың ең жасы 26 жаста.

    «Жомарт» кенішіндегі апаттан қаза тапқан азаматтар:

    1. Ақшалов Қайрат Аманбекұлы, 1975 жылы туған, сорғы қондырғыларының машинисі;
    2. Жақұбаев Ардақ Боранбайұлы, 1998 жылы туған, жерасты учаскесінің тау-кен шебері;
    3. Жұмадоллаев Бақытбек Нышанұлы, 1975 жылы туған, жерасты тау-кен жұмысшысы;
    4. Кенжебеков Орынбек Әмірханұлы, 1991 жылы туған, тиеу-жеткізу машинасының машинисі;
    5. Молдабеков Ғалымжан Есенбекұлы, 1978 жылы туған, шпур бұрғылаушының көмекшісі;
    6. Нұролдаев Олжас Жағалбайұлы, 1979 жылы туған, жерасты учаскесінің энергетигі;
    7. Рожков Константин Владимирович, 1992 жылы туған, жерасты тау-кен қазу жабдықтарының электр слесарі.

    Ұлытау облысында шахтаның опырылуына байланысты үкіметтік комиссия құрылды.
    «Қазақмыс» корпорациясы апаттың алдын ала себебін айтып, қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек берілетіні жөнінде мәлімдеме жасады.

  • Қаза болған кеншілердің отбасына көмек беріледі

    Қаза болған кеншілердің отбасына көмек беріледі

    Ұлытау облысында төтенше жағдайда қаза болған кеншілердің отбасыларына әкімдік көмек көрсететін болды.

    Ұлытау облысының әкімдігінің мәліметінше, кен орнында қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен жақындарына психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан қажетті қолдаудың барлығы көрсетіледі. Қайғылы оқиғаға байланысты өңір басшысы Дастан Рыспеков көңіл айтты.

    «Қайғылы оқиға баршамыздың жүрегімізге ауыр тиді. Бұл жағдай – бірнеше отбасы үшін орны толмайтын қаза.

    Қайтыс болған кеншілердің туған-туыстарына, жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Бұл қасірет баршамыз үшін оңайға соққан жоқ.

    Қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсету үшін барлық тиісті шара қабылданады», – делінген көңіл айту жеделхатында.

  • Жамбыл облысында хакер ауруханадан 350 млн теңге ұрлаған

    Жамбыл облысында хакер ауруханадан 350 млн теңге ұрлаған

    Өткен жылы Жамбыл облыстық балалар ауруханасына хакерлік шабуыл жасалып, соның салдарынан оның есепшотынан 350 миллион теңге ұрланған болатын.

    Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде аталған қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен бұрын сотталған 33 жастағы ер адам ұсталды.

    Ұрланған 305 миллион теңге қаражат аурухана шотына қайтарылды.

    Қылмыстық істің материалдары қосымша тергеу жүргізу үшін Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жіберілді.

    ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер жария етілуге ​​жатпайды.

  • Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды

    Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды

    Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысының әкімі болды.

    Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысының әкімі лауазымына тағайындалды, – делінген Ақорда мәліметінде.

     

  • Шығыс Қазақстанның екі әкімі тағайындалатын уақыт белгілі болды

    Шығыс Қазақстанның екі әкімі тағайындалатын уақыт белгілі болды

    Абай облысы мен Шығыс Қазақстан облысы мәслихаттарының ресми сайттарында жаңа әкімдерге кандидаттарды қарау үшін кезектен тыс сессиялар өтетіні туралы хабарламалар жарияланды.

    Семейдегі сессия дүйсенбі күні сағат 12:30-да, Өскеменде — сол күні сағат 10:00-де өтеді.

    Бұған дейін Нұрлан Ұранхаев Абай облысының әкімі қызметінен босатылған, ал Ермек Көшербаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметінен кетіп, Премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалған еді.

  • Әйелімен жанжалдасқан ер адам екі полицейді пышақтаған

    Әйелімен жанжалдасқан ер адам екі полицейді пышақтаған

    «2024 жылдың қорытындысына сәйкес осындай 271 дерек тіркелді. Оның 127-сі мас күйде, 87-сі бұрын сотталғандармен және 19-ы адамдар тобымен жасалған», – деді ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаменті бастығының орынбасары Алтынбек Шүйіншалиев.

    Полиция қызметкерлеріне қарсы күш қолданып, заңсыз әрекет жасағаны үшін 225 азамат сотталған. Мысалы, Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының тұрғыны бес жылға бас бостандығынан айырылды. Жұбайымен жанжалдасқан ер адам екі учаскелік полиция инспекторына пышақ ала жүгіріп, оларды жарақаттаған.

    Ақтөбе облысының Қандыағаш станциясында да осындай жағдай болды.

    «Астана – Атырау» бағытындағы пойыз жолаушысы ішімдік ішіп, патрульдік қызмет инспекторларына физикалық қарсылық көрсеткен. Денсаулыққа зиян келтіргені үшін ер адам төрт жылға бас бостандығынан айырылды.

    «Полиция азаматтардың өмірін, денсаулығын, құқықтарын, бостандықтарын және қоғамның заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді. Құқықтық нормаларды сақтамай, әділетті Қазақстан құру мүмкін емес. Азаматтарды заңды сақтауға, билік өкілдеріне бағынбау және оларды қорлау фактілеріне жол бермеуге шақырамыз. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске саламыз», – деді Алтынбек Шүйіншалиев.