Рубрика: Жаңалықтар

  • Жамбыл облысында 2886 есірткі сайты бұғатталып, 21 қылмыстық іс тіркелді

    Жамбыл облысында 2886 есірткі сайты бұғатталып, 21 қылмыстық іс тіркелді

    Жамбыл облысында есірткі қылмысына қарсы күрес бойынша ведомствоаралық шаралар күшейтілді. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлім етті.

    «Есірткі қылмысына қарсы күрес тиімді әрі жүйелі болуы тиіс, себебі ол қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және халықтың денсаулығын қорғауға әсер етеді», – деді Нұрғалым Әбдіров құқық қорғау органдарының барлық мамандандырылған тергеу және оперативті бөлімшелерінің қатысуымен Полиция департаментінде өткен ведомствоаралық кеңесте.

    Ағымдағы кезеңде бірлескен шаралар нәтижесінде есірткі қылмысы 15,3% төмендеді (457-ден 387-ге дейін). Оған облыстың 5 ауданында жабайы қарасораның нақты өсу учаскелерін анықтап, 1183 тоннасын (2023 ж. — 220 тн) жоя отырып, жергілікті атқарушы органдармен «Есірткісіз болашақ» форматында бірлескен шаралар да ықпал етті.

    Прокуратура әзірлеген «NarkoShekteuTaraz» телеграм-ботымен 2886 есірткі сайты бұғатталды, 439 граффити жойылды, олар бойынша 21 қылмыстық іс тіркелді. Сонымен қатар прокурорлар есірткі жарнамасын насихаттайтын жағымсыз мазмұнды анықтауға баса назар аудара отырып, оқушылар мен колледж студенттері арасында факультативтік сабақтар өткізіп жатыр.

    «Есірткі зертханалары мен қылмыстық топтарды анықтау және жолын кесу жөніндегі құрылымдардың қызметін теріс бағалауға болады», – деп түйіндеді облыс прокуроры.

  • Алматыда тұрғын үй сертификатын алуға өтінім қабылдау басталды

    Алматыда тұрғын үй сертификатын алуға өтінім қабылдау басталды

    Алматыда мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылған «Наурыз» жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында тұрғын үй сертификатын алуға өтініш қабылдау басталды. Бұл бастама тұрғын үй алуда көмекке мұқтаж халықтың неғұрлым осал санатын қолдауға бағытталған.

    Алматы қаласы әкімінің тапсырмасымен бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификатын беруге қаражат бөлінді. Сертификат мөлшері 1,5 млн теңгеге дейін, ол өтеусіз әрі қайтарымсыз беріледі. Сертификат алушыларға ЖАО кезекте тұрғандардың ішіндегі мынадай санаттар жатады:
    1. 1 және 2 топтағы мүгедектер;
    2. Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
    3. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
    4. Көпбалалы отбасылар.

    Жаңа ережеге сәйкес, сертификат алу үшін отбасының орташа табысын растау қажет, ол отбасының әрбір мүшесіне осы қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген көрсеткішінен (134 561,7 теңге) аспауға тиіс.

    Отбасы банкінде төлем қабілеттілігін растаған және тұрғын үй тапқан азаматтар «Kezekte.kz» сайтындағы («Amanat» сервисі арқылы) тұрғын үй сертификатына өтінім бере алады. Қажетті құжаттар:

    1.  Жұмыс орнынан анықтаманың электрондық көшірмесі (әлеуметтік осал топтарға талап қолданылмайды);
    2. Ипотекалық тұрғын үй несиесін беру туралы банктің мақұлдау хатының электрондық көшірмесі, онда несие сомасы мен ай сайынғы төлем мөлшері көрсетілуі керек.

    Өтініштер 3 жұмыс күні ішінде қаралады, бұл тұрғын үй көмегін алуды жылдам әрі қолжетімді қылады.

    Бұған дейін тұрғын үй сертификаты тек «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламалары аясында берілетін, ал жаңа өзгеріс тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолдау мүмкіндігін кеңейтеді.

  • Есіл өзенімен өтетін LRT аспалы көпірінің құрылысы аяқталды

    Есіл өзенімен өтетін LRT аспалы көпірінің құрылысы аяқталды

    LRT құрылысы аясында жүзеге асырылған Есіл өзені арқылы өтетін аспалы көпірдің құрылысы аяқталды. Бұл туралы City Transportation Systems компаниясынан мәлім етті.

    Компания мәліметінше, көпірдің ұзындығы – 155 метр, ені – 14 метр, биіктігі – 28 метр.

    Құрылымның төменгі жағында LRT көлігі өтетін жолағы бар арка түрінде жасалған. Ал аралық доғасы байлау шыбықтарымен жабдықталған.

    «Жол төсемі темірбетон тақтасы бар арқалық тор түрінде жасалған. Көпір Есіл өзені үстіндегі қолданыстағы автокөпірдің жанында орналасқан. Бұл жаңа нысанды қала инфрақұрылымына кедергісіз салуға мүмкіндік береді. Құрылым су деңгейінің және аймақтың климаттық жағдайындағы ықтимал өзгерістерге төтеп беру үшін өзеннің ерекшеліктерін ескере отырып жобаланған», – делінген таратылған ақпаратта.

  • Шерзат Болаттың өлімі: ІІМ-ге күдіктілер туралы не белгілі?

    Шерзат Болаттың өлімі: ІІМ-ге күдіктілер туралы не белгілі?

    Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысы бар күдіктілер туралы мәліметтерді айтты.

    Аленов бұған дейін БАҚ-та жазылған «Хуторские» ҰҚТ ішкі істер органдарында есепте жоқ екенін мәлімдеді.

    «Хуторские» ҰҚТ делінген, бізде ондай есепте жоқ. Осы істің аясында ұсталғандардың портретін қысқаша, тіпті ауызша таныстыра аламын. Екеуі ипподромда тұрақты жұмыс істейді, бірі Шымбұлақта жұмысшы, екіншісі «Ақбұлақта» күзетші, екеуі сұлулық салонында жұмыс істейді», — деді министрдің орынбасары.

    Сондай-ақ, олардың бәрі кәмілет жасқа толғаны айтылды. Олардың әрқайсының бір-бірімен байланысы мұқият тексерілетінін қосты.

  • Денсаулық сақтау министрлігі сүт безі обырына скринингтен өтуге шақырады

    Денсаулық сақтау министрлігі сүт безі обырына скринингтен өтуге шақырады

    Денсаулық сақтау министрлігі әйелдерді сүт безі обырына уақтылы скринингтен өтуге шақырады

    Сүт безі обыры бүгінде Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде онкологиялық аурулардың ең көп таралған түрлерінің бірі болып табылады.
    ?ДДҰ деректері бойынша, бұл обыр қатерлі ісік диагноздарының 21%-ын құрайды. Әлемдік статистикаға сәйкес оны мен жер шарындағы әрбір сегізінші әйел ауырады.

    Әйелдердің осы қауіпті ауру туралы хабардар болуын арттыру үшін жыл сайын 15 қазанда Дүниежүзілік сүт безі обырымен күрес күні атап өтіледі.
    Қазақстанда тек 2023 жылы сүт безі обырының 5,5 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталды. Бір жылдың ішінде бұл аурудан болатын өлім 1 мыңнан асты. Сонымен қатар, сүт безі обырын ерте кезеңде уақтылы диагностикалау кезінде әйелдердің толық емделуі 95%-ға жетеді.
    Бұл аурудың профилактикасы және ерте диагностикалау мақсатында 40 пен 70 жас аралығындағы әрбір әйел 2 жылда бір рет сүт безі обырына маммологиялық скринингтен өтуі керек.

    МӘМС шеңберінде тегін онкоскринингті тіркелген жері бойынша емханалардан өтуге болады.

  • Мұнай бағасы 3,7% арзандады

    Мұнай бағасы 3,7% арзандады

    Әлемде мұнай бағасы үш сауда сессиясында қатарынан құлдырап барады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, оның Brent маркасының баррелі бүгін бірден 3,7 пайызға арзандап, 74 доллар 58 центке сатылды. Экономистердің пікірінше, энергетикалық шикізат құнының түсуіне сұраныс азаяды деген алаңдаушылық себепші. Оның үстіне Израиль АҚШ-қа Ислам Республикасының мұнай кеніштеріне емес, әскери нысандарына ғана соққы беруді қалайтынын ескерткен.

  • Мемлекет қостанайлық шаруаларға  40 млрд теңге қарыз

    Мемлекет қостанайлық шаруаларға 40 млрд теңге қарыз

    Қостанай облысында ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге мемлекет 40 млрд теңге қарыз. Бұл соманың көлемі күн сайын өсіп жатыр. Шаруарлар 24 пайызбен алған кредиттің үстемақысының 17 пайызын мемлекет субсидиялауы тиіс. Алайда, олар сол 24 пайызбен толық өтеп жатыр. Қиналған фермерлер «ҚазАгроҚаржы» корпорациясынан лизингке алған техникаларын қайтарып беруге мәжбүрміз дейді. Немесе мемлекет субсидияны толық өтеп болғанша банктерден алған кредиттерінің үстемақысын «қатырып» қоюды, яғни тоқтата тұруды сұрайды. Ал, ауыл шаруашылығы саласының шенеуніктері Премьер Министрдің тапсырмасы бойынша барлық қарыздар өтеледі деп уәде беруден жаңылар емес.

    «Уәде беріп жатыр. Алайда, әзірге не министрлік, не ауыл шаруашылығы басқармасы қашан төленетіні туралы нақты айта алмайды. Сондай-ақ шаруалар өтінімдерді қараудың мерзімін 10 күнге дейін ұзартуды сұрайды. Біз олардың өтініштерін ұлттық палатамен бірігіп хатқа түсіріп жоғары жаққа жолдадық», — деді Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Анастасия Кудрина.

  • Шерзат қаза тапқан жерден үш пышақ пен мылтық тәркіленді

    Шерзат қаза тапқан жерден үш пышақ пен мылтық тәркіленді

    Талғардағы қайғылы жағдай болған жерден үш пышақ пен мылтық тәркіленді.

    Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаров айтты.

    «Қазіргі таңда үш пышақ тәркіленді. Сондай-ақ, бір мылтық бар. Департамент оны сараптамадан өткізіп жатыр. Оның кімге тиесілі екенін әзірге айта алмаймын», — дейді Серік Шалқаров.

  • Шерзат Болаттың өртенген үйі: 600-ден аса адамнан жауап алынды

    Шерзат Болаттың өртенген үйі: 600-ден аса адамнан жауап алынды

    Талғардағы жасөспірім Шерзат Болаттың қазасына байланысты тергеу қарқынды жүріп жатыр. Бұл туралы Алматы облысының прокуроры Берік Адамов айтты.

    Тергеу барысында ешқандай заң бұзушылық анықталған жоқ. Сот процесінің ашықтығы жөніндегі мәселе бойынша прокуратураның сотқа өтініш енгізуі қарастырылады. Сондай-ақ марқұмның отбасы тұрған үйдегі өртті зерттеп жатырмыз. Өрт болған жерден маңызды дәлелдер жиналып, 600-ден астам адамнан жауап алынды. Оқиғаның қалай болғанын анықтау үшін бірнеше сараптама тағайындалды», — деді Берік Адамов.

    Оның сөзінше, мамандар өртті үйдің сыртында басталғанын, оқыс жағдай болмағанын және от қолданылғанын мәлімдеген.

    Оқиға орнынан табылған канистер мен резіңке қолғаптарға зерттеу жүргізіліп жатыр, — деді прокурор.

  • Шерзат Болатқа қатысты істің соты ашық өте ме? Облыс прокуроры не дейді?

    Шерзат Болатқа қатысты істің соты ашық өте ме? Облыс прокуроры не дейді?

    Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Шерзат Болаттың өліміне қатысты ашық сот мәселесіне қатысты пікір білдірді.

    «Талғардағы қылмыстық іске қатысты тергеу қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл қайғылы оқиға барлығымызды бейжай қалдырмады. Әр әке-шешеге баласын жоғалту – үлкен қайғы. Бүгін барлығымызға әділ және шынайы тергеу жүргізу қажет. Біздің тарапымызыдан тергеудің заңдылығы мен толықтығы объективті қамтамасыз етіліп жатыр. Тергеу сатысында ешқандай заң бұзу анықталған жоқ. Сот процесінің ашық өтуі бойынша прокуратура сотқа ашық хат енгізуді қарастырады», — дейді Берік Адамов.