Рубрика: Аймақ

  • ​Солтүстік Қазақстанда кооператив басшысы 50 млн теңге субсидияны заңсыз алған

    ​Солтүстік Қазақстанда кооператив басшысы 50 млн теңге субсидияны заңсыз алған

    Қаржылық мониторинг агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі басшысының 50 миллион теңгеден астам субсидияны заңсыз алу схемасын анықтады, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.

    Мемлекет жоғары сапалы сүт өндірісін арттыру және импортқа тәуелділікті төмендету үшін сүт-тауар фермаларын ашуды белсенді түрде қолдап, ынталандыруда.

    Алайда  өндірістік кооперативінің басшысы 2019 жылдың мамырынан 2020 жылдың наурызына дейінгі аралықта жалған құжаттарды пайдаланып, сүт өнімдерін өңдеуге бөлінген 50 миллион теңгеден астам субсидияны заңсыз алған.

    Өндірістік шығындарды растау үшін ауыл шаруашылығы басқармасына жеке кәсіпкерлерден шикі сүт сатып алғаны үшін өзара есеп айырысу туралы жалған құжаттар және май өндірісі туралы қасақана жалған ақпараттар беріп келген.

    Нәтижесінде сот сүт жеткізу мәмілелерін заңсыз деп таныды.  Қаржылық тергеу нәтижесінде, заңсыз алынған субсидияларға күдікті «TOYOTA LAND CRUISER PRADO 150» маркалы автокөлік сатып алғаны анықталды, ол мүмкін болатын тәркілеуден жасыру мақсатында сенімді адамға рәсімделген.

    Соттың санкциясымен аталған автокөлікке тыйым салынды. Күдіктіге қатысты сот 2 айға «қамауға алу» түрінде бұлтартпау шарасын тағайындады.

  • Қайтарылған активтер: Жетісуда жаңа мектеп салуға 1,4 теңге бөлінді

    Қайтарылған активтер: Жетісуда жаңа мектеп салуға 1,4 теңге бөлінді

    Мемлекет басшысының қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет Арнайы мемлекеттік қордан облыстың Кербұлақ ауданы Көксай ауылында жаңа мектеп құрылысын бастамақ.

    Қазіргі уақытта елді мекенде бір мектеп жұмыс істейді, онда екі ауысымда 53 бала оқиды. Бұл ретте оқу орнында спорт және акт залдары, асхана жоқ, пәндік кабинеттер жетіспейді. Жаңа мектеп 60 орынға арналған. Ғимарат заманауи білім беру стандарттарына сәйкес жабдықталған. Нысанның құрылысы білім берудің қолжетімділігі мәселесін және мектепте орын тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді: қазір ауылда 7 жасқа дейінгі 28 тұрғын бар.

    Бүгінгі таңда Үкімет арнайы мемлекеттік қордан әлеуметтік маңызы бар нысандар салуға 58 млрд теңге бөлді. Атап айтқанда, 5 мектеп, оның ішінде бір музыкалық, 2 спорт кешені, көпфункционалды аурухана кешені, жатақхана, 2 балабақша және жедел медициналық жәрдем стансасы бар. «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң субъектілерінің қаражаты есебінен Арқалық, Астана, Алматы қалаларында бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым нысанының құрылысы жүргізілуде.

  • Жетісу облысында аудандық сот төрағасы қамауға алынды

    Жетісу облысында аудандық сот төрағасы қамауға алынды

    Алдын ала болжам бойынша, Ақсу аудандық сотының төрағасы Нұрлан Садықұлы Шаймерденов пара алды деген күдікке ілінді.

    2002 жылдан бастап Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының сот отырысының хатшысы болып жұмыс істей бастады. Одан кейін Алматы облыстық сотында сот приставы, жетекші маман қызметін атқарды.

    Мемлекет басшысының 2009 жылғы 31 желтоқсандағы Жарлығымен Алматы облысы Талғар аудандық сотының судьясы болып тағайындалды, ол 2021 жылдың қарашасына дейін жұмыс істеді. Одан кейін Алматы облысы Ақсу аудандық сотының төрағасы болып тағайындалды.

    Нұрлан Шаймерденов 1979 жылы 21 ақпанда Алматы облысында дүниеге келген.

    Отбасылық жағдайы: үйленген, екі баласы бар.

  • Шымкентте үшем дүниеге келді

    Шымкентте үшем дүниеге келді

    Шымкенттің 22 жастағы тұрғыны Жамиля 2 ұл, 1 қызды дүниеге әкелді. Нәрестелердің салмағы 2 770, 2 410 және 2 095 грамм болды. Бұл – отбасындағы тұңғыш сәбилер.

    Дәрігерлер кесарь тілігі арқылы ота жасап, босандырып алған. Мерзімінен бұрын дүние есігін ашқан нәрестелерге жансақтау бөлімінің мамандары тарапынан ерекше күтім жасалды. Қазіргі таңда жағдайлары бірқалыпты.

    Биылғы алғашқы үшем мен анасын дәрігерлер бүгін перзентханадан салтанатты түрде шығарып салды. Айта кетейік, 2024 жылы Шымкентте 28 936 сәби дүниеге келген – 14 837 ұл бала және 14 099 қыз бала.

     

  • Ақтөбе облысында 12 вагон «әлеуметтік» газ ұрлаған бір топ адам қолға түсті

    Ақтөбе облысында 12 вагон «әлеуметтік» газ ұрлаған бір топ адам қолға түсті

    Ақтөбе облысында кен орнының аумағынан «әлеуметтік» газ ұрлау схемасын ұйымдастырған бір топ адам ұсталды.

    ІІМ мәліметінше, күдіктілерді полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы прокуратура және ҰҚКД-мен бірлесіп өткізді.

    Фигуранттар газ өндіру саласындағы компаниялардың бірінде жұмыс істейді.

    «Күдіктілер есепке алынбаған газды жинақтап, кейін темір жол арқылы тасымалдаған. Кен орнынан сату орнына бара жатқан жолда ұрланған газ бар 12 вагон ұсталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды, нәтижелері бойынша келтірілген шығынның сомасы белгіленетін болады. Жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр», – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

  • Бұрқанбұлақ сарқырамасына апаратын жолдың құрылысы биыл басталады

    Бұрқанбұлақ сарқырамасына апаратын жолдың құрылысы биыл басталады

    Соның ішінде 5 көпірді қайта жаңғырту, 1 көпірді орташа жөндеу, Бұрқанбұлақ сарқырамасына апаратын 15 км жолдың реконструкциясы, «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» жолының 35-110 км учаскесінің жаңғырту жұмыстары, елді мекендерге кіретін жолдар, ішкі жолдар т.б. жобалар бар.

    Облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне қарағанда, Жетісу облысы құрылғаннан бері 2023-2024 жылдары облыстық маңызы бар 391,4 км жол және 134 елді мекеннің ішкі көшелері жөнделген. Мәселен, 2024 жылы республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдары қайта жаңартылып, «Талдықорған-Үшарал» (313 км), «Лепсі-Балқаш көлі» (27 км), «Сарыөзек-Көктал» (45-68 км) «Жаркент-Қорғас» (328-360 км), «Үштөбе-Көпбірлік» (78 км) бағытындағы ірі жобалар пайдалануға берілді. Сөйтіп жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы обылыстық маңызы бар автожолдардың үлесі 94%-ға жеткізілді.

    Ал биыл өңірде 152 шақырым жолға, 53 елді мекеннің ішкі жолдарына жөндеу жасалады деп межеленген. Сондай-ақ, осы жылы республикалық маңызы бар жолдардың «Үштөбе – Кәлпе» және «Сырымбет – «Тау Жетісу» бағытындағы 2 учаскесіне қайта жаңарту және орташа жөндеу жасалады. Күрделі жөндеу шеңберінде «Сарыөзек – Көктал» автожолындағы Көнбе өзенінен өтетін жаңа көпір салу, «Сарыөзек станциясын айналып өту» автожолының жол құрылымын күшейту және ұзындығы 21 км (Мұқыры асуы учаскесі) «Қонаев – Талдықорған» автожолының жол жабынын қайта жаңарту жоспарда бар. Сонымен қатар осы жылы «Алматы облысының шекарасы — Сарыөзек кенті» (13 км), «Сарыөзек – Көктал» (112 км) және «Айдарлы-Көктал» (15 км) бағытындағы жолдар желісіне орташа жөндеу жұмыстары өткен жылдан өтпелі жоба ретінде жалғасады.

    «Жолдардың нормативтік жай-күйін сақтау мақсатында автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылуда. Облыс бойынша осындай 8 станция қойылды. Олардың 6-ы республикалық трассаларда, 2-еуі облыстық маңыздағы жолдарда орналастырылған. Мұндай станциялар жүк көліктерінің салмағын автоматты түрде өлшеп, белгіленген шектен асып кетпеуін қадағалайды», – делінген басқарманың хабарламасында.

    Атап өтсек, өткен жылы өңірде автомобиль жолдарында 24,0 млн. жолаушы тасымалданып, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 8% жуық өскен. Жолдардың сапасы жақсаруына қарай биыл да бұл көрсеткіш арта түседі деп жоспарланып отыр.

    «ҚазАвтожол» ҰК» АҚ ақпаратына сүйенсек, жолдардың күтімі бойынша өңірдегі республикалық маңызы бар қолданыстағы 873 шақырым жолға қысқы күтім жасалды. Бұл жұмыстарға 72 бірлік меншікті және 10 бірлік жалгерлік техника тартылды. Быиылғы қысқы кезеңде көктайғаққа қарсы материалдың қажетті қоры дайындалды. Оған қоса айта кетсек, 2023 жылдан техника паркін толықтыру жұмыстары басталды, яғни бүгінгі күні мұндағы техника саны 59-ден 72-ге ұлғайды.

    Жалпы облыстың автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы
    3 988 км құрайды. Соның ішінде республикалық маңызы бар – 1 034 км, жергілікті маңызы бар – 2 954 км.

  • Қонаев қаласындағы 9 сынып оқушысына қатысты: Төбелес пе, суицид жасамақ болды ма?

    Қонаев қаласындағы 9 сынып оқушысына қатысты: Төбелес пе, суицид жасамақ болды ма?

    Бұған дейін әлеуметтік желіде журналист Гүлмира Әбіқай Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына  кіреберіс алып көпірдің асты күші тасыған оқушыларға күшті мекен екенін, топтық төбелес те, тығылып ішу мен темекі тарту да осында болатынын жазған еді. «Оған себеп – 9 сынып оқушылары топтасып өз сыныптасын өлімші етіп ұрып тастаған. Жасөспірім аурухананың жансақтау бөліміне түсті. Бірақ ата-анасы өзімізді кінәлі қылуда деген. Ата-ананы тыңдамайтын, тәртіпке бағынбайтын, инспектордан ықпайтын баланың орны – колония. Ешкім баласын бақша, мектеп, әскерге мүгедек болсын деп жібермейді», – деген жазбасында журналист.

    Алайда, оқушының анасы жолдаған бейнеүндеуде «Осы жылдың 31 қаңтарында кәмелетке толмаған ұлым жергілікті ауруханаға түсті. Қаланың кіреберіс көпірінің астында ұлымды ешкім соққыға шыққан жоқ және ешқандай топтық төбелес болған жоқ. Желіде тарап жатқан ақпаратқа емес, тек ресми мекеменің, ақпарат құралының мәліметіне сенулеріңізді сұраймын» деген.

    Бұған қатысты Қонаев қалалық білім бөлімі арнайы комиссия құрып, қарастырған соң түсініктеме берді.

    «2025 жылдың 31 қаңтар күні кәмелетке толмаған  А. есімді оқушы Қонаев қаласы көпсалалы ауруханасының жан сақтау бөліміне «Химиялық антисептикпен ұлану» диагнозымен түскен. 31 қаңтар күні Қонаев қаласының полиция басқармасында іс тіркеліп, бүгінгі күні тергеу амалдары жүргізілуде.  Қазіргі кезде жасөспірім толық есін жиып, ауруханада ем қабылдауда, жағдайы қалыпты. Білім бөлімі тарапынан орта мектеп-гимназиядағы тәртіптік жағдайды тексеруге комиссия құрылды. Тексеріс қорытындысына сәйкес, қосымша хабарлама беріледі», – деп жауап берді.

    Ал жергілікті Полиция департаменті істің мән-жайы туралы: «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаймыз. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын толық және жан-жақты зерттеу үшін барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Аталған жұмыстардың нәтижесі бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді», – деген түсініктеме берді.

    Сонымен, ата-анасы баласының жағдайына төбелестің қатысы жоқ десе де, өзін-өзі өлтіруге әрекеттенуіне не себеп?

     

    Посмотреть эту публикацию в Instagram

     

    Публикация от SONA.KZ — НОВОСТИ КАЗАХСТАНА (@sonanews.kz)

  • Алматы облысында 8 су қоймасы жекеменшікке өтіп кеткен

    Алматы облысында 8 су қоймасы жекеменшікке өтіп кеткен

    Алматы облысының табиғат қорғау прокуратурасы су ресурстарын басқару саласында мемлекеттің мүдделерін қорғау бойынша жұмыс жүргізді.

    Қадағалау қызметі барысында сенімгерлікпен басқарушылар тарапынан бұзушылықтар анықталды, олар 8 су қоймасының тиісті техникалық жай-күйін сақтау жөніндегі шарттық міндеттемелерді елемеген, атап айтқанда су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарына тексеру жүргізбеді.

    – Бұл жағдайлар халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға да қайтымсыз әсер етуі мүмкін. Қабылданған шаралардың арқасында жосықсыз басқарушылармен 8 шарт бұзылды, ал 20 млрд теңгеден астам сомаға мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды, делінген прокуратураның хабарламасында.

    Қазіргі уақытта прокурорлық қадағалау актісі бойынша уәкілетті органдар су объектілерін көп факторлы техникалық тексеру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

    Облыс прокуратурасымен су ресурстарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету және стратегиялық маңызды объектілерді бақылауды қалпына келтіру бойынша жұмысын жалғастырып жатыр.

  • Түркістанда Қазақ-корей университеті салынып жатыр

    Түркістанда Қазақ-корей университеті салынып жатыр

    Түркістанда Қазақ-корей бірлескен университеті ғимаратының құрылысы жалғасып жатыр. Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім сапасын арттыру үшін әлемдегі озық жоғары оқу орындарының филиалдарын елімізде ашу тапсырмасына орай қолға алынған.

    Жауапты басшылар мен мердігер компания басшысымен пікір алмасып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы есептерін тыңдады.

    – Ғимарат биыл аяқталып, оқу жылына толық дайын болуы тиіс. Ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстарымен де біраз уақыт кетеді. Сондықтан құрылыс қарқынын төмендетпей, сапалы әрі жүйелі атқарыңыздар, – деген Нұралхан Көшеров 18 қабатты ғимаратты аралап көрді. Сапалы құрылыс материалдарын қолдануды тапсырды.

    Бүгінде ғимараттың құрылысы қарқынды. Сыртын қаптау, терезелерін орнату жұмыстары жүруде. Нысан тамыз айында тапсырылады деп жоспарланған. Бірақ мамыр айына дейін аяқтап, тапсыру көзделіп отыр. Жұмысшылар саны да жеткілікті, құрылыс қарқынды.

  • Былтыр Қонаев қаласына тартылған инвестиция көлемі 103,1 млрд теңгені құрады

    Былтыр Қонаев қаласына тартылған инвестиция көлемі 103,1 млрд теңгені құрады

    Қонаев қаласының 2024 жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері белгілі болды.

    1. Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер 142,0 млрд теңгені құрады, оның ішінде республикалық бюджетке 88,3 млрд теңге түсім түсті.

    2. Қаланың өнеркәсіп орындары 80,5 млрд теңгеге өнім өндірді.

    3. Негізгі капиталға 103,1 млрд теңге инвестиция тартылды.

    4. Қала және ауылдық округтер аумағында 6 599 шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Онда жұмыспен қамтылғандардың саны – 16930 адам. ШОБ субъектілері 324,4 млрд теңгеге өнім өндіріп, қызмет көрсетті.

    5. Бөлшек сауда айналымы 40,2 млрд. теңгені құрады.

    6. Жұмысқа орналасуға көмек сұрап, өтініш білдірген азаматтардың саны – 2 911 адам, оның 1 295-і жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамту көрсеткіші 44,5%-ды құрады. Жыл соңына қарай 484 адам жұмыссыз ретінде тіркелді.

    7. Ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 26,5 млрд. теңгені, нақты көлем индексі 100,0%-ды құрады. Ірі қара мал бас саны – 8,0% , жылқы бас саны – 47,2 %, ет өндіру – 0,9 %, сүт өнімділігі – 3,8%, жұмыртқа шығымы 3,4% өсті. 2024 жылы 8050,4 гектар егістік алқабы игерілді: дәнді дақылдар – 3073,8 га, майлы дақылдар – 533,0 га, көкөністер – 927,7 га, жем-шөп – 2030,5 га, көпжылдық өсімдіктер – 744,1 га, картоп және бақша дақылдары – 623,8 га.

    8. 2024 жылы туу көрсеткіші – 17,6%, табиғи өсім – 905 адам. Ана өлімі тіркелмеді.

    9. Құрылыс жұмыстарының көлемі 22,9 млрд. теңге болды.

    10. Құқық қорғау саласында 469 қылмыс тіркеліп, 2023 жылмен салыстырғанда 18%-ға азайды (2023 ж. –551). Қылмысты ашу көрсеткіші – 77,6%.

    Жалпы қаладағы қоғамдық-саяси жағдай тұрақты, алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін барлық шаралар атқарылуда.